«Мақпалкөлдің» аспанын жыр толқытты

1073

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Жұп-жұмыр тегіс келсін, айналасы, – деп Абай ақын айтқандай, шығармашылық дейтін шытырман әлемде шынайы өмір қалпын сөз арқылы суреттеп, адами құндылықты ардақ тұтып, ақындықтың ауыр жүгін арқалап жүрген Сыр аруларының бірі – Гауһар Қожахметова. Биыл 60 жасқа толған ақынның «Мақпалкөлдің аспаны» атты алғашқы кітабы жарыққа шықты.

«Мақпалкөлдің» аспанын жыр толқытты

Өмір жолына тоқталсақ, Гауһардың әкесі Асқарбай Қожахметов ҰОС майдангері, ақын. Шығармалары өңірдің жыр-термешілерінің репертуарында орындалып жүр. Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Гауһар Асқарқызы көп жылдан бері өңірдің журналистика саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Бүгінде қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Ақынның алғашқы жыр жинағының тұсаукесері өзінің туған жері – бұрынғы «Мақпалкөл», қазіргі Т.Жүргенов атындағы ауылда өтті. Рухани танымдық кешке ауыл тұрғындары, ардагерлер, кеш иесінің әріптестері, ағайын-туыс, дос-жарандары қатысты.

Бұл ауылдан Әбдікәрім Оңалбаев, Қомшабай Сүйеніш, Асқарбай Қожахметов, Махмұтбай Әміре сынды ақындар шыққан.

Салтанатты жиында Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов облыс және аудан әкімінің құттықтау хаттарын табыс етті. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шаймағанбетов, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, серіктестік ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжәлі Ерімбет, «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Ділдабекова   құттықтау лебіздерін білдіріп, қаламгерге сый-құрмет көрсетті.

Кеш иесіне Мәскеу қаласынан академик Мұрсал-Нәби Тұяқбаев, Алматы қаласынан ауылдасы, замандасы, белгілі қаламгер, ақын, республикалық «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы бейне үндеу арқылы байланысқа шығып, ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, кітабының аты айтып тұрғандай, Гауһар Қожахметованың шығармашылық туындыларының басым бөлігі туған жерге деген сағыныштан тұрады. Бүгінге дейін бірнеше өлеңдері әнге айналған. Сол кеште ақынның сыршыл сезімге толы жырлары оқылып, әндері шырқалды.

Кеш барысында тұсауы кесілген жаңа кітап оқырманға жол тартты. Бір сөзбен айтқанда, «Мақпалкөлдің» аспанын жыр толқытып, ән тербеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»