11-ші ақпан күні университетке барсам, оқу ғимараты дүбірлеп жатыр. Сөйтсем, ол – академик Кәрібозовтың, аға-ұстаз Бағдат Кәрібозұлының дүбірі екен ғой. Өзінің атындағы «Әдебиет лабораториясында» Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының бүтін бір курсына лекция оқып отыр екен. Студенттерге ғана емес, оқытушыларға да ғажайып әсер сыйлайтын ағайдың дәрісін біз де тыңдадық. Дегбірді алған дерті сәл ғана әлсіреткені болмаса, сол білім, сол білік, сол биіктік.
Дәрістен соң кафедрамен бірге жұмыс кабинетіне сәлем бере бардық. Аяулы жары Салтанат апаймен де қауқылдасып жатырмыз. Бір кезде «Айман, бері келші» деп жеке шақырып алды да, «Менің баспадан бүгін шыққан кітабым. Бәріне бірдей бере алмаймын. Өзіңе ғана табыс етейін деп едім» деп, «Менің Әрекем» деген жап-жаңа еңбегін ұсынды. Әрине, үлкен ықыласпен қабыл алдым. Мұқабасында өзіме жақын, жылы жүздер, биік бейнелер. Сол күнгі лекцияларымды тез оқып, үйге тезірек қайтқым кеп барады. Бар ойым – кітапты оқу.
Алпыс бестің «ауыр жүгін» арқалаған күйі аяңдап, үйге де жеттім-ау… Кітаптың алғашқы бетін ашып қалсам, өлең күйінде де ән болып есіп тұратын Мұқағали Кенжетайұлының
«…сынақтан ауырсынбай,
Дос керек – өту үшін сағың сынбай!» деген жыр жолдары тұр. Жүрегім «дыз» ете қалды. Шынымен екен-ау!.. Талай сын-қатерде жауабын таба алмаған ауыр сұрақтың өзгермейтін жауабы ғой – бұл!..
Әңгіменің әліппесі «Заһр» дұғасынан басталады. «Досқа адалдық – меніңше ешбір жағдайда қиянатқа қимау, көзге де, сөзге де ермеу, ештеңеге қарамай шын дос болу. Менің жақсы дұғаларым отбасымнан кейін досымның отбасына арналады», – дей жөңкіледі автор. Қатты тебірендім. «Бізге тағдыр дәл осындай кеңдік танытатын, ең жақсы дұғаларын сұратпай арнап, пәруана пейіл танытатын дос бұйырды ма?» деген үлкен сұраққа бір ұйып алдым…
«Өзінің әлеміне қамқор бола білген адам сіздің де әлеміңізге қиянат жасамайды. Жүрегі таза, мінезі жақсы адамдармен дос болып, сол мінездердің өзіңізге жұғатынын байқаңыз» деген ағалық ақыл да достықтың дегдар даналығы болып демімді терең тарттырды.
Сөйте келіп Бәкең
«…пайда, мақтан – бәрі тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас», – деп келетін алып Абай жырына бір соғып, Әрекеңе ақ сырын «менің достығым өзіңізге аян ғой, көңілдің, сезімнің адамымын. Сәл қуансам, сәл мұқалсам сізді есіме аламын. Сөйлескім, бөліскім, сырласқым кеп тұрады. Сіз сөйлей де, тыңдай да, бөлісе де алатын жансыз. Барлық жақындықты сіздің көзіңізден іздеп тұрамын. Бұл тылсым – жаныңыздың жаныма жақындығы. Екеуіміз рухтары ұқсас әкелерден жаратылғанбыз-ау», – деп ақтарады.
Әбден ашылып, ақ жарылып алған соң автор досының портретін сөзбен салуға кіріседі. Әрекеңнің оқшау ойлар мен оқыс лебіздерден тұратын ой-өрісіне бір тамсана кетіп, оған «мұны ойлылардың өмірінде міндетті түрде кездесетін сапалы ерекшелік деп ойлаймын» деген анықтама береді. Расымен, кітап кейіпкері – әкімдігінен ақылдылығы асып түскен, сөз киесін өне бойына киінген, жан-жүйесіне жамылған жан ғой.
«Менің осы өмірде көзімнің жеткен жері азамат неғұрлым келісті, ірі жаратылыс иесі болған сайын, соғұрлым оның сөзі мен ісі салмақты, мазмұнды болатын сияқты» деп тағы терең тағылым түйдіреді.
