Бөрінің асығы

8

0

Жазушы Жәди Шәкенұлы Шығыс Түркістан аталған Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағында Ертіс өзені жағасында 1967 жылы туған. Шыңжаң оқу-ағарту институтын «Тарих» мамандығы бойынша бітірген. 1997 жылы Қазақстанға біржола қоныс аударған. «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ үні» және т.б. газет-журналдарда жауапты әдеби қызметтар атқарған. «Қаралы көш», «Бозмұнар», «Қан кешкен ханзадалар» атты романдары, «Ақ балапан», «Арманшыл бала», «Балқаймақ» сынды балаларға арналған шығармалары, «Жалғыздың үні», «Жәнібек батыр», «Оспан батыр», «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары», «Қытайдағы қазақтар әдебиеті», т.б. зерттеу еңбектері жарық көрген. Жазушының «Бөрінің асығы» әңгімесі оқырманға ұсынылады.

Атам үнемі:

– Біздің тегіміз көк бөрі, бөрі текті халық болғанымыз себепті көкжал қас­қырды қасиетті санаймыз, ол киелі аң, – деп отырушы еді сақалын тарамдаған күйде мұнарлы тауларға мұңдана қарап.

Шекара аталатын қызыл сызық ежелгі түркі мекені Алтай тауын қы­тай, орыс, моңғол, қазақ сынды төрт ел­ге бөлгенде біздің ауыл Қытай ау­ма­ғындағы Өр Алтай жерінде қал­ған. Балалығым асқар таулардың бауы­рын­да, асау Ертіс жағасында өтті.

Үйдің үлкені болғандығымнан «то­қылдақ» аталатын ағаш доңғалақты ар­бамызға өгіз жегіп, Ертіс тоғайынан отын әкелетін едім. Жалғыз бармай, өгіз ұстап, арқан байласу үшін болса да тоғыз жасар қарындасым Нұрбикені ертіп алатынмын. Қайда барсақ та қалмайтын ақтөс қара итіміз бар, өзі арыстан кеуделі, жүнді, жуан – ба­йырғы қазақ төбетінің тұқымы. Та­бан­дары да аюдікіндей жалпақ. Жүгір­генде қарды түтелеп, құмды сойдақтап із қалдырады. Ерке аты – «Қайтпас».

Отын ала бастағаным сол еді, тоғай арасынан иттің ащы ырылы естілді. Жалма-жан солай жүгірдім.

Орман арасындағы тастақты алаң­қайда ақтөс қара мен көкжал қасқыр арбасып тұр. Екеуінің де желке жүн­дері күдірейіп, азу тістері ақсиып, бір-біріне айбар шегеді. Қасқырдың аты қасқыр, мұндайда итті тарпа бас салып екі бүктей салуы әбден мүмкін еді. Бірақ, анау жүндері ұйпалаңқы жү­деу көрінді. Сонда ғана байқадым, ал­дың­­ғы аяғын қақпан тістеп қалыпты. Қақ­панның шынжыры үзіліп, шапқысы сирағын шайнап қалса да, сүйреткен күйі итті жұлып жейтіндей айбарлы, сұсты кейіпте.

Бірден ұмтылуға жүрексіндім. Мү­­бада үлкен сойыл алып тап бер­сем, ақтөс қара да мойнын бұрап, қос бү­йірден шеңбектейтін түрі бар. Атам­ның: «Біздің тегіміз көк бөрі, бөрі текті халық болғанымыз себепті көкжал қасқырды қасиетті санаймыз, ол киелі аң» дегені есіме орала берді. Жол азығы ретінде алған тоқаш нан бар еді, соны бермек болып ақтөс қараны өзіме шақырдым. Ол мизейтін емес. Екеуі бір-біріне тік келіп қанды көздерін қа­дасып азуларын арандай ашады. Бі­рінің көзі тайқып кетсе екіншісі бас салуға дайын.

Қарындасыма айқайладым:

– Арқан, арқан. Арқан әкелші! – деп.

Сырттай қарап тұрған ол арқанды тез әкелді. Әуелі ит деп ойласа керек, менің қасыма келгенде үні дірілдей шықты:

– Мынау қасқыр ғой. Қасқыр деген нағыз жыртқыш болады. Арқанды қайт­­пексің? Мынау итті де, бізді де жеп қояды. Аға, қорқамын, қашайық! – деп жыламсырай жеңімнен тартты.

