Біз әңгіме еткелі отырған азамат Ерғазы Әлібаев 1955 жылы 17 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әкесі Тәшмағанбеттің теміржол саласындағы қызмет бабына байланысты Тартоғай ауылына барып тұрақтап, сондағы мектеп-интернатты 1973 жылы бітіреді.
Дәл осы жылы КСРО-ның ХХV съезінің қарарында Қазақстанда қой санын 50 млн-ға жеткізуге шешім қабылданады. Осыған орай Семей облысының шұбартаулық комсомол жастары Қазақстанда қой санын 50 млн-ға жеткізу және өркендету мақсатында республика бойынша комсомол жастар бригадасын құруға үндеу тастайды. Іле-шала Қызылорда өңірінің жастары да бірінші болып шұбартаулықтар бастамасына қолдау танытуға үн қосады. Солардың қатарында он жылдықты енді бітіріп жатқан осы тартоғайлық жастар да болды. Қой санын арттыру үшін «Тартоғай» совхозының мектеп бітіруші жастары «Ұшқын», «Алға», «Жалын» атты үш комсомолдық шопандар бригадасын құрады. Осы бастаманың ішінде Ерғазы Әлібаев белсенділік танытып алда жүреді. Әр бригадаға 6 адамнан бөлінеді. «Жас келсе, іске» деген девизі бойынша жұмыс жасаған жалынды жастар мал басын көбейтуге үлес қосады.
Қазақстанда қой шаруашылығын дамыту шұғыл қолға алынып, жем-шөп қорын арттыру көзделіп, жоңышқа егу көлемі ұлғайтылып, ауыспалы жайылымдар алаңы пайда бола бастады. Арада бір жыл өтісімен сол кездегі Үкімет жастар бригадасы мүшелеріне қалаған оқуларына түсуге жағдай жасайды. Өйткені, мектеп бітіруші жастармен бригада қатарын толықтыру жұмысы қолға алынады.
Осы жеңілдік арқасында Ерғазы Тәшмағанбетұлы 1974 жылы Самарқан қаласындағы В.Куйбышев атындағы ауыл шаруашылығы институтының «Зоотехник-каракулеводства» факультетіне оқуға түседі. Бала кезіндегі арманы орындалып, студент атанады. Факультетте одақтан басқа шет елден де студенттер бар. Сабақ таза орыс тілінде жүргізіледі. Қатардан қалмау үшін намысқа тырысып оқулықтарды басына жастап қойып оқиды. 1979 жылы институтты қызыл дипломмен бітіріп шығады.
Сол жылы Отан алдындағы борышын өтеуге армияға аттанады. Екі жылдық борышын өтеп елге оралады. Келісімен Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жолдамасымен «Жетікөл» ірі қара совхозына зоотехник болып барады. Арада жыл өтісімен мамандығына байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Мал шаруашылығы» бөліміне аға зоотехник қызметіне шақырылады. 1983 жылы басқарманың ұйғарымымен қазан айында «Комсомол» совхоз-техникумының зоотехния факультетіне оқытушы қызметіне жібереді. Өзінің қалаған арманына енді қолы жеткендей болады. Осы оқу ордасына келісімен білімін жетілдіру мақсатында Мәскеудегі ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түседі.
Ойдағы мақсаты іске асқан Ерғазы Әлібаев мал шаруашылығына байланысты өте маңызды кітаптарды сатып ала бастайды. Бар ойы – оқытуға пайдалану және қазақ тіліне аудару. Сөйтіп, бұдан басқа да зоотехниктік анықтамалар, терминдік сөздіктер және ауыл шаруашылығына керекті кітаптармен үйіндегі жеке кітапхананың сөрелерін толтырады.
Мәскеудегі академияны өте жақсымен бітіріп қолына «Ученный-зоотехник» деген диплом алып өзінің оқу орнына оралады. Мәскеуден ауыл шаруашылығы саласына қатысты кітаптарды (1988 жылы) қазақшаға аударуды мемлекеттік тілді жүзеге асыру заңының аясында алдына мақсат етіп қояды. Сөйтіп, алдымен бұл ойын совхоз-техникумның басшылығына айтады. Олар бұл бастаманы қуана қолдайды. Әсіресе, сол шақтағы әріптес ағалары Іскендір Баймаханов, Рысбек Қарсақбаев, Шегебай Жалғасбаев, Сермағанбет Досжанов, Мақсұт Баекеев өз ақыл-кеңестерін қосты. «Сен жассың ғой, әрі білімің де, сауатың да жетеді, оқулықтарды қазақшалауды қолға алғаның біздерді қуантып тастады» деп дем бергендері көңілінен кетпейді. Сол кездегі агроколледж директоры, техника ғылымдарының докторы Нұрлан Құдайбергенов Ерғазы Әлібаевтың ізденісіне ерекше қарап, оқулық материалдарын дайындауға барынша жағдай жасап, компьютер операторларымен және қағаздармен қамтамасыз етіп отырғандығын ерекше құрметпен атап өтті. «Өзі ғалым болғасын менің еңбектеріме барынша қолдау көрсетті» дейді.
