КЕК

2303

0

Тып –тыныш ауыл іші аяқ астынан дүрлігіп шыға келді . Барлығының  аузында Нұрғалидың қаладан сатып әкелген қасқыр алатын иті.

Біреуі «керемет екен, жекпе-жекке шыққан итті кеудесімен бір соғып, астына басып, тамақтан алып сілкігенде, итіңнің қыңсылауға шамасы жетпейді екен»-десе, енді бірі «пай-пай, өзінің тамақ жегені керемет! Бір қозының етін сүйек-мүйегімен шықырлата шайнап,  үш-ақ бөліп қылғыта салады,»- деп тамсанды. Тағы біреуі «бақ қонатын адамға қонады,  байлық та құдайдан қонған. Алдымен мыңғырған мал берді Нүкеңе. Нүкең  сол байлығын ысырап қылмай, балаларына Алматыдан бір үй, бас қаладан бір үй, астыларына бір-бір машина алып берді.Өзі шетелдің ең қымбат көлігін мінді,ауылдың жанынан  жанармай бекетін салып берді. Енді мына итімен ауылдың  малына топалаң тигізіп жүрген бөрілерді  баудай түсіріп, Нүкеңнің атын естігенде, даланың бөрісі тығылуға тесік таппай қалады әлі»- деп соқты.

*  *  *

Шын мәнінде  осыдан бір ай бұрын Арменияға машина алуға барған Нұрғали армян досы Гогомен қыдырып  жүріп, арнайы ит таластыратын алаңға барған еді. Арменияның түкпір- түкпірінен келіп ит таластырғандарды көріп , «мыналардың есі дұрыс емес шығар» деп ойлаған. Бірақ  әр итке тігілген ақшаны естігенде, есінен танып қала жаздады. Гого досына қолқа салып, машинаға деген ақшасына үш жасар  Дарман атты  кавказ төбетін сатып алды.  «Осы ит аман болса, бұл ақшаны он есе қайтарам,»- деп ойлады. Әкелген күннің ертеңінде  шөп қорғанның жанынан  тереңдігі  бір метр, кеңдігі жиырма метр  ғып жерді қаздырды да, екі метр биіктікте дуалмен қоршап ит таластыратын шағын  алаң салдырды. Сол күннен бастап әлгі алаңға ауылдың қандыезу деген иттерінің бәрі дерлік кіріп шықты. Төбетіне көңілі толған Нұрғали көрші ауылдарға «итімді жеңген итке  машина сыйлаймын»- деп жарнама жасай бастады. Жарнаманы ести салып, көрші ауылдан былтыр қара күзде қасқырдың бір жасар бөлтірігін алған  қара ала дүрегейін ертіп, бір байталын жетектеп, Қуандық жылқышы жетті. Кешке таман малдарын     өрістен күтіп алуға шыққан жұрт жетектеп келген байталын  Нұрғалидың босағасына байлап, араққа тойып алып, қанға боялған  дүрегейін жетектеп, боқтанып бара жатқан Қуандық жылқышыны көріп, мырс- мырс күліп қала берген еді.

Енді  Нұрғали   төбетінің арқасында үйінен шықпай-ақ бизнесін дөңгелете бастады. Маңайдағы ауылдардың  ит таластырғыш  желөкпелері  иттерін ертіп, тайларын жетектеп,  желпілдеп келіп, жерге қарап кетіп жатты.