– Қорықпа, мынау жараланған қас­қыр. Ақтөс қара аман болса, оны қой­майды. Қорықсаң өгіздің қасына бар. Не өгізге мін, не арбаға отыр, – де­дім мен арқаннан шалма жасап жа­тып. Ауыл арасында тай, тайыншаға лақ­тыр­ған арқаным қыл мойнынан ілінетін.

Шалманы лақтырғаным сол, ит пен қасқыр шумақтала ұшып келе жатқан арқанға жалт қарасты. Арқанның бір шеті қасқырға тисе, тұзақталған шең­бері иттің мойнына ілінді.

Қасқыр жалт беріп әрі қаша жө­нелгенде ақтөс қара мойнындағы ар­­қанға қарамай оны тарпа бас сал­мақ­қа тұра ұмтылғанда шалманы ке­рі тарттым. Ауыз салуға сүйемдей ға­на қалғанда аласұрған жуан төбет шал­қа­сынан құлады. Қасқыр қақпанды сүй­реткен күйі тоғайға сіңіп кетті.

Ызалана қарғыған ақтөс бұл «әді­летсіздікке» тіпті кектеніп, жанталаса ұмтылып, тік шапшып қасқырдың со­ңынан ұмтылды. Мен арқан ұшын ағашқа орап оны жібермедім. Арқан­нан қылғына тілі салақтаған ақтөс қос бүйірін соғып, тал түбінен маған аса наразы бейнеде қарайды.

Қасқыр әбден ұзап кетті-ау деген­де ғана шалмадан босаттым. Ол ма­ған деген наразылығы мен ашуын қай­тарғысы келгендей долылана үріп-үріп алды да манағы қасқырдың ізін иіс­келей соңынан кетті. Мен іштей: «қасқыр құтылып кеткен болар, құ­тылмаса өз обалы өзінде, бұдан артық не істей алармын» деп ойлап, отын алуға кірістім. Арба үстінде үрпиіп отырған Нұрбикенің де жүрегі орнына түсіп, өңіне қан жүгірді.

– Аға, қасқыр кетті ғой, иә. Ол енді келмейтін шығар, – деп арбадан түсіп ағаштар арасына мойнын созып маған жақындады.

Арада бір сағаттай уақыт өтті, ақтөс қара жоқ.

Бір кезде тоғай түкпірінен Ертістің екі айрығы қосылған шағын түбектің тұмсығынан ақтөстің айбарлана үргені естілді.

Бұл жолы тым асықпадым. Неде болса алған отынымды арбаға тиеп, арқанын байлап, сосын иттің дауысы шыққан жаққа тарттық.

Қыс күнінде Ертіске қалың мұз қатады. Десе де кейбір су қосылысқан жерлермен, ағынды иірімдер толық қатпай қаймақшып жатады. Әйнектей жарқыраған мұз астында оймақтала көбіршіген толқындар да көрініп қа­лады. Біздің ақтөс қара қасқырдың ізі­не түсіп, тақымдай қуса керек. Аяғына ауыр қақпан сүйретілген көкжал қа­быршақ мұзды шұқанақты иірімнен өтіп бара жатқанда мұз ойылып кетіпті. Ауыр қақпан шүңейтке тартса да, көк­жал су бетіне дамылсыз ұмтылып, мұз бетінде басы ғана қылтиып жан­таласады. Ит жақын барайын десе өзінің де шұқанаққа түсетінін біліп, мұзды айнала жүгіріп қасқырға айбар көрсетіп жүр. Бізді көрген соң тіпті де арқаланып, қасқырды жұлып жей­тіндей ырылдай үріп, тап-тап береді.

Мен қасқырды олжалап алудан кө­рі оны құтқару керек деген байламға келдім.

Әуелі ақтөс қараны нан беріп ал­дамалап жүріп байлап тастадым. Сон­да да қыңсылай үріп жанталаса ұмтыл­ғанын қоймайды.

Ауыл баласы болғасын арқаннан шалма жасау, ұзын сырықтың ұшына тұзақ іліп құрықтау сынды дағдылы өнердің бәріне де жетік боласың ғой. Тоғайдың нар талынан уық боларлық ұзын сырық алып, ұшына шалмалы тұзақ жасадым. Суда қылқылдап тұр­ған көкжалдың мойнына салып, бар күшіммен жағаға тарттым. Қасқыр ауыр бола ма, жоқ әлде, суға тоғытыл­ған­дікі ме қозғаудың өзі мұң.

– Аға, аға, осы қасқырға неге жа­бысып қалдың. Босанып кетсе бізді өлтіреді ғой, – деп зәрезеп болған Нұр­бике басқа барар жер таппай өгіздің үстіне шығып алды. Ыңыршаққа кене­дей жабысып дір-дір етеді.

Мұзды әрі айландырып, бері ай­ландырып жұлқылай тартып жүріп, өлдім-талдым дегенде қасқырды суы­рып алдым. Әл-дәрмені құрығанына қарамай құрықтың ұшын тістелеп құтылып кетпек болып арыпталасты. Мен қылқындыра сүйреген күйі жаға­лауға жақын оңаша тұрған балапан терекке құрықтың ұшындағы арқан байланатындай бірнеше орадым.

Мың жерден көкжал болса да қыл­қынып, тілі салақтап, тыныс алуы қиын­даған жаралы көкжал манағыдай емес әбден жуасыды. Қалш-қалш етіп оқта-текте арқанды жұлқылай тартады. Малмандай болған сулы жүндері де саудыр-саудыр етіп, сүңгілене қатып үлгірді.

Мен енді көкжалдың үстіне отын­дыққа алған талдарды тастай баста­дым. Өгіздің үстінде үрейлене қарап тұрған Нұрбике ыңыршақтан қолын босатпаған күйде:

– Аға, енді не істегелі жатырсың? Өртейін деп жатқаннан саумысың? – дейді үні манағыдай емес, жарқынырақ шығып. Шамасы ақтөс пен ағасының ерлігіне сене бастаған сыңайлы. Мен де манағыдан да ерленген бейнеде:

– Жоқ, қорықпа, қорықпай қарап тұр. Қазір бәрін көресің, – деп қораз­данған боламын.

Үстіне тасталған шыбық, талдардың арасынан арпалысқан қанды азуы мен қып-қызыл шоқ болған көздері ғана көрінеді. Қасқырдың дәрменсіз күйге түскенін біліп, отынды басып барып оған барынша жақындадым. Сонда да жан дәрмен бұлқынған көкжал басты­рылған ағаштарды шашып жібергісі келіп серпи тепкіленеді, аузына жақын талдарды ызалана шайнайды.

Қасқырдың енді маған қас қыла алмасын біліп, жақындай-жақындай етім үйренгесін, аяғындағы қақпанды алуға бар күшімді салдым. Қасқыр ырылдай ырсылдап айбарлана бұл­қынғанын қояр емес.

Жақ кірісі араның дүзіндей қара қақпан қасқырдың алдыңғы оң аяғын үзіп жіберіпті. Сынған сүйектің бір ұшы сыртына шығып тұр. Сүйектің ен­ді бір жағы ұстап тұр ма, әлде терісі ғана ұстап тұр ма, ол жағы белгісіз. Қақ­панға шамам келмей Нұрбикені шақырып едім, ол березеп болды.

– Бармаймын, бармаймын, өлті­ре­ді, жеп қояды, – деп тағы да жылам­сырады.

Отын алатын ақ балтаны әкеліп қақпанды бар күшіммен періп-періп жібердім. Қақпанмен бірге мана­ғы ілі­ніп тұрған аяғы да үзіліп түсті. Қас­қыр тағы да жанталасты. Мойнын­дағы арқанды шешуге батылым жетпеді. Қалтамнан бәкімді алып балапан те­рекке оралып тұрған қасқыр жақ ұшын қиып жібердім.

Аузын арандай ашып, көздеріне қан толған көкжал бәрін сезіп жатса керек. Менің шегіне бергенім сол үстіне басылған талдарды шатыр-шұтыр кө­терген күйі жаралы аяғын сылти басып көзден ғайып болды.

Ақтөс қара бұл «әділетсіздікке» тағы да төзе алмады, бар күшімен жұл­қынып, тік-тік секіреді. Жауының қа­шып кеткеніне тіпті де наразы кейіпте, өзелене үреді.

Қуарған өңіне аздап қан жүгірген Нұрбике тағы да:

– Аға, қасқыр енді келмейтін шығар. Оған неге жаның ашыды? Ол жауыз, жыртқыш қой. Оны өлтіру керек еді. Ақтөсті де обал қылдың, – дейді мені кінәлап. Тоғай арасына жалтақ-жалтақ қарайды.

Мен атамның айтқанын қайталап:

– Көкжал қасқыр деген көк бөрі, бөрі текті халық болғанымыз себепті көкжал қасқырды қасиетті санаймыз, ол киелі аң. Оған албаты тиісуге болмайды, – дедім, бәрін білетін данышпан бейнеде білгірсіп.

Отынды қайтадан тиеп, арқан бай­лап жүре бергеніміз сол еді, жетекке алған ақтөс қара тағы да үрді. Сөйт­кенше болған жоқ, көлденең көк атты шауып шыға келді.

– Ассалаумағалейкум.

Анау сәлем алмастан ентіге айқай­лады:

– Сендерге орманнан отын алуға кім рұқсат берді. Бізге қарасты то­ғайдан неге отын алып жүрсіңдер?!

Сөйтіп отынға төнген оның көзі отын үстінде жатқан қақпанға түсті.

– Ойбай, мына қызықты қара. Құр­ған қақпаныма қас­қыр түскенін біліп ізін шиыр­лап таппай жүрсем, сендер ал­ған екенсіңдер ғой. Қасқыр қайда? – деп дүрсе қоя берді.

Мен ләм-мим деме­дім. Біздің үнде­меге­німізге қарап одан бетер ашуға басты:

– Әй, шүкімайт, жердің құрты. «Қасқыр қайда?» деп сұрап тұрмын. Түсіріңдер, андағы отынды. Отынның астына қасқырды жасырып алып бара жатқанын қара. Тырнақтай болып алып, мыналардың өн-бойы толған пәле ғой. – Ол атынан асығыс түсіп отынды ақтара бастады. – Кімнің баласысыңдар? Мүм­кін қасқырды әкелерің алып кеткен болар.

Ол арбаның екі жағынан кезек келіп, иығымен отынды тірей итеріп астында қасқырдың жоқ екенін анық көрді. Басқа лажы болмағасын өгіздің бұйдасына жармасты:

– Жүріңдер, мына отынды біздің үйге түсіресіңдер! – деді дауысы қарлыға тұлан тұтып.

Нұрбике бақырып жылап жіберді. Ақтөс қара анаған ырылдай айбар көр­сетті. Менің қорқынышым енді ашуға айналды.

– Қасқырыңыздың аяғындағы қақ­панын алып босатып жібергенмін, – дедім дауысымды қаттырақ шығарып.

– Өтірік айтпа, өтірік айтасың. Қар­ғаның бойындай түріне қарамай қас­қырды қоя бердім деуін. Өзің кіп-кішкентай болып тұрып бетің бүлк етпейді екен. Қалай өтірік айтасың. Ан­дағы кейпіңмен қасқырды босата сал­дым дегеніңе кім сенеді. Ол сен босата салып, байлап ала қоятын жуас бұзау ма?

Ол осыны айтып, атына мініп, айнала шаба жөнелді. Шиырлаған із­дерді сабақтап, менің айтқанымның шын-өтірігіне көз жеткізбек болса керек. Қасқырдың ізін көрді ме, бізге қайта тебітті:

– Ізді қарасам айтқаның рас сияқты. Ана жақта бір аяғын сүйрете басқан үш аяқты із жатыр. Пәлесін қарай көр, титімдей болып алып жүрек жұтқан неме екенсің. Қасқырды қойшы, өзің­ді жазым қылса қайтесің. Неткен ақы­мақ едің! – Менің айтқаныма көзі жет­кен оның аяушылық сезімі оянған сыңайлы. – Байқа, байқа, қасқыр де­ген ойнайтын нәрсе емес. Қайта аман қалыпсың. Ақсақ қасқыр қайда қа­шып құтылар дейсің. Бұйырса соғып алар­мын. Қақпанымды өзіме бер.

Ол отын үстіндегі қақпанды еңке­йіп алды да, қасқырдың ізіне түсіп шаба жөнелді.

Болған жайды әкеме айтып келдім.

Әкем аласұрып:

– «Абыройлы жігіттің алдынан ажалды аң кездеседі» деген. Алдыңа келген олжадан айырылып не албасты басты!? – деп бұлқан-талқан болды. Со­­сын әлгі әумесердің қылығына кү­йіп: – Ана неменің балаларға тебіт­кені несі, атпен шауып барып, қам­шымен аса­тайын ба, сілімтікті! – деп бір долырды.

Мен бастабында үндемедім де, соңынан:

– Әке, атам үнемі: «Біздің тегіміз көк бөрі, бөрі текті халық болғанымыз себепті көкжал қасқырды қасиетті са­­наймыз, ол киелі аң» деп отырушы еді ғой. Сол үшін қоя бердім, – деп міңгір­ледім.

Әкемнің ашуы тез қайтты. Еңкейіп кекілімнен сылады:

– Е-е, балам, оның да жөн. Қа­йыр­сыз істің артында да қайыры болады деу­ші еді. Атаңның айтқанын есіңе сақта­ғаның да жақсы болған екен. Тәңірі ар­тын қайырлы етсін. Шынымен де өзің­ді оқыс қылса қайтесің. Ең бастысы, бас аман болғасын болды, – деді сөзін аяқтап.

Нұрбике ішінен шығара алмаған «шер-наласын» да ақтарып қалғысы келді:

– Иә, мен де айттым. Тыңдамай қой­ды. Қатты қорықтым, ағамды қасқыр жеп қоя ма деп, – деп жыламсырады. Көзінен мөп-мөлдір тамшылар бұр­шақтап кетті.

***

Ол кезде көшпенді қазақ ауылдары Ертіс жағасындағы тоғай ішін қыс­тайды да, жер қарая әуелі бөктер тау­ларға көктеулікке, одан әрі Алтайдың асқаралы жайлауларына бет түзейді. Көшпенді өмір балалары да «Көшпелі мектептен» білім алады. Біз төлдем аяқтар-аяқтамаста көктеулікте он-онбес күн далада оқимыз. Одан әрі орта жайлауда он-онбес күн, төр жайлауда бір ай шамалы көгалды төс­кейде оқимыз. Мүбада жаңбыр жауа қалса, тым-тырақай үйге қашамыз.

Көшпелі мектеп,

Құрылды көктеп… – деп басталатын оқушылар қоры бар.

Қушыкештер:

Көшпелі мектеп,

Жүрміз ғой ептеп… – деп бұрып айтады.

 Таңертең-кеште мал күйбеңі, күндіз оқу дегендей баяғы қасқыр туралы әңгімені мүлдем ұмытып кетіппін. Бір күні әкем:

– Кеше өрісте бір қозы ұйықтап тастың түбінде қалып қойған екен. Қас қарая аузында тістеген бір қозысы бар қасқыр анадай жотадан қарап тұр. Атпен тұра қумаққа тап беріп едім. Қозыны жерге қоя салып, аспанға қарап бір ұлыды да тайып берді. Қозы сап-сау, еш жері зақымдалмаған. Төбеге шығып келесі белден асып бара жатқанда ғана байқадым, қасқыр ақсақ сияқты, шоқаңдай жортып барады,– деді.

Мен жалма-жан:

– Әке, ол менің ақсақ қасқырым емес пе екен? – дедім.

Әкем түсіне қойып күлді де:

– Жоға, балам. Ертіс қайда, біз қайдамыз. Арамызда жүз неше шақы­рым жер бар. Сенің қасқырың мұнда не қылып жүреді? – деді жай ғана.

Жадыраған жаз тез аунады да, қыр­қалар қыраубастанып, күздің салқын лебі білінді. Бұл шақта біреу біреуді біл­мей, етекке қарай құлдилай көшеді. Ара­сында жоқ іздеп сарпалдаңға түс­кендері болмаса, барлығы дерлік атын жабдап, атанын қомдап күзеулікке асы­ғыс еңкейеді.

Әкем маған:

– Мен үйді жығып артып берейін де, жылқы мен сиырды түгендеп еңкейе беремін. Шешең көшті жетектейді, сен қойға ие болып, асықпай келе бер, – деп атына қонды.

Үйдегі бас көтерер мен болған­дықтан шешем көштің атан түйелерін жетектеп, мен қойды айдап жылжи жө­нелдік. Ұзын сирақ түйе жануар жат­танды ізіне түскен соң қиын асулардың қорым тастарының өзінен еппен аттап өңкеңдей тартады. Қойды түртпектеп соңынан еріп отырмасаң әуресі көп. Тіпті таса жер болса бірнешеуі ұйлы­ғып бөлініп қалуы да мүмкін. Шешем алға озып кетті де, мен қойды «куайт-куайттап» артта қалдым.

Таңнан ерте қозғалсақ та, күн райы бұзылып, арты қарға ұласты. Жіңішке Қыран өзенінің басын қиып, Үсіген жотасы аталатын биік кезеңге ілінгенім сол, қарлы бұрқасын күшейе түсті. Үсіген десе Үсіген еді, шілденің шіліңгір ыстығында да қар ұшқындап тұратын биік жота. Кезеңге көтерілген сайын қарлы борасын сабалап, көз көрім жердің көрінуі қиындай бастады. Қой ұйлығып қалды. Әншейінде топ бастайтын серкелердің өзі иіріле берді. Қаншама жүріп жүрген жаттанды жол болса да, алды-артты айырудың өзі мұңға айналды.

Даланы қою қараңғылық бүркеп ке­леді. Жаным мұрнымның ұшына келіп, бойымды үрей биледі.

Осы кезде қасқырдың ұлығаны ес­тілді. Менің айқайыма қарайтын түр­лері жоқ, қойдың артынан, арқа тұ­сым­нан бір топ бөрі шығып қойды кеу­десімен соққылап алға айдай жө­нелді. Қасқырдың иісін сезген қой жарық­тық та дүр-дүр қозғалады.

«Құрығаным осы» деп ойладым. Қанды көздері от шашқан бөрілердің қарасы анда-мұнда бір көрініп қалады. Қанша қойды тамақтап кеткені бір құ­дайға аян. Қарлы борасын, қой, қас­қыр қалың тұманның арасында бұлт­пен бірге жылжып барамыз. Қай шы­­­ңырауға келіп төменге біржола құ­ларымыз белгісіз. Аспан мен жер арасы алып аждаһаға айналып ире­леңдей қозғалады. Қасқырларға қар­сы тұрып қойды айырып қалам ба деген қиялым текке кеткендей, қара ба­сымның амандығын ғана ойлай бас­тадым. Астымдағы атымды ес көріп, қараң-құраң мал соңынан ілбіп келе­мін. Анда-санда бар дауысыммен ай­қайлаған боламын. Тамағым да қар­лықты, үнім шықпай, әбден діңкеледім. Үсті-басым малмандай су, иегім иегіме тимей сақылдайды.

Уақыттың қалай өткенін де біл­мей­мін, қарлы борасын, тұңғиық тұ­ман­­мен астасқан бұлт арасынан суы­рылып шығыппыз. Қанша мал қы­рылды, оны ойлауға да мұрса жоқ. Әй­теуір Үсіген жотасынан етекке қарай еңкейіп келе жатқанымды білдім. Ас­пандағы бұлт­тар шоғыры әлдеқайда асыққандай ап­пақ айдың бауырында шығысқа қарай сүзіле жөңкіп барады.

Көрген түстей меңзығыр күймен алдымдағы қойдың бар-жоғын түген­дей бастағаным сол еді, тағы да қас­қырдың ұлығаны естілді. «Қанға құ­мар жауыздар, қаншама қойды тамақ­тап қырды екенсіңдер, әлі тойып болма­дыңдар ма?!» деп тісімді тісіме басып, «қойға тағы да шабатын болды-ау» деп үрейлене бастадым. Олай болмады.

Айдың сүттей сұлу сәулесін жамы­лып, сол жақтағы қапталға қарай бір ізбен шұбырып бара жатқан жеті көк­жал көрінді. Алдындағы тайын­шадай қасқыр аяғын сылтып, шоңқаң­дап ба­рады. Ақсақ қасқыр! Артындағы тұр­қы кішілері көктемдегі күшіктері екені байқалады.

Қойым дін аман. Қасқырлар еш­қайсысын тамақтамаған. Алты бөлті­рігін ертіп, қойға шапқан қасқырларды қуып салған ақсақ қасқырдың мені ке­зеңнен аман-есен өткізіп, енді қай­тып бара жатқанын білдім. Не қуа­на­рымды, не жыларымды білмей бар дауысыммен:

– Ақсақ қасқыр, менің қасиетті көк­жалым, көкбөрім менің! – деп айқай салдым. Таулар «Қасиетті көкжал, қа­сиетті көкжал, көкбөрім менің, көкбө­рім менің…» деп жаңғырықты.

