Кербұғы
(Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың
рухына арнаймын)
Жол бергендей жаңа Айға бұлт жарыла,
Қайраткер аз шын туған жұрт бағына.
Шаш етектен шалалар, даралар аз,
Жалау болып жаралған жұрт жанына.
* * *
…Енді екі мың он үштің қыркүйегін,
Есіме алып ағыттым жыр тиегін.
Алтайдағы атақты мүшәйраға,
Асқан кезі жүлдегер жұрт иегін.
Құнан да бар…
Сол топта Құлагер де,
Болатынмын ішінде мына мен де.
Күншығыстың әкімі Сапарбаев,
«Күн көсемді» ап,
алаңға ұлы Абайды
Белгілі еді қойғаны сірә да елге,
Сол мүшәйра басталар қарсаңында,
Өскемендік жиналған барша мұнда,
Кенді аймақтың әкімі келелі ісін,
Жан-жаққа БАҚ жариялап жар салуда.
…Бар назары ауған бұл сәтке көптің,
Көппен бірге әлгі бір баққа жеттім.
Тас тұғырдың үстінде таудай биік,
Мүсін тұрды астында ақ кенептің.
«Кімдікі бұл?..»
Сан сауал көңілімде,
Талай аймақ басқарған өмірінде,
Ол осынау Өскемен шаһарында,
Абайдан соң Қабанбай, Қайсеновке
Ескерткіштер қойғаны ел ісі деп,
Таң қалдырды тіпті де мені мүлде.
…Алған кезі азанғы қала тыныс,
Қазір кеспек тұсауын және бір іс.
– Оралханға ескерткіш ашылады,
дейді Мыңбай Рашев: – қане, тыныш.
…Шымылдығын мүсіннің тарта ұстады,
Сол кездегі Бердібек алпыстағы.
Кербұғыдай Оралхан келбетіне,
Жиналған жұрт қол соқты әр тұстағы.
Сәл сөйлесті әлгі әкім нәті Сырдан.
Ақындармен сол жерде шақырылған,
Өскеменде бұл жолы жаңа ашылған,
Ескерткіште Оралхан аты тұрған.
Бәлеқордың басты әкім енді мысын,
Ең әуелі ойлайтын елдің ісін.
– Оралхан бұл айтсам мен ең дұрысы,
Күллі мынау Шығыстың Қербұғысы.
– Елдік істе есі бар егеспейді,
Сұңқарлар менен сауысқан теңеспейді.
Әлі талай ұрпақтың көз алдына,
Кербұғысы Алтайдың елестейді.
Орын алды мінекей, алып төрден,
Ол бағаны өзіне халық берген.
Ал, Оралхан шабытты осы тұрған,
Өздеріңдей тамаша алыпты елден.
…Осы сөзі ойынан шықты көптің,
«Мынау әкім мәссаған, мықты» деппін,
– Көсегеңіз көгерсін, – дейді бір қарт,
Көшін талай аймақтың тіпті жектің!
Оралханға орнатқан алып мүсін,
Әкім ісі толқытты халықты шын.
Орыстанған шаһарда осылайша,
Бердібектің беделді таныпты ісін.
…Қыран құстар қақпайды құр қанатын,
Жүрегіне кей-кейде жыр қонатын.
Мұқағали сияқты мұзбалақпен,
Туған күні керексе бір болатын.
…Сыр суындай сырғиды бейне ғұмыр,
Көшкен бұлтқа теңейміз кейде оны бір.
…Ескерткішін Оралхан ашарында,
Осылайша Бердібек сөйледі бір.
…Кенет бұлтты ақ жауын құйды түре,
Жұрт көңілі сонан сыр түйді, міне.
Қаламгерге көрсеткен құрметі үшін,
Рахмет, Бердібек билігіне!
Өмір еді баулыған білімге оны,
Аты аңызға айналған бүгіндері,
Осы Бекең арықты іске қосқан,
Аты шулы Арыстан бап түбіндегі.
Талай бөгет тұрса да кеселенген,
Оның қажыр-қайраты еселенген.
Өзбекәлі сияқты өр тұлғаға,
Орын тапты ол осынау кесенеден.
Шегендеген болғанда шетте шатақ,
Іздеген жоқ ол тіпті көктен атақ.
Түркістанның тойын да мың бес жүз,
Деңгейінде ЮНЕСКО өткен атап.
Адалдығы аманат – ел ісіне,
Аты мәлім Алаштың тегісіне.
