Топ-баннер2

Күміс күлкі, көктеміңді ерте кел

5

0

Барсаң сонау таудағы бұлақтарға,

Керемет үн келеді құлақтарға.

Шіркін-ай, әйелдерде біз сезбейтін,

Сырлар көп-ау, сырғалы құлақтарда.

Әз Наурыздың атты таңы арайлап,

Арулармен ажарланды әр аймақ.

Күтті халық бұл көгілдір көктемді,

Қайта-қайта күнтізбеге қарайлап.

Олар солай сый сыйлауда тосын ғып,

Демейміз біз түк таба алмай тосылдық.

Сендерге арнап шын жүректен жыр жазып,

Жұлдыздарға біз де бірден қосылдық.

Әйел – Ана,

Әйел – Ару, ертегі ел.

Сыры жұмбақ,

Нәзік жанды еркелі ел.

Аналарым, Аруларым өзіңмен,

Күміс күлкі, көктеміңді ерте кел…

Аруларды келе жатқан гүл ашып,

Алмаңдаршы тектен-текке жылатып.

Сезіммен де, сеніммен де аялап,

Жүріңдерші жылы сөзбен жұбатып.

Сендер үшін ата берсін ақ таңдар,

Сырлы әлемнің сұлулығын сақтаңдар!

Сендерсіңдер отбасының тірегі,

Тіршіліктің тауқыметін тартпаңдар!

Әйел анық,

Әйел – бақыт, береке,

Әйелдерсіз керілмейді кереге.

Құтты болсын,

Аналар мен Арулар,

Көктемдегі келген мынау мереке!

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