Қазақстан Жазушылар одағының дәстүрлі әдеби жыл қорытындысы өтті. Екі күнге жоспарланған жиын одақтың «Әдебиетшілер үйінде» ашылды.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашып, қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы мен шығармашылық үдерістегі өзекті мәселелерге тоқталып, қалам ұстаған қауымға шығармашылық шабыт тіледі.
Әдеби жиын барысында әр жанр бойынша мазмұнды баяндамалар жасалып, әдебиеттің көкейтесті мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов жүргізді. Рухани басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер мен Жазушылар одағының аймақтық өкілдері қатысты.
Дәстүрлі жиында өткен жылы жарыққа шыққан кітаптар мен әдеби басылымдарға баға берілді.
Бұл орайда поэзия, проза, орыс әдебиеті, детектив жанры, балалар әдебиеті, деректі проза, шетелдегі қазақ әдебиеті, әдеби сын кеңесі сияқты түрлі жанрлар бойынша баяндамалар жасалды. Күн тәртібіне сай жарыссөзге кезек беріліп, ұсыныс-пікірлер айтылды.
Жиынның қорытынды сәтінде бірқатар қалам иелеріне Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы, сондай-ақ «Сәуле-Куяш» және Абдумажит Дөләтов атындағы республикалық әдеби сыйлықтары табысталды. Қазақстан Жазушылар одағына жаңадан қабылданған қаламгерлерге одақтың мүшелік билеттері тапсырылды. Сондай-ақ балалар әдебиетін қолдау бағытында жаңадан бекітілген «Ертөстік» әдеби сыйлығының ережесін таныстыру сияқты іс-шаралармен жалғасты.
Жалпы әдеби жыл қорытындысында қазақ қаламгерлерінің бүгінгі беталысын бағамдай отырып, шығармашылыққа серпін беретін жаңаша бағытты айқындауға, заман талабымен үндесетін тың жобаларды ынталандыруға басымдық берілді.
Жиынға Сыр өңірінен Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, ақындар Толыбай Абылаев, Елубай Әуезов, сатирик-жазушы Нұрмахан Елтай қатысты.
Сыр бойы қаламгерлері үшін қуанышты жаңалық, өткен жылы 7 бірдей кітабының тұсауы кесілген арқалы ақын Елубай Әуезов Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді.
Ал Жұмабай Жақып, Серікбай Қошқаров, Еркін Әбілов, Бейбітбек Бүркітбаев, Ерғали Абдуллаев, Тұрақ Ахетов, Сәкен Алдашбай және Сандыбай Піржан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабыланды.
Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен жиында Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иегері Қаршыға Есімсейітова жыл қорытындысына арналған басқосуда қаралған мәселелер мен қабылданған шешім жайлы айтып өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының жаңа мүшелеріне куәлік табыс етті.
Айта кетейік, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы облыстан белгілі қаламгерлер Махмұтбай Әміреев, Сайлаубай Жұбатырұлы, Бегімбай Ұзақбаев және Қаршыға Есімсейітоваға берілді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





