эссе
…ҚазМУ қалашығындағы бесінші жатақхананың бесінші қабатындағы терезесі тау жаққа қарап ашылатын үлкен бөлмеге үш жігіт орналасқанбыз. Таңертеңгілік балконға шығып, Алатаудың биік шыңдарына көз салып, керіліп-созылып тұрып ұйқымызды ашушы едік.
Менің жанымдағы екі досым да ақын. Шындығында, олармен қатар жүру, бір бөлмеде тұру, бір сөзбен айтқанда, бірге өмір сүру өте қызық әрі қиын болатын. Алдымен соның қызығын айтайын. Ал қиындығын кейін… реті келген жерде, тілге тиек ете жатармыз.
…Бүгін міне, Алматының ауа райы аяқ астынан құбылып, көгілдір көктемнің қабағы түйіле қалды. Артынша сатырлап ақ нөсер құя жөнелді. Аяқ астынан асфальтқа түсіп шашылған моншақтардай мөп-мөлдір тамшылар секіріп, билеп барады.
Манадан бері балконға бір шығып, бір кіріп, өзінен өзі күбірлеп жүрген Бақытжан ақын кенет жаңбыр басылған сәтте:
Жердің беті нөсермен шайылғасын,
Өлең басып қалыпты қайың басын.
Шырқап кетіп барады бір сұлу қыз,
Менің махаббатымның қайырмасын,-
депжап-жаңа туған өлең шумақтарын шабыттанып оқи жөнелді.
Жаңағы жаңбыр тамшыларымен бірге түскендей мөп-мөлдір жыр жолдары біздің бөлмеде секіріп, билеп бара жатқан тәрізді. Расында да, бұл бір ғажап, бұл бір ұмытылмас сәт болатын!..
Ол кезде ҚазМу-дің журналистика факультетінің үшінші курсында оқитынбыз. Бүкіл курсымыз болашағынан үлкен үміт күтіп, зор сенім артатын ақын Бақытжан Абызовтың орны біз үшін ерекше еді.Бәріміз оның талантына бас иетінбіз.
Бірақ, Әдебиет атты сиқырлы әлемді бетке алып, батыл адымдап бара жатқан жастардықандай Болашақ күтіп тұрғанын білмейтінбіз…
Бақытжан ақын қазір Қызылордадағы шетелдік мұнай компаниясында білдей бір жауапты қызмет істейді деп естиміз.Өзін өзі көрсетуге асықпайтын, көрсем деген жұрт өкшесін көтеріп, мойнын созып жатса да көзге түскісі келмейтінбайсалды жігіт ырғалып-жырғалып жүріп 2003 жылы «Жанарымдағы жаңбырлар», 2014 жылы «Уақыттың алуан түсі» атты екі жыр жинағын шығарғанын білеміз.
Ол кітаптарды сол баяғы қызық пен думанға, достық пен махаббатқа толы студенттік шақты сағынған достарының таласа-тармаса алып кеткені анық.
ххх
Біз осы, Ұлы мәртебелі Уақыттың әмірімен өмір соқпағындағы белгілі бір кезеңдерде аялдап, арқамыздағыауыр жүктің біразын тастап, қай тұсқа жеткенде аяқталары белгісіз жұмбақ сапарымызды жалғастыра беретін секілдіміз. Сондықтан да, талай-талай дүние жадымыздан шығып, ұмытылады-ау деймін…
Бірақ, сонау студенттік жылдардағы көңілді бір кеште алғаш тыңдағанда-ақ жаттап алған Бақытжанның «Алматының ауа райы» атты өлеңі көкейімізде сайрап тұр. Ол өлеңнің:
Алау жұлдыз, жақты ол ұшқын,
Нәр алды жер кенезесі.
Сенсіз келген автобустың,
Жылап кетті терезесі,-
деп аяқталатын соңғы жолдарыәлі күнге дейін жүрегімізге мұң ұялатып, өзіміз ешқашан көрмеген бір жұмбақ сұлу қыздың бейнесін көз алымызға әкеледі.
Әрине, студенттік жылдардың өз классикасы, өздерішексіз құрмет тұтатын классиктері болады. Біздің курстағы дарынды ақын Бақытжан Абызов та ерте танылған, ҚазМУ қалашығының аспанында жарқ етіп көрінген жарық жұлдыз еді.