***

Арада көп өтпей Қазақстан тәуелсіз ел болды да, мен атажұртқа аттанбаққа атқа қондым. Шекарадағы кеден бекеті аса алыс болмағаны себепті, соған дейін ауылдастарым атпен жеткізді. Біз туған даланың төсінде, қасиетті даланы қимай қарап, бір-бірімізді құшақтап ұзақ тұрдық. Осы кезде достарымның бірі біз асқан тұманды белді нұсқап:

– Ананы қараңдар, қасқыр, қасқыр! Анау кезеңде қасқыр ұлып тұр, –деді. Бәріміз солай қарадық.

Тау басынан ақсақ қасқырдың сұлбасын көрдім.

Жылдар жылжып өте берді. Бөрі туралы әңгіме болса болды, есіме баяғы ақсақ қасқыр түсе кететін еді.

Арғы бет Алтайда қалған қарын­дасым Нұрбике хат жазыпты:

«… Биыл қыс өте қатты болды. Қар қалың түсті. Аң екеш аңдар қорадағы малдың шөбіне ентелеп, көк бөрілер көшеде жортатын болды…

Қоралы қойымызға қасқыр шапты. Қалың қасқыр шапқанда ит екеш иттер қораға қыңсылай тығылғанда, ойда-жоқта аяғы шолақ қасқыр пайда болды. Ол қойға шапқан қасқырларға қарсы шапты. Қалың аш қасқыр бір аяғы жоқ қасқырды қайдан аясын, ақыры оның өзін де талап өлтірді. Үсті-басы дал-дұл, тұла бойы қан… Аға, мен көп жыладым. Ол сіздің ақсақ қасқырыңыз еді. Менің көз алдымда жан үзді…

Аға, бізде енді ақсақ қасқыр жоқ, қораға шапқан қасқырлардан араша­лай­тын сіздің ақсақ қасқырыңыз жоқ, талауға түстік, аға!

Сіз өз жеріңізде, өлең төсегіңізде жүрмін десеңіз де туған жерді сағы­на­тын шығарсыз. Ақсақ қасқырыңызды сағынатын шығарсыз. Ақсақ қасқырды сойғызып, бір асығын сізге жібердім, бір асығы өзімде. Сізді туған жердің иесі мен киесі қорғай жүрсін деп ырым­дадым. Аға, баяғыда отын алып жүргенде мен жылағанда сіз жыла­майтын едіңіз ғой, батыр едіңіз ғой. Менің хатыма егіліп жыламаңыз…

Айтпақшы, аға, сізді туған жерге қонаққа шақырайын деп ішкі істер органына бардым. Рұқсат етпеді. Ай­туға да дәтім баратын емес, сізді бұл елге кіргізбеу туралы жасырын жарлық бар дейді. Сіз енді туған жерді мәңгі-мәңгі көре алмайтын болғаныңыз ба, аға!

 Аға, мен жылады екен деп сіз де жыламаңызшы, сіз шалғайдасыз. Біз ту­ған жердеміз. Ақсақ қасқыр сынды ая­нышпен өлсек те туған жеріміздің то­пырағын жамыламыз. Аға, жыла­ма­ңыз, бұл – тағдыр. Қайтеміз, көнеміз, көтереміз…

Аға, тұман айығар, сағыныш са­рығын басатын күн келер. Мен асықтың біреуін тұмар қылып тағып барғанда, сіз екіншісін тағып қарсы алатын бо­лыңыз. Егер сіз асықты таппай қал­саңыз, ойыннан ұтылған боласыз. Бала күнімізде сіз жасырынбақ ойнағанда мені қорқытып табылмай қалушы еді­ңіз. Тағы да табылмай қалмаңыз, асық­ты таппай қалмаңыз, аға!

Туған далаңыздан қарындасыңыз Нұрбике. Сізді сағындым, аға!»

Қарындасым жазған хаттың бетін көз жасы айғыздап кетіпті. Жас там­шысының сарғыш дақтарының үстіне менің де көз жасым тамшылап кетті.

Жанарымды буалдырлаған көкшіл тұман арасынан Алтайдың жон тау­ларын, шолақ қасқырдың елесін көрдім. Дала көкжалының үні құлағыма ап-анық естілді.

– Аууу-у, ау-уу-у…

«Қасиетті көкжалым, киелі көк­бөрім менің!» – деп бар даусыммен ай­қайлағым келді.

Көз жасы айғыздаған ала қағаз бетінде бөрінің асығы жатты.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

жазушы