Әжемнің әңгімесі

526

0

Баллада

(Аяулы әжем Күлбарам Жолмақанқызының рухына арнаймын)

…Балалық шақ.

Бір күні әжем боздасын,

Көл қып төгіп ағыл-тегіл көз жасын.

Тылда талай тауқыметті

тартқан жан,

Тұңғыш рет көрдім оны өз басым.

Әншейінде қатал жанның о несі,

Әлде есіне түсті соғыс елесі.

Бір кездері құрғатып ап көз жасын,

Әңгімесін сабақтады келесі:

– Қиындығын кештік бастан

сол кездің,

Бәріміз де мүшесіміз колхоздың.

Құс ұйқылы болатынбыз

баршамыз,

Болмаса егер ілінгені сәл көздің…

Шалым шатақ адам еді бір беткей,

Жақпайтұғын жасандылық,

құрмет кей.

Соғысқа да аттанды ғой жарықтық,

Асқақ ұстап ар-намысын кірлетпей.

Сталинград майданына аттанған,

Ауыл көрпе жамылғанда ақ қардан.

Өкілді ұрып бірден кеткен соғысқа,

Қазалының түрмесінде жатқаннан.

Ей, дүние жақсы-жаман арбасқан,

Еркек біткен кетті ұрысқа

қалмастан.

«Мен пәленше… түген деген

колхоздан»,

…Пойыз үсті сәлем айтқан

Қамбаштан.

…Батыс жақта бұлт тұтасқан

алқызыл,

Жебеушім де, демеушім де

жалғыз ұл.

Оқ астында жан алып, жан беріскен,

Боздақтарды жебе болсаң ал,

Қызыр.

Ұлдан үлкен жанашырым Аққаным,

Бойжеткен қыз,

Тапсын деймін нақ бағын.

Ал атаңның жазған Сталинградтан,

Бір күндері алдық бір-жар

хаттарын…

Содан кейін сап тыйылды

хат-хабар,

Келер уақыт басымызға бақ қонар,

Қарғыс атқыр пәшестермен

шайқасып,

Тірі болса жүрген шығар

пәтшағар….

Оқтан, оттан ойсырған жер үсті,

Тойлап жатты тыр жалаңаш

Жеңісті.

Бір майдангер тірі келсе тозақтан,

Бүкіл ауыл жылап-сықтап көрісті.

…Бораш келді бір қолынан

айырылып,

Ойнар келді бір аяғы майырылып.

…. Жылдар өтті қара жолға

қараумен,

Біздер күткен арман қайда,

қайда үміт!?

Ел басына күн туған шақ,

түс енді,

Шүберекке түйген жанын іші елдің.

Ол аз болса кеткен кейін інісі,

Бір хабарын біле алмадық Үсеннің.

Бұл ауылда көре алмайсың

бос жанды,

«Жеңіс» деген сөзді бәрі тосқан-ды,

Он үш жасар жалғыз ұлды  басқарма

Жұмаш колхоз жұмысына

қосқан-ды.

Сұрапылдан қалай аман өткенбіз,

Жеңіс үшін аянбай тер төккенбіз.

Жетім бала, жесір әйел теңіздің

Дауылында талай ығып кеткенбіз….

…Ол келмеді.

Өте берді уақыт,

Алдамшы үміт көңілімді жұбатып,

Сонда да мен күтуменен келемін,

Сонан бері өз-өзімді уатып.

Уақыт – жел, аққан судай неткен тез

Өте шықты,

Күтуменен өткен кез.

Жүрегіме таңба салды өшпестей,

Жетімдікті, жесірлікті шеккен кез.

Сұм соғыстың құрбаны боп

көп тағдыр,

Өшкен кезі…

Жаралыппыз жоқтан бір.

Анау сырлы сандық көзі атаңның,

Аралдағы Шақат ұста соққан бұл.

Сонан қайғы ізі қалған түрімде,

Аман жеттік жайма шуақ бүгінге.

Қалды ма әлде Қара шалым

қансырап,

Оқ бораған Сталинград түбінде…

Атаң болса кетті мүлде хабарсыз,

Жетім екен ел-жұрт еркек адамсыз.

Кебенекпен кетіп еді…

Сондықтан

«Ол тірі» деп күттім оны амалсыз.

Әйел – батыр, әйел – өжет,

Жұрт білген,

Сол кездегі болатын ел,

мықты іргем.

Қобыланды жолын тосқан

Құртқадай,

Сағат санап оны талай күттім мен.

…Әжеміздің құлағымда қалған

бұл әңгімесі,

«Тірі әкем» деп алданды ұл.

«Ақ сөйлеші» дегені де есімде,

Қарқылдаса қара қарға таңнан бір.

Бұдан бұрын көз жасы түк тамбаған,

Бүгін неге жылап отыр,

таңғалам.

Біржолата үзетұғын үмітін

Тым құрыса «Қара қағаз» алмаған.

Берік еді мұқалмайтын болаттай,

Шарт сынатын жанына сөз

жолатпай,

Атамыздың кетті бір күн артынан,

Аз отырып, көп сынайтын қонақтай.

Тауқыметті табанға сап таптаған,

Әже, сенің ерлігіңе мақтанам.

Атамыздың үшбұрышты хаттарын,

Өле-өлгенше бойтұмардай сақтаған.

Болса-дағы қайғыменен кезі мұң,

Бейбіт күнге жеткізді аман өзі ұлын.

Сол жылдарға сыр бермеген

әжемнің,

Құрыштан да берік дерсің төзімін.

Болса қызы – көз қуанышы,

ұл – бағы,

Еңбек етті елмен бірге тылдағы.

Әттең, бірақ жастық шағын

әжемнің,

Сұм соғыстың қасіреті ұрлады.

Осы күнге бір Алладан сұраған,

Жалғыз ұлын жеткізіпті дін аман.

Әкем түгіл, бізді арқалап өсірген,

Әжем менің ең бірінші ұлы анам.

Әжем жасық әйел емес, бұйығың,

Тауқыметке тосқан сонда иығын,

Атам тірі келеді деп бір үміт,

Көпке дейін мазалапты бүйірін.

Дүниенің нығметі бар-ау кең,

Саусақ бүгіп уақытты санаумен,

Өмірі де өтіпті ғой жарықтық,

Қара жолға өле-өлгенше қараумен.

Кеудесінде кетті бәлкім, сан арман,

Сонан шашы шығар-ау сол ағарған.

Қарап-қарап қара жолға қартайған,

Жасты көрдім тамған бүгін

жанардан.

Өмір осы кім-кімді де алдайды,

Кейбіреудің арман оты жанбайды.

Әйелдерді жылатпаңдар, қорғаңдар.

Әйелдердің жасы текке тамбайды.

…Келе жатыр көкжиектен таң күліп,

Жаса, жаса, бейбітшілік мәңгілік!

Күллі өмірі өткен ерін күтумен,

Әжем сөзі жадымда тұр жаңғырып.

Толыбай АБЫЛАЕВ