Көзінің тірісінде «Бір жұлдыз болып жанам мен, бір жұлдыз болып қалам мен» деп жырлаған арынды ақын, дарынды жазушы, «Қазақтың Островскийі» атанған жерлесіміз Зейнолла Шүкіров ел-жұрттың жүрегінен берік орын алған қарымды қаламгер.
Бар болғаны елу екі жыл ғұмыр кешкен ақынның соншама өмірінің қырық екі жылы аурумен арпалысумен өткен еді. Төртінші сыныпта оқып жүргенде жазатайым майып болып қалған болашақ ақын тағдырға мойымады. Беріспеді. Қажымады. Күресті. Ақыры тәніне жабысқан ауыр дертті күрескер ақын жеңіп шықты. Өзінің ауыр жағдайында ұзақ уақыт төсекте жатып орыстың күрескер жазушысы Николай Островскийдың тағдырын бастан кешті. Аудан орталығынан «Құрыш қалай шынықты» кітабын алдырып оқыған бала Зейнолланың бойына жігер, ойына ой қосты бұл кітап. Қиялы қияға қырандай самғады. Сонан да шығар жас талап ақынның «Кітап жайлы жыр» атты алғашқы өлеңдерінің бірінде:
Қай кезде бұл өмірдің ұғып мәнін,
Қай кезде кітап оқып,
сыр ұққаным.
Мың алғыс саған кітап,
қағбам болып,
Алдымда жарқыратқан
үміт таңын.
…Өмірдің сонан алғаш ұғып мәнін,
Білдім мен «Құрыш қалай
шыныққанын».
…Толқимын қараймын да
бұл кітапқа,
Кеудемде сезіп қайта үміт таңын.
Ақын өміріне, оның шұрайлы шығармашылығына байланысты деректерден білгеніміз, З.Шүкіровтің «Сайлансын» атты тұңғыш өлеңі 1946 жылы он тоғыз жасында Арал аудандық «Социалистік Арал» (қазіргі «Толқын») басылымында жарық көреді. Араға тоғыз жыл салып, яғни 1955 жылы «Менің достарым» атты тұңғыш жинағы баспадан шығады.
Міне, осы жинақтан бастап аудан орталығынан жүздеген шақырым алыстағы Бөген елді мекенінде аурумен алысып жатқан жас ақынның әдебиетке деген әуестігі оны онан сайын ынтықтыра түседі. Бұған себеп болған сол кездегі Қазақ ССР-нің мәдениет министрі, мемлекет қайраткері Ілияс Омаров сияқты қамқор жанның жоғарыдағы алақандай жыр жинағы туралы жылы лебізге толы пікірі болатын.
Сол тұстары Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облысаралық бөлімшесінің төрағасы, «Қырғи тілді» сатирик ақын атанған Асқар Тоқмағамбетовке жаңағы Ілияс Омаров тәрізді жоғары лауазым иесі аралдық жас ақынның тұңғыш жинағын қызығушылықпен оқып шыққанын жазады. Жинақ авторының тұрмыстық, денсаулық жағдайларына да алаңдаушылық білдіреді. Тіпті «Қазақ әдебиеті» газетінің сол жылдарғы кезекті санында Зейнолла ақынның:
Шалқар теңіз шуылдайсың,
неге алмайсың сен тыным,
Көкке атылып, асыр салып
ойнайды ерке толқының.
Бұрқ-сарқ етіп құлап түсіп,
қайта ұрды өршіге…
Онан сенің қайтпас қайсар
қайратыңды көрем мен,
Асқақ үнді жыр іздесем күнде саған келем мен, – деп басталатын жырын мысалға келтіреді. Сүйіспеншілік білдіреді.
Ақынның мұнан соң арада алты жыл өткенде прозалық «Тоғысқан тағдырлар» атты Арал теңізі балықшылар өмірін арқау еткен повесі жарық көреді. Кейінгі табылған деректерде бұл шығармаға «Жұлдыз» журналының сол кездегі редакторы, кейін әлемге әйгілі қаламгер атанған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі қамқорлық жасап, баспадан тезірек жарық көруіне мұрындық болғаны айтылады.
Осы тұста Бөген ауылынан Арал қаласына қоныс аударған Зейнолла ақынның 1962 жылы «Арал дәптері» атты кезекті жыр жинағы жарық көрген еді. Жинақта көптеген лирикалық өлеңдерімен қатар теңіз туралы жырлары «мен мұндалайды». Осы тақырыптағы қай өлеңін алсаң да көркемдігі керемет, айтар ойы айшықты, мазмұны айқын екенін көресің. Мысалы «Ақшабақ» үш-төрт шумақ жыры теңізде туғандарға ғана емес, былайғы жұрт үшін де таңдай қақтырар тамаша туынды болатын. Иә, теңіздің тереңінде асыр салған, көздері сұлу қыздың көздеріндей мөлдіреген осы бір су маржаны ақын қиялымен төмендегіше өрнектеледі:
Ауымның жібек торына,
Тап болды қайдан ақ шабақ?
