«Китаб Тасдиқ» және оның текстологиясы (Абайдың қара сөздері хақында)

3886

0

Абайтану – А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатов, М.Әуезов, т.б. белгілі азаматтар іргесін қалаған, бүгінде өз алдына отау тіккен, көп іс тындырған, әдебиетіміздің тарихындағы дербес ғылыми сала. Абайтану әсіресе, 50-жылдардың орта шенінен бергі кезеңде қарқынды дамыды. Атап айтқанда, 1956 жылы жарық көрген Х.Сүйіншәлиевтің «Абайдың қара сөздері», Қ.Мұхамедхановтың 1959 жылы жарияланған «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» атты ғылыми монографияларын кеңестік абайтанудың алғашқы ірі жетістігі деп бағалауға болады. Мұнан кейінгі уақыттарда да ақын шығармаларын әдеби жанрлардың әр қырынан қарастырған түрлі зерттеу кітаптары мен мақалалар, іргелі ұжымдық жинақтар басылып шықты.

Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО та­ра­пынан атап өтілуі де абай­та­нуға жаңа қарқын, тың ша­­быт бергендей болды. Осы­нау айтулы мереке қарса­ңын­­да жа­­рыққа шыққан елеу­лі ең­бек­­тердің қатарын­да З.Ахме­тов­тың «Абай­дың ақын­дық әле­мі», Ғ.Есімовтің «Ха­кім Абай», Қ.Мұхамеджа­новтың «Абай мұ­­­рагерлері», М.Мыр­зах­ме­тов­тің «Абайтану тарихы», Ж.Ыс­ма­ғұловтың «Абай: ақын­дық та­ғылымы» жә­не т.б. кітап­тар­ды атауға бо­лады.

Абай шығармаларын зерттеу жұмыстары қилы кезеңдер мен қиын асулардан өтіп, талай табыстарға жетсе де, ақынның төл мұраларын еркін елге тән жаңа көзқарас тұрғысынан са­раптап, мәтіндерге кеңестік идео­логия «күйесінен» толық арылтатын дәйекті текстоло­гия­лық талдау жүргізу жұмыстары біржола аяқталды деп айта ал­маймыз. Шынында да, Абай шығармаларына мәтіндік сарап­таулар жүргізу кемелденді деуге әлі ертерек. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демек­ші, жаңа мыңжылдықтар то­ғы­сында ақын мұралары дәу­ір өзгерістерімен үндесіп, тың мазмұн, соны сипаттарға ие болуда. Бұл орайда Абай шы­ғар­малары замана талабына сай ғылымның түрлі салалары бо­­йынша зерттеу көзіне ай­на­­лып, жаңа қырларымен та­­­­ны­луы көңіл қуантады. Абай­­­­дың дүниетанымы мен әлеу­­­­меттік көзқарастары бү­гін­гі күн мінберінен зерделе­ніп, қо­ғамдық пікір­талас­тар­­­­­дың азығына айналуда. Әсі­­­ресе, фи­лософ ғалымдар өз­­­де­­рі­нің кеңестік саясаттың уы­сында кеткен үлесін толты­руға құлшына кірісті. Белгілі себептермен уақытында тү­бе­гейлі зерттеліп, білікті ға­лым­дардан тиісті бағасын алып үлгермеген Абай әле­мі­­нің ашылмаған сыры әлі көп. Кеңестік дәуірдің ға­лым­дары Абайдың адами көзқа­растарында орыс зиялыларының әсері (Лермонтов, Некрасов, Пушкин, Толстой, т.б.) мол десе, қазіргі зерттеушілердің бір то­бы оны «батыстан үй­ренген» (Дрэпер, Гете, Спенсер, Байрон) деп, екінші бір тобы «ол шығысшыл ақын» (Фердоуси, Физули, Жәми, Науаи, т.б.) де­генді айтып жүр. Соңғы кезде ақынның діни-әлеуметтік фи­лософиясына да біржақты баға беріліп, тіпті, үстірт, теріс пікірлер де байқалып қалды.

