Екеудің уәжі

292

0

(Өмірдің өте шағын трагикомедиясы)

Жағымпаздан қауіп бар ма?

– Осы сені қайдан көрдім? – деп, Есенхан жаңа танысына бадырая қарап тұрды да, «жоқ, әлдебіреуге ұқсаттым ба» дегендей, кері бұрыла берген. Жаңа танысы енді бұның соңынан ілесе түсіп, жетіп алды да:

– Қалайша танымадың? – деген. – Мен Бек­қали деген жазушымын ғой. Бекқали Бекербеков…

Есенхан оған жалт қарады. Қарады да, енді ғана есіне түсіргендей болып, оған қайтадан тіл қатты.

– Таныдым! Өткен жолы теледидардан сөйлегенсің! – деді.

– Сөзім қалай? Мен жалпы тек жазушы ғана емеспін, онымен қоса сұңғыла саясаткермін де.

– Менің ойымша, екеуі екі басқа нәрсе. Сая­­саткер саясаттың сойылсоғары. Былайша айт­қанда, уақытша биліктің қызметшісі. От­жа­ғары.

Бекқали Есенханның мына сөзіне жата қалып ашу шақырсын! Бұрқырап сөйлеп ала жөнелді.

– Сен секілді ойсыз сөйлейтіндер қоғамды бұзады! – деді. – Қоғамды алапай-тұлапай ете­ді. Ойына келгенді айтып, елдің құлағын көте­ре­тіндер – мына сен сияқтылар.

Есенхан да енді шамданып қалды. Жазушы болса қайтеді? Жазушы екенмін деп осылай аузына келгенді айтып, кісінің намысына тиюге бола ма?

– Тоқта! – деді енді. – Тоқтаңыз! Мені қа­ралап сөйлегенше алдымен өзіңе-өзің сын көзбен қарап алмайсың ба?

– Неге? Нендей кемшілігім бар екен? – деп, Бекқали да құлақ жымитты.

– Кемшілігіңді байқамай жүрген болсаң айтайын. Мысалы, сен әрдайым сөйлеген сө­зіңде не жазған мақалаларыңда тек бүгінгі саясатты көкке көтере мақтап, билікті «таққа» сүйреп әлексің. Билік, есіңде болсын, ол – мем­лекеттің қызметшісі. Ал мемлекетті халық, яғни ұлт құрайды. Демек, алдымен ойла­на­тының – қара халықтың қамы болғаны мақұл. Саясаттың қазіргі ұстанымы дұрыс па, жоқ бұрыс па – оны неге ел-жұртыңнан сұра­майсың?

– Ел дедің бе? – деді Бекқали. – Қалың ел тобыр ғой. Тобыр нені түсінер дейсің? Олардың қарны тоқ, көйлегі көк болса болғаны…

Есенхан одан бетер күйіне түсіп:

– Ең болмаса халқыңның қарны тоқ па, соны біліп алмайсың ба? – деген. – Бұны да анық біл­мей жатып, теледидардан сайрай­сыңдар-ай кеп…

Бекқали одан бетер өршеленді. Бұл жолы тіпті астамсып сөйлеп кетті.

– Ел ішіндегі шаруаға қыли көзденіп, кішкене кемшілігін термелеп сынау – есердің ісі! Мен елімді де, жерімді де өзгелердің ал­дында асқақ­татып көрсеткенді жөн санаймын. Барлық уақыт­та еңсесін биік ұстаса екен деймін. Жамандағанда бөтен біреу бізге жақсы елін сыйға бере ме? «Мә, ала ғой» дей ме?

– Сенің сөйлеген сөздеріңнің көбісі билік­ке жарамсақтану мен жағыну сияқтанып тұ­рады, – деді Есенхан. – Жалпы, жазушы адам биліктің мақтаушысы емес, керісінше қате­лесуден сақтан­дырушы болуы керек сияқты еді. Ал, сендер…

Бекқали қолын бір сілтеді де, кері бұрылып кетіп қалды. Есенхан «ескі жұртта» жалғыз қалды. Ішінде алай-дүлей ашулы сезім оянып кетіп, еркінен айырғандай хал кешті. Сосын қатты түшкіріп алды да:

– Қалай десеңдер де, жазушы мырзалар, сен­дер­дің жарамсақтануларың мен жағымпаз­дықтарың қоғамды өсірмейді, қайта жерге ты­ғады! – деді. – Осыны өздері қалай ғана түсін­бейді екен? Әлде-е…

Мақтан метафорасы

Саққұлақов пен Жалтырбасовтың кезде­сіп тұрғаны бір бұл емес, олар талай рет жолыққан. Осы аялдамада. Қаншама рет жылы амандасып алып, басқа ештеңе айтпастан, бет-бетімен кетіп қалушы еді. Бірақ осы жолы Жалтырбасов Саққұлақовпен тілдеспек болды. Тілдесу емес, көкейіндегі сауалға жауап іздеген сыңайы барды.

– Осы сен… – деді Саққұлақовқа. – Сені кейде түсінбей қаламын. Неге біреуді мақта­саң, әбден сілікпесі шыққанша түбірлеп айтасың, а? Артық кеттім деп ойламайсың ба?

– Кімді мақтаппын? Қашан мақтаппын? – Саққұлақов сақтана сөйледі. – Сөзіңнің астарын ұқпадым, замандас!

– Е, кеше осы аялдамада автобус күтіп тұрғанда әлгі бір селдір шашты адамды жер-көкке сыйғызбадың, теңеудің неше түрін төктің кеп. Ол да бейшара біреу екен, басын изеп, жүзі бал-бұл жанып, жағасы жайлауға кете масайрап тұрып алмады ма?

– Ә-ә, анау ма? – Саққұлақов оны менсінбей сөйледі. – Ой, ол сыртымен шілтиген қуыс­кеуде біреу ғой. Кішкене қызметін көтере ал­май, шіренетінін қайтерсің! Ондайларды сына­дың не, кемшілігін айттың не – бәрібір түсін­бейді. Ондайды, қысқасы, мақтамен бауыз­дау керек. Оның жолы – мақтау! Жер-көкке сыйғызбай мақтай бер, мақтай бер…

Жалтырбасов аң-таң. Саққұлақовтан тап мынадай жауап күтпеген екен, аузы ашыла қарап қалыпты.

– Қанша ақымақ десең де, ол бір күні өті­рік мақтап тұрғаныңды сезіп қояды деп ойламайсың ба? – деді енді өз көңіліндегі кү­дігін жасыра алмай. – Ал, егер сезіп қалса…

– Жоқ! – деп Саққұлақов саңқ етті. – Сезбейді. Сез­се де үндемейді. Өйткені, осы заманда мақтан сөз – кім-кімге де майдай жағатын витамин. Тіпті өтірік екенін байқаса да, өз еркіне өзі қарсы келе алмайды. Жер бетіндегі адамдардың сексен, жоқ тоқсан пайызы сондай. Сенбесең, өзің көріп жүрген ең жаман деген адамды, ең жек көретін адамды бір күн мақтап байқашы, ол қалай жадырап-түрленіп сала берер екен?

Саққұлақов осыны айтты да, келіп тоқтаған автобусқа отыру үшін тез-тез адымдады. Кетіп бара жатып тағы да былай деді:

– Айтқанымды ұмытпа! Мақтау сөз – ешқашан нысанадан ауытқып-адасып, лағып кеткен емес. Айта алмайтындар, дұрыс жеткізе алмайтындар болуы мүмкін…

Сатушы мен алушы

Сатушы келіншек алдында тұрған сатып алу­шыға зілдене сөйледі.

– Не керек? Айт тезірек?

– Анау… ана тұрғандардан…

– Аты бар ма? Міңгірлемей, дұрыстап сөйле.

– Арақ!

– Е, солай демейсің бе? Арақтың қай түрі?

– Жақсысы.

– Арақтың жақсы-жаманы болмайды. Ол алушыға байланысты. Кімге қайсысы ұнайды, өзі біледі. Қане, қайсысы?

– Қымбатын бер!

– Енді түсінікті. Қымбат арақ, әрине, сапалы да болады. Ақшаң жетсе, қымбатын алған дұ­рыс…

Сатушы бір бөтелке арақты үстелге қоя салып, ақшасын талап еткенде сатып алушы тағы да мұрнының астымен міңгірледі.

– Қара пакетке салып берші.

– Неге қара пакет? Басқасына салсам бол­май ма? Ә, түсінікті. Ешкім көрмей-ақ қойсын дегенің екен ғой. Жарайды, дегенің болсын.

