Жолтай Жұмат 1957 жылы 14 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Қыраш ауылында дүниеге келген. 1991 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің аппаратында, Президент пен Үкімет апараттарында референт, консультант, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары секілді қызметтер атқарып келеді. Бүгінде Республика Үкіметі Үкіметтік басылымдарының Бас редакторы.
«Біздің команда», «Күн тәртібі», «Жетім жұлдыздар», «Сұлтанбек Қожанұлы», «Нәзір Төреқұлұлы», «Найзашың», «Әуезовке қайта оралу», «Қызыр қонған Түркістан», «Сұлуды сүю», «Қасиетті мекендегі қала», «Ахмед Ясауи қаласы», «Әзірет Сұлтан аңызы», «Зов свободы» секілді кітаптардың, «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ», «Күлкі мен жас» романдарының, бірнеше драмалық шығармалардың авторы.
Бүгін оқырмандарға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлының «Өмір дәурені» әңгімесін ұсынбақпыз.
***
– Әй, қатын! Таксиші қатын! Тоқта деймін, сені шақыртқан мына мен…
Басына көкшіл орамал тартып алған көк көз келіншек автокөлігінің тежегішін басып, дауыс шыққан жаққа көңілсіздеу кейіппен бұрыла көз салған. Жүгіре басып келе жатқан ықшам денелі жұмырбастының киім киісі еркек, ал даусы – әйелдікі. Үстінде – қызыл түс тері куртка, бұтында – джинсы шалбар, екі тізесі де шұрқ тесік. Шашы қызыл бояуға боялған, бірақ тәртіп жоқ, кең даланың көзге оғаш тікен шөбіндей жөн-жосықсыз қобырап кеткен, түрінен кісі шошығандай.
– Черт, таксист қатын! Мені осынша жүгірткенің не сенің, а?
– Мен көрсетілген әдіріс бойынша келе жатырмын.
– Әдіріс! Әдіріс дейді ғой тағы да. Әдіріс десең, міне, ол үй – осы! Мына тұрған коттедж…
Даусы тарғылданып, барқылдай шығып, кейде дөрекі еркектің, тіпті ақырма есектің үніне де ұласып кетіп жатқандай. Не де болса бір лауазымды адамның, әлде байлығы асып-төгілген кәсіпкердің еркетотайы шығар деп ойлап, ары қарай сөз таластырмауға тырысты да, ол артқы орынға жалп етіп отыра кеткен сәтте:
– Қайда апарайын? – деді.
– Қайда қаласаң, сонда…
– Маған, бағытты айтыңыз…
– Тура жүре бер.
– Құп!
Автокөлік орнынан лып еткен. Қаланың жалт-жұлт еткен теп-тегіс асфальт жолымен тұп-тура, алға қарай жылжып ала жөнелген. Сәлдесін барар бағытында анықтап, өзі үшін айтар деген оймен арттағы келіншекке аса назар салмап еді, кенет… ол бар әдепті жиып қойып, қорсылдап жылаулы кейіпке көшті. Сол сәтте ғана еріксіз айнадан көз тікті: джинсиының белін босатып, үстіндегі тар куртканы шешіп, жеңілденіп алыпты; енді тіпті кеуде тұсын жасырып тұрған ақшәйі кофтасын да сыпырып тастауға бейіл; арғы жағынан алқызыл түсті емшекқапайбарақ сала, көзге менмұндалап көрінеді…
«Е, әлденеге аса қатты күйзеліп, үйден шығып кеткен болды ғой бұл бейбақ!» деп ойлады такси жүргізуші. «Мұндай сәттер маңдай соры бар қай әйелдің де басынан өтіп жатады, осы күнгі еркектерде ес қалды ма? Қатын қадіріне жетер, бағасын білер ақыл-есі түзу ер азамат табу да қиындап кеткен кер заман-н…»
– Таксиші…
– Тыңдап тұрмын…
– Атың кім, а?
– Атым – Шарбанкүл.
– Фи! Дарақы қазақ та қоя салады осы. Мағынасы жоқ… Ал, менің есімім – Лалагүл.
– Жақсы есім…
– Анау-мынау емес, Лала… Басқа ұлттың өкілдеріне де, егер еркелетіп айтам десе, оп-оңай: Лола…
– Оларды қайтеміз…
– Олардан бәрібір қашып құтылмаймыз. Құтылмаспыз да…
– Неге?
– Осы қазақты түсінбей-ақ қойдым. Қайсысымен тілдессең де, көктен түскендей кергіп, аспандап сөйлеп тұрады. Қазір жаһандану заманы, ол қай халықты да жұтып қоюы әбден мүмкін… Тіпті жұтылып та жатыр…
– Қалай десек те, әр қазақ өз ұлтының жағдайын көбірек ойлап қойғаны бек ләзім. Елді сақтап қалу үшін – ұлттық сезім деген асыл төзім өте биік тұруы керек-ақ. Ол үшін өзге ұлт өкілдері әсте ренжімеуі тиіс. Ренжуге жол жоқ…
– О-о, – деді Лала. – Сен өзі… жәй бір автожүргізуші ме десем, тұнып тұрған философ екенсің ғой… Есер де есерсоқ еркегі қаптаған мына алағай-бұлағай қоғамда жәй қатын таксиші бола ма әйтпесе…
– Философия қайда, біз қайда! Тек… өмірдің үйреткенін айтып жатқаным да. Айтпақшы, біз қайда барамыз? Барар жерді айтқан жоқсыз…
– Ешқайда да барғым келмейді.
– Ендеше есіңізге салайын: мен такси жүргізушісімін. Бір нүктеден екінші нүктеге жеткіземін де, тиісті ақыпұл алып, қош айтысамын.
– Білемін.
– Білсеңіз, менің де жағдайымды ойлаңыз.
– Түсінем. Такси жүргізушіге керегі – ақысын төлеу! Ол жағынан қам жеме. Керек десең, алдын-ала төлеп қоюға да қарсы емеспін. Міне, ала ғой.
Емшекқабының арасынан бүгінгі алағай-бұлағай қоғамда қаласаң да, қаламасаң да аса құнды, бағалы көкшіл қағазды – жүз долларды суырды да, Шарбанның алақанына тықты.
– Бұл басы деп біл. Аз десең, тағы да беремін.
– Әзірге жетеді.
– Ендеше алға қарай заула. Қатты емес, ақырын жүр. Асығудың да керегі шамалы…
– Міндетім – кісі тасу! Соған ылайық ақысын алу. Сіз мұны орындадыңыз. Енді сізге қызмет ету ғана қалды біздей пақырыңызға… Аптығып қайтем…
Көлік көше шетіне де тақап қалған. Жүргізуші келіншек тағы да бұрыла тіл қатып:
– Жол қазір тұйықталады. Ары қарай не істейміз? – деген.
– Сол жерге жеткен соң, бір шетке ығыс та, тоқта.
– Жарайды.
Лаланың айтқанын істеді. Жол жиегіне ығысып, көлікті тоқтатты. Моторды өшірді. «Енді не дер екен» деп келесі «бұйрықты» күткен.
– Мен аз-маз мызғып алайын…
* * *
Кенет… қорқынышты түс көрді ме, тітіркенген сәбидей селк ете қалып, Лала сілкіне қақжаң етті. Ояна салды да:
– Біз қайдамыз? – деп сұрады.
– Жол жиегінде.
– Сен кімсің?
– Мен такси жүргізушісімін.
– Атың… иә, есімде. Шарбан дегенсің. Шарбан, мен саған өзім туралы айтқаным жоқ. Ықыласым жоқ, десе де, бір жайтты еске салғаным жөн…
– Ниетіңіз болмаса, әуреге түспеңіз,керек емес.
– Мәселе – ықыласта ма? Кісі деген жұмбағы көп жаратылыс. Кей-кейде көп нәрсе сенің ықылас-ниетіңнен тыс жасалып жататыны бар. Мына менің тағдырым сияқты…
– Сіз, байқаймын, ебі мен тегі қиюласа қалған озық отбасынан шыққан бойжеткен сияқтысыз. Неге өкінішіңіз басым?..
– Өкініш! Жо-жоқ, олай деп кесіп айтпа, бәрі өкініштен құралмаған. Менің тағдырымда аса бақытты сәттер де, тым кермек тұстар да бар: оның қайсыбірін еске түсірейін…
– Қалада туып-өскенсіз бе?