Қысқасы, Абайдың дүние­танымы жөніндегі ғылыми-қоғамдық пікірталас басталып та кетті. Тек «Әттең, Әуезов болғанда» деген өкінішті тіркес ойыңа еріксіз түседі. «Әттең» дейтініміз 60-шы жылдарға дейін Абайды идеалист, діншіл, буржуазиялық ойшыл дейтін сыңаржақ пікірдің үстем болғаны жасырын емес. Осы мәселе жайында академик С.Қирабаевтың «Идеологиялық қыспақ Мұхтар Әуезовтің Абай туралы зерттеулеріне де белгілі дәрежеде әсер еткені оның әр жылдары жазғандарын салыстыра қарасаң, анық көзге шалынады. Осы жағдайлар қазір ұлттық әдебиеттің негізгі даму кезеңдерін, Абайдың осы процестегі орнын бүгінгі тә­уелсіз елдің мұрат-мақсаттары тұрғысынан байсалды зерттеуді қажет етеді», – деген орынды да ойлы пікірлері бұл сөзімізді растай түседі. М.Әуезовтің өмі­ріндегі осы кезең туралы ұлы жазушының замандасы, көр­некті әдебиеттанушы Ә.Қо­ңы­ратбаев мынадай естелік ай­тады:

«…Ұзамай Абайдың юби­лейі келіп, онда Сәбит Мұқанов Абай философиясы жөнінде баяндама жасады. Шынымды айтсам, баяндама көңілдегідей болмай шықты. Сөз кезегін алған Мұқаң мінбеге көтеріліп: – Абайдың философиясын зерттеу, әрине, жақсы бастама. Бірақ, оны журналистік шолу емес, теориялық тұрғыда зерт­теген дұрыс болар еді. Абай­дың әдеби мұрасына кел­генде оның ақындығын баса көр­сет­кеніміз жөн. Пушкиннің фи­лософиясын зерттеп, олжа тап­қандар орыс халқында көп емес. Олар Пушкинді «ұлы ақын» деп дәріптейді. Біз де осы арнаға түссек қайтеді?», – деді. Бұл арада Әуезовтің Абай философиясынан саналы түрде бас тартып, «құрулы қақ­паннан» қашқақтайтын се­бе­бін де сезетіндейміз. Демек, зерттеушілердің Абай филосо­фиясы жайында айқын прин­ципті ұстанымының болмауы да түсінікті жайт.

Абайдың дүниетанымы мен философиялық көзқарастары дегенде ғалымдардың алдымен ауызға алып, тілге тиек етері – оның 38-қара сөзі. Сондықтан біз де ақынның аталған еңбе­гінің айналасында ой қозғап, пікір білдіргенді жөн көрдік.

Зерттеушілерге мәлім, Мүр­сейіт көшірген Абай қол­жаз­балары қанша көп бол­ған­­мен, кейінгі ұрпаққа оның үш нұсқасы ғана аман жетті. 1909 жылы Санкт-Петербургта қырым-татар зиялысы Ильяс Бо­раганский баспаханасынан Кә­кітай мен Тұрағұл (Құнан­баев­тар) шығарған ақын­ның тұңғыш өлеңдер жинағы мен С.Шорманов, Р.Жанды­баев кө­шірмелері болмаса, Мүр­сейіттің осы үш қолжазбасы – Абай шы­ғармаларының түпнұсқасы ре­тінде қарастырылатын бір­ден-бір құнды жәдігер. 1905, 1907 және 1910 жылдары кө­ші­ріл­ген бұл нұсқа негізінен үш тақырыпты қамтиды:

«Китаб тасдиқ» (2-18 б) «Ки­таб Ғақлия» (19-65 б), 3) Абай мен оның балаларының өлең­дері мен поэмалары (66-188 б). Барлық көлемі – 225 бет­тей. «Китаб тасдиқ» – араб­ша­дан аударғанда «Сенім кі­та­бы» дегенді білдіреді. Алайда, оқырмандар мұндай шы­ғар­маны ақынның ешбір жина­ғы­нан кезіктіре алмайды. Неге десеңіз, Абайдың бұл туын­дысы Мүрсейіттің барлық нұс­қа­ларында да жеке атаумен, әрі рет саны бойынша алдымен жазылған дара, һәм өзгеше мәнді еңбек екендігіне қарамастан, ақын­ның толық жинағын құ­рас­тырушылар оны 38-ші сөз есебінде «Китаб ғақлияға», яғ­ни «Ақыл кітабына» (қазіргі қара­сөздер) қосып жіберген.

