Аралға шақыру

1400

0

Толқынның даусын түбінде тұрып көр тыңдап,

Көкірек-айдын кетері сөзсіз толқындап.

Ұшанға қара – ұшпаған қасқалдақтарға,

Қыңырайып тартар құс кеудесімен солқылдақ.

Төңкеріліп жатса көк мәрмәр аспан төбеңде,

Қарай алсаң, сен тұңғиық қара тереңге.

Өзіңді сонда Тәңірідей сезінерсің-ау,

Тау толқын ойнап денеңде.

Ағысқа толы алып кеудені көп аңсап,

Алыс жолдардан оралсақ,

Аңқылдап ұшар ақ шағалалар алдыңнан,

Тау толқындарға таран сап.

Сенің де, достым, арманың асқақ талпынған,

Айналшы келіп, теңізді сүйген халқымнан.

Ақ семсерлердей ақ қанаттардан шарқ ұрған,

Қайтарсың лаулап, кеудеңе түскен жарқылда.

                  ***

Үндемей неге жүрсің деп,

Күрсін бе, Теңіз, күрсінбе.

Қоярға жанын жер таппай,

Жүр ғой бұл күнде құр сүлде.

Теміреткедей тұтасқан,

Денеңе түскен жарадан

Іріп кеткендей сүт аспан

Көзіңе сенің қараған.

Телміріп мен де өскен ем,

Суыңды сүйіп жанармен.

Самалың қайда еспеген,

Жадырап жаным алар дем?

Жақұтың қайда жарқырап,

Аспанның астын таң қылған?

Барады семіп, қалтырап,

Ақ гүлім ақ сор жаңбырдан.

Өзіңмен бірге толғанып,

Толқын боп мен де тербелгем.

Жыр жазушы едім қолға алып,

Күміс қаламды сен берген.

Сиясы кеуіп, сыр беріп,

Сыбырлап қалды-ау сыңғыр үн,

Сағынам сұлу жыр көріп,

Жасыл құрақтың сыбдырын.

Болды, – деп емес, – болары,

Жұлдызым, – деумен, – жоғары!

Кете алмай маңып, жоғалып,

Ақ шағалаң боп арнаңда

Аунақшып жүрмін мен әлі.

                  ***

Ақ шағыл жапқан аймағын,

Ауылым – алтын айлағым.

Айналып соқтым тағы да

Сылтау ғып сұлтан сайлауын.

Жиһанның шомып нұрына,

Жарқырап жатқан қырыңа,

Ойлана қарап, от жұтқан

Не дейсің мынау ұлыңа ?…

Сыр бермей, сыртың, сұлбаңнан,

Кеудеңде жатыр күллі арман.

Теңселіп сенде келемін,

Теңіздей терең мұңдардан.

Жағаңда жазған жырлардан

Толқындар шерткен сырлардан

Не қалды бүгін – білмеймін,

Теңіз жоқ…

Толқын мұң қалған.

Теңіздің орны ор болып,

Қабат та қабат сор қонып,

Қабағы түскен қартыңның

Қияғың толқып, тербеніп…

Заманның желін жақтырмай,

Жас қияқ, мұңға баттың ба ?

Жабырқап жүрсің, қайтейін,

Соқыр ғой көзі бақтың да…

Соқыр көз, бәлкім, ашылар,

Бағыңды әлі-ақ асырар.

Шыдап бақ, жасыл жас қияқ,

Сенің де жаның жадырап,

Жас көңілің жайнап, жасынар.

Ақ шағыл жапқан аймағын,

Ауылым, алтын айлағым,

СОС беріп сілтеп ақ кемең,

Келеді сойқап байрағын…

                  ***

Ақ құм дедік ауылдың

Сыртындағы шағылды.

Бал қызығы бар ұлдың

Сол шағылдан табылды.

Ақ тікеннен үй жасап,

Аққұмда біз ойнадық.

Тілемедік күй де аса,

Тек ойынға тоймадық.

Кезіп сонау нұрада

Жүрдік бұзау қайырып.

Тойып ап ит жуаға,

Бұзаумен бір жайылып.

Бұйрат-бұйрат төбе құм

Ақ бас толқын жалындай.

Бір алып ақ кеменің

Біз матростарындай.

Шашымыз да күнысып.

Қара кеней көп бала

Қауырт іске кірісіп,

Жүруші едік топтала.

Бір тынбай күн бойына.

Жас ботадай тайраңдап,

Қаншиеге тойып ап,

Май сағызды шайнаңдап…

Қызық-қызық күн кешіп,

Қызығумен біз жүріп,

Қарт тұманы бір кешіп,

Толқынға бір сүңгідік.

Суын Қаратереңнің

Сүзіп сүйрік суырып,

Ұйқасындай өлеңнің

Табушы едік жылылық.

