Еділ мен Жайық

2635

0

Алматов Алмасбек Нұрмаханұлы – профессор, жырау, педагог, өнертанушы. 13 ақпан 1956 жылы Қармақшы ауданы, Қорқыт станциясында туған.

1978-1982 жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка-педагогика факультетінде оқып, «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблінің құрамында өнер сахнасына шықты. 1987-1988 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ғылыми ізденушісі болды. Консерваторияның «Халық әні» кафедрасын ұйымдастырушылардың бірі және алғашқы меңгерушісі. 1990-2011 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасын ұйымдастырушы және алғашқы меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2011 жылдың қазан айынан Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қорқыт ата атындағы өнер зерттеу институтының директоры, 2012 жылдан Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының профессоры қызметінде.

1994-1998 жылдары облыстық мәслихат депутаты болған. 1998 жылы оның жетекші-авторлығымен – «Дәстүрлі өнер-жыр» мамандығы бойынша негізгі жоғары білім беру мемлекеттік стандарты, оқу жоспары, оның толық оқу-әдістемелік кешені жасалды, жоғары оқу орнындағы арнаулы мамандық есебінде классификаторға енгізілді.

ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері. Қармақшы ауданының, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы.

Біз бүгін белгілі жыраудың шығармашылығынан бірқатар туындыларын ұсынып отырмыз.

Әке

1973 жылы Қармақшы ауданы «Жаңақала» совхозының №185 орта мектебін бітіріп, әр отбасында той болып жатқан уақыт. Елдегі қалыптасқан дәстүр бойынша ауыл активтері мен мектеп директоры, мұ­ғалімдерін қоса шақырып бір мал сойып қонақасы беріледі. Апам мен үлкен ағайым Серік – Сәкеңнің дайындығы да тамаша екенін білемін. Ол кісі – Алма­тыдан оқуын бітіріп келген, ауылдағы ауа райын бақылайтын мекеменің бастығы. Бірақ…

Біздің үй – «Қожекеңнің үйі». Әкеміз Нұрмаханды ел «Қожеке» деп атайды. Ол кісі қуанса да, ренжісе де «Жау қырылып қалды ғой!» деп отыратын жан еді. Келген қонақтарға арақ-шарап қойылуы керек болып тұр. Бұл кісіге ондай әңгіме айтылуы мүмкін емес. Ол замандағы бір-жар ішкен кісілер «Қожекең келе жатыр»  депкелесі көшемен айналып кетеді. Апам мен Сәкең маған «өзің айтып түсіндір» деп отыр.

Осы уақытқа дейін тек әкеміздің қонақтарын күтіп, қолына су құйып, ұлағатты сөзін еститінбіз. Меймандарды жайғап болған соң, соңыра шәй үстінде «Балам, қонақтарың жақсы атқарылды. «Жақсының малы жиында күйеді, жаманның малы үйінде күйеді» деген, малың семіз шықты» деп отырар еді. Мына қонақтың жөні бөлек болып тұр. Жұрттан қалуға тағы болмайды.

Түн жарымындағы құптан намазынан соң төсегін салып, дәрет суын дайындап, үйреншікті өзіме тиесілі істерімді бітіріп, әкеме қарсы шарта жүгініп отырдым. Жайнамазының үстінде таспиқ тартқанда ол кісі басқа әлемде жүргендей көрінетін маған. Ұзақ уақыт үнсіздікте болатын. Кіп-кішкене қара шал. Бүкіл ел алақанына салып сыйлайды. Сәлден соң еңсесін көтеріп, қарсы алдындағы маған қарап «Жау қырылып қалған екен ғой, балам, демала берсең болады» деді. Сол сәтті пайдаланып:

– Әке, сізбен ақылдасатын шаруамыз бар еді, – деп қалдым. Ол кісі қайтадан таспиқ санап кетті. Бірақ естіді. Есік ашық, келесі бөлмеде апам мен Сәкең отыр. Сәлден соң:

– Иә, балам тыңдап отырмын, – деп, маған назарын сала қарады. Қой көзді, қызылы көп терең де өткір еді. Денем ұйып, бетім дуылдап кетті. Сол арақты өзім ішетіндей ішімнен үрей билеп, орнымнан тұрып кете жаздадым. Бір қарасам, ол кісі жанарын төмен салып, таспиғын санап отыр екен. Біздікі дұрыс емес. Әкеме өтірік айтайық деп отырмыз. Бұл үйде олар келсе, арақ ішіледі. Сосын… Оны ойлағанда жүрегім тасырлап аттай шапты. Біреу «Қожеке, балаларыңыз солай жасапты» десе ше? Бар аузыма түскен сөз – «Әке, қонақ шақырайық деп едік» дегенді зорға айттым.