1933 жылы М.Әуезов пен І.Жансүгіровтің құрастыруы­мен Абайдың тұңғыш толық жи­нағы басылған болатын. Ал, осы арада «не себепті құ­рас­тырушылар «Китаб тас­диқ­ты» жеке тарау етпеген?» дей­тін заңды сауал туындайды. Біз­діңше, байлар мен дін өкіл­дерін қуғынға түсіріп, мал-жанын тәркілеп жатқан 30-шы жылдарда діни бағыттағы шы­ғарманы өз атымен жария­лау – абыройсыз еңбек. Осын­дай ауыр мезгілде Әуезов «Се­нім кітабын» қарасөздердің ара­­сына тығуға мәжбүр болған. Жоғарыда айтылғандай, кейінгі кездерде де зерттеушінің «қара сөздерді» қайта қарайтындай жағдайы бола қойған жоқ…

«Китаб  тасдиқ» туралы ға­лымдардың біразы пікір біл­дірген. Солардың бірі – про­фессор Б.Кенжебаев: «Бірқатар зерттеушілер Абайдың қара сөздерін ғылыми трактат деп айтпақ болады. Біздіңше, бұл қолайсыз. Өйткені, Абайдың қара сөздері түгелімен ғылыми еңбек емес. Тек, бірнеше сөзі ғана ғылыми талдау, ғылыми қорытынды. Бұл сөздерді Абайдың өзі «тасдих» деп атаған» десе, белгілі ғалым Х.Сүйіншәлиев қара сөздерді алты топқа бөліп, соның екін­шісін «тасдих ретінде ке­летін философиялық трактат»  атайды. Ал, әдебиетші-ғалым Қ.Сыдиықов отыз сегізінші сөз 1905-1907 жылдардағы Мүр­сейіт қолжазбаларында «Китаб тасдих» деп аталғанын есімізге салады. Қазақ қолжазбалары ғылыми сипаттамалардың 4-ші томы, 26-шы бетінде Абай сөз­дерінің ең толық нұсқасы 1910 жылғы Мүрсейіт көшірмесі екендігі ескертіледі. Әйтсе де, жоғарыда аталған зерттеу ең­бектерінің көпшілігінде қара сөздердің рет саны шатас­ты­рылған. Бірсыпыра ғалымдар қолжазбадағы «тасдиқ» сөзін «тарих» деп қате оқығаны бай­қалады. Анығында 1910 жылғы Мүрсейіт көшірмесінің бірінші бетінде былай деп жазылған:

«Китаб тасдиқ» қайырлы сағатта бітіп… Дайырбай Қожан ұғлына бағышлап жаздым, хиж­раның 1327 йылында, милә­ди 1910 йылында, апрельдің 20-күнініде йазғушы – Мүр­сейіт Бікеұғлы». Яғни, «Китаб тасдих» – Абайдың өзі қойған атауы. Мұндай мазмұны күр­делі шығармаға Мүрсейіттің өз бетінше ат қоюы екіталай нәрсе.

Абайдың қара сөздеріне текс­тологиялық жұмыс жүргі­зудегі ең бір табысты кезең – 1977 жыл. Осы жылы проф. Ы.Дүйсенбаевтың алғы сөзі­мен жарыққа шыққан ақын шығармаларының екі томдығы абайтанушылардың айтарлық­тай жетістігі екені даусыз. Еңбекте тұңғыш рет Абай шы­ғармаларының барлық ба­сы­лымдары мен Мүрсейіт кө­шірмелері (1905, 1907, 1910) тү­гел салыстырылып, Абай өлең­дері мен қара сөздеріне едәуір түзетулер мен өзгерістер ен­гізіледі. Осының нәтижесінде ақын мұрасының қайсыбір бұр­маланған тұстары өзінің түп­нұсқа мазмұнына жақындай түс­ті. Бұл орайда атап өтерлік нәрсе, жинақты құрас­тырушы­лар басылымды ори­ги­налға сәй­кестендіріп, көне түркі, шағатай, араб, парсы, та­тар тілдеріндегі сөздерді ба­рынша тексеріп, оларды бас­тап­қы қалпында жа­зуды мақ­сат тұтқан. Кейінгі кезеңде кейбір абайтанушылар Абай­дың қара сөздеріндегі түр­кі-та­тар элементтерін түгел алып тастауды ұсынып жүр. Сон­дықтан ақын мұрасына орын­сыз өктемдік жасап, әр­кімнің өз қалағанын істеуге жол берілмеуі тиіс. Оның үстіне Абай мұралары бүкіл адам­затқа, одан қалса күллі түркі жұр­­тына ортақ аяулы жә­діге­ріміз екенін әрдайым естен шы­ғармағанымыз абзал.

Әрине, «Абайдың қара сөз­дерін қалай атағанымыз жөн?» деген сауал бүгінгі әдебиет­шілердің алдында тұрған күр­делі мәселе емес. Әйтсе де, ұлы ақын шығармалары түбегейлі зерттеліп бітпегенін ескерсек, «түпнұсқаның аты – түпнұсқа» дегеннен басқа айтар уәжіміз бар ма? Бұл тұрғыдан келгенде ілгергі ғалымдар «Әуезов дәуі­рінің илеуінде» қалса, кейін­гілер уақыт, заман ағымы өз­гер­генмен сол баяғы көне сүр­леуден шыққысы келмейтін сы­ңайлы.

Рас, қарасөз дегеніміз – проза. Бірақ, Абай шығарма­сының аты «қара сөз» немесе «проза» емес қой?!

Әрбір шығарманың аты һәм атына сай заты болуы – заң­ды құбылыс. Мәселен, ақын еңбегінің орыс тіліне «Сөз­дер кітабы» («Книга слов») деп ау­дарылуы да шығарманың ішкі мазмұнына сай сыртқы үй­лесімін тапқан дей аламыз ба? Бұған қарағанда шығыс әде­биеті дәстүріндегі «Қорқыт ата кітабы», «Құтты білік кіта­бы», «Хикметтер кітабы», «Ақи­қаттың сыйы» не бол­маса, «Түрік сөздерінің кітабы» де­ген атаулар Абай талға­мы­на жақын жол табары хақ. Олай болса, «Сенім және Ақыл кітабы» сынды аты да ақын шығармасының құнын арт­тырып, мәнін аша түсері даусыз. Бұл арада айта кететін тағы бір жайт, «Китаб тасдиқ», яғни «Сенім кітабы» – ғылыми трактат әрі тәфсір, ал, «Ақыл кітабы» – өсиет, толғаныстар жинағы десе болғандай.

Абайдың қара сөздерін қа­лай атау турасында пікір ай­тушының бірі Х.Сүйінш­әлиев: «…Дұрысында Абайдың қара сөздерінің бәрін бір алып қарап, бәріне ортақ прозаның бір түрін атауға болмайды. Сондай-ақ, оларды бір атпен атап, не ғақ­лия, не изречение, не әңгіме т.б. деуге болмайды… Бәрін қара сөз демей әр сөзін бөлек аттармен атаса, өте ыңғайлы болар еді» – дейді (Абайдың қара сөздері». – Алматы, 1956 жыл). Автордың 38-ші сөзді бірде «тасдих», бірде «ғақлия» деуі, енді бірде, оны «китаб тарих» деп бұрмалауы, 9-шы, 10-шы сөздердің орнын шатыстыруы, 1-ші, 7-ші, 8-ші, 23-ші сөздерге байланысты үстіртін пікірлері тек оның өзіне ғана емес, оған дейінгі және кейінгі бір қауым зерттеушілерге де қатысты кем­шіліктер.

Абайтанушы-ғалым Қ.Мұ­ха­мед­хановтың: «…38-ші сөз­­дің біз дерек етіп отыр­ған қол­­­­жазбада басынан бас­тап жар­тысынан астамы сақ­тал­маған. Сондықтан Абайдың бұл сөзінің текстологиясы жа­йына көп тоқталмадық. Тексто­логиялық жағынан көп кем­шілік байқалып тұрса да, әзірше бірер сөйлемге ғана көңіл бөлеміз… Осы 38-ші сөз текстология жөнінен те­реңірек зерттеуді тілейді».  Ав­тор бір ғана Жандыбаев нұс­қасын пайдаланғанын, қал­ған көшірмелердің қолында болмағанын айтады. Ең соңында «…Жалғыз Мүрсейіт қана емес, басқа адамдардың да сақтал­ған қолжазбаларын жинап, олар­ды салыстыра отырып, Абай бұл шығармаларын қалай атаға­нын шешу қажет… Осы күнге дейін жинақтарда басылып жүрген тәртібі, сол сияқты әрбір сөз­дерінің соңынан беріліп жүрген жазылған жыл уақыты ешбір дәлелсіз, дерексіз, ойжота бе­рілген», – деп бір қорытады.

Аталған қара сөз жөнінде ғалымдардың пікірі бір мәселеде тоғысып отырған. Ол – отыз сегізінші сөздің көлемділігі мен тілінің ауырлығы. Осы қасиеті оны өзге қырық төрт сөзден ерекшелеп, дәйім де өзіне жұрт назарын тез аударып, қадірін де арттыра  түсетін еді. Бұл орайда, «Отыз сегізінші сөзін Абай басқа сөздерінен де ерекше етіп, кезіндегі оқыған молда, не сауатты оқушыға түсінерлік қып жазған. Оның стилі де, тілі де ауыр. Дін сөзі, араб, фарсы тілі мейлінше көп қолданылады. Оның себебі, мұнда Абай түр­лі аяттар мен дін, иман шарт­тарын өзінше талдап, оның мән-жайларын қозғайды. Оны теріс түсіндіруші надан мол­далармен айтысады» деп жазған зерттеушінің сөзін­­де жан бар. Академик З.Ахметов өз еңбектерінде Абай­дың «тас­дихат» мазмұн­ды шы­ғармалары барлығын айтады, әйтсе де, ақынның «Қазаққа қара сөзде дес бермедім» деген өлең жолдарын мысал ете отырып, осы терминге тоқталғанды ма­құлдайды. (З.Ахметов. «Абай­дың ақындық әлемі». – А., 1995).

1910 жылғы Мүрсейіт кө­шірмесі мен 1995 жылғы жа­рық көрген Абайдың толық академиялық жинағындағы қа­ра сөздердің орналасу ретін са­лыс­тырғанда мынадай өз­герістерді байқадық. Мерейтой қарсаңында басылған кітаптағы қарасөздер түпнұсқамен са­лыстырғанда түгелге жуық орын ауысқан. Жинақтағы қы­рық бес қара сөздің ішінде тек 9-шы және 19-шы сөздер ғана өздерінің қолжазбадағы рет санын сақтаған да, қалғандары мидай араласып кеткен.

Мұның бірінші себебі: 23-сөз­дің қазіргі 1-сөздің орны­на барғандығы;

Екінші себеп, Абайдың жеке туындысы саналатын «Сенім кітабының» – 38-ші қара сөзге айналуы; 

Үшінші  себеп, ақынның «На­сихат» сөздерін екіге бөліп,  одан  37-ші және 45-ші сөз­дердің жасалуы және «Сократ  хакімнің сөзінің» 27-ші сөз болып түзілуі.

Осы өзгерістер ақын қара сөздерінің жаңа басылымдары мен түпнұсқаның арасына елеу­лі жік түсірді. Асылында, «Китаб тасдиқ» (38-ші сөз) өз алдына жеке басылуы тиіс дегендегі біздің айтар уәжіміз мынау:

Біріншіден, Абайдың бұл сөзі Мүрсейіттің барлық көшір­мелерінде өз бетінше хатталған, титульді беті бар, көлемі бас­қалардан бірнеше есе көп әрі күрделі, ғылыми стильде жа­зылған;

Екіншіден, мұнда ұлы ой­шылдың дүниеге көзқарас­тары мен әлеуметтік дүниета­ны­мы­ның ең маңызды бағыттары мен үздік ой-тұжырымдары жи­нақталған;

Үшіншіден, шығарма тілі­нің көнелігі (шағатай) мен та­қырыптың ислам дінінің түпкі философиясына арналуы 38-ші сөздің даралық мәнін еселей түседі. Ең ұтымды дәлел – оның алғашқы сөйлемінде жатыр:

«…Ай йүрәгімнің қуаты фәр­зәнтларым! Сіздерге адам ұғ­лының мінәзлары туралы біраз сөз йазып, йадкар қалдырайын. Оқып, ұғып алыңыздар!» Кө­кірегінде  сәулесі бар адамға жо­ғарыдағы сөздердің қай уақыт­та, шығарманың қай тұ­сында айтылатыны бесенеден белгілі жай. Ендеше, «Сенім кітабының» автордың өзі ба­ғышталған мақсатты орнында тұрғаны бек орынды болмақ. Бұл арада Абайдың бірінші сө­зінің тағдырына да нақ осындай көзқарас тұрғысынан қарау әділетті болар еді. Ол бір нәрсені ұмытпағанымыз жөн. Яки, Абай схемаға сый­май­тын тұлға!

Таратып айтсақ, Мүрсейіт қолжазбасы бойынша жиырма үшінші нөмірлі, 40-шы беттегі Абайдың монолог-сөзін маз­мұнына қарап бірінші сөз ету – қиын шаруа емес, әрине. Алайда, 38-ші сөзден басқа­ла­рын зер сала оқыған кісі олар­дың бас-аяғында белгілі бір жүйенің жоқтығын анық байқар еді. Абай шығармасындағы сырт­қы пішін мен ішкі маз­мұн үйлесімін оның рет са­нынан немесе логикалық жү­йе­­сінен емес, керісінше, ақын­­­­ның әр жылдардағы жүйе­сіз ой­ла­рының жүйелі жемісте­рінен іздеген дұрыс сияқты. Оқы­мыстылар «Дүние – бей-бе­рекет қозғалған атомдардың жиынтығы» деп бекер айтпаса керек. Абайдың өзі де бірінші сөзінің соңында: «Ақыры ой­ладым: осы ойыма келген нәр­селерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын…» демеді ме? Ұлы ақынның «осы ойыма келген нәрселерді» дегені – мұның ал­дында жазылған «ақыл» сөздері (ғақлия) жайында болуы бек мүмкін. Демек, Абайдың қара сөздері өздерінің бастапқы орын­дарын тауып, келер басы­лымдарында түпнұсқа бойынша жарық көріп жатса, бұл да әде­биетіміздің абыройлы ісі болмақ.

…Жоғарыда айтылғандай, Абайдың отыз сегізінші қара сөзі әлі күнге дейін толық мәтіндік сараптаудан өткен жоқ. Соған қарамастан, ғалымдардың көп­шілігі ақынның дәл осы сөзін негізгі нысаналарына алып отырғаны тағы шындық. Әрине, бұған қуанған дұрыс. Алайда, Абайдың ислам әлемі туралы еңбектеріне асығыс, бір жақты баға берілуі жиі ұшырайтыны байқалып жүр. «Сенім кітабы­на» үлкен дайындықпен келудің қажеттілігін ғалымдардың өз­дері де мойындаған. Мысалы, профессор Ә.Қоңыратбаев «Фа­раби және Абай» деген мақаласында осы сөз жайында (38-ші сөз): «Бұған әзірше ешкімнің тісі батпай жүр. Мұны түсіну үшін араб тілін білу жетімсіз, сонымен бірге ислам философиясын да білу қажет» деп жазды.  Абайдың әлеуметтік және дүниетанымдық көзқарас­тарын терең зерттеген ғалым­дарымыздың бірі – Ғ.Есімовтің мына пікірі де біраз жайды аңғартса керек: «Өкінішке орай, Абайдың осы терең пікірлері әлі маман философтардың на­зарына ілінбей-ақ келеді. Оның ең басты себебі – біздің кеңес дәуіріндегі философтардың Абай оқыған ислам филосо­фия­сына мән беріп зертте­меген­дігінде. Ислам философиясына үңілмей, Абайдың көзқарас­та­рын талдау өте қиын шаруа».

Ғалымның осы ескертуін оның өзіне де қатысты ай­туы­мызға болады. Белгілі фи­лософ ақын шығармаларын та­нымдық жағынан талдауда үлкен жетістіктерге жетсе де, қайсыбір ойлары асығыс, шо­лақ қайырылған. Ол өзінің пі­кірлерін жалпыадамзаттық жа­лаң қағидаларға көбірек не­гіз­дейді, ал өзі айтқан ислам, фи­лософиясының терең иі­рім­дері ашылмай, соның сал­да­рынан ақынның дүниета­ны­мына да кейде үстіртін баға бе­рілген тұстар баршылық. Мұн­дай кемшіліктер мен ес­керт­пелер кезінде Абай дүние­танымын «Ригведамен» бай­ланыстыра зерттеуге тырысқан Д.Омаровқа да қатысы бар.

Бір таңқаларлығы, Абай­дың «Сенім кітабында» анау айтқан будда, христиан, зара­тустра, кришна, т.б. діндер мен ағымдардың әсері айқын се­зілмесе де, тіпті, олар жайында бір ауыз сөз жазылмаса да баз­бір оқымыстылар кітап­тан өздерінің сүйікті пайғам­бар­ларын іздеп әлек. Анық  Абай ғылыми исламды сүйген. Біз оқыған Абай өзінің діни-әлеу­меттік көзқарастарын қашанда қасиетті Құранға, яғни, Алла сөзі мен оның елшісі Мұхаммед Расул Алла ғалейһиссаламның Хадис-шәрифтеріне сүйеніп тұ­­жырымдаған. Оны сол қа­лыпта тәпсірлеп, халыққа тү­сіндірмекші болған. Бірақ мұ­ны исламның философиясы тұр­­мақ, шариғат ережелері мен парыздарын толыққанды түй­сінбейтін, мұсылмандық тео­логия негіздерін оқып үлгер­меген зиялы қауымның өкілі қайдан ұқсын?! Сол себептен де олар Абайдан идеалист Ге­гельді, материалист Фейер­бах­ты, оңшыл Ницще мен сол­шыл Конфуцийді, гуманист Толс­тойды және басқаларды көргісі келеді. Сонда сыншыл-турашыл, ойшыл-отаншыл, ға­далатшыл-ғибадатшыл ұлы ақы­нымыздың өз болмысы мен тамыры, тағылымы мен та­ным таразысы қайда қалмақ?! Басқаны былай қойғанда, Абай­дың өзі жастайынан жү­гінген шығыстың жеті саңлақ шайыры – Физули, Шәмси, Сәй­хали, Науаи, Сағди, Фер­доуси, Хафиз сынды алып­тар­дың әдеби ықпалын неге айт­пасқа?! Көптеген батыс классиктері солардан үйренген жоқ па? Демек, басты кінә – ғалымдарымыздың араб-пар­сы тілін білмеуінде жатыр. Әйт­песе, жоғарыда аталған ақынның барлығы да софылық поэзияның ірі өкілдері екенін әлем мойындаған. Ал, біздің зерттеушілеріміздің міндеті – олардың Абайға тигізген ру­хани-танымдық әсерін дәлел­деу.

