Қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

456

0

Өмірінің соңғы ширек ғасырында «Қазақстан» баспасының директоры қызметін атқарған қазақтың қаһарман ұлы, белгілі журналист, баспагер, аудармашы Нұрмахан Оразбек тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Іс-шараға Мемлекеттік сыйлық иегері, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, белгілі ардагер-журналист Мамадияр Жақып, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса, кен инженері, жазушы Өскенбай Құлатаев, қызылордалық жазушы Нұрмахан Елтай, басқа да зиялы қауым өкілдері келіп қатысты.

Жиынды Қасымхан Бегманов жүргізіп, іс-шараның мазмұнын аша түсті.

Нұрмахан Оразбекұлы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы «Қандөз» ауылында 1937 жылы желтоқсан айында туған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

Алматы облысындағы «Іле» кеңшарында, Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатында жұмыс істеген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы», Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газеттерінде, «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алашта»), Қазақстан Жастар одағының Орталық Комитетінде, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, Партия тарихы институтында қызмет атқарды.

Қазақ ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) бас редактор, директордың орынбасары болды.
Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Баспасөз министрлігінің мерзімді баспасөз бас басқармасының бастығы, ағылшын тілінде шыққан республикалық «Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1995 жылдан «Қазақстан» баспасының директоры, сонымен бір мезгілде 2000-2002 жылдары республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметін атқарды. «Қарсыбай Сыпатаев», «Құрбанбай Ырысбеков», «Капитал қамалындағы 18 күн», «Қасиеттісің, сен Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Бар айласы – бас пайдасы», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», «Шапық Шөкин» атты кітаптары жарық көрген. Атақты Оксфорд университетінің «Саясаттану», «Әлеуметтану» түсіндірме сөздіктерін түпнұсқадан аударған.

Жетпісінші жылдары «Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткіземіз» деген даурықпамен облыстардың әр ауданында комсомол жастар бригадалары құрылып, мектеп бітірген бозбалалар мен өрімдей қыздарды күштеп қой бағуға жіберген зорлық әрекет жаппай өріс алған. Өмірі ата-анасының маңынан ұзамаған балалар айдалада мал бағып жүріп, талай қиыншылыққа ұшыраған-ды. Оларға қой бақтырмақ түгілі үйден ұзап шықпаған көзсіз көбелектерді үлкендердің қарауынсыз тастау империяның өшпенді өктемдігі еді. Міне, сол саяси науқанға Нұрмахан Оразбекұлы қарсы шықты. Кейіннен бригадалар тарап, мал иелігі білікті мамандарға берілді.

«Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалысымен басылым маңдайшасындағы «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деген ұранды алып тастап, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп жарқырата жазып қойған алғашқы батыл сарашы.

Журналист Қарағанды облысына барған алғашқы жылдары Теміртау қаласында бірінен соң бірін сегіз қазақ жігітін асып өлтірген жантүршігерлік оқиға болған-тын. Обкомның бюросында бас редактор тұрып: «Бұл қалай, қазақтарды қорлау ма? Құқық қорғау органдары ай қарап отыр ма, бақылайтын обком қайда?» деп ұлтын қорғады.

1991 жылғы Мәскеудегі Тамыз оқиғасы көпшіліктің есінде. ГКЧП туралы естісімен Нұрмахан Оразбек өзі басшылық жасайтын «Орталық Қазақстан» газетіне «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні төңкеріс болды» деген бас мақала жазып дайындады. Және де қосымша «Иә, бұл – төңкеріс!» деп мәлімдеме-мақаласында тағы нықтады. Материал 20 тамызда жарық көрді. Шындығында, бұл сол уақыт өлшемімен алғанда көзсіз ерлік еді.

Кейіннен бір жаймашуақ кезде жазушы Сапабек Әсіпұлы: «Біздің құлдық психологиядан арылғанымызды Нұрмахан осы мақаласымен сақтап қалды» деп бағалағаны бар. Расында бұл ел тәуелсіздігіне жасаған империяның шабуылы еді. Нұрекең оған қаламымен қасқайып қарсы тұрды.

Бұл туралы өз сөзінде Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса: «Бұл журналистің өзіне шығарған үкімі болатын. Егер оқиға әрі қарай өріс алып, билік төңкеріс жасағандардың қолына тигенде Нұрмахан Оразбек бірінші болып ату жазасына кесілетін еді. Ол мұны білді, сонда да елі үшін қарсы тұрды» деді. Сондай-ақ халық қалаулысы 2021 жылы батыл қаламгерді елуден астам қазақ зиялыларының «Халық Қаһарманы» атағына ұсынғанын, оны есте қалдыру шараларының Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан қалаларында аталып өтуі мен көше атауларын беру және оған бюст орнату туралы мәселе көтерілгенін еске салды. Бұл туралы әлі де тиісті орындармен жұмыс жалғасатынын да айтты. Осы шараның ұйымдастырылуына қаламгердің жары, баспагер Әдия Садырова бастаған ынталы топ көп еңбек етті.

Жиын барысында сөйлеген зиялы қауым мен туыстары естеліктер және ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Соңынан «Інжу» мейрамханасында арнайы ас беріліп, дұға жасалды.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Алматы қаласы.