(Өмірдің өте шағын трагикомедиясы)
МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТ
Шипажайға кеше келген Кеңесқали бүгін жасы біразды еңсерген, мінезі сәл-пәл ауырлау, сөзі сіреспелі бір кісімен танысып үлгерді. Арнайы іздеп барып танысқан жоқ, бір үстелде отырып тамақ ішеді, сосын әңгімелеспегенде қайтпек? Дәм тату кезіндегі қысқа-қысқа жауаптасу сөзі бір бөлек, одан соң таза ауада бой жазып жүрген кезде жақынырақ сөйлескен. Анығында – әңгімеге тартқан Кеңесқали.
– Аға, байқаймын, ғылым адамы сияқтысыз? – деген.
Ақ басты үлкен кісі «дәл таптың» дегендей, бұған риза пішінмен мейірлене қарады.
– Ғалым екенім рас! – деп сөзін нығырлап қойды. – Жүдә мықты болмасақ та, құр жаяу емеспіз…
– Қай саланың маманы едіңіз?
– Химия-биология саласында тапжылмай қырық бес жыл еңбек етіппін, – деп, ақ басты кісі ауыр дем алды. – Аз ба, көп пе бұл уақыт? Көңіл қалауымен барған жұмыс, әлбетте, ләззатты. Оның ауыр-жеңілі де еш сезілмейді.
– Атағыңыз бар шығар? – деп сұрады Кеңесқали.
– Ғылым докторымын, профессормын.
– Ғалым екеніңізді түсіндім ғой, менің білмегім мемлекеттік марапат жағы…
Осы сәтте ғалым ағасының қабағы құрсауланып сала берді. Сұрақ жайсыз тиді ме болмаса әлдебір жағдай еріксіз есіне түсті ме? Кеңесқали енді үнсіз қалып, әңгіменің аяғын күтті. Жауап болар деп үміттенді. Ғалым көп күттірмеді, баппен қайта тілге келді.
– Мемлекеттік марапат жағынан, өкінішке орай, тым ұяттымын, інішек! – деді. – Әлгі бір ақын жырлағандай, орден де, медаль да жоқ менде…
– Қалайша? – деп таңданыс білдірді Кеңесқали. – Үлкен ғалым екенсіз. Химбиолог болу, сол саланың профессоры атану екінің бірінің қолынан келер ме?
– Сөзіңнің жаны бар-р! – Ақ басты кісі даусын соза сөйледі. – Саланың жүгі жеңіл емес. Ауырлығын көрдік, бастан өткердік. Алайда әлгі өзің айтқан марапат жайына келсек, менің түсінгенім, ол өзі мемлекетке сіңірген еңбегіңнен гөрі, сол жақтағы кей кісілермен ара-қатынасыңның жақсы-жамандығына көбірек байланысты ма деймін. Не үшін айтам? Мен тәрбиелеген біраз-з жастар ондай марапаттың біразын алып үлгеріпті, не керек! Соларға қарап ойланам дә…
Кеңесқали жаңадан танысқан ағасына енді еркінси сөйлеп:
– Кейде билік жағындағылармен жылы қабақтанып қойған да теріс емес қой, – деп алып, енді «мінез кемшілігін ауыздықтап…» дей беріп еді, ақ басты кісі жау көргендей орнынан атып тұрды.
– Сен, шырағым, өзің солай етерсің! Менің басымды қатырма! Осымен сөз бітті!
Екі көзі шатынап, енді ғана шын мінезін әйгіледі. Сол қалпымен адымдай басып, бұның жанынан ұзап бара жатты.
ОЛИГАРХҚА ҰҚСАҒАН АДАМ
Жүрекбайдың жүрегі кенеттен сығымдап қысты. Самолет үсті. Көк төсі. Қырсыққанда осындай өте қажет сәтте іше қоятын дәрісін де үйде ұмыт қалдырар ма? Әрі-бері шыдаған болып еді, енді тынысы тарыла бастады. Сосын амал жоқ, стюардессаны шақырмаққа түймені басты.
– Сізге не болды? – деді асығыс жетіп келген қағылез қыз. – Түріңіз өзгеріп кетіпті. Бір жеріңіз ауырды ма?
– Жүрегім… жүрегім қысып барады.