Қарға тұяқ қызық шақ,

Қалып қойдың қай құмда?

Корабльге біз ұқсап,

Шықтық бүгін айдынға.

Жуа теріп нұрадан

Әлде адасып қалды ма?

Қайда құйттай сол адам –

Келеді көз алдыма…

Көтеріп бір еңсені,

Балалықтан жаралдым.

Сағынамын мен соны

Шыңындай Көкаралдың.

Балапандай бала еді,

Бұлт қонбаған жанына,

Мына өмірдің әлегі

Сағын сындармады ма?

Тұнығындай жағаның

Жаны мөлдір болатын.

Тастамайтын қаламын

Болатын-ды ол ақын

Ия,…

Мен онда ақын болғанмын,

Кірпігіменен таңды ілген.

Ақынша ойлап толғандым,

Ақынша шамырқандым мен.

Мен жырдың жібек бауының,

Шашағын сәндеп тарадым

Сен сонда, туған ауылым,

Жалт етіп маған қарадың.

Жалт етіп маған қарадың,

Таудай боп содан талабым.

Жыр жолын іздеп шарқ ұрып,

Таппады тыным қаламым.

Білесің оны сен ғана,

Сездіре алмадым басқаға.

О, Туған Ана, кең Дала,

Жырыма сенсің Астана!

Емессің заңғар тас қала,

Туған үй – балшық баспана.

О, менің алтын босағам,

Жырыма сенсің Астана!

Теңізден соққан желіңе

Сыбырлап сезім сазды үнін,

Өрмелеп өлең өріне

Сенде өттім жырдың КазГУ-ін.

Бұл күнде бірақ мені ешкім

Жан демес өлең зерлеген.

Жарқ етіп шыққан да емеспін

Журнал-газеттерге мен.

Демеймін мүлде жоғалдым,

Шықпаса да бір өлеңім.

Жыр сүйгіш ұлың боп алдым,

Азаматың боп келемін.

Көңілің, Анам, алаң-ау,

Үлкейіп үміт көздері,

Тең көрмейсің-ау балаңа,

Өзекті жырдан өзгені.

Өлеңде кеткен есемде

Есепсіз болып жыр-парақ.

Өзгеріп кетті десең де,

Өзіңдік көңіл тұр қарап.

Құшақпен мынау айқарам,

Аспаныңды да, Жеріңді.

Онсыз мен қалай айта алам

Сүйем деп байтақ елімді?

Жарқ етіп түскен жай сынды

Өлең деп айтқан жан сырды.

Сен барда өлең өлмейді,

Дей алман оны таусылды.

Ойлау да қандай қиянат

Айдынды Арал азды деу?

Жазғышсып қағаз сиялап,

Айтып жүр бірақ баз біреу.

Мені де кейбір желбуаз

Жерлеп жүр, бәлкім, бітті деп,

Қауласын, мейлі, сөз біраз,

Сен сене көрме тіпті де.

Жиһанның жарық ай-күнін

Деп жүрмін менің байлығым.

Ұлыңнан үміт үзбе тек,

Ауылым, Анам, Айдыным!..

                  ***

Ақ толқындардың желегін,

Желпіген желдің өлеңін

Жалаулап жүріп жағаңда

Жаттаумен ер жеткен едім.

Төсіңде тайдай емізген,

Толқыныңменен егіз бе ем ?

Сағындым сені, тағы да,

Сағындым сені, Теңіз, мен.

Жырындай жақын жанымның,

Даусыңды сенің сағындым.

Сағындым шулы құдіретін

Көкірегіңдегі арынның.

Бал дәурен сонау шақта бір

Жағаңда сенің ақ шағыл

Қиялдай қарап қырымға

Тұрғанмын оқып жатқа жыр.

Кеудемде шулап бір орман,

Айықпай көңіл құмардан,

Мен сонда саған келгенмін

Кеудемді кернеп бір арман.

Ұшанға тартқан үмітпен,

Үмітпен, үлкен күдікпен

Жыр жазғым келген күбірлеп,

Толқынға төніп тұрып мен..

Тағы да келдім, о, туған

Айдыным, аңсап өзіңді.

Сағынып келдім оқудан

Бармақтай бала кезімді.

Аспан мен жердің арасын

Алып бір жатқан Алыбым,

Алыстап кетіп барасың

Күн сайын артып қадірің.

Теңіздің тұзды демімен

Телегей, түлей төрінен

Кеудеме күйлі саз толып,

Күмбірлейтіндей көрінем.

О, алып Айдын, сабырлы,

Толқыныңменен егіз бе ек?

Туған жер деген Тәңірді

Түсініп жүрміз Теңіз деп..

