Еңбек өрге, бедел төрге шығарады

4

0

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Сыр елінің сындарлы азаматтарының бірі Мұсахан Басшыбаевтың есімін жерлестеріміз, әсіресе білім саласының мамандары жақсы біледі. Өзінің іскерлігімен, сала жұмысындағы жаңашылдығымен, азаматтық болмысымен абыройлы болған ағамыз 1956 жылдың 1 ақпанында Қармақшы ауданы Жосалы кентінде көпбалалы теміржол жұмысшысы Айтбай әке мен Мамық ананың отбасында дүниеге келген.

1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебін бітіріп, еңбек жолын Жосалыдағы «Теміржолшылар» клубында киномеханик көмекшісі болып бастаған.

1973-1977 жылдары Қызылорда қала­сындағы Н.Гоголь атындағы педа­гогикалық институтының физика-математика факуль­тетінде оқып, білім алды. Екі жыл Отан алдандағы әскери борышын өтеп жүріп, партия мүшелігіне үміткер болды. Ол кезде коммунистік партия қатарында болу қызмет етемін деген әр азаматтың алдынан ашылған алтын қақпа секілді еді.

Солай бола тұрса да әскерден келген жас маманға жұмыс табыла қоймады. Сөйтіп жүріп, өзі бітірген мектептің жарты айлықтың жартысымен жалақы төленетін мұғалімдігіне ілінді. Жұмысқа кірісіп, таңның атысы мен күннің батысы мектеп жұмысына бойлап кетті. Айлығым аз, жұмысым көп демеді. Мектептің радиоторабын жүргізу, көрнекілік жазу, кабинет жасақтау – оның жұмысы, тіпті денешынықтыру, сызу пәндерінен сабақ берді.

Осы еңбектің арқасында мұғалімдік сағаты толықтырылып, аудандық оқу бөлімі әдіскерлік жұмысқа шақырды. Сол қызметте Басшыбаев білім саласын жан-жақты игере алатын қабілетін танытты. Сондықтан оны басшылық 1984 жылы Энгельс атындағы колхоздың (қазіргі Дүр Оңғар ауылы) №107 қазақ орта мектебіне директор етіп жіберді.

Еңбек адамды өрге шығарады екен. Мұсекең қасиетті Қармақшы топырағынан түлеген Бақберген Досманбетов, Нағымаддин Егізбаев, Амангелді Әбзәлиев секілді белгілі, аптал ағаларына ұқсағысы келетін. Алайда қызметке ұмтылмады, берген жұмысты жан-тәнімен атқарды. Қызмет оны өзі іздеп келді.

1986 жылдың қыркүйек айында Қармақшы аудандық оқу бөлімінің бұрынғы меңгерушісі қызметінен босатылып, ол орын тоғыз айға дейін бос тұрды. Оған себеп – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы мен облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі бірі ұсынған кадрды екіншісі қабылдамай, текетіреске барды. Бұл мәселеден ел де құлақтанды. Осыған орай сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне «Біреуі көнбейді, екіншісі сенбейді» деген сын мақала да жарқ ете түсті.

Бұл мақаланы оқыған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбеков аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына тапсырма беріп, талап қояды. Ол талап мынадай: біріншіден, кадр білім саласын жан-жақты білетін мектеп директоры болуы тиіс, екіншіден, жас және қарапайым отбасы мүшесі болсын, үшіншіден, тамыр-танысы, туысқаны жоғары лауазымды қызметте болмауы шарт.

Дәл осы талапқа №107 мектеп директоры Мұсахан Басшыбаев сай келеді.

Осылайша ол бірінші хатшының қабыл­дауында болып, облыстық партия комитетінің ұсынысымен Алматыға барады.

Министрлік мәжілісінде оны «Қазақ­станның білім саласындағы ең жас аудандық оқу бөлімінің басшысы» деп таныстырады. Сол кезде Мұсахан Басшыбаев отыз жасқа енді толған еді. Ол осы аудандық білім саласын он жылға жуық басқарды. 1988 жылы «оқу бөлімі» деген атау «білім бөлімі» болып өзгертілді.

Басшыбаевтың бұл саладағы жаңашыл­дығы мен ізденімпаздығы – ұзақ әңгіменің арқауы. Жаңа басшы аудандық әуез мектебі негізінде 7 жыраулық мектептің ашылуына бірден-бір бас­тама­шы болды. Бұл мектептерге Ш.Төлепова, Б.Рүс­тембеков, А.Сәрсенбаев, С.Ақбаев, Р.Бай­ғараев, С.Ыдырысов, Ж.Қаймақбаев секілді дәс­түрлі өнердің белгілі өкілдері жетекшілік жасады.

Жыраулық мектептердің іс-тәжірибесін таныстыру мақсатында 1990 жылы аудан орталығында республикалық семинар өткізілді. Мұндай өміршең бастамалар Сыр сүлейлерінің мұрагер ұрпағы К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінің» ашылуына мұрындық болды.

«Жыл мұғалімі», «Жыл директоры», «Класс жетекшілері», отбасылық өмірге ар­нал­ған «Ақ босаға» байқауларын өткізу ісі арқылы тәжірибелі мұғалімдер іріктеліп, ал­ға шығып отырды. Осы мұғалімдердің озат іс-тәжірибелері арқасында оқушылар олим­пиадасының жеңімпаздары көптеп шықты.

М.Басшыбаев тек өз міндетімен шектелмей, елшілдігін, ұлт мүддесіне жанашырлығын таныта білді.

1989 жылдың маусым айында Қостанай қала­сында өткен «Орта мектептердің оқу бағдар­лама­сы мен ауыл мектептерінің жағдайын жақ­сарту туралы» республикалық семинарға барғанда «Дала қоңырауы» атанған дана ұстаз Ы.Алтынсариннің мәңгілік жайын көріп, жабығып оралды. Ұлы тұлғаның бейіті жай бір төмпешік болып жатыр екен.

Көп ұзамай Мұсекеңнің «Қазақстан мұға­лімі» газетінде Алтынсариннің мәңгілік мекеніне күмбез-белгі орнату туралы бүкіл ел мұғалімдеріне жолдаған үндеуі жарияланды. Осы үн 1981 жылы Ы.Алтынсариннің 100 жылдығына орай ұлы ағартушы бейітінің көрікті күмбез-белгі болып көтерілуіне тұғыр қалады.

Басшыбаевтың білім саласындағы білікті, ізгілікті істеріне орай Білім министрлігінің бас­қарма басшылығына, департамент директоры қыз­метіне шақырылғаны бар. Бірақ ол қызметтерден бас тартып, туған жерінде қалуды қалады.

Кеңпейілдік Мұсекеңнің қанына дарыған. 2023 жылы оған аудан әкімдігі жанындағы комиссия мүшелері «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылдайды. Сол кезде Мұсекең: «Аудандық оқу бөлімін он бес жыл басқарған Тілеумұрат Науанов – біздің ұстазымыз, бұл құрметке сол кісі лайық» деп ризашылық білдіріпті.

1995 жылы облыс әкімі болып келген Бердібек Сапарбаев ісіне табанды, міндетіне адал Мұсахан Басшыбаевты Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, 1996 жылы мамыр айында облыс әкімінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындайды.

Ал 1996 жылы қыркүйек айында Қызыл­орда қалалық білім бөлімінің меңгерушісі, 1999 жылдан 2000 жылға дейін облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институтының директоры болды.

2000 жылдың наурызынан бастап ҚР Парламенті Сенаты аппаратында сарапшы, бас сарапшы, консультант, бас консультант, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарып, 2019 жылы зейнет демалысына шықты.

Мұсахан Айтбайұлы педагогикалық білім­мен қатар экономистік, заңгерлік маман­дық­тарды да игерген. 1997 жылы өзі зерт­теген ғылым саласы бойынша «Саяси ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми дәреже қорғады.

Бүгінде Мұсекең – әулет ағасы, отбасы шуағына шомылған ардақты ата. Қай жылы күллі елге келген кесел дертінен сүйікті жары Қалдыгүл өмірден озды. «Жас ортасында жарың өлмесін» деген қазақ, бұл шер-шеменді басына түскен жаннан артық білетін кім бар.

Алайда, азаматың сол күйін сезініп, жа­нына желеу болған жан кездесті. Ол өзіне пейілін, перзенттеріне мейірін төккен Ұлттық нейрохирургиялық орталық медбикесі Манат Кәжденбекқызы еді. Мұсекең мен Манат бүгінде бірі отбасының панасы, бірі анасы болып, селбесіп өмір сүріп келеді. Екеуінің ендігі бар тілеуі – ел амандығы, балалар бақыты.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»