Тықты ма қуып сорына,
Тап беріп жайын ашқарақ?
Бұлқисың тұрмай балдырған,
Бұл торға қалай болдың кез?
Көк жаһұт мойын, мөлдір көз,
Жаутаңдап маған мөлдір көз,
Қаққан сол күміс қанатты.
Кетіппін толқып сол бір кез,
Босаттым тордан шабақты.
…Қайығым толы тыранға,
Осы бір тұстан күнде өтем,
Жем болмай жыртқыш бір аңға,
Ақ шабақ аман жүр ме екен?
Бар болғаны осы. Төрт шумақ осынау жырдың мазмұнына тереңірек үңілсек, бажайлап көз жүгіртсек біраз жайға қаныққандай боламыз.
Әлгі «Арал дәптері» атты жыр жинағында ақынның махаббат туралы лирикалық жырлары да молынан орын алғанын көруге болады. Бұған мысалды әуелі «Сағыныш» атты жырын алсақ, ол былайша өрілгенін көресің:
Терезеңнен телміріп Ай қараса,
Күміс сәуле бетіңді аймаласа.
Ол сағынған мен деп біл,
уақыт өтті,
Уақыт өтті мінекей айдан аса.
Сыбдыр қағып мезгілсіз
жасыл терек,
Түнде ұйқыңды жіберсе
ашып кенет.
Ол да менің мазасыз жаным
шығар,
Бір көруге өзіңді асық жүрек.
Егер саған түн сырлы күй
тыңдатса,
Мазаласа жүрегің, ұйқың қашса,
Мен де қазір төсекте дөңбекшимін,
Ойла мені қалқатай, ұйқыңды
аш та…
Адам баласы үшін кіндік кескен атажұрт, туған Отаннан артық ештеңе жоқ қой. Мейлі, ол төбесі көк тіреген зәулім Нью-Йорк, Токио, Мекке, Медине болсын. Бәрібір балалық бал күндеріңнің ізі қалған, алғашқы махаббатыңның айдай ажары есіңнен өшпейтін, кеңбайтақ Қазақ елінің табаныңнан ыстығы өткен топырағы бәрінен ыстық болады. Сол сезімін ақын төмендегіше толғап оқырман қауымға ұсынған еді кезінде:
Отаным, тыңда!
Алдыңда тұрған туған балаң,
Ары бар таза кір қонбаған.
Жаны бар жарқын жырға арнаған,
Қиыннан қашып ұрланбаған,
Жат жұртты жаулап құлданбаған.
…Өйткені сенсің туған анам
Ұсындың сусын нұрдан маған.
…Отаным, саған қорған болам.
…Мен сенің Отан, туған балаң.
Жалпы, ақын шығармашылығында мұндай патриоттық, елжандылық жырлар молынан ұшырасады.
Қайсар ақын ауыр дертпен алысып төсек тартып жатса да туған елге деген перзенттік махаббатын тағы да жалықпай жалынды жырына қосады:
Кеудемнен басып қозғалтпай
науқас бір залым,
Кірпігім ғана қимылдап жатыр
құр жаным…
Туған ел, сонда төсектен алдың
көтеріп,
Туған ел, саған ырзамын!
Туған ел демекші, қайсар қаламгер өзі жарық дүниеге келген, есейіп ержеткен Арал ауданындағы бұрынғы Қаратүп колхозы (қазір картадан аты да, заты да өшкен Ескібөген елді мекені) жайлаған Солтүстік Арал теңізі қолтығында жатып-ақ туған жерін өршіл рухпен өзгеше тербеніс күйде жырлаған еді.
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақпейіл ана секілді,
Алдымда жатыр далам кең.
…Аспаның қандай Арал кең!
Күрсініп неге алам дем.
Бір нашар туған балаң ба ем?
Қияда биік сол мұрат,
Өзіңнен алып зор қуат,
Бір жұлдыз болып жанам мен,
Бір жұлдыз болып қалам мен.
Қазақ поэзиясының көгінде өзі жырлағандай бір жарық жұлдыз болып қалған қаламгер қаламынан елу екі жылдық ғұмырында мұнан басқа «Алау», «Жүрекке әмір жүрмейді», «Ғажайып құмыра», «Жас жесір», «Сарша тамыз», «Отты өткелдер», «Сыр бойы» төрт томдық тарихи романы және басқа қырыққа жуық кітаптары облыс, республика кітапханаларының алтын қорында сақтаулы тұрған қымбат мұралар санатында.