– Қала! Қала қайда біздей пақырыңа! Ауылда туған, ауылдың май топырағын басып өскен қыз едік бір кездері. Арада жылдар жылжып өтіп, бүгінде не ауылда емес, не қалада емес – бос сенделген бір тірлік…
Ол аз-кем үнсіз қалды да:
– Мен саған бар шыным мен сырымды бүкпесіз ашып салсам ба деп көңіл шешімін жасап отырмын, – деді өзінен-өзі мейірлене сөйлеп. – Ал, жалпы, осы уақытқа дейін жан баласына жақ ашпаған жайым бар. Оның керегі де болмаған. Айтып не қажеті бар мұндайды…
– Айтам десеңіз, тыңдауға бармын. Тек… үш сағаттан асып барады, ақысы да өсіп кетпей ме деп…
– Қанша керек?
– Қанша уақыт тұратынымызға байланысты…
– Ендеше, мынаны ал.
Тағы да екі «көк қағазды» жылтың еткізіп, Шарбанның иығынан асыра ұсынды.
– Жете ме?
– Әлбетте! Енді әңгімеңізді тыңдауға бейілмін. Мен асықпаймын…
* * *
– Мына біздің қоғамда… анайылау айтсам айтып етпе, қиюы келе қоймас һәм орындалуы қиын көрінетін көп шаруаларды екі бұттың ортасымен бір-ақ демде тындыра салу бек мүмкін екен, соған анық көзім жетті, – деп әңгіме бастады Лола-Лалагүл.
Шарбан аң-таң. Жасы, шамалап алғанда, отызға енді ғана ілінген жап-жас келіншектің әрбір сөзі таудан домалаған томар тастай. Әйелдік нәзіктіктен гөрі еркек мінезділігі басымдау. Тік айтады. Кесіп сөйлейді. Дөрекілеу үн шығарып, дүңк-дүңк етеді.
– Қорқып қалдың ба! Еш қорықпа. Менің жасым отыздан енді асса да, қысқа ғұмырымда көрген-білгенім жүз жылға пара-пар.
– Сонда… қандай қызметте болдыңыз?
– Қызмет! Қызмет деген не тәйірі? Оның кімге керегі бар, а?
– Енді… кісі өзін-өзі қамтамасыз ету үшін бір жерде қызмет істемей ме! Мысалы, менің жасым қазір қырық бесте, амал жоқ, күн көріс үшін такси жүргізушісімін…
Лала ішек-сілесі қата күліп берсін. Күліп алды да, дереу езуін жия қойып:
– Бір мекемеге жіпсіз байланып қалғандарды, шын сөзім, қатты аяймын, – деді. – Ол бейшаралар әлдекімдердің басыбайлы құлы іспетті, қызметтегі басшысы айқайлап жіберсе, іннен інге тығылады. Сол да өмір ме?
– Қалай десек те, бір кісі бір кісіге бағынышты. Қоғам әу бастан солай қалыптасқан. Ортақ іс өрге басуы үшін тәртіп те керек… (Таксишінің сөзі)
– Тәртіп! Тәртіп дедің бе? Ерунда! Бұның бәрін де ойлап тапқан – ат төбеліндей ғана билік басындағылар. Міне, солардың басымдығы мен билігі үшін керек зат. Керек қана емес, аса қажет тетік! Барынша былығып, быт-шыты шығып, айқай-ұйқайы көбейген қоғамды басқару да қиын. Сосын да… (Лала тоқтап қалған)
Шарбан да осыдан соң, көңіл делебесі қоза түсіп, әңгімеге қызу араласып кеткен. Өз ойындағысын айтпаққа құлшынды.
– Ал, еркіндік… Ол не? Оның да шегі болмай ма! Шексіз еркіндік адамды оп-оңай адастырып, орға жығып өлтіріп тынбасына кім кепіл?
Қызыл шаш бұл жолы да саспады. Темекі алып, оны тұтатты да, екі-үш сорып, сыртқа лақтырып жіберді. Сосын былай деді:
– Өз еркіндігіне өзі бас иелік жасай алмаған адам – барып тұрған ақымақ! Малғұн-н…
– Бұныңа қосылуға бармын.
