Ең қысқа кеңес

1501

0

Екеуі бірге келді. Ері мен әйелі. Маған бірінші рет келіп тұр. Бүгіндікке бесінші жұп. Шаршап тұрмын. Қарным ашты. Содан ба өзімді нығарлап қоям, шыда деймін. Сабырлы болуға тырысып бақтым.

-Мен психологқа бірінші рет келіп тұрмын! – деп ері ашулы дауыспен бұрқ етті. Түр әлпеті мұнда не әкемнің басын жоғалттым деп тұр.

-Әйелім қоймай әкелді.

-Сонымен?

-Не сонымен? Баламыз бар. Менің балам. Жүрген бір нақұрыс! – деді өз-өзін ұстай алмай.

-Нақұрыс деген психиатрлық диагноз, – деймін оған мен шаршаңқы дауыспен, – Осы мағынада нақұрыс па?


Байқасам, ері маған нақұрысты енді тапқандай көзі шапыраштана тесіліп қапты. Сосын әйеліне бұрылып, сен мені қайда ертіп келдің дегенді ыммен білдірді.


Әйелі бүрісіп алған. Орындықтың шетінде ғана отыр. Көзін алып қашады. Қолын екі тізесінің ортасына қысып алған. Ері мазасызданып тұр. Маған бұрылып қарады. Үндемейді. Мен де. Бір уақта шыдамады. Бұрынғысынан бетер ашуланды.

-Не деген психологсыз өзіңіз? А? Айтып түсіндірсеңізші маған, не істеуім керек?

-Кіммен?

-Баламмен!

-Оған не болды?


Еркек таң қала көзін сүзіп тұрып қарады. Менің топастығыма, оның ойын бірден түсінбегеніме іші күйіп тұр. Қайтадан әйеліне «Мына сорақыны қайдан таптың?» деген көзқараспен тыжырына қарады. Бірақ әйелі дұшпанына әбден үйреніп алған жауынгердей. Көзін көтермей, үндеместен сүмірейіп отырды да қойды. Өңі қашып кетіпті. Бар шамасы күйеуін маған ертіп әкелуге кеткенін пайымдадым.

-Ол шектен шығып кетті. Түсінесіз бе? Бозөкпе неме.. Жасы небәрі 14-те. Істегінін көрсеңіз, сұмдық..

-Несі сұмдық?

-Үйге келдім. Жұмыстан соң. Ол бәтіңкесін кілемнің ортасына апарып қойыпты. Мен оған: «Бұл өмірде бір нәрсені дұрыс жасауды қашан үйренесің? Тым болмаса, бәтіңкеңді есіктің көзіне қойсаңшы, нақұрыс құсап төрге оздырмай» деймін. Түк түсінбейді. Миғұла.. Жүз рет айтқан шығармын. Бәтіңкені есіктің көзіне апарып қой деп. Оған өмірде бәрі оңай тиіп жатыр. Түсінесіз бе? Телефонды сындырды. Ештеңені бағаламайды. Маған ештеңе айтпайды. Тілін жұтып қойғандай бетіме мелшиіп қарайды. Шешесіне сөз қайтарады. Үй ішінде түк бітірмейді. Бірдеңе десең, ақпа құлақ, тыңдамайды. Ұят та, аят та жоқ. Енді не істеймін оған? Сіз психологсыз ғой, кеңес беріңізші! Сіздің айтатын ақылыңыз бар ма?

-Бар, – деп жауап қаттым. Психологтың барлық ережесін бұзып.

-Бұл тығырықтан шығарар шешім де бар болар?

-Бар, – деймін өзімнің беталды кеткеніме өзім таң қалып.


Білесіздер ме, психологиялық кеңес берудің өзіндік алгоритмі болады. Әсіресе, бірінші рет келіп тұрған адамдар үшін. Бірінші кездесу ақпарат жинау, сұранысты анықтау, байланыс орнату деп үйреткен. Ешбір терапияға жол жоқ. Шешім туралы тіпті айтпай-ақ қояйын. Маған не болғанын білмеймін…

-Ұлыңызбен қалай тіл табысуды білмейсіз, сізді дұрыс түсіндім бе?

-Иә, солай..

‘Шешім бар. Және ол өте қарапайым. Бірақ сіз оны жасай аласыз ба, жоқ па оны білмедім, – дедім шынында да зор күмәнмен оның бетіне тесіле қарап.

-Ал? Айтсаңызшы енді?

-Оны айтпайды. Оны жасау керек.

-Не жасайын?

-Ұлдың аты кім?

-Антон.


Осы сәтте шектен шыққанымды сездім. Әріптестерім түсіне жатар. Бір парақ қағаз алдым. Маркермен «Антон. 14 жас» деп жаздым. Оны кабинетімнің ең түкпірдегі бұрышына апарып қойдым. Еркекке сол парақтың үстінде балаңыз тұрғанын елестетіңіз дедім.

-Қалай? Көз алдыңызға келді ме?

-Иә..

-Ал, енді ақырын адымдап сол параққа жақындаңыз да оның үстіне тұрыңыз, балаңыздың бейнесіне еніп, ұлыңызға айналыңыз,- дедім.


Оның күдігі бетінен айқын білінді. Бірақ айтқанымды бұлжытпай орындады. Көзін жұмды.

-Енді не сезінетіндігіңізді баяндаңыз?

-Жалғыздық. Қорқынышты жалғыздық. Тамағыма өксік тіреліп тұр. Жылағым келеді.

-Неден?

-Өкпе, реніш.. Бәрі ұрсады, зекиді.. Анау да дұрыс емес, мынау да… Өмір сүргім келмейді. Мен бәріне бір құбыжық секілдімін.

-Бәрі деген кімдер?

-Бәріне..

-Кім олар?

-Әкем үшін..

-Сен одан не қалайсың?

-Бір рет болса да басымнан сипаса екен. Мақтаса екен. Қалым қалай екенін сұраса екен. Мен де жігітпін ғой. Менімен мақтанса екен.

-Деміңізді ішіңізге тартыңыз. Сыртқа шығарарда парақтан аттап кетіңіз.


Еркек үндемей орындығына жақындады. Отырды. Мүлгіген тыныштық. Әйел көз жасын сүрткілеп отыр.

-Мен бәрін түсіндім, – деді бір уақтан соң ері дауысы қарлығыңқырап, – Бәрін түсіндім. Мен де бала күнімде өзімді тура осылай сезінетінмін. Ал, әкем ылғи ұрысқанды ғана білетін. Енді мен де дәл солай істеппін. Мен бәрін түсіндім. Рахмет.


Көзі тұнық. Әйелінің де көзі тұп-тұнық. Құлағы да бір түрлі сүйкімді, мейірімді көрініп кетті.. Менің өмірімдегі ең қысқа кеңес. Небары 18 минутқа созылды. Өмірімде бірінші рет.


Екатерина Савинова


Аударған Шынар Әбілдә

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<