Кітап – адамзаттың рухани байлығы, ақыл мен парасаттың сарқылмас қазынасы. Жыл сайын 14 ақпан күні әлем жұртшылығы Халықаралық кітап сыйлау күнін атап өтеді. Бұл мерекенің басты мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, балалар мен жасөспірімдердің бойына рухани құндылықты сіңіру, сондай-ақ кітапты бір-біріне сыйлау арқылы білім мен мейірімнің көпірін қалыптастыру. Кітап сыйлау – жай ғана сыйлық беру емес, жүректен жүрекке жететін ізгі ниет, келер ұрпаққа қалатын өнеге.
Осы атаулы күн аясында Шиелі кентіндегі М.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінде кітапханашылар Тұрсынкүл Дүйсебайқызы, Гүлмира Мұстафақызының ұйымдастыруымен жазушы-сатирик Нұрмахан Елтаймен кездесу кеші өтті.
Іс-шара жазушының өмірдерегімен басталып, оқушыларға қаламгердің шығармашылық жолы кеңінен таныстырылды. Кездесуге 6, 10-сынып оқушылары қатысып, өздерін толғандырған шынайы әрі қызықты сауалдарын қойды. Оқушылардың белсенділігі мен кітапқа деген ықыласы кештің көркін аша түсті.
Кездесу барысында журналист адам баласының өміріндегі ең тәтті кезең – балалық шақ пен мектептегі қызықты естеліктер туралы әңгіме өрбітіп, жас ұрпаққа кітап оқудың маңызы, шығармашылықтың қыр-сыры жайлы тағылымды ойларын бөлісті. Қаламында қуаты, сиясында сарқыты бар ақжүрек жанның балаларға деген мейірімі ерекше байқалып, оқушыларды рухани әсерге бөледі.
Шара барысында мектеп кітапханашысы Тұрсынкүл Нәбішева жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы туралы презентация ұсынып, қаламгердің еңбектері мен жетістіктерін оқушыларға кеңінен таныстырды. Бұл таныстырылым жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсті.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләйлә Мұханбетжанқызы кездесуге тыңғылықты дайындықпен келген 6-сынып білім алушыларын белсенділігі үшін Алғыс хатпен марапаттады. Өз кезегінде қаламгер жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, оқушыларға жылы лебізін арнады. Кеш соңында мектеп кітапханасына 66 әдеби кітап сыйға тартып, оқушылар жазушымен естелік суретке түсіп, рухани әсерге толы кездесу тағылымды оймен түйінделді.
Әрі қарай мерекелік шара Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектебінде жалғасын тапты.
Шараның өз деңгейінде өтуіне кітапханашылар мен ұстаздар қауымы белсене атсалысты. Мектеп кітапханашысы Жанар Құлахметова жазушының өмір жолы мен шығармашылық жетістіктері, қаламгердің еңбектері жайында кеңінен таныстырылым жасады. Сондай-ақ шараның үлгілі өтуіне Д.Әлжанова, Қ.Кенбаева, тәлімгер М.Сағындықова мол үлес қосты.
Кездесу кешінің ерекше сәттерінің бірі кітап сыйлау рәсімі болды. Оқушылар мен ұстаздар қаламгерге құрмет білдіріп, ал жазушы өз кезегінде оқушылар мен мектеп кітапханасына 70 кітап сыйлап, естелік ретінде қолтаңба берді.
Кітап сыйлау күні аясындағы бұл тағылымды кездесу жас ұрпақтың рухани-мәдени дамуына оң ықпал етіп, кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызын айшықтай түсті. Осындай мазмұнды шаралар оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты бекемдеп, жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыра беретіні сөзсіз.
Ғазиза РҮСТЕМБЕК.
Шиелі ауданы





