Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың Зейнолла Шүкіровкке жазған хаты:
«Зейнолла! Бүгін бір жұмыспен (демалыс күні) отырып едім. Ол жұмыс мені қызықтырған, сұмдық қызықтырған. Ең қызық жеріне келгенде, үйге Тоқаш келді. Үй-ішім, әсіресе әйелім, суық қарсы алды, оны. (Тоқаштың бізде үйге істеген тентектігі жоқ, сірә, ол туралы сасық қауесетті сырттан естиді ғой деймін, бірақ Тоқаш біздің үйдің байырғы қонағы. Мен мұны (Т-ны) 1948 жылдан білемін. Оны суық қарсы алды. Үй-ішім менің жұмыс істегенімді жақсы көреді, біледі, нанның немен табылатынын. Ол (Т-ш) шаршап… келіпті, жатқыздым да жұмысымды жалғайын деп ем зауқым шаппады (жұмысқа). Сен ойыма орала бердің…
Тоқаш томпиып ұйықтап жатыр. Мен оған қарап отырып «Адамға адам неге сенбейді?! Сенімсіздік – сезімдер адамдарға деген ең басты алкоголь» деп түйдім…
Зекен! Мен сенімен ашылып пікірлесе алмадым. Себебі – баяғы сенімсіздік. (Жаратқан ием-ай, ашылып пікірлесу де рахат екен ғой…). Екінші себеп, прозаларыңды әлі оқымап едім, өтірік көлгірсуге арым шыдамады. Ал, өлеңге деген өзіңнің пікірің әлгіндей болғаннан кейін, тағы да аузымды жұмдым. Айтқаныңа да, былтырлар (Қазақ әдебиетінде) жарияланған мақалаңа да ұйыдым. Сол үшін жым болдым.
Ауылдарыңда көсіле жаттым, көпіре сөйлей алмадым, оған әлі өкініштімін. Өзіңмен пікірлесер көп жайттар бары анық.
Алдымен ауыртатын-айналайын әдебиетіміздің тағдыры, әсіресе поэзияның. Қазіргі біздің поэзия – бәйгідегі тайдың жарысына ұқсайды. Әркім жал-құйрығын күзеп, бір тайын даярлап отырған сияқты. Демек озсын –озбасын, соны (тайды) сөреге әкелуді көздейді ғой, даяшылары. Поэзияға ашық күн көтерілген құйындай, өзі, үрейлендіре келгендеріміз (почти) жоқтың қасы. Балаңды ботаңды баулуға, бөлтірігіңді ауыздандыруға болар, бірақ ақынды ноқталап бәйгеге қосуға кім ерік бергеніңе таңғаласың. Бұл кінә деген емес…
Екінші – қазіргі біздің қаламдастарымыз (ақын болсын, жазушы болсын,) еліктеу дегеннің не екенін білмейміз. Есенин, Евтушенко (Вознесенский) дегенді, мүмкін 2964 жылы түсінермін, әзірге жоқ сияқтылардың трусигін теріс айналдырып жүрміз…
Мен өлеңдегі әннен гөрі, үнді жақсы көремін. Біз қарлығаштың ұшқанын, сайрағанын байқаймыз, (оны тірі адамдардың барлығы да сезінеді ғой) байқаймыз да, я қарлығашты басқаға басқаны қарлығашқа теңеуге» тең таппай қиналамыз. Тіпті қарлығаштың өзі болып, өз қанатымен ұшып, өз үнімен сайрасақ қайтер еді.
Әлгі білім ( Павловтың чутьесі (иісшілігі) осында керек-ақ. Ол, әрине, өлең ұйқастырудың емес, еңбектенуді керек етеді. Сондықтан қашамыз одан.
Біздегі тағы бір ауру – әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарға барғанда, алдымызда тұрған шың-жартасқа өрмелеп шығудан гөрі айналып өтуге тырысамыз. Оның күнгей жағынан төбесіне шығып аламыз да көкірек қағып, уралаймыз. Ал, оған шығу үшін қарманған, жол-жөнекей қиыншылықтар бізге бармағын шығарып қала береді…
Менің түйінуімше, біз табиғатты, махаббатты жырлауға машықтанып алдық. Ал, тіршілік ше, адамдардың күнделікті күйбеңі ше, көңіл күйі ше? Есі дұрыс пенденің дүниеге көзқарас пайымдауы ше?! (Бұл жерде Блокка бас ию керек!!!)
Проза туралы не айтамыз? Сын туралы ма? Сын жоқ, дау бар!!! Драма әлі бүршігін жарған жоқ! Зұлқарнайдың тағдыры ойландырады. Не деген жарқын жүрек, жақсы жан! Бірақ асау, өзіне-өзі ауыздық салмаса, ақыры не болады, білмеймін, ондай оймен, ондай жүрекпен үндемей кетсе, ит екен…
Айып етпе, ойымнан адасып қалдым. Көп-көп айтарым бар еді. Үй-ішіңе, анама мың сәлем! Ойы бірге, жаны таза азаматтарға дұғай сәлем!
Сырласып тұрсаңшы. Мұқағали. 15 март, 1964 жыл».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<