Оқитын нәрсе – ертегі

461

0

Кеше бір таныс жігіт телефон соқты.

Ұлы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясында оқиды екен. Жай ғана шопыр болып жұмыс істейтін ол ұлының болашағын ойлап, менен кеңес сұ­райды.

– Біреу айтты актер болатын бала кітап оқу керек деп, қандай кеңес айтасың, не кітап оқысын? – дейді.

– Ұлың қандай шығарма оқитынын білмей жүр ме? – дедім оның бұл сұрағына сүйсініп.

– Жоқ, мүлде оқымайды.

– Ал сен өзің ше, оқисың ба? – деп қарсы сұрақ қойдым. Сүйтсем ол да қолына кітап ұстап көрмеген екен.

– Оқуға уақыт қайда? – деп ақталады. Иә ол да рас қой. Алайда…

– Егер өзің оқымасаң, балаға қалай оқы дейсің? Мың жерден оқы дегеніңмен оның миына сенің ақылың кірмейді. Ал өзің қолыңа бір мезгіл кітап алсаң, ол да соған үйір болады, – дедім, не дер екен деп.

– Ал айтшы не оқиын? Бірақ оңайлауын айт, – деді сәлден соң.

– Ертегі оқы. Он томдық қазақ ертегілері бар.

Ол күліп жіберді. Оның күлкісінен, көңілі толмай қалғандықты байқадым. Көңілі толмай қалғандық та емес, ертегіні жеңіл-желпі нәрсе санайтынын аңғардым. Ертегіні өтірік деп те ойлайтын болса керек. Шынында біздің арамызда «Өтірік айтпашы» дегенді «Ертегі айтпашы» дейтіндер кездеседі. Осылай дейтіндерге мен қатты таңғалам. Ойланбай айтса да, сан ғасырлық сүзгіден өтіп, еленіп-екшеліп бізге жеткен ата-бабаларымыздың осы асыл мұрасына оңдырмай соққы беріп тұрғанын, тіпті өз санасын да оңдырмай тұрғанын сезе алмайтыны өкінішті. Ойланбай айтылған осындай сөздер біздің кейбіреуіміздің түп­санамызда қордаланып, басқаша сипат алып кеткен.

Ертегі туралы біраз ойларымды айтқан­нан кейін ол қызып кетіп, «әкем айтатын еді» деп біраз ертегінің сілемін еске тү­сірді. Жалғасын айтып беріп едім, қатты қы­зыққаны. Енді ол «он томдық ертегілер жи­нағын қайдан алам» дегенге көшті. Қанша тұратынын сұрады.

– Көп болса әр томы екі мың теңге болар, – дедім.

– Арзан ғой, – деп ол қуанып кетті.

– Ал сен қанша тұрады деп ойлап едің?

– Мен әр томы 5 мың, сонда 10 кітабы 50 мың теңге тұратын шығар деп ойлап едім, – деді.

– 50 мың болса алар ма едің?

– Алар едім. Өзің ойлашы, қазір Мегадағы (сауда-көңіл көтеру орталығы) боевик киноға кіру 2000-2500 теңге. Арзаны – 1000. Ал кітап үйде тұрады. Кейін немерелерім де оқиды, – деп дәлелдей бастады.

– Әне, өзің біліп тұрсың.

– Соны ойламаймыз ғой, – деп күледі ол.

Иә, шынында бәрін білетін біздің бол­машы нәрсеге миымыз жетпей жататыны бар. Миымыз әбден масыл болып қалған. Оны қозғалысқа келтірмесең ойлаудан қа­ласың.

– Сосын не оқысын, – деді ынтығып. – Гарри Поттерді оқысын ба?

– Гарриі құрысын, қазақтың батырлар жырын оқысын. Қазір министрлік қазақтың барлық батырын кино қылып түсіруді ойластырып жатыр. Сол кезде актерлікті бітірген ұлың батырлар туралы бәрін біліп, дайын тұруы керек. Батыр болып ойнаған актерге миллион доллар төлейді, – дедім.

– Шын ба?

– Енді ше!

– Батырлар жырын қайдан алам? Соны айт!

– Кітапты қайдан алатын еді, кітап дүкенінен алады.

– Кітап дүкені қай жерде?

Айттым.

– Болды, – деді баға жетпес қазынаға тап болғандай мәз болып. – Енді ұл оқымай көрсін!

…Иә, шынында да оқитын нәрсе – ертегі мен батырлар жыры ғой. Өзім де қайталап оқығым кеп кеткені.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы, «Таң-Шолпан»
әдеби-көркем, көпшілік
журналының бас редакторы