Менің театрым

836

0

Алматы сахнасында Қалтай Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» комедиясы өте жоғары деңгейде қабылданды. Көрермен залы спектакльге қақ жарыла күліп, соңында қол шапалақтап тұрып алды. Біздің артистер қайта-қайта бас иіп, халыққа ризашылығын білдіріп жа­тыр. Ал мен «Қалтай аға не дер екен?» деп ойлап қоям. Көп ұзамай «Вечерняя Алматы» газетінде Қалтай ағаның спектакль жайлы интервьюі шықты. Интервьюді қағазға түсірген белгілі журналист, жазушы Болат Жандарбековтың бізге есепсіз ақпараттық көмек көрсеткенін ерекше атап өткім келеді. Газет бетінде күн құрғатпай біздің қойылымдарымыз туралы Болаттың мақалалары, театр артистерінің пікірлері басылып, жарнамалар үзбей жарияланып тұрды:

– «Калтай Мухамеджанович, извините за беспо­койство, но упустить такой случай, когда видишь автора зрителем своего произведения, согласитесь, грех! Скажите, что Вы испытываете в качестве «судьи» своей пьесы?

– Конечно, волнение, приятное, но и придир­чивое волнение! Можно так сказать?

– А ваши впечатления от спектакля?

– С большим удовольствием посмотрел спек­такль. Его режиссерская трактовка представляется мне где-то спорной, но, несомненно, оригинальной. Для меня, помимо этого, очень дорого и то, что артисты сумели сохранить и донести смысл, энергию и более того «запах» авторского слова. Особенно хорош Хайдарбек (Серик Шотиков). Артист с подлинным блеском раскрыл образ с самого его начала и до кульминации – нравственного падения.

– Как же тогда расценить обаятельный образ Кенжегул, выписанный Вами с такой симпатией?

– Во-первых, этот образ своим обаянием обязан прекрасной игре артистки Абекеновой, а во-вторых, и это страшно в своей подлости, хайдарбеки ис­пользуют не только мелкособственнические инс­тинкты людей, но и такое великое и святое чувство, как материнская любовь. А симпатия? Не мыслю писать образ матери иначе. Он велик даже в своей слабости.

– Ваша оценка работы режиссера Хусейна Темирова?

– В смысле драматургического «хода» я уже заметил выше: она неожиданная. Выношу ей оценку – самую высокую. Молодой режиссер Хусейн Темиров талантлив. Это знающий, тонко разбирающийся, вдумчивый и ищущий режиссер. Возьмем, к примеру, постановки двух пьес – комедий «Тоот, майор и другие» венгерского драматурга Иштвана Эркеня и мою. Хусейн Темиров не поддался соблазну повторить в этих произведениях выигрышные трюки и мизансцены, найдя для каждого спектакля свои штрихи, свое решение. Очень ценное режиссерское качество Темирова: бережное и вдумчивое отношение к авторскому замыслу и слову выразилось в том, что пьеса венгерского драматурга не превратилась в казахский вариант этого произведения, а сохранила весь свой национальный аромат и колорит. Моя же пьеса режиссерски решена ровно, логично. В полной гармонии поступков и действия.

Өзімізге солай көрінді ме, гастроль кезінде бүкіл Қызылорда Алматыға көшіп келгендей. Әсіресе, «Ленин жолы» және «Путь Ленина» газеттерінің редакторлары Қ.Әбенов пен Г.Голубев біздің спектакльдерімізді түгелдей көріп, облыстық газет бетіне гастроліміздің барысы жайлы қазақша-орысша «Сізде артық билет бар ма?» деген мақала да бастырып үлгерді:

«Сыр өңірінен өнер көрсетуге Н.Бекежанов атындағы театр коллективі келе жатыр» деген хабар астана жұртшылығын кезінде бір елең еткізген. Алматы тұрғындары қызылордалық артистерден үлкен үміт күтіп, олардың өнерін көргенше асыққан-ды.

Республика орталығындағы аты әлемге әйгілі жазушы, қазақ халқының ұлы перзенті Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрындағы алғашқы ойындарын талантты дарын иесі Мұхаңның «Түнгі сарын» пьесасымен бастаған жас артистер сол күні-ақ астаналықтардың шынайы ілтипатына, зор алғысына ие болды. Драма театрының зәулім де кең үйінде бірде-бір бос орын болған жоқ. Астаналық көрермендер сахна шеберлеріне тік тұрып қол соқты.

Мұнан соң қойылған «Сау басыма сақина», «Король Лир», «Өзіме де сол керек» спектакльдері де зор табыспен өтті. Қызылордалық артистер ойыны қатысушылар көңілінде үлкен әсер қалдырды.

Үстіміздегі айдың 15-нен басталған ­гас­троль аяқталғанға дейін қойылуға тиісті спек­такль­дерге билеттер түгел сатылып бітті. Театрға кел­­геніңізде «Сізде артық билет жоқ па?» деп касса жағалап жүргендерді ұшыратасыз. Сөз жоқ, бұл – қызылордалық артистердің талғам­паз астана жұртшылығының көңілінен шыға біл­ген­дігі­нің, жауапты сапарға тиянақты, жан-жақты дайын­далғанының, ең бастысы, шеберліктерінің кемел­деніп, өсіп-жетіліп келе жатқанының куәсі.

Астанада қойылған әрбір спектакльге қарапа­йым қатардағы көрермендермен бірге сөз зергерле­рі, мәдениет, өнер қайраткерлері, ғылым өкілде­рі, ақындар, жазушылар, сыншылар да қатысып келеді. Белгілі ақын Әбділда Тәжібаев, көрнекті сыншы Мұхамеджан Қаратаев, талантты драматург Қалтай Мұхамеджанов, әйгілі жазушылар Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, сыншы Бағыбек Құндақбаевтар қызылордалықтар өнеріне зор ри­зашылық білдіруде. Қазақстан еңбекшілерінің ыс­тық ықыласына, зор алғысына ие болған Сәбира Майқанова, Серке Қожамқұлов және басқа өнер шеберлері спектакльдерге келіп, жас әріптестеріне қошемет көрсетіп отырды.

Театр коллективі қойған барлық спектакльдер де табысты өтуде. Соның ішінде Ш.Хұсайыновтың «Біздің Ғани» пьесасы өте қызықты, әсерлі өтті. Бұл спектакльге жарқын болашақ үшін жанын пида еткен ардагер азамат, қазақтың адал перзенті Ғани Мұратбаевтың серігі Бақытжамал Мұратбаева, қарт комсомол Сара Есова, пьеса авторының жары, Қазақ ССР-інің Халық артисі Бикен Римовалар қатысты. Ойын аяқталған соң олар Ғанидың өмірі, қызметі туралы әсерлі әңгімелер айтып берді.

Қызылордалық артистер қойған алғашқы спектакльден бастап республика баспасөзі, радио мен телевизия, қалалық «Вечерняя Алма-Ата», облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттері үзбей мақалалар, рецензиялар жазып тұрды. Олар Сыр өңірі артистеріне өз беттерінен орын беріп, мақалалар, әңгімелер жариялады.

Астаналық көрермендер, театр артистері Ж.Бағысова, Ш.Әбдібаев, Т.Айнақұлов, С.Әбді­момынов, Я.Халықұлов, Ш.Бәкірова, Ә.Арысбаева, Ұ.Баяділова, І.Шәкіровтер жөнінде, жалпы коллек­тив туралы жылы пікірде қалды.

Қызылордалық артистер қойған спектакльге қатысушылар, жалпы көрермендер, театр сын­шы­лары театрдың жас режиссері Хұсейін Теміров­тің талғамына, әрбір пьесаны қоюдағы қолтаң­баларына, ізденімпаздығына зор ризашылық біл­­ді­ріп, оның атына жылы лебіздер білдірді.

