Жаңақорған ауданының «Руханият орталығында» көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты еске алуға арналған «Өнегелі өмір – өрелі ұрпаққа» атты облыстық ода жазушылар байқауы болып өтті.
Бердібек Сапарбаев – бір өңірдің емес, тұтас елдің даму шежіресіне енген есім. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары секілді лауазымды қызметтер атқарған тұлға.
Ел тағдырымен егіз өрілген ғибратты ғұмыр иесі соңғы демі қалғанша халқына қалтқысыз қызмет етті.
Еске алу шарасы қонақтарды өңір тарихын бейнелеген көрмемен таныстырудан басталды.
Мұнан соң аудан өнерпаздары көпшілікке «Биікке бастар болмыс» атты тақырыптық пролог тарту етті. Мұнда 1995-1996 жылдардың оқиғасы бейнеленген. Қызылорда облысы облыс ретінде өмір сүре ала ма әлде оны көрші облыстарға бөліп береміз бе деген өзекті проблема туындаған сәтте осы бағытты қолдаушы Үкімет адамдары болған. Міне, сол сын сағатта туған жер перзенті Бердібек Сапарбаевтың саяси сахнадағы ықпалы алға шықты. Сол кезде облысты басқарып отырған Сапарбаев Президентке арнайы экономикалық аймақ негіздемесін жасап ұсынды. Облысты таратам дегендердің алдында тартынбай сөйлеп, «Президент мырза, мыналарды тоқтатыңыз!» деп халық талабын айтты.
Осылайша, облыс орнында қалды және жағдайы оңалып, саптан озды. Бұл Бердібек Сапарбаевтың қарапайым жұрт біле бермейтін ерен ерлігі болатын.
Сахналық көрініспен өрілген пролог осы оқиғаны әсерлі жеткізе білді.
Мұнан соң аудан әкімі Мәжит Сәмитов сөз алып, қазақ елінің даму шежіресіне ерен күш-жігер қосқан Бердібек Сапарбаевтың еңбегіне тоқталып, тұлғаны ұрпаққа өнеге қылар ақындарға сәт сапар тіледі.
Ақындар мүшәйрасын өткен жылғы ода жазушылар байқауының жеңімпазы Айжарқын Найманбай өлең оқып, айтыскер-ақын Ержан Әмір домбырамен арнау айтып бастап берді.
Байқауға облыстың әр ауданынан он төрт ақын қатысты. Олар ел тәуелсіздігін баянды ету жолында аттан түспеген Сырдың атпал перзенті Бердібек Сапарбаевтың болмысын өлеңмен ашып, көрерменге рухани дем берді.
Ода жазушылар осы жанрға бейім шығармаларын оқыды, ол қазылар тарапынан жақсы бағаланды.
Ода – қуанышты, көтеріңкі реңктегі мадақтау, арнау бірсыдырғы болуы мүмкін. Қазақ тілі ережесіндегі одағай «ода» сөзінен шығады. Мысалы одағай сөйлемнің мүшесі болмайды, жеке жазылады. Өлеңдегі оданың арнаудан айырылатын тұсы да осындай.
Ең бастысы, ақындар тұғыры биік тұлғаны ода жанрына қоса білді, оның бейнесін ел бейнесі есебінде танытты.
Осындай жақсы жырымен шиелілік Бекжан Ержігіт бас бәйгеге, сырдариялық Ақтөре Ибрагим 1-орынға ие болды. 2-орынның екі жүлдесін Жалағаштан келген Сәния Жақып пен жаңақорғандық Шәкәрім Ибадуллаұлы олжалады. 3-орынға да екі жүлде берілді, оны қармақшылық Мөлдір Тәңірбергенова мен қазалылық Алмабек Әбдірахман бөлісті.
Жүлдені тұлғаның туыстары тағайындады.
Одашыларға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Дүйсенбек Аяшұлы, Файзулла Сахиев, М.Көкенов атындағы шығармашылық өнер мектебінің жетекшісі Уәли Ибрагимов қазылық жасады.
«СБ» ақпарат