– Ә, болсын, балам! Болсын! Шешелеріңнің «қара азығы» мол, малың семіз, – деп, қоштай жөнелді. «Қара азық» деп біздің ел бидай, ұн, күріш, т.б. дақылдарды айтады. Бізге керегі  – «басқа дақыл». Оны қалай айтамыз?

– Әке, қонақтар – ауыл белсенділері мен мектеп мұғалімдері. Отыз шақты адам. Қаладан қонақтарға тәтті сусын, ол-пұл алдырады екенбіз… Жұрт солай істеп жатыр. Соны айтып тоқтадым. Болды. Енді ештеңе демеймін. Әрі бүлінеді.

Әкем үнсіз қалды. Маған бейне тас болып қатып қалғандай көрінді. Енді бір қараса, шыдамаймын-ау деп отырмын. Әкеме деген ықыласым осы уақытқа дейін адал, сол кісінің айтқанымен жүріп келіп едім. Енді не болдық? Ойым астан-кестең. Әкемді аяп кеттім. «Қожеке-қожекемен» жүрген бұл кісі өмірінде коньяк, шампан, арақ дегендерді естіп те көрмеген жан. «Малың семіз, азық дайын» деген ақ көңілімен отыр. Үнсіздік. Уақыт өтпей қалды. Әлдебір уақытта әкем жанарын тіктеп маған қарады. Өзім де еңсемді түзеп, жауабын күттім.

– Болсын, балам! – деп, басын изеп таспиғын тартып, отырып қалды. Өзі қонақтарын шақырарда: «Балам, төріңді түгендедің бе? Ақсақалдар толық хабарланды ма?» дейтін еді. Шақырылатын қонақтардың ішінде бұл кісінің бірде-бір шалы аталмады. Содан соң барып:

– Солай, айналайын! – деп, терең күрсініп:

– Санаулы қонақ, сатулы шәйдің заманы ғой, балам! Маған ат-көлігімді дайында, ертең «Қараққа» Айтуар ағаңның үйіне барып қайтайын. Сол жақта үш-төрт күн боламын. Шәртімбай ағаң мен Нұрбай-Нұрекеңе айтарсың, балам. Бірге болсын – деп, тапсырма берді.

Ертеңіне үш шал батар күннің астына қарай қатарласып, маған ту сыртын беріп, аттарымен жортып кетіп бара жатқанда бұлардан соң өзімнің жат ортада жетім қалатынымды түсіндім…

Әзіл

Жарықтық, әкеміз Нұрмахан қожа әзіл, қалжың дегенді түсінбей-ақ кетті. Бәлки, түсінгісі де келмеді-ау…

1973 жыл. Мектепті бітірген соң ауыл ақсақалдарынан бір мал сойып бата алатын кәдеміз бар. Кезек біздің үйде. Ауыл ақсақалдарын түгел шақырып, шәй-суын беріп болып, үлкен асқа үзіліс жасап, кісілер намаз оқуға ыңғайланып, дәрет алуға сыртқа шығып жатыр. Әкем де сол кісілерге ілесті. Сол кезде әңгімені Құлыс Әжібай нағашым алды-ау! Ол кісінің отырған жері ойран-топыр күлкі. Сөзіне сүйеу болып Жанай ақсақал қосылды. Бұл екі кісі отырған жер – мереке-думан. Өзім де олардың әңгімесін тез жаттаймын, ел ішіндегі ұтқыр сөз, әзіл әңгімеге жүйрік.

Жанай ақсақал:

– Әй, Әжібай! Осы қожа – сенің жездең. Ішің жарылып бара жатса, қазір келгесін әзіл айтып көрсей. Не дер екен? Тыңдайық, – деді.

Онда Әжекең:

– Әй, әй… Жәке! Мені қанды ауызға итермелеме! Қожаға әзіл айтып өле алмай жүрмін бе?! Өзің айт! – деп жатыр. «Осы кісілер бір­деңені бүлдіріп алмаса нетті» деп отырмын. Сырттағылар да ішке кіріп жайғасты. Төрде – Сәт молла, Молдабай молла, Машарап мол­ла бастаған үлкендер. Әкем ортасында тас­пиғын тартып бар екені, жоқ екені белгісіз әде­тімен өзімен-өзі отыр. Ол келгеннен баға­нағы әңгімелер тыйылып, тыныштық орнады. Жағалай қолға су құя бастадым.

Әкем сол кісілерге тоқтау салып, айт-айтпа деп жатқан кезін көрген емеспін, әдебі солай қалыптасқан.

Сол әдепті бұзып Әжекең:

– Оу, Қожеке! – деп, дауыстауы сол еді, қапыл отырған әкем:

– «Жау, қырылып қалды ғой!» – деп, аузына бірінші түсетін үйреншікті сөзін айтып, шошып кетті. Оған жұрт күліп жатыр. Әкемнің онымен де шаруасы жоқ, бар зейінін Әжекеңе бұрып:

– Ләббай, Әжеке, тыңдап отырмын! – деді.

– А-а, тыңдасаңыз, сізге сұрағымыз бар? Ел болғасын құда-жекжат, нағашы-жиен, жезделі-балдызды туыстығымыз болады. Ортамызда әзіл-қалжың сөзіміз бірге жүреді. Оны айтайын десек, үлкен кісілер «Қожекеңнің алдында әзіл айтпаңдар» деп тоқтау салып қойды. Біздің ішіміз жарылып бара жатыр. Бұның риуаяты қалай болады? Соны білгіміз келеді? – деп тоқтады.

Әкем сұрақты толық түсініп, еңсесін кө­теріп жайланыңқырап отырып, таспиғын тартып үндемей қалды. Бұл кісінің кәдесі сол, жедеғабыл жауап бермейтін-ді. Әлден соң уақытта:

– Әжеке! – деді.

Жұрт та барлық назарын әкемізге аударды.

– Иә, Қожеке, тыңдап отырмын. Айта беріңіз, – деді Әжекең.

– Айтса. «Ә» дегеннен кейін «зіл» деген сөз тұр-ау! Сол сөз, адамның басына кемдік әкеледі. Айтқан әзілге сыпайының сырты риза болғанымен, «зілі» ішінде қалады. Сол зіл налаға айналса, ұрпағыңа кесірі тиеді. Наланың түбі қарғысқа ұшыратады.

«Біреудің наласынан, қарғысынан сақта» дей­тініміз сол. «Әзіл апат келтіреді» деп, атам қазақ соны айтса керек. Олай болса әзіл, қала­бай-қалжың әңгіме жасы келген адамға жарасымсыз, шайтанның желігі болып шығады ғой. Біз білген жер, Әжеке осылай. Ақиқатын Алла біледі! – деп, тоқтады. Жұрт ойланып қалды.

Әжібай нағашым сылқылдап күліп:

– Ой, жарықтық, Қожекем-ай! Жанай екеуміздің ермегімізді де құрттыңыз-ау! – деп, жастығына шынтақтап жантая кетті. Жезделі-балдызды екі кісінің әңгімесі осылай аяқталды.

Ақ күмістей ұзын сұлу сақалын саусағымен салалап, Сәт молла құрдастарына:

– Екеуіңіздің де сыбағаңыз толық болды-ау! – деп, қолын жууға оңтайланды.

Соңғы адам­ның қолына су құйып болғанша, осы әңгімені ойға олжа қылып алып шықтым.

ЕДІЛ мен ЖАЙЫҚ

(толғау)

Еділ мен Жайық – екі өзен,

Ернеуің алтын, суың бал.

Ерлерге сая болған-дүр,

Еділден шыққан шығатал.

Егеулі найза, ақ сауыт

Арғымақ еді жиған мал,

Алты Алаштың баласы,

Бірің – құйрық, бірің – жал!

Құранды ерге қағылған,

Айрықты алтын шегедей,

Еділге салса ендеген,

Едіге соққан кемедей.

Орда көшіп, нар шөккен,

Орын едің телегей,

Саумысың ерлер саламат,

Сөйлейін сөзді көнедей.

Еділ мен Жайық – екі су,

Теңізге құяр саласын.

Алтайдан шыққан айдарлы,

Түркінің алты Алашын!

Тұлпар мініп, ту алған,

Болаттан құйып тағасын,

Алтыннан жебе жондырып,

Күміспен орап жығасын.

Құрыштан құйған ақберен

Тайтұяқ жетпес бағасын,

Орманды жұртты ойрандап,

Өртеген ағаш қаласын.