*  *  *

Қарашаға жетпей қапалақтап жауған қармен бірге бұл хабар Сынтасты үш жылдан бері жалғыз мекендеп жатқан Шөбере бүркітшінің құлағына жеткен еді. Елең-алаңда қара бүркіттің мазасыз саңқылынан  оянған бүркітші үш жыл бұрын ауылда қалып қойған тазы күшігін ойлап біраз жатты. Кемпірі дүниеден өткен соң, қолындағы қара бүркітті еркіндікке жібермек болып,  күзге дейін Сынтасқа көшуге бел байлаған. Қабан жарып өлтірген тазы қаншықтан жалғыз күшік қалған еді, оның өзін Ұзақбайдың жынды ұлы Кейқуат  дәл көшкелі жатқанда тығып тастап, «күзде көшіп келгенде алам ғой» деп ойлап кете берген. Сынтасқа көшіп келгелі қолбала болып үйренген қара бүркітті  томағасыз, балақ баусыз  еркін қоя берген. Кететін ойы жоқ. Сонан бері үш рет құстар келіп қайтты. «Үлкен ит болыпты ғой аман болса»- деп ойлады төсегінен тұрып жатып. «Ой, Алла, сенің құдіретіңде шек жоқ-ау!- деді бүркітші, -жүре берсең көре бересің деген осы, шығады, не шықса да   Нұрғали алаяқтан. Ит таластырып мал табу… ойлап таппайтыны болсашы. Е-е, Нұрғали не істемеді, өкімет құлағанда ұжым- ұжымға бөлінген совхоздың малын  пайдасына асырып,  ауылдың жігіттерін араққа тойғызып, қытайдан спирт тасып, төрт қойға бір литр спирттен беріп, бүкіл ауылдың малын құртқан Нұрғали ғой ол.»

Бүркітші  киіне бастады.Таң асырып қойған күреңге мінді, қосатар он алтыны тоқым мен ердің арасына қыстырды да, ізіне ере берген кәрі қара тазыға- «Ақтөс, қал!» деп жекіп тастады да, асығыс  жүріп кетті. Не болса да, ауылға түсіп, тазыны алып қайтпақ. Нұрғалидың да итін көре кетпекші. Аяңшыл күрең  ауылды бетке алып, анда-санда пысқырынып қойып жүрісін үдете бастады. Ерте түскен қыстың ызғары   бүркітшіні бүрістіріп барады. Қасқыр ішігін қымтана түскен бүркітші  қалың ойға кетті.

Жастайынан мал бағып аңшылықты қатар кәсіп етіпті. Кеңес үкіметі тараған соң, кезінде ақсақ –тоқсақ қойларды емдеу үшін арнайы салынған ауыл ортасына жақын қыстаққа таяп көшіп келген. Үкімет құлаған соң, бұл қыстақты Ұзақбай шопан жалғыз жайлап қалған   еді. Балалары есейіп қалаға кетті, жеке-жеке шаңырақ құрып, қаланың тұрғындарына айналды. Кемпірінің мәңгілік сапарға аттанып кеткеніне де біраз уақыт болды. .Шешесінің қырқы өткенше жанында болған кенже ұлы  «Әке, тірі адам тіршілігін жасайды. Қалаға жүріңіз, бірге тұрайық. Немерелеріңнің жанында бол,»- деген еді. Қырсық шал қара бүркіт пен қос тазыны сылтау етіп көнбей қойған. «Бүркітті еркіне жіберейін, сонан соң қос тазыны бір аңшыға тапсырам. Қалғанын уақыт көрсетеді,»- деген. 

   Сүрініп кеткен күрең жүрісінен жаңылып желіңкіреп барып кілт тоқтады. Құйрығын көтеріп талтая бастады,ойға беріліп ерден ұшып кете жаздаған бүркітші  «Жануар-ай, қыстығып келеді екенсің ғой» деп, жерге түсіп шылбырды білегіне орай салды да , шап айылды босатты . Өзі де бетін ыққа беріп, белін босатты. Айнала тып-тыныш, тау етегіне шоқ –шоқ боп өскен қайың,терек, долана ағаштары қалың қарды жамылып мүлгіп тұр. Алыстан жалғыз  сауысқанның  шықылықтаған дауысы талып естіледі.Кенет жолға жақын  қалың қараған арасынан күрең атты селк еткізіп, бір топ құр көтерілді. Жақын маңнан тағы да сауысқан тынымсыз шықылықтады. Бір уыс қар алып алақанын ысқылап, айылын тартпақ боп күреңге жақындады. Күреңнің екі көзі жаңа ғана жүріп өткен жол жаққа тесіліп қатып қалыпты. Көз сала беріп бүркітшінің де арқасы мұздап кетті . Жүз метрдей жерде төрт  қасқыр шоқиып қарап отыр.Үшеуі көкшулан, біреуі қара. Оқыранып орнында шыр айналған атына қалай мінгенін өзі де байқамай қалды.Бұл аттың жалына жабысқанда, қасқырлар да орындарынан тұрып, тауды бетке алып жылыстай бастаған еді. Бүркітші  өз көзіне өзі сенер емес. Бастап бара жатқан қаншық қасқыр күйлі сияқты, алдыңғы сол аяғын сылти басып, қатарласа жортқан бойы биік  қара қасқыр,өзі қасқыр емес итке ұқсай ма қалай? Ит болғанда анау-мынау ит емес, тазы итке ұқсап кетті. Қалған екеуі де биылғы бөлтіріктер сияқты. «Қартая бастағам-ау» деп ойлады атты тебініп қалып. «Тіпті қасқырдың өзі көзіме тазы  ит болып елестеп кетті.Қара қасқырдың қаншықты сауырлап бара жатқанына қарағанда, мезгілсіз  жұптасқан  үйір сияқты. Бөрі сырғаққа жетпей жұптасу жақсылықтың нышаны емес. Адамнан қорықпайтын болыпты.»

Түс ауа күрең атты сүмектей ғып терлетіп, қалың қырауға көміп, ауыл шетіне ілікті. Ұзақбайдың  үйінің жанындағы ат ағашқа шылбырды ілді де, үйге бет  алды. Тоңып келген бүркітшіге  шай құйып беріп отырған Фарида  таң атпай Ұзақбайдың  ұлы Кейқуатты мінгестіріп алып тазы итті іздеп кететінін айтқан еді.Суыртпақтап сұрақ қойып отырып, біраз нәрсеге қанықты.

*  *  *

Кейқуат тығып алып қалған қара күшік ,бір қар басқан жылы көктемде  Ұзақбай өзенге ағып бара жатқан жерінен қасқырдың бір ұрғашы күшігін тауып әкелген екен. Атын Адасқан деп  қойды. Ит сияқты сіңіп кетті, қара тазының соңынан қалмайды. Алғашқы қар жауған күні таңертең  сол қасқыр да, тазы да жоқ болып кетті. Сол күні түнде ауылдың иттерін шулатып, жақын маңнан  қасқыр ұлыды. Таң атқанда суатқа мал суғаруға барған жігіттер өзеннің жағасынан Ботайдың төбетінің   өлексесін тауып алыпты. Ең қызығы- суат маңында тұсамыспен жайылып жүрген Қалиғазы ақсақалдың  биесі де, тайы да дін аман. Сонан бері ауылдан түн сайын бір ит жоғалады. «Қасқыр қасқырлығын жасап, тазының көзін құртты-ау,»- деп ойлаған Ұзақбай.

Атар таңмен таласа тұрған  Ұзақбай күндегі әдеті бойынша  шанаға торы атын жекті де, маядан шөп әкеліп қашаға шөп шашты. Жылы қорадан  қойларын қашаға шығарып жатып, қораның бұрышында өзіне қарап тұрған, біраз күн бұрын жоғалып кеткен тазы иті мен қасқырын  көзі шалып қалды. Қашаның аузын жаба салып солай қарай ұмтылды.Тазы еркелеп қарсы жүрді,қасқыр қозғалатын емес.Тазыны басынан сипап отырып, оң жақ құлағының жырылғанын, алдыңғы сол жақ аяғының терісінің біраз жерінің сыдырылғанын байқады.

«Адасқан, кә!» деп асыранды қасқырын шақырды. Ол да құйрығын бұтына қысып алып, жақындап келіп шалқасынан жата кетті. Басынан сипамақ болып, созған қолын жалап, бала күнгі әдетіне басып асты-үстіне түсіп, оған тазы қосылып бет-ауызын жалап, есін шығарып жіберді. Қойлар дүр етіп үрікті, қораның аузын жабуды ұмытып кетіпті. Қорадан шыққан  кер бие  қашаның үстінен басын созып,  жердегі  шөпті жей алмай әлек. Артынан ілесе шыққан қара тай қатып қалған тезектерді иіскеп –иіскеп біраз тұрды да, суатты бетке алып  кісінеп шаба жөнелді. Артынан Ұзақбайды тастай сала тазы мен қасқыр ұмтылды. Олардың артынан кісінеп кер бие  де дөң асып кетті. «Әкеңнің  дақ  аузын, кер бие,»- деп боқтанып алып Ұзақбай да шанаға жегіліп тұрған торы атқа ұмтылды.

Торыны міне сап дөңге  шыққанда,  қара тазыны  қос қасқыр қуып келе жатыр екен. Адамды көрген қос қасқыр итті  тастай сала қалың қарағанға бет алды.Иесін көріп арқаланған ит бұрыла сала  қос қасқырды қуып берді. Артқысын  шаптан алып, аунатып түсірді де, тамақтан алып сілки бастады. Екіншісі қайрылмастан қалыңға кіріп жоқ болды.Қайдан пайда болғаны белгісіз, асыранды қасқыр да жетті.Ол да жете бере арланды шаптан алды. Қапыда қалған, қаншама тіршілік иесін қан қақсатып мұқалып  қалған  азу тісімен ауа қапқан  көк бөрі жас әрі айлалы тазымен жарты күндік жерден иісімен  іздеп келген  қандасы-асыранды қаншық  қасқырдың кергілеуінде сүт пісірімдей уақыт жанталасып жатып жан тапсырған еді. Жасқана –жасқана аттан түскен Ұзақбай өліп қалған қасқырдың тамағынан  қарысып қалған тазының жағын уқалап отырып  әрең ажыратып алды.Тосын олжаға қарық болған Ұзақбай  тиеп алмақ болып шанасын шегіп қайтып келгенде, өзін ажалдан аман алып қалған, есейгенше пана болған  адамдардың ортасынан  еркіндікке асығып бара жатқан асыранды қаншық қасқырдың соңынан ерген қара тазы қарды омбылап  келесі дөңнен  асып бара жатыр екен. Ұзақбайдың «Тілеулес,Адасқан, кә –кә!» деген сөзіне  екеуі мойын бұрып, сәл қарап тұрды да, ақылдасқандай кезек- кезек,  сілкініп -сілкініп алып көзден ғайып болды.

Үйіне келген соң ит пен қасқырдың келіп кеткенін естіп, жасы он беске жетсе де, өзін әлі бала сезінетін Кейқуат  «Неге жібердің оларды? Қасқыр жеп қоятын болды ғой күшіктерімді!»-  деп шешесіне бағынбай ұзақ жылады. Жарымжан жалғыз  ұлдың көңілін қимаған  Ұзақбай таң бозынан малдарын қашаға шығарды да, амалсыз атқа қонды. Жағаласып бірге тұрып алған ұлын да міңгестіре кетті.

*  *  *

Іздеріне түсіп біраз жүрді. Із  Беріктің шабындығынан өтіп,  көктемде таудан аққан қар суынан пайда болған үлкен жыраға  бастап барды. Шашылып жатқан сүйекпен қоса шала мүжілген иттің басы жатыр. Ауылдың жоғалып кеткен иттерін осы  жыраға  әкеліп жеп жүріпті. Ойнақтаған  іздер, қарағанның түбіндегі қардың ошақтай болып еріп қалғанына қарағанда, түнімен қонып таң ата жортып кеткен сияқты .Қозы көш жүрген соң, тағы екі із қосылыпты.Түс ауа үлкен тау баурайындағы  қайың аралас самсап өскен қалың терекке   жете бергенде, тағы да  бір үлкен із қосылды. Қаптап жатқан қалың із бен әр жерде қарға жұққан қан дақтары. Үлкен майдан болған сияқты. Қалың терек арасында қаптаған сауысқан. Денесін тер жауып кеткен Ұзақбай: «Жеткен жерің осы болды-ау, қара тазы!»- деп күбірледі. Жақындаған аттыны көріп, сауысқандар дүр етіп аспанға көтерілді.  «Әке, қарным ашты,»- деп артында міңгесіп келе жатқан ұлы қыңқылдай бастады. Қалың терек арасына кірмей аты да оқыранып тұрып алды.Итті қасқырлардың жеп кеткеніне еш күмәні қалмаған еді. Ұзақбай  аттың басын ауылға бұрды.

 Келесі  күні Шөбере бүркітші мен Ұзақбай қырғын болған терек арасынан көкжал қасқырдың  сауысқандар көзін шұқып, терісін әр жерден жалаңаштаған өлексесін  тауып алды.

Он шақты күннен соң  тазыны екеуі бірігіп іздемек болып уәде байласып тарқасқан еді.

*  *  *

Түнімен жауған қардың арты боранға ұласып, Шөбере уәделі күні ауылға жете алмады. Желтоқсанның ортасында қабырғаны тесіп өтер шыңылтыр аяз басталып, қаңтар айының ортасында  беті қайтқан еді.Кәрі тазысы  мен қара бүркітін тамақтандырмақ  болып, тошалада қатып тұрған арқардың жамбас етінен шауып алып жібітіп отырып, даладан дырылдаған машина дауысын естігендей болды.Есік алдына шыққанда, қыстаққа салып ұрып келе жатқан «Буран»  деп аталатын, қарда жүретін кішкене үш машинаны көрді.Үшеуіне екі-екіден алты адам міңгесіп алыпты.Ауылдың  Нұрғали бастаған, өздерін бизнесмен санайтын ұры, алыпсатарлары  екен. Арасында баяғыда Шөберенің жемді көп жеп қойып, күпті   болып қалған сиырының тамағын ұстап, «сиырыңыздың ангинасы ісіп кетіпті» деп бүкіл ауылға мазақ болып, ангина Серік атанған мал дәрігері Серік пен кезінде жылқы ұрлаумен атағы шыққан қыли көз Құрмет бар.Қалғанын жыға танымады.

 Серіктің   қолында аң-құсты ұйықтататын арнайы дәрі салынған қару. Нұрғалида карабин, қалғандарында қосауызды жиырма сегіз. «Мынамен   қасқырды ұйықтатқалы жүрсің бе?»- деп күлді бүркітші амандасып болғаннан кейін Серіктің қолындағы қаруға қарап.

– Енді, енді,- деп мүдіріп қалған  Серіктің сөзін қыли көз Құрмет жалғап әкетті.

– Иә, ұйықтатып тірідей  әкетпекпіз.

– Оны қайптексіңдер?- деді бүркітші  тосыннан келген  қонақтарын үйіне бастап бара жатып.

– Айтпақшы, Шөбере, осында жалғыз тұрып жатырсың ба? Қорқынышты емес пе?- деді Нұрғали  әңгіменің  ауанын басқа жаққа бұрып.

– Жоқ, жалғыз емеспін, итім, атым, бүркітім бар .Сендер төрлете беріңдер, мен атымды суғарайын,- деп  бүркітші қора жаққа беттеді.

– Сені де адам деп сұрап тұрған мен ақымақ екенмін ,ал жігіттер, тезірек түстенейік те, аттанайық,- деді Нұрғали бүркітшімен әңгімесінің жараспайтынын ұғып. Аңшылар  өздері әкелген азықтарын жеп, бірер бөтелке арақтарын ішті де, қызара бөртіп, көліктеріне   беттеді. Нұрғали  отын жарып жатқан Шөбереге жақындап «Смирно!» деді жанындағы жандайшаптарына бұйырып үйренген әдетімен. Жайлап басын бұрып қараған бүркітшіге езуіне темекі қыстырып алып, курткасының ілгегін  сала алмай тұрған Нұрғали  аузына кәмпитін салып алып, киімін кие алмай тұрған кішкене балаға ұқсап кетті. Күліп жіберді.Бүркітшінің мысы басты ма, Нұрғали сол ілгегімен алысқан күйі  шатқаяқтап жігіттеріне беттеді.Біреуінің артына мінгескен күйі «кеттік» деп қолмен белгі  берді де, ілгегімен алысып қыстақтан ұзай берді.Аңшылар бастеректің жазығынан оншақты қоян, бес-алты түлкі атып алып  ауылды бетке алды. Беріктің шабындығының үстінде ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген қарайғанды байқап, бағыттарын солай бұрды. Жақындай бере байқады, қоянмен ойнап жүрген қара тазы екен. Артқы бір аяғы сынған қоянды жібере салады да, ұзай бергенде қуып жетіп баса қояды. Қайта қоя береді. Қара тазы адамдарды мінгізіп алып қардың бетімен жылжып келе жатқан тажалдың   дауысын естіп,  «бұл не пәле?» дегендей біраз қарап тұрды да , бұларды көріп, қоянды тістеп алып жыраға түсіп кетті. Маңайда атты адам көрінбейді. Нұрғали «тоқтаңдар» деп қолымен белгі берді. Барлығы көліктерінен түсіп бойларын жаза бастады. Серік алақанын алақанына ысқылап ,  сөмкенің ішінен бір көк мойынды суырып, стаканға құйды да, Нұрғалиға ұсынды.

– Мынадай қатқақ қарда қоян алып жүрген итім ит-ақ екен,- деді жігіттердің бірі.

– Бұл кімнің иті болды екен, сен білмеуші ме  едің? Осы ауылдың ит атаулысын түгендеп жүретін сен  емес пе едің?- деді Нұрғали  Серікке аузындағы қазыны шайнаңдап тұрып.

– Шөберенің жындысының тазысына ұқсайды ,бірақ оны қасқыр жеп кетті деп жүретін,- деп міңгірледі  Серік.

– Соңына түсейік, Нүке, кімнің иті болса да, үйіне ертіп апарады,- деді  қыли көз Құрмет.

Барлығы көліктеріне мініп, жыраға жеркенде, жыраның арғы бетіне асыранды қаншық қасқыр қашып шығып, қарсы қарап тұра қалды. Таңертең ғана қасқырды тірідей әкелмек  болып шыққан есер топ тежегіштерін басып сілейіп қалды. Қолдарында мылтық бар екені естеріне түсіп, қаруларына жармаса бастады. Нұрғали «атпаңдар!» деп бұйырды да, қолына  Серіктің дәрімен атылатын қаруын алып шүріппені басып қалды. Тарс етіп атылған мылтықтың дауысымен қатар қаңқ ете қалған серігінің  даусын естіп қара тазы да шұңқырдан атып шыққан еді.Жан ұшыра безіп бара жатқан серігі омақаса құлады.Аңшылар жыраны айналып жеткенде, серігін иіскелеп дір -дір етіп тұрған тазы «неғып жатырсың? Тұр!» дегендей бір-екі тістеп жіберді.

Нұрғалидың екінші оғы тазы иттің жамбасына тиген еді. Бұрыла беріп шоңқиып отырып қалды да, жамбасын тістелеп айналып -айналып  жата кетті.

*  *  *

Бүгін Нұрғалидың ит таластыратын алаңына қасқыр мен иттің жекпе -жегін көруге жиналған елдің қарасы ерекше көп еді.

Таң атпай «ауырып тұрмын» деп ақша сұрап келген   Серіктен кешегі жайды естіген Қалиғазы ақсақал  биесін суатқа жетектеп бара жатып, адам жиналып жатқан алаңға бас сұққан. Бір бұрышында қара тазы, алаңның қақ ортасында қасқыр  байлаулы тұр.  Қу құлқыны   үшін  адамға ғасырлар бойы адал қызмет етіп келе жатқан ит пен жаны шығып кеткенше жаратушы тәңірден басқаға  бас иіп көрмеген  даланың бөрісі.

