Балалар әдебиеті – басты тәрбие құралы

3385

0

«Балалар жылының» аясында жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған жан-жақты жобалар жүзеге асырылады. Соның бірі – балаларға арналған әдебиетті  насихаттау арқылы баланы кітап оқуға дағдыландырып, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіруге айрықша мән берілген. Осы жұмыстардың жайын білу үшін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы балалар әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Маржангүл Әйгісіновамен әңгімелескен едік.

«Балдырған» залы

Балалар бөлімінде 2-8 жас аралығындағы кішкентай оқырмандар үшін жабдықталған «Балдырған» залы бар. Мұнда балабақша қабырғасында тәрбиеленіп жүрген бүлдіршіндер мен мектеп табалдырығын аттаған балаларға бірнеше қызмет түрлері ұсынылады. Атап айтқанда, кітапханашы бүлдіршіндерді ең алдымен кітаппен таныстырып, шығарманы дауыстап оқып, мазмұнын баяндап береді. Ал мектеп оқушылары өздері оқып, түсінгенін айтады.  Тіпті мұнда ата-аналар да балаларымен бірге келіп, кітап оқып, баласының қосымша білім алуына қолдау танытады. Сонымен қатар, ойындар ойнатып, викториналық сұрақтар қою арқылы баланың танымын арттыруға да ерекше мән беріледі.

«Балдырған» залында осы күні «Кітаппен бірге өсеміз», «Әжемнің ертегілері», «Ертегі сыр шертеді» жобалары бойынша жұмыстар жолға қойылған. Сондай-ақ, «Ісмер» үйірмесінде қабілетті балалардың қолөнермен шұғылдануына жағдай жасалған. Сонымен қатар, кітапханада «Рауан» шығармашылық клубы, «АРТ-студияда» сурет салу, құммен сурет салу, домбыра, фортепиано, би үйірмелері және кішкентай оқырмандарға арналған «Алақай» қуыршақ театрына  бүлдіршіндердің қызығушылығы ерекше.

Шамнан шырақ жағылар…

Балалар бөліміндегі оқу залында 8-14 жас аралығындағы балалардың ғылыми танымдық жұмыстармен айналысуына жағдай жасалған. Оқушы өзінің қалаған пәні бойынша ізденіп, зерттеу жүргізуіне болады. Сондықтан мұнда мұғалімдерімен бірге топ болып келіп, ізденетін жас оқырмандар қатары артып келеді. Кітапханашының айтуынша, Тәуелсіздік алған жылдардан бері балалар әдебиетіне қатысты кітаптар көбірек келе бастаған. Оның ішінде әр салаға арналған «Балалар энциклопедиясы» баланың таным-талғамын дамытуға айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар, заманауи үлгіде басылып шыққан 3D, 4D кітаптарына балалардың қызығушылығы ерекше. Өйткені бұл кітаптардағы деректер қысқа әрі түсінікті жазылған. Бұл ретте кітапханашылар әр баланың сұранысына сай қызмет көрсетеді.

«Еркетай» орталығы ашылды

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында облыстық кітапхананың балалар бөлімінен «Еркетай» алаңы ашылды. Сәні мен салтанаты келіскен бұл орталық балалардың ойнап, демалуына және қосымша білім алуына лайықты жабдықталған. Ең бастысы, бұл ортада әр мектептің балалары бір-бірімен танысып, пікір алысады. Сонымен қатар, ойлау қабілетін дамытатын дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан өзара сайысқа түсіп, білім деңгейін көтереді. Тағы бір айта кетерлігі, танысып-білісіп, араласу арқылы мінезі тұйық баланың пікірін ортаға салуға бейімделе бастағанын байқауға болады. Сондықтан жас оқырмандарды мадақтап, марапаттау мәселесі де назардан тыс қалмаған.

8 мыңға жуық жас оқырман

Балалар бөліміндегі кітаптардың 80 проценті – көркем әдебиет. Бұл жерде кітап он күнге беріледі. Кітапханашылар көп жағдайда балалармен пікір алысып, оқыған шығармалары туралы әңгімелесіп отырады. Бүгінде 7 685 жас оқырман бар, сондай-ақ, жыл бойы 50 мыңдай бала кітапхана қызметін пайдаланады екен. Жалпы кітап қоры 30 мыңға жуық, жылына мыңнан аса жаңа кітап келеді. Бұдан бөлек, мұнда ата-аналарымен келіп кітап оқитын тұрақты оқырмандар бар. Оларға арнайы формуляр жасалған. «Балаларды қай бағыттағы әдебиеттер қызықтырады?» деген сауалымызға «балалардың сұранысы жан-жақты, кейбірін көркем әдебиет қызықтырса, кейбірі танымдық әдебиеттерді таңдайды» деген жауап алдық. Қазіргі заман талабына қарай мақсатқа жетелейтін (мотивация) кітаптар да көбірек сұраныста. Дегенмен, классикалық әдебиеттерді оқуға талпынып, М.Әуезов, М.Мағауин,  І.Есенберлин шығармаларын іздейтін балалар да бар екен.

Кітапханашының айтуынша, жазғы каникул кезінде де кітапханаға тұрақты келіп, кітап алып оқитын балалар бар. Өйткені оларға мұғалімі солай тапсырма береді. Бұл – оқушының бос уақытын тиімді пайдаланып, білімін арттыруына септігін тигізері сөзсіз.

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасауға да қажетті іс-шаралар қолға алынған. Айталық, облыстағы «Талсуат», «Қамқорлық» оңалту орталықтарымен, өмірлік қиын жағдайдағы отбасы балаларымен тұрақты байланыс орнатылған.

Өзге өңірлермен де байланыс бар

Облыстық кітапхананың балалар бөлімінде ширек ғасырдан бері еңбек етіп келе жатқан Маржан апайдың айтуынша, аймақтағы кітапханалардан бөлек өзге өңірлердегі кітапханалармен де әріптестік байланыс орнатылған. Қазіргідей ақпараттық байланыстың аясы кең, техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген кезеңде кітапханалар арасында өзара тәжірибе алмасуға толық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, жыл басында облыстық кітапхана ұйымдастырған дәстүрлі Ә.Тәжібаев оқулары кезінде алты облыстың кітапханасымен ақпараттық байланыс орнатылып, әдеби іс-шара кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, мемлекеттік мереке күндері де балалардың қатысуымен жыр мүшәйра, көркем оқу, бейнелеу сынды байқаулар ұйымдастырылып отырады. Ал, биылғы «Балалар жылында» атқарылатын жұмыстардың ауқымы ұлғайып, жауапкершілік те арта түспек. Бүгінде балалар бөлімінде 7 адам еңбек етеді. Әңгімеге тартсақ, олардың барлығы да – өз мамандығына шын берілген, бала бағбанына айналған жандар.

Жалпы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – аймақтағы 209 кітапхананың әдістемелік, үйлестіру орталығы. Бұл күнде 420 мыңға жуық кітап қоры бар, 32 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсететін материалдық базасымен, заманауи еңселі ғимаратымен өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орынға айналып отыр.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<