«Ата қоныс – елім!» деп,

Тұтам жерге қан беріп,

«Қасиетті мекен!» деп,

Қарыс жерге жан беріп.

Байрақты тудың түбінде,

Айтылған сертке шаң беріп,

Еділден әрі үңілдің,

Қоңыраулы найза, ханға еріп.

Аламанға өңгеріп,

Алдына дабыл ұрғызып,

Ала байрақ ту алып

Жібектен шатыр құрғызып.

Хан кеңесін шақыртып,

Бидің мойнын бұрғызып,

Келелі кеңес кең толғап,

Алтыннан Орда тұрғызып.

Аштырханға ту байлап,

Ен жайладың даласын.

Дабылыңа тік тұрған,

Қырымның қырық қаласын.

Темір қақпа Дербент пен,

Күмбезді Қазан арасын,

Қылышын қанға суарып,

Дертінің жазған жарасын.

Өрлікті бермей өлісіп,

Жау бетіне шеп құрып.

Қанды көбік жұтынып,

Жүрекке кілкіп, кек тұнып.

Қылша мойнын талша үзіп,

Қаншама арман кетті үміт.

Қазығынан айналып

Өзіңде қалды текті жұрт!

Еділ мен Жайық – екі өзен,

Судың бойын жағалап.

Ер басына күн туып,

Ақ шағылды паналап,

Тас тұяғын керітіп,

Көбесін сөгіп қазанат.

Қайрақты құмда қан жұтып,

Қалған-ды небір азамат.

Қолдаудан өтіп ақ найза,

Қойныңа қаның құйылмай,

Қақыратып-ақ етті,

Белдікке барып ұйымай.

Жантайып жусан жастанып,

Ақ төсегің бұйырмай.

Ажалға қарсы ат қойған,

Алланың берген сыйын-ай!

Хандар киген мауыты,

Тон тозады жағадан.

Халық меңгерген таразы,

Би тозады парадан.

Ел ішіне жік салып,

Жау кіргізер арадан.

Қайыры жоқ халыққа,

Бай шығады жаңадан.

Арғымақ атта не сын бар?

Тертенің басын кемірген.

Жалы қайтып жасыса

Жабы озады семірген.

Ер жігітке не сын бар?

Ерте кетсе өмірден,

Халқы үшін қылған қайраты

Қоса шығар көңілден.

Көмейің айыр болса да,

Малды аясаң, дау жеңер.

Қос кіреуке кисең де,

Жанды аясаң, жау жеңер.

Қорқаққа қос көрініп,

Қарауытқан қау жеңер,

Қыран құсты көктегі,

Жемтікке құрған ау жеңер.

Еділ мен Жайық – екі өзен,

Сен-дағы шерлі екенсің.

Семсерін сертке байлаған,

Ерлерден жеткен мекенсің.

Ойдағы іске қол жетпей,

Дариға дәурен өтерсің!

Қолдағы іске ой жетпей,

Өкінсең ерлер – бекерсің!

Тұлпар аттың тұяғы,

Тасқа тиіп кетілер.

Төрт аяғы сау болса,

Сазды басса жетілер.

Қыран құстың қияғы,

Қалыңға түсіп сетінер.

Жез тырнағы сау болса,

Бір түлесе жетілер.

Азамат ердің баласы,

Ту көтерсе сайланар.

Хан жарлығы түскенде

Бес қаруын байланар,

Қадақтап басып назбедеу,

Қазығынан айналар.

Ұл өсірген атаның

Көңілі сонда жайланар.

Алқалап келдің әлеумет,

Жырау деп елге аты бар.

«Күтімсіз тұрған күмістің,

Адам көрмес даты бар» .

Көңілім сандық көпшілік

Ғалымның жазған хаты бар,

Текшелеп жиған сөздерім

Зат емес жұртқа сатылар.

Кәусәрлі сөзім қайнардай,

Тасқындап таудан атылар.

Сөз тауарын түсінер

Бекзада ерлер заты бар.

Бір ауыз ердің сөзінде,

Мың кісінің ақы бар!

Жыраудың сөзі насихат,

Кешегі менен бүгінге.

Перделеп айтқан сөзімнің

Қорабасы түбінде.

Қаз орнына қарғадай,

Біздер жеттік бүгінге.

Сулы жерде сүйрік бар,

Бәйгелі жерде жүйрік бар.

Алқалап келген әлеумет,

Жырау жоқ деп түңілме!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<