Арақты қара пакетке салып, сатып алушының қолына ұстатты. Ол ақшасын төледі. Сосын жөнімен кете барды. Сатушы кенет өзін-өзі ұстай алмастан, еріксіз кеңкілдеп күліп кеп жібергені.

«…Өзінің сонша сыпайы әрі мәдениеттісін көрмеймісің? Арақ сатып алып тұрғанын ел білмей-ақ қойса дейді. Бірақ оны ішіп алған соң, бар сыры бәрібір дүйім жұртқа дабы­раланып, барынша әйгілі боларын ойласашы! Әй, араққұмарым-ай! Әй, ессіз есерлік-к…».

Түсініксіз күлкі тағы да тамағын тығындап, екі езуін екі жаққа созды.

Кісі кемшілігі

Бұл – үлкен де емес, бірақ шағын да емес, біршама кісі жұмыс істеп, өзіне қажет күнделікті нәпақасын тауып отырған мекеме. Осы мекемедегі бір кабинетте қартаң қызмет­кер мен жас қызметкер отырушы еді. Жұмыс арасында өзара пікір алмасып, аз-кем сөйлесіп қоятын. Әрине, сөзді бастаушы – отызға қарай аяқ басқан жас жігіт. Оның сұрағы тау­сылмайды. Зейнет жасына тақап қалған қартаң қызметкер кейде жас қызметкердің қайсыбір сауалдарын жауапсыз да қалдырып қоятын. Бірақ оған бұртия қалып, ренжіп жатқан жас жігіт жоқ, бір сауалына жауап алмаса да, түс ауа тағы бір әңгіменің шетін қылтитады.

– Ағасы, сізден білгім келетін бір жағдаят бар, – деді жас қызметкер кезекті сөзін бастап. – Ол – өзіңізге тікелей қатысты нәрсе.

Қартаң қызметкер осы жолы еріксіз бар зейінін оған аудара қарап:

– Маған қатысты дедің бе? – деген. – Ал, айт ендеше!

– Сіз мекеме қызметкерлерінің қандай да бір басқосуларында ешқашан ашылып сөй­ле­мейсіз!

Жас жігіттің әңгімесі сұрақ емес, ағасына баға беру сияқ­танып кетті.

– Бар­лық уақытта пікіріңізді іште сақтап қаласыз. Мысалы, біздің мекемеде жақсы қызметкер­лермен қабат, кейбір осалы да, былайша айтқанда, сынауға болатын кертартпалар мен кесапаттары да бар, бар ғана емес, көбірек…

Қартаң қызметкер жас жігітті тоқтатты. Арғы жағы өзіме де мәлім дегендей, ым қағып, «енді мені тыңда» деген.

– Сен екеуміз өмір сүріп жатқан мына қоғамда адамдардың екі түрі ғана бар: біріншісі – мінсіз жандар, екіншісі – кемшілікке белшесінен батқандар!

Осылай деп алып, кішкене мүдірді. Жас жігіт ағасының түгел айтып болмағанын іштей аңғарды, сосын да сабырмен аяғын күтті.

– Менің ойымша, міні жоқ жандарды мақтап қажет емес, олар онсыз да өз бағасын өзі терең сезіне алады. Ал міні көп жандар – өз жеке басына өзі сын көзбен қарауды қойған, былайша айтқанда, тіршілікте қалай жүріп-тұрам, оны өзім білем деушілер. Демек, оларды сынадың не, сынамадың не – сөзің желге ұшады.

Жас қызметкер осы жерде шыдамның сеңін бұзды.

– Сізбен келісе алмаймын! – деді. – Кем­шілігі көзге бадырайып көрініп тұрғанды сы­на­масақ, қалталанып тұрған қателігін айт­пасақ, онда мына қоғам не болып кетеді? Қо­йыртпақ қоғам басталмай ма аяғында?

Қартаң қызметкер саспады, жауабын да салмақпен қайырмалады.

– Өмір бәрін де өз орнына қояды, – деді. – Жақсының да, жаманның да тіршілік айды­нында өзіне тиесілі бағасы бар, соны түбі естиді. Естіп қана қоймайды, маңдайына мөр секілді басылады көр де тұр! Адамдардан емес, басқадан…

Жас жігіт одан әрі не дерін білмей, аңта­рылып тұрып қалып еді.

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