– Онда сізді самолеттің ең алдыңғы орындығына алып барайын, бір орын бос. Сол жер кеңірек, жайлырақ…
Осыны айтты да, Жүрекбайды қолтықтаған күйі алдыңғы орынның біріне алып келді. Екі орынды ала аяғын кең созып, емін-еркін көсіліп жатқан ер кісі «сен келдің-ау» деп елең қылмады, сәл ығысқан кейіп танытты да, теріс қарап жата берді. Қанша дегенмен ауасы да көбірек әрі кеңірек орын болған соң ба, Жүрекбайдың тынысы дұрысталып, өз-өзіне келе бастады. Осы кезде жанындағы кісі де басын сәл-пәл көтеріп, бұған қарады. Бірақ паң қарас! Тым асқақ!
– Жүрек пе? – Мұны да жай, ықылассыз сұраған.
– Жүрек! Аяқ астынан жүрегі ауырған Жүрекбай ағаң болам. Ал, өзің кім боласың?
– Артурхан!
– Хан дегенің жарасып тұр. Хан болардай келбетің де бар екен. Ал, Артур…мұндай есім бізде бұрын болды ма екен? Қай саладасың, інішек?
– Бизнеспен айналысам. Хан болмасақ та, жап-жақсы бизнесім бар. Мына екі орынды да жеке өзіме сатып алғанмын. Сіз қысылып қалды деген соң ғана…
Жүрекбай енді ғана мән-жайды анығырақ түсіне бастағандай еді. Мынаның сонша паңданып, шірене түскенін қарашы ей? Ақша ғой. Баршылық пен молшылықты көтере алмай жүрген түрі ме шіркіннің?
– Жасың менен біраз кіші екен, оны байқап отырмын. Мен саған бір жағдаятты айтайын. Өткен жылы Дубайда болғам. Мен орналасқан он сегіз қабатты қонақүйдің алдындағы ұзынша орындықта аялдап отыр едім, сол маңды сыпырып жүрген, жұпынылау киімді, жасы алпысты алқымдаған кісі жаныма келді. Сұрақ берді.
– Орналасқан бөлмеңіз жайлы ма? Қызметшілері қалай екен? – деді. Мен мақтай жөнелдім. Расында да қонақүйдің тазалығына да, қызметшілердің шынайы пейіліне де әйелім екеуміз қатты риза едік. Ол кісі менің жанымда көп аялдамады, кетіп қалды. Артынша бір кісі келіп:
– Оны танушы ма едіңіз? – деп сұрады.
– Кімді? Аң-таңмын.
– Әлгінде осы қонақүйдің иесімен сөйлесіп тұрдыңыз ғой, не жайында тілдестіңіздер? – деді бейтаныс адам. Одан бетер аң-таң болдым. Көше сыпырып жүрген адам, осынша байлығы бола тұра, еш сыр берместен, мүлде қарапайым болып жүре алғаны, қанша ойлансам да, ақылыма сыймай кетті.
Артурхан «бұны маған несіне айтып отырсың» дегендей, Жүрекбайға жақтырмаған пішінмен қарады.
– Сол да асқан ақылдылыққа жата ма екен? – деді Артурхан көңілсіз ғана. – Миыма кірмейді…
Осыны айтты да, қаржы жағын әлдеқашан шешіп қойған кәсіпкер жігіт қайтадан бетін әрі бұрды. Бір байқағаны, осы жолы ғана көстеңдете ұзынынан созған қос аяғын кішкене жинауға бейіл байқатып, өзіне қарай ақырын тартып алып жатты…
ӘЛЕМДІК ӘҢГҮДІК
(Диалог)
– Ұлтыңның ұлы емессің бе?
– Мына ұлт па? Ол маған не берді?
– Қаның ғой. Жаның ғой.
– Қан мен жан адамзатқа ортақ!
– Ата-бабаңды да мансұқ етесің бе сонда?
– Олардың өз сүрлеу-соқпағы болған. Менің де өз жолым болуы керек.
– Жарайды, сонда сені кім дейміз?
– Мен бе? Мен – әлемдік адаммын!
– Түсініксіздеу екен. Сонда-а…
– Не түсінбейтіні бар. Әлем адамымын деп тұрғам жоқ па! Мен әлемге ортақпын. Әлем – менің өз үйім!
– Мына шағын Отан да өз үйің емес пе? Бұны қалай қиып тастап кетпексің?
– Ой, бұл кішкентай ұя ғой. Ауқымы тар. Құрқылтайдың ұясы секілді. Маған тарлық етеді…
Ақыры түсіндіре алмады. Анығында, түсінісе алмады. Сосын амал жоқ, бір күрсініп алды да, ауаға қарап тұрып «әлемдік әңгүдік» деп қинала тіл қатты өзіне-өзі…
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ
(Жалғасы бар)