Лайықты болмасаң ұят тегі,
Бердібектей тұлғаны бес аймақтың,
Ол кеткелі есіне жиі апты елі…
Оның өзі ойласаң ойхой, дүние,
Қабырғасы қазақтың сияқты еді…
Аманат
…Ерте,
ерте
ертеде,
Мен туған бұл өлкеде
Татулықты ту еткен ел болыпты,
Ханы болса ақылды, қарапайым,
Байы менен кедейін тең көріпті.
Тасына да жан бітіп гүл шығыпты,
Соны көрсе хан байғұс күрсініпті.
Бірақ жары тақсырға айтпайды екен,
Біткен жаңа бойына тіршілікті.
Құдай пейілін бұл елге құлатқан ба?!
Артық екен тұрмысы жұмақтан да,
Және бопты сұр мерген осы ауылда,
Мұрттай аңын ұшырған бір атқанда.
Бір-біріне сенімді,
Түнде есікті
Ашық тастап алаңсыз күн кешіпті.
«Ат ұстары» жоқ патша
Қартайғанда
Арман еткен болсам деп бір бесікті…
Сезім бар ма құдірет күшті арманнан,
«Балам жоқ» деп ешкімге тіс жармаған.
Хан ұдайы қауіпті күтеді екен,
Күндік жерде отырған дұшпан ханнан.
…Аз ғана айлар өткенде бері содан,
Жау шауыпты хандықты өрісі аман.
Бейбіт елге дұшпаны бейқұт тиіп,
Түн ішінде болыпты ел іші алаң.
Соғыс елге тажал ғой тосын, өзге,
Ер түгілі жинапты есін ез де.
Хан әйелі толғағы кепті лезде,
Азан-қазан боп жатқан осы кезде,
Хан шаттанып қуанғанда мұны көрген.
Ел ішінің есіне ырымы енген.
Әйелінің қолына қанжар сыйлап,
Аттаныпты жауға үйден шығып елмен.
Босаныпты кешікпей ханша қатын,
«Сүйіншілеп» кез бе осы жар салатын?!
Көрші әйел де қуанғаннан құрақ ұшты,
Тәтті үмітпен өткізген әр сағатын.
Хан әйелі сәлден соң өзіне кеп,
Көршісіне жеткізген сөзі бөлек:
– Саған балам аманат ақиретте,
Мән-жайымды отырсың сезіп ерек.
…Соны айтқанда көзіне жас тұныпты,
Көңіліне үміттен қос тігіпті.
Кіндігін де кестіріп,
Әлгі әйелдер
Ақыреттік бір-бірін дос қылыпты.
Сәбиінен ана үшін асқан не бар?!
Хан тақсырдан бермепті еш жан хабар.
«Босағамда өлейін, балам аман
болса бопты
жетеді қашқанда ажал…»
Хан тақсырдың шыбын боп ұшқан жаны,
Кеткен тұста түнеріп дұшпан ханы,
«Алдыма әкел әйелді сәбиімен,
Ажал құшсын қолыма түскен бәрі…»
Артық түк жоқ ханшаның шешімінен,
Ажал тосып пайда жоқ кешігуден.
Бір иіскеп ап баласын көрші әйелді,
Жібереді шығарып есігінен…
Өр көкірек басқыншы болмасын ба?!
Таппаған соң баласын, жолдасын да,
Тіс жармаған ханшаны балқып тұрған,
Өлтіріпті батырып қорғасынға.
* * *
…Сұр мергеннің әйелі баланы алған,
Салиқалы болатын саналы ол жан.
Жасырыпты сәбиді жау көзінен,
Ұра қазып үйінен ала таңнан.
Ал, күйеуі сұр мерген құралайды
Көзіне атқан,
Сертке адал,
Сірә да ойлы,
Жаужүректің өзі екен, оған да жау.
Басқыншылық әдеті ұнамайды,
Адал жанға Алланың амалы кең.
Бір көзінің болса да жанары кем,
Хан жанында қаһарлы қанша жауын,
Қырып сапты бүкір бел садағымен.
…Күйреп жатқан хандықтың аумағы мың,
Сүзгісінен өтсе де беу, бәрінің.
Хан баласын таба алмай мұқалыпты,
Патшасының жігері жау жағының.
* * *
Аманатқа айтсам ба, адалдықты,
Оңай емес оны айту маған тіпті.
Аманаттың атасы керек болса,
Айту керек әуелі Адамдықты.
Бабам Алаш баяғы текті менің,
Тоқтағанша кеудемде от жүрегім.
Мынау бізге қалдырған дарқан дала,
Аманаты бабалар деп білемін.
Елім менің ертегі,
ғажап бүгін,
Бақытсыз деп айтады Қазақты кім?!
