Тентек бұлттар босанып көгенінен,
Жынды желдің билеп жүр «өлеңімен».
Мен отырмын қызықтап өр аспанды,
Ойымның өлең қалап елегінен.
Томағалау, тұйықтау бүгін дала,
Ақпанның аяғында құбылғаны ә.
Бүгін көрген құқайы емес оның,
Жер жатыр сырбаз қалпы, жұмырлана.
Жел соғады ышқына, ширатылып,
Бұлт айырылған қалпынан бұйра, тынық.
Сауын бұлттың желіні сыздаған соң,
Құйып өтті,тұра алмай иба қылып.
Аяз түсіп, жаңбырмен салғыласты,
Тыныш қылар күш бар ма, «таңғы масты»
Аяз, желден ақ жаңбыр ұтылды да,
Бәсекенің аяғы қарға ұласты.
Көне қоймас ақпан бұл бар ебіңе,
Жарасады қиқарлық әлеміне.
Өлең жаздым, басқадай шарам да жоқ
Ақымақтау ақпанның әлегіне.
Оңталап БАЗАРАЛЫ,
ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі










