«Бабалар сөзі» атты 100 томдықтың 7-томына кірген «Әбуғалисина, Әбілхарис» дастаны туралы түркітанушы ғалым С.Қосан тарқатып айтып берген еді. Аңыз бойынша, данышпан ғалым Ибн Сина ажалға қарсы дәрі ойлап тауыпты-мыс…
Ғұлама ғалым Әбу Әли ибн Синаның «Медицина каноны», «Саулық сақтау кітабы» атты еңбектері бар. Оның жазбаларында 785 түрлі өсімдіктің адам денсаулығына шипалы қасиеттері жан-жақты талданып, айтылады, қандай ауруға пайдалану керектігі көрсетіледі. Осы еңбектерді Шығыс және Еуропа дәрігерлері өздерінің емдеу қызметінде үнемі қолданып отырған.
Әбу Әли жастайынан медреседе білім алып, бар өмірін ілім мен ғылым жолына арнайды. Орта ғасыр оқымыстылары діни және дүниеуи ғылымдарды қатар оқып, оларды бір-бірінен бөле жармаған. Сондай-ақ, ғылымның әмбебап, ұзақ сонар жолына түскен дәруіш кейпіндегі ұлы ойшылдар соңына поэзия, музыка, математика, философия, логика, тіл, астрономия, медицина және саяхат салалары бойынша үздік зерттеу еңбектерін жазып қалдырғаны белгілі.
Әйгілі ғалымның ғылыми еңбектерінің Еуропа елдерінде ерекше мәнді болғаны сонша, оның атақты медицина туралы кітабы 30 мәрте баспа бетін көріп, әлемнің ең беделді жоғары мектептерінде әлі күнге дейін оқытылып келеді. – Атақты Ибн Сина жайындағы дастандар қазақ сахарасына кітап және қолжазба түрінде кең тараған. Соның бірі сырбойылық шайыр Қуаныш Баймағамбетұлының «Әбуғалисина, Әбілхарис» дастаны. Дастанның сюжеті Орта Азия, Иран халықтарының ертедегі аңыз хикаялары мен өмірбаяндық әпсаналарына құрылған парсы және шағатай тіліндегі прозалық дастан-хикаяттардан бастау алады, – дейді белгілі ғалым С.Қосан.
Көне замандарда мұндай халықтық шығармаларды түрлі жиындар мен адам көп жиналған қан базарларда арнайы әуезбен мәнерлеп оқитын «қиссахан» аталған өнерлі адамдар болған. Сыр сүлейлерінің бірі Қуаныш ақын 1895 жылы бұрынғы Ақмешіт уезінде туып-өскен. Дәрігер отбасында өмірге келген ол сауатын ерте ашып, бала кезінен білімге ден қояды. Теміржолда, мектепте жұмыс істеген ол 1945-1960 жылдар аралығында 15 жыл бойы кітапханашы қызметін атқарады.
«Қуанышқожа нұсқасының сюжеттік негізінде 1864 жылы Зияддин Саиид Яхия түркі тілінде жариялаған «Кәнжина-и хикмат Әбу Әлди Ибн Сина» атты қарасөзбен жазылған шығарма жатуы мүмкін», – дейді көптомдықты құрастырушылар. Ғалымның айтуынша, әлгі кітапты татар ғалымы Қайым Насыри 1872 жылы өз тіліне аударады. 1881 жылы араб әрпінде татарша басылған осы кітап арада бір ғасыр өтіп, орыс тілінде 1977 жылы жарияланды. Қуаныш ақын осы кітапты негізге ала отырып, 10 мың жолдай өлеңді қалың қазаққа түсінікті жыр тілімен төгілте сөйлеткен-ді. Алғыр ақын ұстазы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Шаһнама» дастанын аударғандай, сол стильде, қара өлең үлгісін басты уәзін еткен.
Аңызға сенсек, ғалым жасы 70-тен асқанда Абад қыстағында қайтыс болып, ұстазының жанына жерленген екен. Ибн Сина өлерінің алдында ажалға қарсы дәрі ойлап тауып, оның жасалу жолын сүйікті шәкірті Жамас хакімге үйретеді. Жеті ыдысқа толтырылған дәрілерді ретімен қолданса, адам өлсе де қайта тіріледі деп, ақырғы аманатын тапсырғанымен, шәкірті оны соңғы сәтте орындамайды. Себебі, Жамас хакімді сол сәтте қызғаныш сезімі билеп алады. Егер, ұстазы әлемге әйгілі Ибн Сина қайта тірілсе, өзіме бақ-дәреже тимей, тасада қаламын деп түйген Жамас дәрінің соңғы бөлігін құймай, айнып қалады.
Денесі қалыпқа келіп, қас-кірпігі дірілдеп, демін ала бастаған Ибн Сина енді бір тамшы дәрі құйғанын қалап, «бәриз» деп дауыстағанымен, ойындағы «ажалды жеңемін» деген асыл арманы аяқасты болып, ойлы көздерін мәңгілікке жұмыпты-мыс. Данышпан жайындағы дастан осылай аяқталыпты.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<