Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілданың «Сезім серуен» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған іс-шараға өңірімізге белгілі қаламгерлер қатысты. Тұсаукесер жиынын облыстық кітапхана директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас жүргізді.
Сыр өңірі ғана емес, еліміздегі ойлы оқырман атаулыға шығармалары етене таныс ақын Ғазиза Әбілданың тұңғыш өлеңдер жинағы «Таңсәрі» атауымен 2011 жылы жарық көрген. «Сезім серуен» – оқырманға жол тартып отырған екінші кітап.
Жиында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұршат Наурызбаева авторға шығармашылық табыс тілеп, ақын өлеңдері сыршылдықтан, махаббатқа деген сенімнен тұратынын атап өтті. Сонымен қатар ақын Қатира Жәленова: «Сыр өңірі таланттан кенде емес. Солардың бірегейі – Ғазиза сіңілім» деп ыстық ықыласын білдірді.
Мұнан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева қаламгер шығармашылығы жайында баяндама жасап, «ақынның бес парызын бір өлеңнің қалыбына сыйғыза білген лирик ақын» деп бағалады. Сондай-ақ, ақын Дүйсенбек Аяшұлы жаңа туындымен қауышып отырған оқырман қауымды құттықтап, лебізін өлеңмен жеткізді. Өз кезегінде автор өлең өлкесіне алғаш қадам бастырып, қолдау білдірген аға буынға ағынан жарылып алғыс білдірді.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев жинақтың тұсаукесер рәсімін жасады. Іс-шара соңында студент жастар ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
Осы кеште ақынның “Махаббат деген осы ма?” атты өлеңіне Алтын Бекенова жазған ән тыңдарманға жол тартты.
Төменде ақын шығармашылығынан бірнеше туындыны жариялап отырмыз.
АҚЫН ДЕГЕН…
Ақын деген…
Адамдар – алаңғасар,
Аралассаң олармен,
Бағаң да асар!
Араласа алмайсың,
ақындармен,
Арам ойың болса егер,
Санаңда сәл…
Ақын деген…
Адамдар – әпенділеу,
Оларменен,
Анаң да Әкең біреу!
Ақымақтың айтқан
бір сөзі шығар,
«Ақындарды қоғамға
қатерлі» деу?..
Ақын деген…
Адамдар – патша көңіл,
Тебіренсе,
Тіл бітер тасқа кебір,
Болмысы бар,
Ақ пейіл, ағыл-тегіл,
Бұрқырап ой жататын
баста небір!
Ақын деген…
Осындай жаратылыс,
Өзгермейді ол,
Өзгеріп жатса да ӨМІР…
Періште болып туылып,
Пенде боп көктен
қуылғам.
Ақ жауынменен жуынып,
Адамдығымды ұғынғам…
Дертім де шығар өзімнің,
Дейсің бе енді күнәһар?..
Жалыны сол бір сезімнің,
Жанымды қалай
шыдатар?..
Бақытым әлде сорымнан,
Белгісіз қалай болмағы?..
Тайдырған тура
жолымнан,
Махаббат еді ол-дағы…
Жер бетін жүру
мекендеп,
Бұйрығы болған
Құдайдың!
Бір бақытына жетем деп,
Мың сынағына
шыдаймын…
ӨЗІҢ БІЛ…
Мейлі, маған…
Сенбейсің, сенесің бе?
Бөлмейсің бе, көңіліңді,
бөлесің бе?
Жеңілесің, жоқ әлде
жеңесің бе?
Жарайды, құлқым да
жоқ егесуге,
Аласым да жоқ менің,
бересім де…
Биікпісің?..
Бағыңнан көресің де.
Төменбісің?..
Хақым жоқ теңесуге.
Өзімсініп төріңді
бересің бе?
Өзегіме, өзің біл,
тебесің бе?..
Келісімге келмейсің,
келесің бе?..
Кем-кетігін сөзімнің
тересің бе?
Өзге жол жоқ,
Көнбейсің,
көнесің бе?
Бір келеміз өмірдің
кемесінде…
КӨКТЕМ
Көк жүзіне көтерілді
Күн күліп,
Жер – Ананың жүзі
жайнап, құлпырып.
Бесігінде балбыраған
жас сәби,
Табиғатқа тамсанады
ұмтылып.
Өмірінің танып-біліп
қыр-сырын,
Тәңірінің қабыл алған
тылсымын.
Үмітінің жібін үзбей,
ширатып,
Әжей үнсіз иіреді
ұршығын…
Кәрі ағаштың тұла бойы
түршігіп,
Күрсінеді, көз жасына
тұншығып.
Тарам-тарам тамырынан
бүр жарған,
Тағдырына талпынады
бір шыбық…
Көк Тәңірге жасағандай
құлшылық,
Жазира бел жайқалады
гүл шығып.
Міне, солай алмасады
бұл өмір,
Міне, солай жалғасады
тіршілік!..
КҮЛІП ҚАРАП
Мен-дағы көгершін ем
сынық қанат,
Сынына алған дүние –
суық қабақ.
Сескенетін мен емес
қабағыңнан,
Күліп қарап келемін,
күліп қарап!
Жалғаншы дәулетіңе
құнықпағам,
Жамандықты жаныма
жуытпағам.
Көңілімді кей-кейде
бұлт торласа,
Күннің қайта шығарын
ұмытпағам!
Ұлылықты әрдайым
ұлықтаған,
Жырларымды тыңдайды
тынып, далам!
Әзірейіл келсе де
әне-міне,
Уәжін айта алмайды
бұрып маған!..
Күннің көзі түспеген,
жылытпаған,
Көлеңкеде өмірді сүріп
бағам.
Көз ұшында көлбеген
арманыма,
Алшаң басып, осылай
күліп барам!
Күліп барам!
ЖАС ДӘУРЕН…
Жұпарын сезінгенде
құба белдің,
Шылбырын босаттым да
«құлагердің».
Көк шалғынға көсіле
құлай кетіп,
Көңілім шалқып, көзімді
жұма бердім.
Шайдай ашық аспан да
шырайланып,
Қиял құс құшағыма
құлайды анық.
Аптығы басылмаған
асау сезім.
Шідерін үзетіндей
шыр айналып.
Құба бел, көзді арбап,
құбыласың,
Шаттығыңның таратып
шұғыласын.
Қайран уақыт, сағымдай
сырғып өткен,
Сол күндердің сағыныш
мұңы басым…
Жас дәурен, асығымның
алшысындай,
Жалынды, жарқын сәттің
жаршысындай.
Құба бел, көз ұшында
қала бердің,
Мөлт еткен сезімімнің
тамшысындай…
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<