Осы сәтте жалт қарап:
– Е, бәсе! – деді. – Бағаналы бері маған «сіз, сіз» деп сыздиып отыр едің, ендігің дұрыс. Сен деп сөйлескен жүрекке жылы ағыс құйып, жағымды естіледі. Арадағы кедергі жойылады. Еркін әңгімеге есік ашады…
– Мен сен деп жібердім бе? Бар кісіге тек сіз деуші едім…
– Оқа емес. Екеуміз бүгінгі түні жүрек тілімен ғана сырласып байқайық. Ең әуелім менің тағдырымды саралап-салмақтайық. Қателігім де көп шығар, алайда өмірден қарпып-қарпып алғаным да аз емес… Тапқаным да қомақты…
– Сонымен… бәрі неден басталып еді? Ретімен әңгімелеп көрші, қане! Көңіл қоя тыңдап байқайын…
– Ендеше, құлақ тос! Бұл сыр – келістік қой, тек екеуміздің арамызда ғана қалуы керек…
– Уәде!..
* * *
– Анайы болса да саған бүкпесіз айтып салдым, бұттың ортасымен де қиын түйінді оңай тарқатасың демедім бе жаңа! Сен бұған таң-тамаша қалып, тым дөрекі сөйлейді екен деп іштей жақтырмай, мендей желауыз келіншектен тартыншақтап отырған шығарсың. Ал, расына келсек, бұл нағыз өмір қағидасы… Менен емес, өмірден үрей ізде ендеше…
…Алыс ауылда өскен, қулық-сұмдықтан мүлде бейхабар, қазақтың қара қызы қалаға қадам басты. Оқуға түсуді армандады. Өзі қатарлы қыздар секілді жақсы киініп, жасанып жүріп, өмір кешсем деп армандады. Бірақ… тағдыры тайғанақ мұзға тап келіп, тірлігінің әр сәтінен ши шыға берген. Оқуға түсе алмады. Елге қайтып кетуге бет жоқ. Қалада жұмыс табу да қиынның қиыны. Ешқандай жоғары білімі жоқ қазақ қызының майданынан кім сипай қойсын! Сөйтіп, анда ұрынды, мында ұрынды – әйтеуір өлдім-талдым дегенде шаһардағы ең үлкен мейрамхананың біріне даяшы болып орналасқан. Сол-ақ екен, айы оңынан туып, жолы оңғарылып жүре бергені.
Мейрамхананың құрметті кісілерге дастархан жайылатын арнайы залы бар, оған күн құрғатпай қалталы ағалар келіп, түн жарымына дейін арақ ішіп, карта ойнап, әй бір думандатады дейсің! Мекеме иесі Лалаға сол кіші залды сеніп тапсырып жүрген. Басшы айтты – заң, түн жарымына дейін әлгі желауыз ағатайлардың мылжың да түбі жоқ мақтангершілік әңгімелерін тыңдап, айтқан нәрселерін сол заматында жеткізіп отырушы еді.
Күндердің күнінде… бір қалталы ағатай – Қалыпбай бұның білегінен ұстап тұрып:
– Түнге қарай жоспарлап қойған шаруаң жоқ па? – деген.
– Түнде қайда барушы ем. Сіздер кеткен соң ұйықтаймын.
Қозы қарын ағасы қарқ-қарқ күлген. Күліп алып, былай деген:
– Мен де сол ұйқы жайынан сездіріп тұрмын. Бәлкім, бірге демалсақ…
Тұнық көңіл қыз оған шошына қарап, үркіп тұрды. Үп-үлкен кісіден тап мынадай ұятсыз емеурін естимін деп ойламапты. Білегін тез-ақ жұлып алып, жылдам-жылдам басып кетіп қалған.
…Ертесіне тағы да сол топ жиналыпты.
Тағы да күндегі әдет бойынша тиісті тапсырыс жасап, гу-гу әңгіме өрбіп жүре берген. Лала қаша сөйлесіп, сұрағандарын жеткізе сап, сыртқа ұмтылып тұрған сәті-тін, бір кезде бастығы келе қалды. Келді де:
– Әй, қыз…– деді. – Сен біз үшін аса сыйлы қонақтың меселін қайтарып, бетінен алып тастағансың ба?
– Жоқ, ағатай! Мен ештеңе дегем жоқ.
– Айтыпсың! Ол кісі қатты ренжулі.
– Неге? Не үшін?
– Оны мен қайдан білем! Ал, сен… осында жұмыс істеп, ақы алам десең, бүгін Қалыпбай ағаңның не үшін ренжігенін анықта.
– Қалай анықтаймын?
– Ол жағын өзің шеш. Өз шаруаң…
* * *
– Елге сыйлы атанып, шалқақтап жүрген ағатайдың көңіл түкпіріндегі кілкілдеп тұрған сасық арманы оп-оңай ашылды! – деді Лала. – Онысын көп бүлтелектеп, еш жасырмастан «менімен бір түн болсаң, жетіп жатыр, еш қорықпа, сосын қалағаныңды орындаймын» деді.
