Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Бейбітбек Бүркітбайұлының «Маңдайдағы із» атты жаңа кітабы жарық көрді. Кітапқа қалам иесінің жыр шумақтары жинақталған.
«Журналистикада жүргенде халықтың мұң-мұқтажын жырлаған алдаспандай қаһарлы қаламы қазірде сыршыл, сезімтал, астарлап айтып атан жығардай құмбыл сияға малына бастады. Заң мен талапты талдап жазатын кешегі тілшінің тілінен енді сұлулық, нәзік бір болмыстар өріліп, Алла мен адам арасындағы, ана мен бала арасындағы махаббатты жырлауға ауысқан. Соған қарап отырып талант уақыт талдамайды екен-ау деп тамсанасың.
«Маңдайдағы із» деген кітаптың атауы да осы терең әжімнің қатпарындағы сан қилы сырды ақтарады. Адамның маңдайына із қайдан түседі, әрине тағдырдың тартқан шанасынан түседі. Алла жазған жазумен із қалады. Алла жазған жазудың да із болып өзгеге өнеге берері бар, өнеге бермесі бар. Саралап аларымыз бар, даралап қарарымыз бар. Осының барлығын өлеңдерінің тұла бойына жасырып, оқырманға ұсынып отыр».
Кітаптың алғысөзінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәкен Алдашбаев осылай пікір жазыпты:
– Тағдырымның дәмі қалған
таңдайда,
Өмірімнің ізі қалған
маңдайда.
Қуаныштың әні көкте
қалықтап,
Қиындықтың мұңлы сазы
сарнайды, ә, –
деп келетін өлеңінде автордың адам тағдырына жазылған тұрмыс-тіршілік көрінісі туралы ой-пайымы ақтарылған. Жалпы 10 баспатабақтан тұратын 146 беттік кітапта қаламгердің өмірдің әрқилы сәтінен түйген өлең шумақтары берілген.
«СБ» ақпарат