Екеуін бір жерден көрген сияқты. Қайдан көрді? Мүмкін, түсінде көрген шығар. Ақырзаман болғанда, қасқыр мен қой қатар жайылады деуші еді бала күнінде үлкен дер. Шынымен ақырзаманның таяп  қалғаны ма?. Иә, иә, есіне түсті. Мынау Ұзақбайдың асыранды  қасқыры мен иті. Бәсе, бәсе, даланың бөрісін әккі аңшы болмаса оңай қолға түсіре қоймас. Қалың ойдың жетегінде кетіп бара жатқан ақсақал күл төкпеге жақын әкеп  биесіне мінді де, Ұзақбайдың үйіне тартты. Нұрғалидың жалмауыз иті екеуін де майып қылмай тұрғанда, құтқарып қалу керек.

Ұзақбай үйінде жоқ екен. Таңертең атын ерттеп көптен хабарласпаған Шөбере  бүркітшінің хал-жағдайын білуге  кетіпті. Қейқуатты артына мінгестіре салды да, көпшілік улап-шулап жатқан алаңға келді.Алаңның дәл ортасында қағылған қазыққа байланған қасқыр мен үлкендігі тайынша дай төбет таласып жатыр. Қасқырды салмағымен басып алған төбет астында жатқан қасқырдың азуынан   басын алып қашып әлек. Астынан сытылып шыққан қасқыр тұра қашты, байлаулы тұрған шынжыры мойнынан тартып қап, аспанға көтеріліп барып шалқасынан түсті. Осы сәтті пайдаланған төбет тамақтан баса қойды. Көпшілік шу ете қалды. Арты қалай болар екен деп үн-түнсіз бақылап тұрған Нұрғали да  қамшысымен етігін сабалап  аланға кіріп кетті. «Дарман  маладец! Дарман, жіберме! Дарман, өлтір!» деп екеуін айналып жүр. Серігінің төбеттің астына түскенін көріп, шетте байлаулы тұрған тазы ұлып қоя берді. Аттың үстінде Қалиғазы ақсақалға жабысып алып қызық көріп тұрған Кейқуат жалт қарады, Қарады да тани кетті.Аттан сырғып түсті де, қоршалған алаңның дуалына өрмелеп, ішіне дік ете қалды. Сол бетінде шынжырдан ағытыла  алмай жұлқынып тұрған қара тазыға жетіп, қарғысын ағытып жіберді. Қейқуаттың бұл әрекетін қасқырды тамақтан алып қысып жатқан төбеттің қызығына қарап тұрған көпшілік аңғармай қалды.Тазы шешіле сала алаңның ортасына ұмтылды, жете беріп төбетті кеудесімен бір соғып өтті. Бір аунап тұрған төбет пен тазы бір-біріне қарсы ұмтылып тіктесе кетті. Не  болып кеткенін түсінбей қалған Нұрғали қонышындағы қамшысын жұлып алып, тазыны басқа тартып жіберді. Шалқалап барып құлаған тазы үстіне төнген төбеттің баурынан шығып үлгерді.Төбет қайта ұмтылғанда, тұра қашты. Дуалға жете бере, аяқтарын баурына алып, еңкейе берді де, секіріп дуалдың арғы жағына бір-ақ түсті. Артынан қуып келе жатқан төбет дуалға тұмсығы мен  соғылды. Гүр -гүр етіп арлы-берлі журген төбет бұрышта отырған Кейқуатқа ұмтылған еді. Аңдып тұрған Қалиғазы ақсақал төбеттен бұрын  ат үстінен еңкейе беріп, баланы суырып алды.Көзіне қан толған төбет талып жатқан қасқырға қайта ұмтылды. Тамақтан алып айызы қанғанша аяусыз жұлқылады.жекпе- жектің әділетсіз өткеніне куә болған халық үнсіз тарап кетті.

