Кенже ұл

1822

0

Қазақ қашаннан кенже ұлды мейіріммен өсіреді ғой. Бала күнінен ықыласпен қарап, шаңырақ иесі болуға бірте-бірте тәрбиелейді. Жасынан соны сезініп өскен ұлдың бұл міндеттен, яғни ата жолынан тайқитындай жөні жоқ. Ол қарашаңырақтың әрі қарайғы ғұмырына аса жауапты.


Ерқанат неден қорқады?!

– Ертең мына бала қайтады, – деді әкей түскі дастархан үстінде мені иегімен нұсқап.


– Ертең емес, арғыкүні, – дедім түзету енгізіп.


– Мейлі ғой, – деді шәйін бір ұрттап. – Не істейміз, Ерқанатжан, бір жандық сойып алсын ба?! Қалада қайбір ет жеп жүр дейсің.

Макаронда не құнар бар? Қарашық болар. Аузының дәмін алса да…


– Мейлі, – деді біздің Ерқанат ыстық қуырдақты қарбытып жатып. – Кешке көрейік. Қой-ешкі өрістен келсін. Қайсысы қоңдылау соны алар.


«Мынау өзі үй тіршілігін еңсеріп алыпты-ау» деп ойланғанымша болмады, әкей өрістегі бұзауын қосып жіберген сиырлар жайын айтып, Ерқанат оны «Қызкеткен» тұста жайылып жүргенін сөз қылып, өзара әңгімеге көшкен.


Расымен, қалада жүрген біздің қадіріміз шамалы. Қорадан өрген малды танымайтын менен не сұрасын, әкей?! Қай заттың қайда тұрғанына дейін Ерқанат білер. Үйдегілердің де ойласатыны сол.


Ерқанат – кенже ұл. Қазақта қара шаңырақтың иесі болып әу баста үйдің кенжесі саналады ғой. Інімнің бала күнінен санасы соған дағдыланған. Әйтпесе, ол да қалаға барып, арман қуып, әдемі көлік мінуді аңсайтын болар. Қалаған жұмысына тұрып, сонда қалып, көкейдегісін орындағысы келмейді деймісің?! Иә, іштей армандайтын оны да. Сезетінмін. Бірақ, болмайды. Ол кішкентайынан «сен осы үйдің келешек иесісің» дегенге әлдеқашан көндіккен. Сондықтан әкем мен шешемнің әу бастан құлаққа құйған, «осы кенжем асырайды бізді» деген үмітін арқалап алған. Шаңырақ иесі болу аманатына қиянат жасағысы келмейді. Кенже ұл Ерқанат содан қорқады, қатты қорқады. Бұрынғылар да соны біліп, қарашаңырақтың қадірін түсіне білді ғой.


Ертеңіне мені оятпапты. Өзі таңмен таласа екі еркек тоқтыны пышаққа жыққан. Бауыздап, жіліктеп, бір қойдың етін бүтіндей қағаз қорапқа салыпты. Бір мүшесіне тимепті. Ұйқыдан тұрғанымда, бас үйітіп отыр екен.


– Өзімізге де тамақ керек. Тағы біреуін сойғаным сол, – деді қос тоқтының басынан көз алмай тұрған маған қарап. – Сыбағаң дайын. Қалада тұрсаң, соғым жіберіп тұрам ғой келешек.
Ыржия күліп, күйген басты көне пышақпен қырып тұрған Ерқанат осылай дейді. Бауырмысың деген…

Шаңырақ иесі: бүгін және бұрын

Осы тақырыпты қаузап келе жатып, Жарасқан Әбдіраштың «Кенже баласын» оқырман есіне саламыз. Иә, өзіміздің Аралда туған, теңізден шыққан талантты ақын осы шығармасында кенже ұл мен қарашаңырақтың қасиетін әдемі суреттейді. Өлеңді оқысаңыз, ақынның әкесі ілгеріде өмірден өткен. Бұл жолы анасын қайтпас сапарға аттандыруға ауылға барады. Анасын жерлеп, барлық бауыры қалаға қайтар кездегі шаңырақтағы кенже ұлдың көңіл күйі өлеңде анық көрсетілген.


… Шыдатты салт,


бәріне шыдатты әдеп,


Жетер ме едім әлі де


мұратқа көп.


Көз жұмарда кемпір-шал


тағы өтінді:


«Шаңырақты қалайда


құлатпа» деп.


Көрдіңіз бе, қандай ғажап нәрсе! Өзіне артылған, ғасырлар бойы ұлт тамырына енген дәстүрді мойнымен көтерген кенженің ерлігі бұл.
Расымен, қаншама ұрпақ өрбіген қасиетті ұя – қарашаңырақтың бірнеше отбасының ірге жаюына септігі тиеді. Өзіңе де әке мен шеше отырған үй өте ыстық көрінері анық. Біз сол үшін қарашаңыраққа бас иіп келдік емес пе?! Әр ұрпақ өзі ұшқан ұясын қасиет тұтып, абыройын жоғары көтеретіні де сол.


…Ертеңіне Апайым,


Мен және Аға.


Әрқайсымыз аттандық


әр қалаға.


Қақпа алдында қол бұлғап


қала берді,

Қала берді,


Кемсеңдеп,

Кенже бала…


Жарасқан ақын айтқандай, бұрынғы кенжелер осындай ауыр міндетті алып, ауылда қала беріпті. Біздің Ерқанат та осы жауапты жүкті арқалап жүр.


Қазір де бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Әлі де осы дәстүрді берік ұстағандар бар. Бірақ кенженің үлесіндегі үлкен үйге таласып жүрген ағалар бар. Бұл не? Салтқа қарсы шығу ма? Үлкендердің көзі тайғасын, шаңырақ бөліске салынбаса керек еді ғой. Болмаса керісінше, кенже ұлдың қайқиып қалаға қарай тартып кеткенін де естиміз. Қалқиып үй қала береді мұндайда. Иесіз. Намысы жоқтар солай етіп жүр де. Құдды жетімдей қартайған ата-ананың ауылда қалары анық. Кәрі сүйегін сүйретіп қалаға аттанбасы белгілі ғой.
Расы сол, бұл жерде жұмыссыздық деген жағымсыз сөзді қоспасақ болмайды. Кейбір кенже ұл осының зардабынан да өскен шаңырағынан лажы жоқтан кетуде. Ауылдағы көп үйдің қабырғасы ғана қалқиып тұруы көп кенженің жұмыс іздеп сенделуінен де туып жатыр.


Бәрібір. Біздің ойға өзіміз айт­қан мына сөз оралады. «Бір әке-шеше он баланы асырай алады, ал, он бала жиналып ата-ананы асырай алмайды». Кейде осы рас па деп қаласың…


Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<