Қайсар қаламгер өз шығармаларымен қатар орыс ақыны Федор Тютчевтың өлеңдер жинағын қазақша тәржімалады. Сондай-ақ тағы бір орыс ақыны Николай Рубцовтың теңіз туралы жырларын жеріне жеткізе қазақ тілінде сайратты. «Апама жездем сай» атты комедиялық драмасы облыстық театр сахнасында бірнеше мәрте көрермендер көзайымына айналды. Зекеңнің әр жылдары жазған ән мәтіндері күні бүгінге дейін әуезді әуендер қатарында. Сонау 1965 жылы Шәмші Қалдаяқовпен бірге жазған әйгілі «Сыр сұлуы» әні Сыр бойының гимні іспеттес болса, Өтеген Спановтың әуеніне жазылған «Арал жастарының вальсі», «Неге жаным, шығарып сала алмадың» әндерінің мәтіні де мазмұнды, мағыналы түрде тыңдарман талғамына лайықты дүниелер.
Ол нағыз достыққа лайықты қаламгер болатын. Ақиық ақын, мұзбалақ Мұқағали Зекеңді Қызылорда қаласындағы Антон Чехов көшесі, №29 үй, 1-ші пәтеріне іздеп келуі, екеуі бір-біріне өлең арнауы нағыз достықтан туған қарым-қатынас еді.
Зейнолла ақын туралы реті келген жерде әңгіме тиегі қозғалса, ізбасар інілері Қазақстанның Құрметті жазушысы Молдахмет Қаназ, белгілі ақын Махмұтбай Әміреевтер ол жайлы аңызға бергісіз әңгімелер айтудан еш жалықпайтыны аян.
Халқы «Құрыш қазақ», «Қазақтың Островскийі» деп қадір тұтқан қайсар қаламгердің кеуде мүсіндері, ақын атындағы көшелер, шығармашылық бірлестік бар Қызылорда, Арал қалаларында.
Ол өзінің әдебиетке қадам басу сапарында қамқор болған, ақыл-кеңесін айтқан Асқар Тоқмағамбетовты, Әбдікәрім Оңалбаевты, Әбу Сәрсенбаевты, Мұзафар Әлімбаев, «Жазушы» баспасының сол жылдарғы директоры Әбілмәжін Жұмабаевты алғыспен еске алып отыратын. Ақын Мұзафар Әлімбаев Қызылорда қаласында аурудың азабын тартса да өмірге құштар, тағдырға қарсы тұрған қайсар іні әріптесін қолдап, әрдайым ізгі ниетін білдіріп жүрген тұлға болатын. Ол Зейнолла тағдыры туралы «Құрыш қазақ» поэмасын жазса, жазушы Бек Тоғысбаев «Жаңбырлы күз» атты алғашқы кітабына қызылордалық қыран ақынның қилы кезеңдері жайлы жазған көлемді көркем очеркін енгізді. Ал Кеңес Одағының батыры, «Халық қаһарманы», қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының Зейнолла Шүкіровті қорғаған, қолдаған сәттері туралы жазушы Мамытбек Қалдыбаев кезінде баспасөз беттерінде төмендегіше қалам тербеген еді.
«Бірде Баукеңмен бірге алматылық белгілі жазушының үйінде қонақта болғаным бар. Мені батыр өзі туралы азды-көпті қалам тербеп жүргендіктен жанына ертіп алған. Дастарқан үстіндегі әдебиет туралы, қаламгерлер жайлы әңгіменің бір сәтінде бірі Қызылордада тұратын қайсар ақын Зейнолла Шүкіров туралы айта бастап еді, оның сөзіне екінші қонақ жазушы қарсы шығып: «Ой, Зейнолланың бар білімі төрт сыныптық, сауатсыз» дегені сол, Баукеңнің бурыл тартқан мұрты тікірейіп, қас-қабағы қара бұлттай түйіліп, әлгіге бүркіттей шүйлігіп: «Зейнолла жақсы ақын. Жан-жақты қаламгер, оның жанында сен сауатсыз адамсың» деп дүрсе қоя берген көрінеді.
Міне, осындай талантты ақын, дарынды жазушы З.Шүкіровтің туғанына алдағы 2027 жылы 100 жыл болмақ. Осыған орай мен Қызылорда облыстық мәдениет және архив, құжаттама басқармасы басшыларының назарына мына төмендегі ұсыныс-пікірімді ұсынамын:
Біріншіден, кезінде Қызылорда қаласындағы қазіргі Қонаев көшесі №11 үй ғимаратына қоныс тепкен З.Шүкіров атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ақын атымен бірге тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру тұсында ізім-ғайып жоғалып кеткен. Соны қалалық әкімдік, жоғарыдағы салалық басшылық болып қалпына қайта келтірсе деймін. Сөйтіп З.Шүкіров есімі берілсе екен қайта. Себебі, біздің облыстан басқа барша облыстар орталықтарында балалар мен жасөспірімдер кітапханалары бар. Қажет болса мұндай кітапханалар аудан орталықтарында да бар екені мәлім. Ендеше бұл Зейнолла Шүкіров сияқты жерлес талант иесіне деген ел-жұрттың тарапынан жасалған лайықты құрмет болған болар еді.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты,
Арал ауданының Құрметті азаматы