Аға ұрпақтың тапсырған аманаты,
Қолда тұрған бүгінгі азаттығым.
Асқар тауым…
орманым…
көл-теңізім,
Болашаққа аманат өлке… түзім.
Табиғатқа қиянат жасамаңдар,
Таба алмайсың тамшыдай ертең ізін.
Мақсатына адалдық танытпаған,
Адам болып ешқашан жарытпаған.
Қарынсызға бос қарын бітіргенмен,
Дарынсызға еш дарын дарытпаған.
Талаптыға болғай да халқы қорған,
Аманатқа бірі адал бәлкім, оннан.
Солар, солар жетеді мақсатына,
Сүрінсе де қайтпайды жарты жолдан.
Аманаттың ақ туын құлатпаған,
Сол жеңімпаз сертіне тұрақты адам.
Әлгі әйелге ел ырза хан баласын,
Жаудан аман ап қалған, жылатпаған.
Талай түндер бесігін тербетіпті,
Тас қияға талабын өрлетіпті.
Тасқа біткен тамыры талдай бала,
Өр рухты ақын боп ержетіпті.
Артта қалған баяғы бейбақ қоғам,
Тәңір талант аямай сыйлапты оған.
Есімі елге тарапты,
Өйткені оның
Өлеңдерін әр ауыл… үй жаттаған.
Ал, екінші анасы енді кемі,
Тоқсан жасап, бітерде соңғы демі.
Өзі кешкен өмірдің шындығына,
Ақын ұлын шақырып сендіреді.
Боп-боз болып ұлының кетті реңі,
Анасына маңдайын өптіреді.
Аманатын досының орындаған,
Әлгі әйелді жұрт батыр деп біледі…
* * *
Серттен тайса,
Ол адам – осал адам,
Көлеңкесі өзінен босамаған.
Тағдыры да тосын сый тоса ма оған?!
Атам қазақ баласы ешқашан да,
Аманатқа қиянат жасамаған.
Көрші қыз
…Көршінің қызы керемет еді,
Әкесі оның жақсы адам.
«Көршінің қызы» әні
…Көнебөген даласы.
Көрікті шақ.
Көктем.
Қырға кетті ешкі, өріп тұсақ…
Сол даланың төсінде асыр салып,
Сен жүруші ең еркелеп, елік құсап.
Жұқанасы қыстайғы жоқ мұз-қардың,
«Өларасы» өйткені өтті ызғардың.
Сонда маған көріндің ақша бұлт боп,
Арасынан гүл терген топ қыздардың.
…Жыңғыл гүлдеп,
жұпарын шашқан көктем,
Жолдас ағам үйленді тосқан көптен.
Бойжеткенге боратқан ғашықтық хат,
Беу, жігіттік біздің бұл бастан да өткен.
Қайта оралып кезім ол келмес менің,
Ақылсыздау, албырттау он бестемін.
Ауылдағы бес-алты теңдестерім,
Жоғалтқан кез қыз көрсе енді естерін…
…Қоңторғайлау кез еді әлі ел іші,
Біздің елдің сонда да кәделі ісі,
Той өткізу болатын.
Соның бірақ
Екі жастың тойы еді әдемісі.
О, дариға асқан той болмас одан,
…Жымияды мұртынан Жолдас ағам.
Шымылдықтың ішінде Орынша қыз,
Тығылған бір торғайдай торға сонан.
Шаммен жайнап әп-сәтте реңіміз,
Тиіп кетсе білекке білегіміз,
Ток ұрғандай табанда тоқсан қуат,
Қатты-қатты соғатын жүрегіміз.
…«Қалау-қалау» болатын кезекті ойын,
Теңдесінен тайқыды тежеп бойын.
Сөйтті дағы жаныма тығылды кеп,
Қуғын көрген қасқырдан көжектейін.
… «Қалау-қалау… кімді қалау?!
Арайлы күнді қалау,
Айсыз қараңғы түнді қалау,
Жазды қалау… күзді қалау,
Әне бір қызды қалау».
…Ойыны бұл бас қосқан қыз-жігіттің,
«Қалау-қалау» өзі осы ізгі үміттің.
Теңін тапқан қос жастың қараларын,
Тас қараңғы кететін үздіріп түн.
…Иә, көршінің қызы бұл,
кіші менен,
Ойым жоқ кез махаббат ісіменен.
Сезімімнің бірақ мен емеурінін.
Ерінімнің білдірдім ұшыменен.
Маған солай әлде бұл көрінді ме?!