Ақын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» десе, онысы: «Алла – хақ, Құран – шын» деп ағынан жарылып, иман келтіргені. Әкесі Құнанбай мен інісі Шәкәрімнің қажылыққа баруына үлкен ықпал жасап, өмірінің соңғы кезеңінде со­фылардың төрт бағытының еке­уін, яғни «мағрифат» пен «ха­қиқатты» берік ұстанған, сол арқылы Аллатану ғылымына зор үлес қосқан данышпан, хакім һәм ойшыл Абайдың хақ мұсылмандығына шүбә кел­тіруіміз ұлы ақынымыздың өл­мес рухы алдында кешірілмес күнә деп санаймын.

Абайдың «Кітаб тасдиқ» немесе «Сенім кітабына» бай­ланысты азды-көпті пікірімізді қорытындылай келе, оның мә­тіндік жағына да назар ау­дарғанды жөн көрдік. Өйт­ке­ні, бұл шығарма бір жағы­нан тілінің ауырлығына, екін­ші жағынан түпнұсқа көшір­ме­ле­рінде тыныс белгілерінің қо­йыл­мауына байланысты текс­тологиялық талдаудан толық өткен жоқ. Осы ретте Абай шы­ғармаларының қолжазба нұс­қаларын салыстыра-салғас­тыра оқып, уақыт өткен сайын оларға қайта үңіліп отыру – абайтанушылардың ғана емес, Қолжазба орталығы қыз­мет­керлерінің де үлесіне жат­пақ. Бұл мәселеге орай ака­демик С.Қирабаев өте орынды пікірлер айтқан: «Абай шығар­маларын текстологиялық тұр­ғыдан зерттеу – бүгінгі күн­нің ең қажет мәселесі. Бұл салада басталған жұмыс осы күнге дейін аяғына жетіп көр­ген емес. Ақын кітабын ке­зекті жариялау көбінесе ме­рей­­тойларға байланысты жүр­­­гізіледі де, жаңа жинақ ыл­ғи асығыс дайындалады, қол­жаз­­­балар мен шыққан кітап­тар текстін салыстыра қарауға уақыт жетпей қалады. Рас, Абай шы­ғармалары тексті негізінен қалыптасқан, уақыт сынынан өткен. Солай бола тұрса да, онда әлі де қарайтын, анықтауды қа­жет ететін тұстар бар…

… Осы тұрғыдан ғылымға тек советтік ұрпақтың ғана емес, бүгінгі өзгеру дәуірі ұрпа­ғы­ның да ой-пікірі, көзқарасы қажет. Абайтану есігі кімге де болса, ойы бар, пікірі бар оқыр­манның бәріне ашық».

Біз зерттеу мақаламыздың мақсатына байланысты ақын­ның 1995 жылы басылған екітомдық толық жинағында орын алған кейбір олқы тұстарын ғана ескертіп өткенді жөн көрдік. Жинақтағы Абайдың 38-ші сөзі мен Мүрсейіттің 1910 жылғы көшірмесін салыстыра оқығанымызда мынадай жаңы­лыс оқылған сөздер мен тір­кестерді тауып, хатқа түсірдік. Олардың бірсыпырасы төмен­дегідей.

Жинақта (1995):                                    Түп­нұс­қада (1910):

2-ші абзацта: дүниені танымақтық,        –   дүниені танымақлық.

өз адамдығын бұзбай ғана.                    өзге адамлығын   бұзба, яғни

3-ші абзацта: дұшпаны арқылы              – дұшпаны артығы.

6-шы абзацта: тәкин                                – тәкуин.

9-абзацта: барлық ғылым. Ол                –  барлық, ғылым. Ол ирада – ғылымның

ирада-ғылымның бір сипаты кәлем,   бір сипаты. Бір сипаты – кәлем, яғни, 

яғни, сөйлеуші деген.                           сөйлеуші деген.

10-шы абзацта: болады да                     –  бұларды

11-ші абзацта: екі хисап болмаса           –   екі хисап, болмаса,

тариф раббіге                                          –  тағриф раббіге.

15-ші абзацта: өсіріп                              –   өстіртіп

21-ші абзацта: Енді белгілі                     –   Енді білгілге (білгенге)                  

24-ші абзацта: …деген сиддық,              –  … деген – сиддық,

кәрәм, ғақыл бұл үшінден                    кәрәм, ғақыл. Бұл

сиддық ғадәләт болар, кәрәм               үшіндән сиддық – ғадәлат

шафағат болар,                                      болар, кәрәм – шафағат болар,                                                                                                  

ғақыл мағлұм дүр…                             ғақыл – мағлұм дүр…

26-шы абзацта: пікірлемек                  –   пікірленмек

29-шы абзацта: қуаты бірлән              –   қуатың бірлән

көрмегіне                                              –   көрмегіңе.

30-шы абзацта: болып                         –   өліп

43-ші абзацта: батылдықты                –   батылны (яғни, жамандықты)

44-ші абзацта: кібік                             –   кеблік

ғибраттанасың                                     –   ғибраттансын

60-шы абзацта: белгілі                        –   білгілге (білгенге)

езгулікке                                               –   ізгілікке.

Сонымен қатар, Абайдың аталған еңбегінде жиі ұшырайтын бірсыпыра діни сөздердің мағынасы дәл емес, немесе екіұшты мәнге ие болған тұстары баршылық. Мысалы: «тафаккару фиғла иллаһи» деген сөйлемді «Құдай туралы ойлану» деп аударған.  Дұрысы: «Құдай ісін ойлаңдар». «Инна Аллаһу йухуббул мухсит…» – шынында Құдай әділ адамдарды сүйеді. Дұрысы: «Егер сен Алланы сүйсең, ол да сені сүйеді». «Әтәмарру ән-нәса бил-бирри…» – адамдар жақсылық пен имандылыққа табынады, соңынан ереді, өйткені Алла да жақсыны сүйеді. Дұрысы: «Жұртқа жақсылық істе және өзің де қайырымды бол, себебі Алла жақсылық істеушіні ұнатады». «Уә әлләзина әману уә ғамилус-салихати…» – Адал жүрушулердің және жақсылық жасаушылардың орны жұмақта және олар мәңгілік өмір сүреді. Дұрысы: «Сондай адамдар құдайға иман келтіреді, жақсы істер істейді, ондайлардың орны мәңгі жұмақта». «Иннама ағмал бинниат» – Шынында еңбек ниетке негізделеді. Дұрысы: «Істі ниетіңмен баста». «Ғылым заһири» – шынайы ғылым. Дұрысы: сыртқы ғылым. «Ғарафта» – «Арафа» – таудың аты. Дұрысы: білімде, ғылымда. «Зиярат» – қажыға, Меккеге бару. Дұрысы: көрісу, жүздесу, сәлемдесу.

Абайдың 38-ші қара сөзі, яғ­ни, «Китаб тасдиқ» пен оның текстологиясы туралы негізгі ойларымыздың ұзын-ырғасы осындай. Алайда, ақын шығар­маларының ашылмаған сы­ры, айтылмаған қыры әлі же­тер­лік. Оны қайталап оқы­ған сайын Абай сөздері тың маз­мұн, соны мағына иеленіп, әр­леніп, мәндене түсері хақ. Тек, біздің айтпағымыз, мың жыл­да бір туып, «мың­мен жал­ғыз алысқан», арыстан жүрек, данышпан Абайы­мыз­дың мұрасына шын жан­ашыр­лықпен қарасақ, оны әлдекім­дердің әдебиеттегі жеңіл олжасына жаратып, көрін­ген бос қанжығаға байла­масақ екен дейміз. Ал ондайлар өріп жүр­ген тәрізді…

Серікбай ҚОСАН,

шығыстанушы, ф.ғ.к.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<