Өз басым, оның жап-жас күнінде жазған өлеңдеріне көз жүгіртіп отырып, қазір де терең ойға шомамын. Міне, қараңызшы:
Уақыт әнін айтады,
Байып тұр шапақ қалада.
Ыңылдап мен де қайтамын,
Бесінші жатақханаға.
Ойымнан шықпай осы өлең,
Қайталап айтып жылындым.
Еңіске құйған көшемен,
Ақтым да, солға бұрылдым.
Бөлмеге келдім, торықтым,
Сырласып ымырт-бейуақпен.
Жападан жалғыз қорықтым,
Қорқам деп бұрын ойлап па ем?
Қорқынышымды өлтірдім,
Бұрышқа қашып тығылған.
Шашынан сипап мен түннің,
Иіскеп тұрдым бұрымнан.
Ұқсайды көзі сол түннің,
Кешіне сырлы ағұстың,
Көшеде жүрген толқынның,
Дидары болып таныстың.
Автобустарым қайтады,
Терезелерін жылатып.
Кей-кейде өтірік айтады,
Мен ғашық болған уақыт.
ххх
Рас, ақын мінезі қызық. Бірде бала, бірде дана. Біз – Бақытжан, Ғалым (Әріп) және мен үшеуміз бір бөлмеде тұрғандықтан, бір-бірімізге қатты бауыр басып кеттік. Сондықтан да, қазір студенттік күндерді еске алғанда бір-бірімізге айтар қызығымыз да, қалжыңымыз да көп. Солардың біреуін бүгін сіздермен бөлісемін деп, жалпақ жұртқа жария етіп қойсам, ақын досым маған өкпелей қоймас деймін.
…Бірде бөлмеге кештеу оралған Бақытжанға:
-Әй, Абызов, қайда жүрсің-ей? –деді Ғалым іштей бір қулық ойлағандай жымиып.
-Не? – деп Бақытжан елең ете қалды. – Мені біреу іздеп келді ме?
-Жалпы… сені іздейтіндер көп болып тұр ғой!
Ғалым оған білдірмей, маған көзін қысып қойды.
-Кім? –деді Бақытжан одан жауап күтіп. –Кім іздеп келді?..
-Жай бір… бейтаныс қыз.
-Қандай қыз?!
Ғалым оның бұл сұрағын жауапсыз қалдырып, айнаның алдына барды да, шашын тарай бастады. Ақын жүрегінің лүпілдеп, өзін қандай арудың іздеп келгенін білуге асыққанын сезсе де, сезбеген сыңай танытып, уақытты әдейі соза түсті.
-Әй, Оразов, -деді Бақытжан одан қайыр болмасын түсінгендей маған бұрылып. –Сен айтшы…
-Баха, менің ойымша, ол сенің поэзияңа ғашық қыздардың бірі сияқты.
-Да-а…
Ол ойланып қалды. Ғалым айнаға қарап, жымиып тұр. Бөлме ішінде бір сәтке тыныштық орнады.
-Қандай қыз екен? –деді Бақытжан жаңа ғана шешкен пиджагін қайтаданқалай киіп алғанын байқамай. Біз үн қатпадық.
Ол енді, Ғалымды иығымен итеріп, айнаға үңілді.
–Шын айтасыңдар ма, ей?
Тағы да жауап жоқ.
-Қалай өзі, былай… әдемі ме?
Мен ақырын ғана басымды изедім. Кенет ол шалт қимылдап, қолымдағы кітапты жұлып алды да:
-Әй, тасташы, -деп үстелдің үстіне лақтырып жіберді.
Күлкімді әзер тежеп, оның бетіне «аңтарыла қарадым».
-Айтсаңдаршы дұрыстап! –деді Бақытжан енді екі қолын екі жаққа жайып, жалынғандай болып.
Не керек, сол күннен бастап Ғалым екеуміз оған өз ойымыздан шығарып алған бір ертегіні кезектесіп айта жүретін болдық.