Сондай сәттің ұмыттық көбін міне,
…Сыртқа шығып кетті ол дос қызымен,
Сәлден кейін әрірек шегінді де,
Көк мұхитта жүзетін көңіл-кеме,
Батылдығым жетпеді менің неге?!
Екеумізді жіберген алшақтатып
Балалық қой.
Өкпем жоқ о күнге де…
Бәйшешектей енді-енді бүр жаратын,
Мысалыға айтайын «Р» деп атын.
Орталықтан қашықтау оның үйі,
Біздің үйге көршілес,
мүлде жақын.
Әкеміз де болатын құрдас кісі,
Анашымнан анасы бір жас кіші.
Басымыздан мұндай сәт кешпегенбіз,
Бұған дейін екеуміз бір жақсысы.
Сырын айтса бұтына симайды ақын,
Екеумізге болса да үй-жай жақын.
Қазіргідей ватсап жоқ,
Оған арнап
Сырын хатқа мен едім шимайлайтын…
Біз – от едік бұрқ етер қауға түссе,
Көп ұзамай бір ұшқын лаулады іште.
Көрші қыздың үйіне көп қараймын,
Көз алартқан ұрыдай бауға түсте.
Бұл сырымды білмейтін әлі ел іші,
Шіркін, қыздың болатын әдемісі.
Содан кейін бораттым хатты қардай,
Бозбаланың осындай бар еді ісі…
Бәріміз де ержеттік,
қыр асты ұлан,
…Жазғытұрым жауқазын, гүл ашты маң,
Күлімсіреп сен келе жататынсың,
Күнекейдей шыққан бір күн астынан.
Осылайша кеудемде гүлдепті арман,
Он бес жаста ойыма жыр боп қонған.
Осы қыздың атының алғашқы әрпін,
Оқырманға айттым мен білмек болған.
Өткені бар адамның бар ертеңі,
Ел есінде сол адам қалар тегі,
Әлгі қыздың ажарын әнге қосып,
Әділхандар айтады әлі ертегі…
Өле-өлгенше ойымнан қалмас менің,
Махаббаты мен едім алғашқы оның.
Менің ұлы сезімге осылайша,
Көрші қыздан басталған қанбас шөлім.
Қызбен жүру ұят кез саналатын,
Бірте-бірте ауылға тарады атым.
Келеңсіздік осындай керек болса,
Кеңесінде ұстаздар қаралатын.
Бұл ісімнің көңілге түйді оғашын,
«Жетпегір» деп желкемнен түйді анашым.
Қыз анасы үн-түнсіз кешке қарай,
Жүгірді ала жымиып иінағашын…
Мұхиттарға асыққан мен өзен ем,
Көз алмаушы ем көршілес терезеден.
Есігіне телміріп екі көзім,
Жүрек байғұс төргі үйде төгеді өлең…
Бермесе де жауабын сан хатымның,
Ғашық болсаң, болмайды жанда тыным.
Атым әлі шықпаған ақын болып,
Алыс кезі еді ару Алматының…
Өткен күнге сірә да өлшем бар ма?!
Тағдырымның жазғанын көрсем де алда.
Көп ұзамай көрші қыз теңін тауып,
Қашып сонан кетіпті көрші ауданға.
…Келмейді ұйқым көзімді ілгенменен,
Кетпейді естен қанша өмір сүргенменен.
Бұл хабарды есіттім ауыл жақтан,
Арман қуып алыста жүргенде мен.
Сен тәкаппар,
Өжет ең,
Отты,
Өр едің,
Бәлкім, ынжықтығым үшін сен өкпеледің,
Бәлкім, саған жылы сөз айта алмадым,
Сол үшін де өзімді жек көремін…
Өмір көші осылай жалғасады,
Желдей ескен уақыт алмасады.
Жас ержетіп, жасамыс жөнеледі,
Өтеді уақыт.
Қабірін қар басады…
Сонан көктем келеді жер жаңарып,
Тіршілікке төселдім мен қалалық.
Анда-санда жырларым жарық көрсе,
Оқиды екен о жақта ел қадалып.
Жылдар, жылдар заңына көндіретін,
Жар сүйетін менің де келді ретім.
Асау атқа міндім мен өлең атты,
Ақын болдым кешікпей ел білетін.
Ол да міне, ойдағы тапты арманын,
Ата берсін арайлы ақ таңдарың.
Бақытты бол алғашқы махаббатым,
Балауса сезімімнің жаққан шамын.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қызылорда облысы әкімінің
«Тұран» және Жарасқан Әбдірашев атындағы республикалық әдеби сыйлықтардың иегері,
Арал ауданының құрметті азаматы.