Жаныма қатты батса да, қылар айлам жоқ, арсыз ағатайдың ыңғайына көне бердім, әйтпесе тағы да жұмыстан қуылып, далада қаңғып қалар түрім бар-ды.
…Түнді бірге өткізу дегеннің түпкі нысанасын, жас кезім ғой, сол кезде аса түсінбеппін, тіпті оған мән бермеген де екенмін. Сырт көзге сыйлы ағай – Қалыпбаймен оңаша қалған сәтте жүрегім дүрс-дүрс соғып, алқымыма тығылсын.
«…Енді не өтініш айтар екен? Үлкен жерде қызмет істемей ме, жүрек айнытар анайы шаруаға бара қоймас-с…»
Өзімді осылай жұбатып қойып, бойымды жинағансып, емін-еркін әңгіме айтуға ыңғай берген сәтім еді, кенет ол:
– Жат мына төсекке! – деп бұйыра сөйледі.
Зәрем зәр түбіне кетсін.
Жатпасқа тағы да амалым жоқ.
Ол жартылай жалаңаштанып алып, менің жаныма төңкеріле құлады. Әуелі мойнымнан, сосын тамағымның астынан құшырлана иіскелеп алып, содан кейін шиедей ерніме желімдей жабысты.
– Ағатай, ауырады…
– Ештеңе етпейді. Әлі-ақ үйреніп кетесің.
– Ағатай, осымен тоқтатсаңыз қайтеді!..
– Жоқ! – Ол айқайлап жіберді. Айқайға басты да, омырауыма қол салып, кеудемдегі түймелерді бырт-бырт үзіп жатқан. Одан арғы жағын еске алудың өзі қорқынышты.
Бір сәтте көзіне көзім түсіп кетіп еді, аш бөрінің тойымсыз жанары сияқтанып, кеудемді қарып өтті. Осы мезетте Қалыпбай аға адам емес, нағыз айуан бейнесіне ауысып кеткендей көрінді маған…
Мәдениетті ағай мені аяған жоқ…
…Алайда, сол ағатай былайғы өмірде аса жаман кісі көрінбеді, мені еркекке тән бірайтар мінезімен еркелетіп-ақ бақты.
– Маған тоқал болсаң қайтеді! – деп сұрады бір жолы.
– Тоқал дегенді түснібеймін.
– Ендеше, осылай-ақ жүре берелік. Тек… айтқанымды орындап отырсаң өзіңді төбеме көтеремін.
Еркек нені көп қалаушы еді, бар арманы – қарақан басының қажетін, яғни нәпсісін қанағаттандыру…
Арада ай өтті. Жаз бен күз жылжыды. Уақыт өз ағынымен жүзіп бара жатқан.
…Бір күні әлгі ағатайым маған тосын ұсыныс жасады.
– Үш күннен соң алыс шетелге іссапарға аттанып барамын. Қаласаң, менімен бірге сапарлап қайт.
– Жұмысты қайтем? Оның үстіне қалтамда басы артық қаржым да жоқ…
Қалыпбай аға ал кеп күлсін. Күліп алды да:
– Ақша жағын уайымдама. Мен «бірге жүр» деп шақырып отырмын ғой, – деді. – Қызметіңе келер болсақ, оны да реттеймін. Саған зияны тимейді…
Сөйтіп, бір жеті бойы емін-еркін бой жазып, алыс шетелге қыдырыстап қайттым. Өмірі естіп-білмеген жерлерімді араладым, шетелдің тіршілігіне таңданып оралдым. Ол жақта бәрі де оп-оңай: ешкім ешкімді аңдып отырған жоқ; кімді сүйем, кіммен қыдырамын деп бас қатырмайды екен; қызметте де әміршілдік мінез байқамадым; әркім өз ісін біледі, жауапкершілікпен атқаруға тырысады…
Сол сапардан орала бере көзім ашылып, оң-солыма қарағыштадым. Енді мен де ағатайыма талап қоя бастадым.
–Официант болудан шаршадым.
– Енді не істегің келеді?
– Бір фирма, не компанияда менеджер…
– Орындаймын, жаным….
…Менеджер деген аса қызық жұмыс. Өз бойыңа өзің үнемі көңіл аударып қарайсың, көптеген іскер азаматтармен араласасың. Өз уақытыңа өзің бас иесің. Қашан, қайда демаламын десең де, еркің бар.