Өткен күндерге де бір сапарлап алады: «Әрекеңді алғаш тойда көрдім. Бұрын естіп жүргеніммен, жақын танысу сәті түспеп еді. Қозы-Көрпеш екеуі сөйлесіп тұр екен. Сонда Әуезовтің «ер адамның сымбатының әсер-ықпалы әйел адамның дене сұлулығынан әлдеқайда әсерлі болады» деген сөзі ойыма оралды. Суреткердің эстетикалық көзқарастары әралуандығымен қызық қой. Мен ұлы жазушының пікірін білгенге дейін ер адамның дене сымбатының эстетикадағы аса мәнділігі туралы онша ойланбаппын. Шын мәнінде, Әуезов айтқан сөздің шындығына талай көзім жетті» деп ой шіркінді біраз қиырға жетелейді және.
Бойы аласа адамдар мен Алатаудай биік кісілердің арасындағы айырмашылықтың анық көрініп тұратыны сияқты, кескінін шебер Құдай әсемдеп салған жандардың бір артықшылығына бірнеше мағына үстемелеуі де ағайдың әдемілікке ынтызар болмысын аша салып тұр…
«Жігіттің сабыры – ақылының алдаспаны ғой» деген Битілеу ақсақалдың сөзін келтіре отырып, кейіпкердің сабыр салмағына да бір тоқталады: «Әрекеңнің болмысынан дау-дамай, талас-тартысқа мүлдем араласпай, әрнәрсеге ақылмен біртіндеп араласып, өз ойын ашық жеткізетін сабырды көремін. Бірде әңгімелесіп отырғанда ол «Өмірде мені ренжіткен, көңілімді қалдырған адамның бәрін кешірдім. Енді олармен дым болмағандай аралас-құралас жүре беремін» деді. Мен оның жүзіне ойлана қарап қалыппын. Шынында мұндай сөздер үлкен жүректі адамның ауызынан ғана шығады ғой. Менің ұлы ұстазым Зейнолла Қабдолов адамды сүйе білуді өзінің өміріменен дәлелдеп кетті. Ол ешкімді жек көрмейтін, жек көрсе де білдірмейтін. Мейірім шуағын төгіп тұратын. Адамдарды тек жақсы көруге, құлшына сүюге, жақсы комплименттер айтуға ғана үйретті»
Қандай биік ойлау, иә?!.
Әрекеңнің таңдауына тәнтілігін «мемлекеттің ұясы – ұлт болса, ұлтты құрайтын орнықты отбасылар. Әріп пен Салтанаттың отбасылық тағдырына деген таңданысым мен қызығушылығымды жасыра алмаймын. «Екі жақсы қосылмайды» деуші еді, қосылады екен ғой. «Екі жақсы қосылса, жанып тұрған шаммен тең» деген сөзді де екеуінің отбасында талай айттым. Мен кейде Салтанаттың мінезін шыбыны жоқ жазға теңеймін. Міне, Әрекеңнің ойлы таңдауы», – деп кестелейді.
Енді, автордың суреткер сөйлемдерінің әрбірін, дос өмірдің әрбір деталін жазбама қосқым-ақ келді. Бірақ, өйтсем, кітапты енді оқитын оқырман не істейді?!
Жалпы, кез келген қаламгердің дәрежесін биіктететін әдемі сөздер ғана емес, әуелі – әдемі ой. Әдемі ойдан ғана әдемі дүние туады. Автордың Әрекеңе деген көңілі нұрдан болғаны сол абыз Әбіш айтқандай, қазақтың бір-бірін құшақтағысы кеп тұратын бауырмал сөздеріне елітіп отырып, кітап соңына қалай жеткенімді білмей қалыппын.
Мұндай достық жазушының да, кейіпкердің де бағы, бақыты ғой. Жер жүзінде мұндай бақтан мақұрым миллион адам жер жастанып жатыр, онан өзге миллиардтаған тірі пенде дос таппай сенделіп жүр. Өзімізді де Хақ Тағала мұндай достықпен жарылқай қойды деп толық айта алмаспыз…
Осы кітапты оқыған күні Әрекеңді көргім келді. «Сіздей адам тағы қайда бар?» деп сұрағым келді. Бірақ, шын жақсылар көп болушы ма еді?!. Бәкеңнің бағына таласпайын дедім бе, әйтеуір, өзімді бастым!..
Құсни сөзімнің соңын екі үлкен тілекпен аяқтағым келіп тұр: әрине, әуелгісі – Бағдат ағамның ұзақ ғұмыры, кейінгісі – әрбір адамға жанына сәуле түсіретін Әріптей дос бұйырғай!
Айман АЙТБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
әдебиеттанушы