Сонымен Сыр өңірі астанасындағы қазақ дра­ма театрының Алматыдағы онкүндік гас­тро­лі зор табыспен аяқталып келеді. Талғамы зор алма­ты­лықтар алдындағы үлкен сыннан қызыл­ордалық артистер абыроймен өтті деуге болады».

Шыбын жанымыз шырқырап М.Әуезов атын­дағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театры­ның сахнасында өткен гастроліміз де аяқталды. 27 август күні гастроль қорытындысы бойынша кең көлемде талқылау өтті. Талқылауды Қазақ ССР Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Қанат Саудабаев басқарып, Қызылорда театрының гастролі жайлы қысқаша кіріспе сөз сөйлеп, алғашқы пікір айту кезегін Бәйтен Омаровқа берді.

Бәйтен Омаров:

– Мен Қызылорда театрының коллективімен бірінші рет танысып отырмын. Театрдың 25 жыл­дық өмір жолына қарағанда көптеген режиссерлер жұмыс істеген екен. Демек, режиссура мектебін көрген театр. Театрдың актерлік құрамы да жақсы екені көзге көрініп отыр. Театр іздену жолында екен. Сценографияда, режиссурада, актерлік өнер­де. Бірақ әлі де болса жетіспей жатқан жақтары бар екен, соған көңіл бөлсек.

Әкелген репертуарды қарап отырып жанр жағынан болсын, таңдау жағынан болсын театр іздену жолында көрінді. Әр қойылым сайын спек­такльдің қойылу тәсілі, актерлердің ойнау әдістері, шеберлік қасиеттері өзгеріп отырды.

«Ақан сері-Ақтоқты» қойылымын ынтамызбен көрдік.

Театрдың бүгінгі іздену жолы осы спектакльден көрінді. Ақан, Ақтоқты, Хазірет, Сердәлі әрқайсысы өздерінше жақсы ізденген. Сценографиясы қы­зық­ты, бірақ мынадай ой туды – Құлагердің тері­сін керіп қойғанымыз антиэстетично емес пе? Осындай оформлениемен кез келген спектакльді ойнауға болады. Оформлениеде тазалық жоқ, оқиға орны белгісіздеу болып жатыр. Жалпы Ақан – Әбдібаевтың мүмкіншілігі мол актер екен, дегенмен әлі де ширықтыратын, шегіне жеткізетін жерлері бар. Соны ойланса. Ортақ ансамбль бар, кей жерде босаңсып кететін тұстары кездесіп тұрады. Жақсы спектакль үшін бұл кемшілік қой. Декорация жақсы, бірақ спектакльге тән дүние емес. Ақтоқты да жақсы шыққан, Хазірет, Сердәлі жақсы шыққан. Маған қойылым ұнады. Бұл спектакль творчестволық іздену жолындағы театрдың мықты дүниесі деп білем.

Маман Байсеркенов:

– Тамаша гастрольдеріңізбен құттықтаймын. Был­тыр, биыл қазақ театрлары Шекспирді мең­геруге кірісіп, Шекспирге бет қойып жатыр. Сахнаға Ричард, Макбет, Гамлеттер шықты. Міне енді Қызылорда театрының қойылымында Король-Патшаны көріп отырмыз. Шекспирді қай коллектив қалай көтереді, қай режиссер қалай шешеді, міне мәселе сонда ғой.

Айнақұлов артистің күші Лирге жетеді. Бірін­ші бөлім тек декламацияға құрылған, интел­лектіңіз ағылшынға – Шекспирге келу керек, ал Тұрысжанның қазақшалап кететін жерлері бар. Содан кейін ішкі ресурсты қозғап, күшті ұтымды пайдалану деген бар. Спектакльдің бірінші жар­тысында көп күш жұмсап, екінші бөлімге келгенде шаршап қалдыңыз. Актерлік шеберлік жағынан, образдың психологиялық өрбуі, дамуы жағынан ақаулықтар болды. Талассыз, үздіксіз шабатын қанды жол бар еді, содан тайып кетіп отырдыңыз. Кульминацияға келгенде, соқ сұрапыл дауылға келіп ышқынатын жерде, қанша құбылысы бар қат-қабат сәттерде ішкі екпін сәл жетпей жатыр.

Декорациялық шешімде шымылдықты екеу емес, үш қыз болған соң үш полотно етіп алсаңдар болатын еді. Декорацияның өзі спектакльдің образы болу керек қой, танымал, бірден көзге түсетіндей болу керек. Үш қыздың арасы шикілеу, дүмбілез, психологиялық тартысы жетпей жатыр. Ерсайын – Эдгар, талантты жігіт екен, бірақ бар күшіңді жол бойы шашып, ысырап етеді екенсің. Ақыл мен психологияны алып баруда бір регистрмен ғана жұмыс істейсің. Стол маңындағы жұмыс аздау болды ма деймін. Шекспирде үлкен творчестволық биік деңгейде шыққан бір образ бар, органикалық тұрғыда шыққан образ, ол – С.Шотықовтың орындауындағы Сайқымазақ. Тілі Пастернактан Әбіш аударған. Үлкен таланттылық көрсетіп шын творчестволық деңгейде аударған. Бұл спектакль шыққан, техникалық жағын дұрыстау қажет сияқты.

«Өзіме де сол керек».

Хұсейн, осының актуальдігі ұзап кетпеді ме екен деп ойлап келіп едім, жоқ актуальдігі әлі де түспеген екен. Хұсейннің комедияны шешуі бар, комедиясы бар, финалдары екі спектакльде де, Король патшада да және «Өзіме де сол керекте» де хас шебердің қолынан шыққан финалдар. Режиссер, театр мына спектакльде түгелдей дерлік табысқа жеткен. Әсіресе Серік – Хайдарбекте шындық, органика бар. Сардар – Айнақұлов пен Садық – Әбдімомыновқа сенесің. Кенжегүл – Гүлжаһан тамаша образ жасады. Сейілханов образға кіргенде танығысыз дәрежеде шешкен ролін. Творчестволық сәт сапар тілеймін.

«Сау басыма сақина».

Көптеген театрларда қойылған спектакль. Қорқып келіп едім, терең философиялық ойларды ашуда комедия мен трагедияны араластырып отырып шешетін спектакль ғой. Бұл – театр мен Хұсейннің үшінші жеңісі. Хұсейн трагикомедия жанрын түгелдей меңгерген екен, актерлер де шығарманы толық түсінген. Арасында Тооттың ішкі дүниесі шиыршық атқан кездері ойдың арқауы бос кететін жерлері бар екен. Адам өлтіруге дейін келу керек, психологиялық тұрғыда соған жету керек Тоот. Мені риза қылған Фахреддин Қуанышев. Почташыны Бақытбек Алпысбаев пер­несін бір сәт босатпай, қан қысымын түсірмей басынан аяғына дейін шиыршық атқызып жеткізуге толық мүмкіндік жасаған.

Сәбира Майқанова:

– Қызылорда театры маңызды болу керек. Семей театры маңызды болу керек – бұл театрларға жоғары жақтан жеке көңіл бөлу керек. Сіздермен бірге қуандық. Бұрынғы келгеннен бері он екі жыл өтіпті – актерлерде үлкен-үлкен табыс бар. Театрға үлкендер жан беріп тұрады екен, олардың белгілі орындары бар екен. Қызылорда театрына риза болдым. Жамандауға жаны құмар осы Алматының адамдарының. Үш қыз да жақсы ойнауда. Керемет өскен Серік, Жібек осыларды бетке ұстай білу керек. Жүзтайлағы қандай керемет. Ерсайын да Нұрқанды жақсы ойнады. Әлия өзінің обаяниясымен Ақтоқты­ны жақсы ойнайды. Жантасты ойнаған Асқарбек те жақсы. Шайтұрсын әрі директор, әрі актер. Сыртқы пішін бар, іш бар, тастама актерлікті. Хұсейн артист болған, қазір режиссер, қадамы жақсы. Тап осындай спектакльдер болады екен деп күткеніміз жоқ. Кемшілікті талдай берсек бәрімізде бар ол. Қандай шығармалар қойылды сахнада репертуарыңның тізімі жақсы. Өзіңе лайық таңбаң бар, ойың бар, бағытың бар, носы да бар әрине оны енді айтпай-ақ қояйын. Как режиссер құттықтаймын. Үлкен бағамен қайтып барасыңдар.

Асқар Тоқпанов:

– Көп сөз көмір, аз сөз алтын. Құттықтаймын. Шайтұрсын – директор, Хұсейн – бас режиссер. Екеуі театрды ақсатпай алып келіп отыр. Көп сәттіліктер бар екен. Серік Шотықов қатты қуантты. Кейіпкержандылық – переживание, кейіпкер мән­ділік – перевоплощение, кейіпкер сәнділік – пред­став­ление. Серік өнері кейіпкер мәнділік пере­воплощение деңгейінде тұр.

Спектакльде үш шындықтың басы қосылуы керек. Тарихи шындық, психологиялық мінез шын­дығы, көркемдік театр шындығы. Содан келгенде біздің ата-бабамыздың киімдері ешбір халықтың ата-бабасының киімінен кем емес. «Ақан сері-Ақтоқ­тыда» а ля восток деп жалпы қазақ деген ұғымға тіреліп қалған жоқпыз ба? Сол Ақанның зама­нының киімін неге іздемейміз? Өз халқымызды неге құбыжық қылып көрсетеміз?

Режиссерлер жанр мәселесін қарау керек. Жанр, тематика, идеяны творчестволықпен қалай ашу керек? Қолыңа билік берілді, идея жөніндегі ой түсіңде көретін нәрсе болу керек қой, өңіңде ғана емес.

Нартай атын алған театр поэтикалық театр болу керек қой. Әрқайсысың өз театрыңды, өз тақы­рыбыңды тапшы, айналайындар Маман, Жақып, Ерсайын, Қадыр!

Қалтай Мұхамеджанов:

– Қызылордалықтар – қара судан қаймақ ізде­генмен бірдей қуантқан коллектив. Директоры да, бас режиссері де жауапкершілікті түсінген аза­маттар, екеуі коллективтің басын біріктіріп ұстап отыр. Әртүрлі поколениенің өкілдері бар театрда. Солар бір кісідей боп келіп жақсы өнер көрсетті.

Драматургтің іздейтіні сөз. Диалогтің еркек, ұрғашысы бар. «Айналайынмен» әртүрлі ойды айтуға болады. Сөздің энергиялық қуатын танытуға келгенде поэтикалық тамыры жерде жатпаса сөз декламацияға айналып кетуі мүмкін. Бұл театрдың өмірге жақындығы, шындық, ішкі шындық осы театрда жақсы көрінді. Осылардың бәрінде де, үлкен-кішісінде де сөз жөнінде үлкен құрмет бар. Шекспирді облыстық театрда қою – кеседегі суға кеме жүргізумен тең. Бұл творчестволық батырлық. Театр өнеріне деген ынтықтығы, ынтызарлығы бұл коллективтің өсемін деген сөзі. Жиырма беске келген кезінде Шекспирді ойнамағанда енді қашан ойнайды бұлар? Мұқаңның, Ғабаңның, Әбекеңнің шығармасына бару – бұл нағыз кемелдіктің кезі.

Құтты қадам тілеймін.

Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев:

– Гастрольдеріңіз сәтті өтті. Айтылып жатқан пікірлер бұдан да жақсы болсын деген ойдан туған нәрселер. Жергілікті партия, совет органдарының көзқарасы жақсы, сіздерді қолдап отыр. Ол кісілерге үлкен рахмет.

Жарылқасын Үмбетов:

– Барлығымыздың айтатынымыз бір-ақ сөз, бәріңізге үлкен-үлкен рахмет.

Иә, сонымен Алматы гастролі де аяқталды. Біз осы сапарымызға көптеген театрлардың дирек­торлары мен бас режиссерлерін де шақырған болатынбыз. Олар да «гастрольдеріңіз жақсы өтті» деп құттықтап жатты. Менің көңілім бір­түрлі алабұртып, өзіме-өзім риза болмағандай ма, кейбір қатты сындардан жасып қалғандай ма, әйтеуір талқылаудан қуаныш арқалап емес, үлкен ой арқалап шыққандай болдым. Бұл гас­троль сонау 1968 жыл­ғы «Қозы Көрпеш-Баян сұлудан» басталған менің режиссерлік жолымның қорытындысындай еді. Көзсіз батырлықпен алғаш рет Шекспирге, «Ко­роль Лирге» барыппын. Спектакль керемет болма­ғанымен театрды бір өсіріп тастаған туынды болды. Актерлерде сенім, батылдық пайда бола бастады. «Өзіме де сол керек» өзгеше дүние болып шықты. «Сау басыма сақина» көрген адамды бейжай қалдырмай, кереғар айтыстарға арқау болды. Қызығы бар, ол кезде Асқар Сүлейменов Академиялық театрдың әдебиет бөлімін басқа­ратын. Кабинеті үшінші этажда ма, Қызылорда не әкелді екен деп бел этаждан спектакльге көз салады ғой. Қойылым ұнай бастайды да көрермен залынан келіп көреді. Жақыннан көрейінші деп сахна жаққа келеді де сахнада басты кейіпкер Тооттың ішкі үйіне апаратын кіреберіс есік бо­латын, соның алдында ғана тұрған орындыққа жайғасып, есіктің саңылауынан артистердің ойынын көруді жалғастырады. Спектакльдің қызығына кі­ре бас­тағанда шиқылдақ есік ашылып Майорды ой­найтын артист Серік Шотықов шыға келеді ғой. Серік спектакль барысында әуелі ішкі киіммен шығып, бірте-бірте майордың толық формасын кие бастайтын. Серік шықса киімі тұрған орындықта біреу отыр. Актер оны иығынан қапсыра ұстап лақтырып жібереді де шалбарын, етігін киіп, сахнаға қарай бұрылып есікті аша бергенде «Әй, мен осы кімді лақтырдым, Асқар Сүлейменовтің өзі емес пе?» деген ой басына сарт ете қалады ғой. Ойнап шығады. Асқар келіп Серікті құттықтап: «Шикарно» деп жатса Серік Шотықов одан қайта-қайта кешірім сұрап әлек болып жатыр. Бәріміз де күлкіге қарық болдық: «Құрғақ кешіріммен құтылмайсың» деп. «Сау басыма сақинаға» бай­ланысты тағы бір жаңалық – біздің театр Венгр Халық республикасының Мәдениет министрлігінің қола жүлдесіне қол жеткізіпті. «Ақан сері-Ақ­тоқты» қойылымы Мәдениет министрлігінің «Жыл спектаклі» аталып, ақшалай сыйлығымен ма­ра­пат­талды. Премьерасына Ғабит ағаның өзі де қатысқан еді, спектакльден соң Шайтұрсын мен Әлия жазушының алдына барып тізерлеп гүлдерін ұсынғанда Ғабаң орнынан тұрып, бізге риза­шылығын білдірген болатын. «Біздің Ғани» да теріс болмады, комсомолдың грамотасымен, арнаулы төсбелгілерімен коллективтің жастары түгел наг­радаға ие болды. «Майра» ғана бізге таяқ боп тиген. Ал «Түнгі сарын» өзіме ұнайды. Мейлі енді Маман Байсеркенов те, Асқар ағам да ұнатпасын, қайтем енді, өзіме ұнайды.

Коллектив Алматы гастролінен кейін демалысқа кетті де, маған Мәдениет министрлігі бүкілодақтық білім жетілдіру институтына жолдама беріп, мен Москва, Ленинградқа оқуға кеттім.

(Басы өткен санда).

Хұсейін Әмір-Темір,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері,

Қызылорда облысының құрметті азаматы