Оның қызықты желісі, қысқартып айтқанда, былайша өріледі;біздің қиялымыздан пайда болған әлгі «бейтаныс қыз» Бақытжанның поэзиясына өлердей ғашық. Оның өлеңдерін оқыған сайын көзіне жас алады. Әсіресе, «Алматының ауа райындағы» Ақын жігітті жаңбырлы күні ұзақ күттіріп қойып, келмей қалған арудың қандай тасжүрек екенін ойлағанда, өзін өзі қоярға жер таппайды. Сондықтан да, Бақытжан ақынға ешқандайавтобусты күттірмей-ақ, өзі келіп жолықсам дейді…
Біздің бұл «ертегіміздің» неше күнге созылғаны есімде жоқ. Ең қызығы, Бақытжан бөлмеге кешігіп оралған сайын әлгі жұмбақ қыз оны «іздеп келіп» жүретін-ді. Біз ылғи да: «Япыр-ай, жаңа ғана келіп еді…» деп жік-жапар болып жататынбыз. Кейде тіпті, «әлі ұзап кете қоймаған шығар» дегендей сыңай танытып, ұзын-шұбақ дәлізде ары-бері жүгіріп, ақын досымыздың көңілі үшін оны «іздеп», таба алмай, өкініп қайтатынбыз.Ал ол болса, басын шайқап: «Тым құрыса, бір стакан шайға беріп, алдандыра тұрмадыңдар ма?!» деп күйіп-пісетін.
Әй, бірақ, бізде ондай «мәдениет» қайдан болсын. Өзіміз жаңа ғана курстас қыздарды мақтап, анекдот айтып күлдіріп, әрең өзек жалғап келіп отырған жоқпыз ба.
Сөйтіп…
Бір күні таңертеңгілік ұйқыдан оянғанымыздаБақытжан керіліп-созылып, бақыттан басы айналғандай күлімсіреп: «Жігітте-е-ер, -деді даусын әндете созып. –Мен оны бүгін түсімде көрдім-м-м!»
Әуелде біз ақын досымыздың не айтқанын түсіне алмай маужырап біраз отырдық та, кенет оның түсінде кімді көргені санамызға жеткен кезде күлкіден шыдай алмай жарылып, ішімізді басып, екеуміз екі жаққа құлай кеттік.
Әй, балалық-ай десеңізші! Ақын қиялымен ойнап неміз бар еді?..
Әйтсе де, біздің осы қалжыңымыздың өзі-ақ ақын жанының бір құпиясын ашып кеткендей болғаны рас-ты.
Олай дейтін себебім, өмірдегі әр түрлі жәйттерді ол өзінің жүйрік қиялымен байытады емес пе.
ххх
Бақытжанның бойындағы ерекше қасиеттердің бірі – жазған дүниесін жария етуге ешқашан асықпайтындығы еді.
Тағы да сол студенттік шақтағы бір оқиға есіме түседі. Біз үшінші, не төртінші курста оқып жүргенімізде республикалық «Жалын» баспасынан жас ақындардың «Темірқанат» атты жыр жинағы шықатын болды да, ҚазМУ-дегі қолына қалам ұстап, өлең жазатын студенттердің барлығы да үміттеніп, өлеңдерін машинкаға бастырып ұсынып жатты.
Ал біздің Бақытжан әне-міне деп, жазған дүниелерін қайта қарап, өңдеп, түзеп, ойланып, толғанып жүріп алды. Факультеттегі М.Сералин атындағы әдеби бірлестіктің сол кездегі төрағасы, талантты сыншы Жұмабай Әбілов оны күнде таңертеңгілік және кешкісін бөлмеге іздеп келетін болды.
Ол келген сайын Бақытжан ақын: «Қазір… – дейді. – Қазір апарып берем.» Бірақ оның «қазірі» бірнеше күнге созылады.
Ақыры, жинақтың ең соңғы мерзімі бітетін күні Жұмабай жалынғандай болып, Бақытжанның қолжазбасын әрең алып кетті. Есесіне, оның өлеңдерін баспадағы ақындар бірден ұнатып, жақсы пікір айтып, «Темірқанаттың» бәсін арттыра түсті деп жоғары бағалады.
ххх
Енді, міне, сол асықпайтын ақын досымыз 60 жас деп аталатын асуға бізден бұрын жетіпті. Тап қазір оның ішкі әлемінде қандай толқындар тулап, қандай жырлар құс сияқты қанат қағып, биікке самғап бара жатқаны бізге жұмбақ. Және олардың тү-у баяғы, студент кезіміздегі ақ нөсер секілді сатырлап ақ қағадың бетіне қашан, қай күні түсетінін де білмейміз.
Ақын болмысы қашанда жұмбақ. Әйтсе де, оның өзі ғашық болған уақытты әрдайым аңсап жүретіні анық.
Нұрғали ОРАЗ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<