Сондай сәттерді пайдаланып, ауыл жаққа да барып қайттым. Кәрі анам менің қалада жұмыс істеп жүргеніме қатты қуанып, көршілерге мақтана әңгімелеп жатқанын да құлағым шалды.
– Білесіңдер ме, менің қызым екінің бірі қол жеткізе алмас қалада қызмет атқарады. Оны жұмыс орнындағылар қатты құрметтейді екен. Іскер ғой менің құлыншағым…
Көрші кемпірлер:
– Әй, тусаң осылай ту!
– Қызың болса, осындай-ақ жарқ етсін! – десіп, таңдай қағып жатты.
Елден кетер кезде анам:
– Құлыным-ау, артыңнан ерген інің бар, оның тағдырын неге ойламайсың? – деп, көңіл арманын сездірді.
– Оқығысы келе ме?
– Әрине, оқиды.
Сол да сөз бе екен, ағатайыма айтып едім, оқу жайын тез-тез шешіп бере қойғаны. Інім қаладағы үлкен оқу орнының біріне студент атанды.
Ол ғана емес, кейінгі жылдары ауылдағы жақын туыстардың балағында биті бар балаларын бір-бірлеп оқу орнына түсіре бердім, түсіре бердім.
Қазір ойлап қарасам, солардың алды өмірден өз орнын тапқан: өз інім қаладағы бір мекемеде білдей қызметкер екен, қалғандары да жерде қалып отырған жоқ; өз беттерінше әрекет етуде…
* * *
– Бәрі де жақсы еді, – деді Лала аз-кем күрсініп алып. – Бірақ, өмір тек осылай сәттілікпен өте бермесі тағы бар екен, оны жастау кезде ақыл-таразысына салып, салмақтап-ойламаппын.
Ағатайым жақсы кісі дедім ғой, алайда өз отбасы, өз бала-шағасы бар, күнбе-күн жылтыңдап, менімен қашанғы көңіл көтере берсін. Арада жылдар өте бере көңіл салқындығын да байқадым, арамыз алшақтап, тым сирек кездесіп жүрдік. Оның үстіне өзім де ойландым: менің бұл жүрісім – қай жүріс?
Сондай күндердің бірінде біздің офиске шашын қысқа етіп қиған, өте сәнді киінген бір еркек маңғаз басып кіріп келген. Сөзге тарттым. Екеуара әңгіме барысында байқадым: басы бос, өзіне тең боларлық жар іздегендей екен.
Іздегенге сұраған. Қылымси сөйлеп, оның көңіл қыбын табуға тырысып бақтым. Ол да мұны әп дегеннен аңғарған сыңайлы.
Қысқасы, сол күннен бастап, екеуміз жиі-жиі кездесіп, ең қымбат мейрамханадан ас ішіп жүрдік.
Бір күні ол айтты:
– Сені өте жақсы көремін. Алайда…
– Не жағдай?
– Мен отбасын құру үшін тәрбиелі қыз іздеп едім.
– Ал, мен ше?
– Сен енді… қалай десем екен, былай жақсысың, тек отбасы құруға…
– Түсінікті! Кәрісің дегенің ғой, ә!
– Жоқ, ол ғана емес.
– Тағы не?
– Арғы жағын өзің де түсініп тұрған шығарсың.
Маңдайымнан біреу қос қолдап ұрып қалғандай болып, есеңгіреп кеттім. Мынадай кермек сөзді есту маған аса ауыр тиген-ді.
Осымен барлық ізгі ой-арманның көкжиегі тарылып, жолының күл-талқаны шықты. Оның жасырып жүрген ішкі ойы тез білініп, екеуміз екі жаққа кеттік. Қайтып көріспедік.
…Көп уақыт бас қатырып, жиі-жиі ойлап жүрсем де, мен үшін отбасылық бақытты өмір деген әлем өз есігін ашпай-ақ қойды. Кіммен жолықсам да, бар ықылас-пейілі төсек айналасынан ұзап кете алмай жатады.
Мейлі! Бөріктінің бәрі тап осындай екен, ендеше мен де қарсы қайрат қылуға шарт буындым.
Содан бері қарай, мейрамханалар мен түрлі жиын-тойларда шалқып отырып сөйлеп, бүкіл елге тегін ақыл айтатын ағатайларды аңдып, уысыма түсіруді ойлайтын болғам. Маған ең тиімдісі – солар!
Қолыма бір түскен соң, не айтсам да орындатамын: жағдай айтып күмілжіп жатпайды; дегенімді оп-оңай жүзеге асырады; тілегімді орындайды…
* * *
– Осы қалада, Шарбан, сенесің бе, менің үш бірдей бауыр-туысым тәп-тәуір қызметте, – деді тағы да әңгіме өзегін жалғастыра түсіп. – Ал, солардың шаруасын шешіп берген кім деп ойлайсың? Әрине, менмін.
– Ақша жүрді ме, арада… – деп Шарбан да ынтызарлықпен сұраған.
– Ақша деймісің? Рас, ақшаның да көп нәрсені шешіп жіберері бар. Бірақ, еркектің ең нәзік, ең осал жері неде екенін бағаналы бері аңғартқан сияқты едім. Сен соны да білмейсің бе осы күнге дейін…
Күліп алған. Ұзақ күлген. Содан соң, бет терісін қайта түзеп, қайтадан сөзін жалғаған.
– Мына тырнақтай тірлікте еркектен аңқау, еркектен аңғал, еркектен ақымақ ешкімді көрмеппін, – деді. – Егер басында торғайдың миындай миы бар мекер қатын кездессе, кез-келген еркегің оның қолындағы ойыншыққа айналып шыға келмекші. Мен бірақ, олай еткем жоқ, ешбір бөріктіге арамдық пен зұлымдық жасаған емеспін. Рас, өз дегенімді орындатамын, бар болғаны сол ғана…
Демі әп-сәтте жетпей қалғандай қыстығып, деміге түсіп, сөзін үзе берген. Шарбан оның әңгімесін соншалық қызығушылықпен, аузы ашыла тыңдап отырған. Аз-кем үзілісті пайдаланып:
– Жер бетіндегі еркек біткен тап солай ма? – деген.
– Күдігің бар екен, мен саған мынаны айтамын, – деді Лола. – Біздің қоғам осы кезде екі топқа бөлініп кеткен. Бірінші топта, әрине, нәпсіқұмар, өз жан рахатын ғана ойлаған бөріктілер тұрады, олар өте көп. Ал, екінші топта… олар сөз жоқ, азшылық, өзінше ар-ұятты ойлағандар… Ондайларға, шынымды айтсам, түкіргенім бар…
Кішкене ентіге, демін ішіне тартты да, қайта жалғап:
– Әттең! – деді. – Әттең, сондай өзінше ар-ұятшыл, иман іздегіш, тым тартыншақ еркектер жоғалып бітсе, мына біздер де «жезөкше», «жеңілтек келіншек» деген атқа таңылмас едік. Емін-еркін өмір кешіп, тіршілікті шалқып-ақ өткере берер едік…
– Түсінбеймін! Шарбан осы жолы өз ойынан хабардар етті. – Неге біз ұяты бар ер азамат көрсек, оларды қақпақылдап, мазақ етуге, масқаралауға ынтығып тұрамыз? Сүрініп кетсе екен деп мысық тілеу тілейміз! Егер өзіміз өмір сүріп жатқан қоғам таза да шыңылтыр болса деп армандасақ, онда жаны таза, ары биік еркек кіндікті аспанға көтермес пе едік…
– Ха-ха! – деп күлді Лола. – Міне, ғаламдағы ұлы қателік тап осы жерден бастау алып жатыр. Адам кім? Ол да – жәй пенде. Ал, пендеге бәрі де жарасады. Нәпсіні ойлап тапқан мен емес, сен де емес, ол – жаратылыстан. Демек, жаңағы сен айтып отырған еркексымақтар сол жаратылыс заңына мүлде қарсы, өз қиялына ғана сүйеніп, өмір сүргісі келеді. Бұл, сөз жоқ, қатерлі қателік…
– Ал, бүгін… неге осынша ренжулісің? Ақшаң бар, жағдайың жақсы екен. Неліктен осынша қиналдың?.. (Такси жүргізушінің сауалы)
Лала бойын тіктеп отырды. Даусы да жөнделді.
– Осы бүгін… тұңғыш рет жүн білек, жуан мінез еркексымақтан қатты сөз естідім, – деді. – Ол мені қорлады. Арыма тиетінді аяусыз боратып айтты. «Сен секілділер түзу қоғамды тастаққа сүйреп, өмірдің ыстық ұясын таптап-бұзады, ана деген ардақты аттан садаға кет, салдақы…» деді. Онымен қоймады, мені «жезөкшесің», «арды аяқ асты еткен арсызсың» деп жекіп сөйлеп, желкемнен нұқыды. Жұдырықтады.
– Ол кім? Саған бұйрық бере сөйлейтіндей қандай еркек? (Таксист!)
– Саған тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Ол – үлкен лауазымдағы адам. Ашуланса, мен тұрмақ, он, тіпті жүз адамды да бүріп алып, түрмеге тыға салатын құдіреті бар жан. (Лала…)
– Ал, оған… қайдан тап келдің? Қалай кездескенсің? (Таксист!)
Лала тағы да сыңқ-сыңқ күліп жіберді де:
– Қандай аңқау қатынсың, а? – деді. – Айтпадым ба әлгінде. Барлық еркектің де әуселесі белгілі. Оларға төмен етектілерден бір-ақ нәрсе барынша керек. Қиялындағы аңсар-ойын дөп бассаң, оны уысыма түсірдім дей бер… Ол – сенікі…
Шарбан сонда да әңгіме төркінін толық ұға алмай:
– Уысыңа түсірген екенсің, енді неге таяқ жедің? – деген.
– Бәріне өзім, жо-жоқ, өзім емес, сөзім кінәлі! Айтып қалып ем: «Әлемді еркектің ақылы емес, қатынның бұты билейді» дегем. Сол-ақ екен, екі көзі аларып, шарт-бұрт ашуланып, долданып ала жөнелсін. Тоқтату мүмкін емес. Айтпаған сөзі жоқ. Жер-жебіріме жетіп, ақыры үйден қуып шықты. Масқаралап барып қуды… Бәрін де тілімнен таптым…
Кілт тоқтап, басын төмен салып, үнсіз отырып қалған.
– Қатты кеткен екенсің өзің де, – деп Шарбан жұбатқансып сөйлей бастағанда, тағы да басын кекжең еткізді.
– Бәрібір, мен өз дегенімнен қайтпаймын. Айтқаным – айтқан! Мына қоғам осылай алағай-бұлағайланып тұра берсе, еркектер тап осынша есерленгенін қоймаса – қатынның айласы бәрін де реттейді. Бәріне де мәтіби билігін жүргізеді.
Осымен сөз де тәмам.
Енді ес жинағандай, қызыл тері курткасын киді де, қызыл шашын түзеп, «мені үйіме жеткізіп сал» деді. Таксиші келіншек автомашинасын орнынан қозғады.
* * *
Қызыл шаш келіншекті өзі тұратын көпқабатты үйдің жанына қалдырған соң, қайтадан көшеге түсіп, жүріп келе жатып, Шарбан өз өмірін ойлап, қатты қиналып қоя бергені. Күйеуі арақ ішуге әуестеніп кетіп, күндей айқай-шу болып, ақыры тұз-дәмі жараспады. Сосын ажырасып кетті. Жалғыз қызы жоғарғы оқу орнын жап-жақсы тәмамдаған, бірақ әзірге жұмыс таппай жүр. Әр жерге барып, қағазын ұсынса «ертең кел» деп шаршатады дейді. Ал, небәрі такси жүргізетін сорлы шешесінің қолында қандай қауқар бар? Кіммен текетіреседі?
Жаңағы Лола, жо-жоқ, Лалагүл… жезөкше, бәлкім жолы сұйық келіншек пе, соның ақылы талай қатындардан асып түсетін секілді ме, қалай! Еркегі азғындап, жүрегі мұздап тұрған қоғамда, сірә, тап сондай Лола-Лалалар әсіресе көбейіп кетері шындық па екен!..
Жо-о-оқ, онда мына әлем-жәлем қоғамның аяғы аспаннан келмес пе? Қазақ қашан берекесі кеткен сырғыма жолға барын салып, арын аяқ асты етіпті? Ар-намыс деген ең басты, ең қымбат қасиет саналмаушы ма еді!..
Қайтадан, кермек ойдан бері аунап түсіп, жалғыз қызын есіне алды.
Ол ше? Ол қалай жұмысқа тұрады? Қашан қызметке кіреді? Кім көмек қолын созады?..
Такси жүргізушінің миы шым-шытырық. Басы айналып кетіп еді…
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<