                   ***

Ақ шағылды тау толқын аймалаған,

Ұлы теңіз – біз қанат жайған алаң.

Ақшамда кеп теңізге түседі күн,

Сосын барқыт аспаннан ай қараған.

Саумал самал тербетіп сан арманды,

Теңіз жыры кеудеңде қалар мәңгі.

Өр ағыс бар болатын сол айдында

Аңсап аққан алыстан аралдарды.

Сен-дағы сол сабырлы теңізденсің,

Ұлы теңіз уызын  емізген шын.

Жанарыңда теңіздің нұр сәулесі

Сол сәулемен теңізді сен іздерсің.

Ұстағайсың жадыңда осы кепті,

Сан кеудеде сол судың оты кетті.

Жұлдыздардай жымыңдап жанған үміт,

Аспандатты, о, қанша көкіректі!..

Сен туған жер сол еді, мен туған жер,

Күмбір үнге кеудеңді толтырған жер.

Жиі-жиі толғанып жүрсең егер,

Сені әлдилеп тербеткен толқыннан көр.

Ләззатына тоя алмай гүл-көріктің,

Гүлге құмар қыз-көңіл түрленіп мың.

Жалындаумен жүрсің бе жастық шақта

Сол топырақ қыздырып жүр деп ұққын.

***

Арман – көл, аққу айдын, мен іздеген,

Жалғасып жатыр ма едің теңізбенен ?

Кеттіңдер енді алыстап екеуің де

Жанымды жабырқатып жоқ іздеген.

Маздатпай маздақ отын сан үміттің,

Шырпыдай шарт-шұрт етіп шағылыппын.

Айдынды аққу жүзер іздеп жүріп,

Теңіздің тән-тән болған халін ұқтым.

Суалып, су аяғы құрдым болып,

Қуарып қалар ма деп бір күндері.

Жамырап жағалаудан жарық іздеп,

Жанарын бір қақпайды жыр түндері.

Біткендей берекеміз бес тиын боп,

Қаңқуды құлақ кесер естимін көп.

Қашанғы қаласыңдар көкіректе

Қос Айдын, қоспақ біткен қос түйін боп?..

Үміттің  әлде бұл бір шағы ма алаң,

Не демес қадіріңді танымаған.

Өзімді сарқып беріп сөнермін мен

Сендерге.

Тұрса тыныш таңым аман…

***

Мен теңіздің ұлымын ғой – ұлықтың,

Не демейді ұлы артынан ұлып кім.

Әлдекімнің әлдеқандай сөзінен

Көк теңізім қалды-ау бүгін тынып тым.

Жаным менің жабырқады сәтке бір

Бірақ мені тартады алға тәтті өмір.

Не демейді, не демейді әлдекім

Таудай дәрмен іздеп жүрмін дәтке бір.

Жаман емес, жаман емес, жақсы ұлың,

Керек емес қымбат орны хатшының.

Толқып шыққан бір толқының мен деген,

Бір тайыңмын басына алған бас жібін.

Бір тайыңмын тулап кеткен тарпынып,

Талай дертке, талай өртке шарпылып.

Толқынымын ғой теңіздің – тентекпін,

Хатшыңнан да қайтпағым жоқ тартынып.

Басынбақ па баспын деген әлдекім,

Тас бастарға ысқырғаным бар менің.

Көлшігінде күн көрмеймін өзгенің,

Өз теңізім, өз айдыным бар менің.

Өз теңізім, айдыным бар шалқыған,

Өз күнім бар, өз айым бар қалқыған.

Өз кемем бар құс кеудесін керетін,

Өз тұлғам бар айнымайтын қалпынан.

Жан сарайым жарқын жарық жиһандай,

Көкірегімде күмбірлейді күй талмай.

Көре алмайтын көркеуде де шаруам жоқ,

Жарыла алмай жүрген қызыл шиқандай.

Келем жүріп жолсызбен де, жолмен де.

Қаймықпастан дауылдан да, өрден де.

Ұлы теңіз! Кеткен жоқ ол жоғалып,

Буырқанып жатыр менің кеудемде.

Теңіздің монологы

Теңізбін, тағдыр кешкен толқын атып,

Тиген жоқ таланыма олқы бақыт.

Көріңдер көкірегім толған ағын

Жаным – айдын, жаямын жарқыратып.

Сарқылмай сан заманнан ырыс-бағым,

Қатал тағдырыңнан да ығыспадым.

Толқыдым, толғандым мен елмен бірге

Мен елдің тағдырымен тыныстадым.

Теңізбін, тілгілеген төсін арман,

Теңізбін, тағдырымды тосып алған.

Теңізбен мәңгілікке қоштаспайды,

Мәңгіге қоштассаңдар…

Кешіре алман!

Шанжархан  Бекмағамбетов