Төбетіне тамақ беріп, шөп қорғанға бос қоя берген Нұрғали  жолдастарын жинап алып төбетінің жеңісін тойлап жатты.Түннің ортасында мас болып,  маңайындағылармен байланыса бастаған  қыли көз Құрметті Нұрғали қойнына бір жарты арақ салып беріп- «үйіңе қайт» деп далаға шығарып жіберген еді.Ай сүттей жарық екен. Құрмет баратын бағытынан адасып біраз тұрды да, шөлмектің аузын ашып бір ұрттап,  шөп қорған жаққа  аяңдады. «Үйге баруға болмайды,»- деді міңгірлеп. «Қатын кіргізбейді бәрібір. Онан да Нұрғалидың жап-жасыл жонышқасына барып жатайын. Жемесек те иісін иіскейік. Нұрғалидың сиыры боп неге тумадым екен,ә! Рахат, шөбің салулы, боғыңды біреу шығарады.» Өзімен-өзі сандырақтап келе жатып, шөп қорғанға қалай жеткенін байқамай қалды.  Шөлмегін қойнынан шығарып ұрттай берді де, селк ете түсті.Шөп қорғанның ішінен тұншығып ырылдаған, ырсылдаған дауыстар естілетін сияқты. Ақырын келіп сығалады. Нұрғалидың  төбеті қойды   сүйретіп  жүрген сияқты. Шәлмектен бір ұрттады да, сүріне-қабына үйге жүгірді.

– Қайдағы қой?- деді Нұрғали сүріне-жығыла жеткен қыли көзді жақтырмай.-Жоқ, әлде  арағың бітіп қалды ма?

Құрмет  «арағым біткен жоқ»   дегендей, шөлмекті  алып шығып төгіп-шашып  тағы бір ұрттады.

– Рас айтам сенің итің  тірі қойды жегелі жатыр.

 Әбден араққа тойып алып, күңгір-күңгір әңгіме соққан топ шөп қорғанға келді. Арғы жағынан ырылдаған дауыс естіледі.

– Осы жерде тұрыңдар, біреуіңді майып қылар,- деп ескертті  Нұрғали. «Дарман,  Дарман, күшігім, бұл мен ғой!»- деп шөп қорғанның есігін ашып, қолындағы фонарикпен жарық түсіріп,  қалшиып тұрып қалды .

Шөп қорғанның ішінде төбетінің кеудесінен басып Нұрғалиға   қарап ырылдап тұрған, кеше өзі ұйықтатып әкеліп төбетіне талатпақ болған,бүгін  Нұрғалидан қамшы жеп, дуалдан секіріп қашып кеткен Қара тазы еді.Нұрғали қара тазының көзіндегі отқа шыдамай фоноригін өшіріп қайта жақты.Төбеті ұйықтап жатыр, ешқандай қара тазы жоқ.Бір көлеңке жылыстап барып қорғаннан асып кетті. Нұрғалидың соңын ала  кірген жігіттер қарны ақтарылып өліп жатқан төбетті көріп аңтарылып тұрып қалды.

*  *  *

Іңір түсе Нұрғалидың  шөп қорғанына секіріп түсіп төбетпен түннің ортасына дейін айқасқан қара тазы оны буындырып талдырып, даланың серілерінен үйренген әдісімен қарнын жарып, жүрегін суырып алған еді. Өзі де әбден қалжыраған. Нұрғали жарық жағып кіріп келгенде, соңғы күшін жинап, шөп қорғаннан далаға секіріп түсті .Алдыңғы бір аяғын баса алмай, үш аяқтап Ұзақбайдың үйіне жетіп құлады.Түн ортасы түзге шыққан Ұзақбай босағасында әрең дем алып жатқан үсті-басы қан-қан, бір құлағы түбінен жұлынған қара тазыны көргенде, шошып кетті. Әйелін оятып ақылдасты да, таң атпай тұрып, тұлыпқа ораған қара тазыны ат шанамен  Шөбереге жеткізді.

Әскербек ОМАРХАНҰЛЫ.

жазушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<