Сол кезеңде «Ветеринария», «Зоотехния» бөлімдері үшін «Сүт және сүт өнімдері», «Ауыл шаруашылығы өнімдерін стандарттау және сертификаттау» мамандарына оқу тәжірибелерін жүргізу нұсқаулықтарын өзі дайындайды. Сонымен қатар, арнайы пәндер бойынша зертханалық, практикалық тапсырмалар орындаудың әдістемелік кітапшаларын әзірлейді. Бұдан басқа да әртүрлі ауыл шаруашылығы пәндерінің әдістемелік комплексін дайындайды. Бұл еңбектері колледж бойынша үлгі есебінде танылып, келген комиссияларға арнайы таныстырылып отырды.
– 2011-2012 жылдарда колледж музейі жаңартылды. Одан менің еңбектеріме арнайы бұрыш берілді. Сол жылдары еңбегімді ескерген колледж директоры Нұрлан Құдайбергенов облыстық, қалалық марапаттардан құр қалдырмады, – дейді Ерғазы Тәшмағанбетұлы. Осындай қолдаудың нәтижесінде кітаптарды мемлекеттік тілге аудара отырып, тәжірибе жинақтаған ол мал шаруашылығы жөнінде көлемді материалдарды құлшына жазады. 2003 жылы өзі жазған көлемді материалдарына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау білдіріп, қазақ тілінде оқулықтарды дайындауға және әдістемелік оқу құралдарын шығаруға сұраныс жібереді. Міне, осылай Ерғазы Тәшмағанбетұлының ізгі арманы жүзеге аса бастайды. Әсіресе, бұл еңбектері техникумға түскен ауыл жастары үшін таптырмас оқулық болды.
Содан өзінің жазған және мемлекеттік тілге аударған материалдарының макетін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан құрылған арнайы комиссия назарына ұсынады. Оқулық макетін 7 жыл бойы арнайы ауыл шаруашылығы колледждерінде пайдаланып сынақтан өткізеді. Ақыры 2010 жылы министрліктен «Еңбегіңіз сынақтан сүрінбей өтті» деген хабарлама келеді. Содан 2010 жылы Білім және ғылым министрлігі бекітіп, кәсіптік бастауыш және білім беру ұйымдарына оқытуды ұсынады. Осыдан соң Ауыл шаруашылығы министрлігі Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан Ерғазы Әлібаевтың «Мал өнімдерін өндіру технологиясы» атты алғашқы кітабының бірінші жинағы жарыққа шығады. Арада тағы да 7 жыл уақыт өткенде 2017 жылы Ерғазы Әлібаев, Бауыржан Ермұқан екеуі бірлесіп жазған «Мал өнімдерін өндіру технологиясы» атты екінші кітап жинағы оқу орындарына жолдама алады.
Міне, өз мамандығының білгірі Ерғазының 1988 жылдан бастаған аударма жұмысын 6 жыл бойы үзбей жалғастыра білгендігінің өзі ерлікке пара-пар дер едік. Өйткені, бұл ана тілге деген құрмет, сүйіспеншілігі екендігі даусыз. Қазір біреуге «мынаны қазақ тіліне аударып бер» десеңіз, бірден қаражатқа тірелетіні анық. Ал сол кезеңде ақы-пұлсыз орыс тілінен мемлекеттік тілге оқу кітаптарын аудару өмірге қажеттіліктен, ауыл балаларының жағдайын ойлағандықтан туған нағыз елжандылық деп айтар едік. Осы еңбегі үшін Ерғазы Әлібаев Үкіметтен де, оқу орнынан да ешнәрсе сұраған емес. Базбіреулер болса, «мен екі кітаптың авторымын деп» кеуде қағар еді. Ерекең ондай артық ойдан аулақ жан. Барынша салқынқанды. Білім мен білігі жетерлік. «Мен білемін» деп кеуде қаққанды ұнатпайды. Осыдан соң агроколледж директоры Мәжит Өтемұратов еңбегін жоғары бағалап, бөлім басшысы етіп тағайындайды. Оны абыроймен атқарады. 2018 жылы осы И.Әбдікәрімов атындағы агроколледжден зейнеткерлікке шықты. Оның атында колледжде арнайы кабинет бар.
Талай шәкірт тәрбиелеп, ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан Ерғазы Әлібаев бүгінде мерейлі 70 жасқа толып отыр. Оның кітаптары республика көлеміндегі агроколледждерде пайдаланылуда. Бұл – еңбек адамын тәрбиелеу құралы, өмірлік білім негізі.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі






