Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде білікті ұстаз, талантты ақын, айтыскер Ержеңіс Тастыбайұлының «Анаға сағыныш» атты шығармашылық кеші өтті.
Биыл 40 жасқа толып отырған ақын ел алдына шығып, шығармашылық есеп берді. Кешті өзінің «Балама» атты арнау жырымен ашып, туған топырағы Арал ауданы Бөген ауылында өткен балалық шағын, өнерге келу жолын, жанын қуантқан жаңалықтарын айтып берді. Айта кетсек, автордың туған ауылына арнаған «Балықшылар ауылы» әнін ауылдастары айрықша жақын тұтады.
Тегінде, талантты адамдардың көбі тағдырлы болып келеді. Бала Ержеңіс те анасынан көз жазып қалып, көкірегі шерге толып өсті. Оның мектеп қабырғасында жүргенде жазған «Анаға сағыныш» атты толғауы қазір мыңдаған адамның жүрегіне жетіп, жанын толқытып, жанарына жас үйіреді.
– Түседі күлген кезі кейде есіме,
Күлкісі, қуанышы – сый-несібе.
Ғаламның сұлулары татымайды,
Анамның күліп тұрған бейнесіне, – деген шумағы жырға құмар жұрттың жадында жатталып қалды.
Ержеңістің өлеңдері ойлы, тұнық, терең сезімге толы. Қарапайым өмірдегі әрбір іс-әрекеттің көрінісі мағыналы мысалмен өрілген. Тыңдаған жан ойына тағылым түйеді. Сонымен қатар, балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі де бір төбе десек болады. Мысалы, оның математика пәнін өлең тілінде сөйлеткен «Ержеңістің есептері» деп аталатын қосымша оқулығы жас балдырғандар үшін тамаша сый болды.
Кеш аясында ақынның «Анаға сағыныш» және «Батыр балапан» атты екі кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Жаңа туындының тұсаукесерінде ақын Рахат Наурызбаева, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, белгілі ақындар Толыбай Абылаев, Оңталап Нұрмахан, Дүйсенбек Аяшұлы, Қуат Ахетов, Нұрмат Мансұр және Дидар Қамиев, Біржан Байтуов сияқты айтыс аламанында қатар жүрген достары құттықтап, игі тілектерін арнады.
Кеш иесі Ержеңіс Тастыбайұлына қала әкімі Н.Ахатов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов, облыстық білім басқармасының басшысы А.Есжанов, Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаев, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы төрағасының бірінші орынбасары А.Әлтаевтың құттықтаулары табысталды.
Жастар театрының өнерпаздары ақын жырларын жатқа оқыса, Марат Сүгірбай, Мұхаммедәлі Бекпейіс сынды дәстүрлі әншілер ақын сөзіне жазылған ән-жырларды орындады. Сондай-ақ Ержеңіс Әбді қызмет ететін С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицейдің оқушылары ақын өлеңдерін оқып, әнін шырқады.
Әдеби мазмұнды кешті танымал ақын Ақжол Түменбай жүргізді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





