Мыңжылдықты болжаған Тұранның ұлы тұлғасы

844

0

Ақкісі1 қыраны еді, қия-құздың,

Мекені құндағында құла-дүздің.

Дегдарзат, нағашысы Мөңке бидің,

Жарқыраған сәулесі мыңжылғы іздің…

Автор

Түр айырып, тін тартып тектілерден,

Ұлы жұртты ұлылар мекендеген.

Сарыарқа, Торғай, Мұғалжар,

Үстірт жатыр,

Ұйысқан текеметте Тұран деген.

Бекзатты елдің ұрпағы өніп-өсіп,

Көбікті Көктеңізі2 көк тіреген.

Жейхун3, Сейхун4 жағасы құтты қоныс,

Кебір кеуіп, жағадан шөлді іреген.

Нарөркеш, бұйра жалды боз құмдардың,

Түбінде мол суы бар мөлдіреген.

Жеркіндігі байланған әз-Тұранның,

Жанары еді Күрдері5 жәудіреген.

Ел-жұртының тасытып берекесін,

Би-бектері дау шешіп, ел билеген.

Алты Әлімнің арқанат-қолғанаты,

Туымды ерлер Шектіден6 ен-дөреген.

Ұлытау қиясында мәңгі жатқан,

Ұлылардан ұлағат мәуелеген.

Оныншы буын болды Мөңке бабам,

Мың пайызды, ерпайыз – Едігеден7.

Текті тіннің дәнегі – Сүйінбике8,

Бесінші бел буыны – Жүсіп биден9.

Қағанағын нұр жуған дала төлі,

Сайыпқыран, сәруарлар Русьті иген.

Көрікші, көріпкелі, ойшылы бар,

Төскейінде шыңдалған батыр, мерген.

Ел қорғаны ерлерге серік болған,

Айтұяқты арғымақ, қында берен.

Көкаралдың көкжалы Көшім10 мырза,

Сібір билеп, сілемін түркілеген.

Әз-Жәнібек ақыны, ақылшысы,

Желмаямен жонында Асан11 желген.

Ұлы дала ұлдары бабаларым,

Жер-жаһанға ұранмен рух берген.

Сақ-ғұндардың жалғасы, жарықтықтар,

Жүрегінде күй ойнап, жыр түлеген.

Оғландары адал дос, жомарт жүрек,

Уызды анасынан жарып емген.

Ұлтының ұлы ойшылы Мөңке биім,

Көкірегі қазына, асыл зерен.

Замананың ағымын дәл басатын,

Тұлпардан тумыш туған, дүр-көреген.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөлде»,

Хандарға кеңес беріп, бас сүйеген.

Босқыншылық боздатып бойтайлағын,

Пана тапқан Тобықты Кіші жүзден.

Қырық үй көш келген-ді жан сақтауға,

Үш Олжай12 ардақтаған Айпарамен13.

Топай, Торғай, Ырғызбай бата дарып,

Үйіріне қосылған Сыр елінен.

Тамыры бір Үш жүзім, Мөңке бидің,

Рухтанған, «шерепет-шегенінен».

Ұрпақтың келешегін пайымдаса,

Сезімді айда ұйытып, аян көрген.

Дала ұлына мансапсыз «мағунатты»14,

Махфузында15 Жаратқан, өзі берген.

Қилы заман, қисапсыз соғыстарда,

Мір оғындай сөздері нала керген.

Болашақтың бедері жай тапқызбай,

Қанаттасып қасына қыдыр ерген.

Мыңжылдықты болжаған қайран абыз,

Қу құрықтап, қуарған Құрдым16 көрген.

Жер төсінен тоғытып ой-сананы,

Сафи17 сөзді сабақтап ғарышқа өрген.

Қарашыққа қақ тұрды ойлағанда,

Киелі кең даласын құлан желген.

Шылым, шарап, көкнәрдің18 кесапатын,

Ескертті, теңестіріп дүлей-кермен.

Салт-дәстүрге қам жеді, қайғы шекті,

Ғасырлардың қойнауы ірітпеген.

Пенденің табиғатын, ой-пиғылын,

Сарас көңіл саралап жіліктеген.

Адамзат құндылығын жеке жіктеп,

Алақанға салғандай айтып кеткен.

Оралдың ортамызға Мөңке баба,

Рухыңды құндақтап Ғайып-ерен.

Сәуле түсіп санама, түйсік түрткен,

Құдіреті әруақтың «өлмей-кезген».

Мың алғыс, Ұлы берген ұясынан –

Тоғайрағы19 тоғымды «Шекті-мекен» ?!

ТҮСІНІКТЕМЕ:

1. «Ақ кісі» – Әлім-Шекті, Қырғыз ата­лығынан тарайтын Ақкісі Барақұлы. Тілеуұлы Мөңке бидің анасы Сұлу Ақкісінің қызы.

2. «Көктеңіз» – Арал теңізінің ескі атау­ларының бірі.

3. «Жейхун» – Әмударияның ескі атауы.

4. «Сейхун» – Сырдарияның ескі атауы.

5. «Күрдері» – Арал теңізінің ескі атау­ларының бірі.

6. «Шекті» – Кіші жүз, Әлім руының бір тармағы.

7. «Едіге» – Ноғай ордасының негізін қа­ла­ған, Алтын орданың соңғы билеушісі.

8. «Сүйінбике» – регент ретінде Қазан хандығын билеген патшайым.

9. «Жүсіп би» – Едіге бидің бесінші ұрпағы.

10. «Көшім» – Көшім Баһадүр, Ноғай ордасында дүниеге келіп, Сібір хандығын билеген Шыңғыс қағанның соңғы ұрпағы.

11. «Асан» – Асан қайғы, мемлекет қай­раткері, Арал өңірінің Сырдария жаға­лауын мекен еткен.

12. «Үш Олжай» – Арғын, Тобықты руының бір тармағы.

13. «Айпара» – Абайдың төртінші атасы Айдостың әйелі, Ырғызбайдың анасы.

14. «Мағунат» – адамдардың құлағына сыбырлап, оқиғадан хабардар ететін аруақ түрі.

15. «Махфуз» – тағдыр тақтасы.

16. «Құрдым» – Ырғыз алабындағы бат­пақты, ұйықты тұйық көл.

17. «Сафи» – таза, адал.

18. «Көкнәр» – Апиын (Опий), наркотик.

19. «Тоғайрақ» – тоқ ішек, қатпарлы қарын.

Сөйлеген сөзі – сом алтын

Миуалатып суырған әрбір сөзін,

Шымырлатып өндірген бұлақ көзін,

Адамзаттың әлемі мойындаған,

Ұлы баба, Мөңке би қасиетін.

Ұрпаққа жалғастыру бізге парыз –

Аманатын, дүр-жауһар дүниесін.

Нұр ниетті демей көр, жеті жаста,

Билікке араласып, дау шешкенін.

Әулие демей көрші, қыдыр қонып,

Мыңжылдық ұлы жолға із кескенін.

Ғайыпты демей көрші, тіршілікте,

Ғаламдық құбылыспен тілдескенін.

Әділ би демей көрші, дау шешкенде,

Мың түйінді тарқатып, бір кескенін.

Ұлы ойшыл демей көр, ұлағаты,

Әлі тартып келеді керуен теңін.

Жұлдызшы демей көрші, зерделеген,

Ауа көшіп Үркердің үріккенін.

Жеті амалдың тамырын басып тұрып,

Сақтандырған күнбұрын шаруагерін.

Жанар от, ғасыл қаннан таниды екен,

Көзқарақты, қайыспас қамшыгерін.

Сыншылдығы бір төбе, қонағының,

Қылығынан ұғыпты бар пейілін.

Қамқоршы демей көрші, ел-жұртының,

Тілеген, ыдырамай біріккенін.

Мұсылман демей көрші, мақсат еткен,

Тілі, ділі, дінінің кіріккенін.

Ұлағат, мейіріммен айналасын,

Тәрбиелеп, термеген ақау-мінін.

Қиампұрыс қилы жол үзе алмаған,

«Құмай пора»1 жүйріктің текті тінін.

Сомжүрек, шешен-шайыр демей көрші,

Тот баспайтын даланың Наркескенін.

Саясаттың сан қыры мұқалтпаған,

Данышпанын, даланың көріпкелін.

«Түркінің қыраны» деп айдар таққан,

Көгенінде нұрланған ердің ерін.

Сөйлеген сөзі сом алтын, Мөңке бидің,

Мәйегінен ұйытқан сөздің кенін…

ТҮСІНІКТЕМЕ:

1. «Құмай пора» – Сыр шайырлары құстың асылын, жүйрікті «Құмай-пора» деп атаған.

… Бұл дүние көрсең де жүз дөп-дөңгелек, Бәрі су дүнияның, қыр-төңірек. Ортасы ошал судың төрт қысымда: Қара жер, дария, теңіз – бөлек-бөлек. Кесілген төрт қысым­ға ықылымдары, Айтамын атауларды жөні бөлек: Азия, Европа, Африка, Америка астың­дағы жерге дерек…

Ру атауымен «Қарасақал Ерімбет» атан­ған, қазақтың жазба ақындары арасынан жердің дөңгелек екенін алғаш айтқанның бірі, Сырдың дарабоз  шайыры Ерімбеттің «Қы­рық кеп» атты 1910 жылы жазылған танымдық толғауынан …

Автор

Шайырдың шешен данасы

(Ақша батыр ұрпағы Ерімбет Көлдейбекұлы атамның рухына

арнаймын)

«Сыр – Алаштың анасы»,

Ешкімнің жоқ таласы,

Сүлей-дүрді түлеткен,

Шебер сөз ұстаханасы.

Бәрі жүйрік, сыр-нақыш –

Кемелді ойдың сарасы.

Дөңгелек дүние назарда,

Мірдей-ді берген бағасы.

Ерімбетті атады:

«Шайырдың шешен данасы».

Аруақты ер бұлты бар,

Қалт кетпейтін наласы.

От шашып әркез тұратын,

Көзінің ағы-қарасы.

Сусыны шығыс ілімі,

Жүйріктің асыл порасы.

«Жер дөңгелек» деп айтқан,

Шайырдың өлшем-пардасы.

Көлдейбекұлы Ерімбет,

Ұшқыр ойдың ардасы.

Сөзінен сөздік құраған,

Қазақтың дана Нұртасы1 …

ТҮСІНІКТЕМЕ:

1. «Нұртас» – Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінің авторы Нұртас Дәндібайұлы Оңда­сынов.

Даража БАЛАПАН,

заңгер, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,

Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі