Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…

4

0

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан! –

деп, әсемпаз ұлтының рухани тағдырына тебіренген, «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп, өкінішімен үлгі болған кемеңгер Абай атамыздың әлеміне тағы бір сүңгіп шықтым. «Абай 1845-ші жылы туған. Жылы жы-лан екен. Ибраһим деген атын бұзып, Абай деп ат қойған шешесі екен. Шешесінің сүйіп қойған аты ел арасында шын атынан көбірек айтылады.

Абай 10 жасынан 13 жасқа шейін қырда мұсылманша, 13 жасқа шығарда Семейде Ахмед Ризаның медре-сесінде, медреседе жүргенде 3 айдай орысша да оқыған. 4 жыл мұсылманша, 3 ай орысша оқып, сонымен оқуды қойған. 15 жасында-ақ, балалық қылмай, үл­кендердің қатарына кіре бастаған. Қазақты меңгеріп, халыққа ара-ны жүріп тұрған төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда, Абай әкесіне серіктікке жарай бастаған. 20 жасында ел ішіндегі белгілі бір шешен атана бастаған. Зе­ректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішін­дегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешендерінің сөйлеген сөзі, көсемдердің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, ма­қалдар, мысалдар сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен». Бұл ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ары­сымыздың 1913 жылы «Қазақ» га­зе­тіне жазған мақаласынан үзінді. Ой­ла­ңыздаршы, со-дан бері 113 жыл өтіпті. Он бесінде би-шешендер мен ұлт кө­семдерінің ғибраттарын жатқа білген, Құнанбай әкесімен қатар тұрып сөйлеген Абай қандай, бүгінгі он бестегі бала қандай, жер мен көктей ия? Әрине, «бүгінгі баланы Абаймен салыстыру мүмкін емес» дерсіздер. Иә, әрбір адам жеке бір тұлға, табиғаты бөлек бір код. Алайда, өз дәуірінде ілім мен білімге ерте жастан тартылған Абай, алыстан болса да ұстаздар алғызып баласын оқытып-тоқытқан, қазіргі тілмен айтқанда, инвестиция құйған Құнанбай бүгінгі бала мен ата-анаға үлгі бола алмай ма? Қалай ойлайсыздар, көрінгеннің аузына телміріп, «баламды қалай тәрбиелеймін?» деген жандарға бұл мотивация емес пе? Сол он бестегі Абайдың білгенін бүгінгі бала да оқи алады, біле алады, тани алады, ұға алады. Мысалы, бүгінгі әкелер мен аналар батырлар жырын мүдірмей оқитын, мақал-мәтелдерді тақылдатып жатқа айтатын, тарихымызды таңға дейін тарқататын, тіпті, жеті атасының тарихын білетін ұрпақ өсіріп жатыр ма, мәселе сонда. Сол үшін біліңіздер, дінді түсіну үшін, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың жолына, ұлтты түсіну үшін Абайдың жолына үңіліңіздер, өмірлерін оқыңыздар. Екі өмір де тұ­нып тұрған дүниетаным, иман, се­нім, өнеге, ұлағат, тәлім, тәрбие. Руха­ния­тына таңырқап, тағдырларына таңда­насыздар.

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын,

оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде

өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым,

кінә қойма! –

деген бір түйір данышпанымыз бізден нені көргісі келді? Өлең, қара сөзде­рінде айтылған қасиеттердің бүгінде қан­шасы бойымызда бар? Мысалы, ес білгендерге:

Ғылым таппай мақтанба.

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба.

Ойнап босқа күлуге –

деп, оқу-білім, ғылымсыз адамның кү­ні қараңғы, рухани дамымайтынын ай­тып, «бос уақытыңды өткізіп ал-ма» деді. Бізге осы сөзін түсіну қиын ба? Бұл өлеңін 1886 жылы жазыпты, содан бері 140 жыл өтіпті, қоғам болып білім мен ғылымда дамыдық па? Оң қолын көтеріп, бес саусағымен санап тұрып «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп, «осы бес дұш­паннан қашық бол» деді. Біз кері кетіп, дәл осы бесеуді мейлін-ше 100% орындап жүрміз. Сол қолын көтеріп, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп, тағы да бес саусағын санап тұрып, «бес асылға асық бол» деді. Асықтық па, жоқ, өкінішке орай, сол баяғы жартастың үстіндеміз. Сондай-ақ,

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін,

шын күлерлік

Ер табылса жарайды, қылса сұхбат – деп, нәпсісіне ерген жастардың көңілімен сұхбат құрып, жүректеріне жол салады да:

Жасаулы деп, малды деп

байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма –

деп, жар таңдаудан қателеспеуге ша­қырды. Бұл өсиетін бүгінгі жастардан бұрын, қазіргі үлкендеріміз тыңдар ма екен?

«Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» дегені де бар. Бірақ біз пандемиядан кейін ес жидық, енді-енді үйреніп, кірісіп жатырмыз.

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде –

деп, еңбектенуге шақырса,

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап – деп, ақылға үндейді. Бірақ әлі күнге ақылға ақыл қоспай жарты жолдамыз.

Енді бір сөзінде ақыл, жүрек, қай­ратты бір-бірімен айтыстырып, ғы­лым­ға жүгіндіріп, соңында жақсы­лы-жаманды тұстарын айта келе, «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көз­ге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы деп» жүректің жағына шығады, неге? Бір ойым, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың «Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар. Ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады. Ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Шын мәнінде, ол – жүрек» дегені негіз болды. Екінші бір ойым, сол тұста ұлы даланы жайлап жатқан отарлау саясатынан халықтың иман – сенімі мен рухын сақтап қалу керек болды. Сол бетте «Ендi бiлiңiздер, ей перзенттер! Құдай Тағаланың жолы деген жол Алла Тағаланың өзiндей ниһаятсыз (шексiз, өлшеусiз) болады. Оның ни­һаятына ешкiм жетпейдi. Бiрақ, сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кiм қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делiнедi» деп, Құдайдың шексіз жолы-на байлану керегін ұғындыру үшін, «толық адам» тағылымын жазып, халқына ұсынды. Демек, данышпан ата-мыз бізден білімді, ғылымды, иман­дылықты, адамгершілікті, рухани жетілуді көргісі келді. Содан бері шама-мен 130 жыл өтті, рухани өстік пе, өндік пе, толдық па, толғандық па, Құдайдың шексіздігіне байландық па, ор-тамыздан әулиелер шықты ма? Тым болмағанда, бүгінгі Мемлекет басшысының «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепция­сы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүй-есінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» дегенін тыңдадық па, осыған ойланайықшы, ағайын.

«Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» дейді 10-шы қара сөзінде. Бұл Құдайдың құлшылығына қарсы келу емес. Бұл жердегі түпкі ой – дінді дұрыс түсіну, ұстану, құлшы-лық ету, яғни ақиқатты тану үшін білім қажет, дұрыс жолды таңдау үшін ақыл қажет, сонда ғана құлшылық шы-найы болады дегені. Керек десеңіздер, бұл өткір ойы қазіргі таңда әлі де өзекті. Мысалы, тәуелсіздік алғалы Құдайға шүкір, бәрімізге еркіндік берілді, ме­шіттер салынды, намаз оқимыз, бірақ, рухани өзгермедік. Ел бо-лып ораза ұстаймыз, өзгермедік, қажылыққа бір емес, бірнеше реттен барып келеміз, бәрібір өзгермедік, неге? Айтса айтты дейсіздер-ау, өйткені, бабалардың салт-дәстүрмен үйлестірген саф алтындай асыл дінін сақал мен тоқалдың айналасына байлап қойдық. Діндегі жетістігіміз 4 әйел алу, сақал өсіру, балақ кесу, дебат құру, пікірде таласу, бір-бірімізді жамандау, шұқып көрсету, өкінішке орай, отыз жылда тындырған ісіміз осы. Одан әріге ру-хымыз көтеріле алмайды, өреміз жетпейді, пенделіктен аса алмаймыз, ащы, бірақ, шындығы осы. Өз дәуірінде дін исламды бір өзі жүріп-ақ зерттеген Абай атамызды бүгінде пешенемізге біткен жалғыз ғұлама деп басыма көтерер едім.

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес –

дегеніндей, қазір намазды не үшін оқып, оразаны не үшін ұстап жүргенін бәрі емес, кейбір жандар білмейді. Атамыз айтқандай, ынталы жүрек, шын көңіл жоқ яғни ғибадатқа ақыл, қайрат, жүрекпен келмейді. Ал атамыз бұл үштікті әр кез тең ұста дейді. Бұдан зорында кейбір жүректер кеселденген, таза емес. Құлшылық әдетке ай-налған, басты ұра береді, бірақ, кеудесіндегі ұлы дүниесі уланған. Мұны әлеуметтік желіде отырып «ағузубилля» дейтін­дер­ден, немесе жібі түзулерінің өзі ашық түрде ащы тілімен ауыр сөздерді жазатын дін ұстанушылар-дың ой-пі­кірінен анықтауға болады. Сол үшін, «Жаратқанның атымен оқы!» деген ал­ғашқы аятқа орай, ата-мыз құлшы­лықты Құдайдың құзіретіне жеткізу үшін үлкен ғылым қажет деді. Құдайдың бұл аятын қазір «менікі ғана дұрыс» дейтіндер дауға айналдырып, таласып жүр. Солай болғанның өзінде, Құран мен намаздың түбіне жетсе, олар ендігі әулие болып кетер еді. Бірақ соңғы отыз жылда ондай нәтижені көрмедім. Құран «Біл-месеңдер ілім иелерінен, ғалымдардан сұраңдар» дейді. Ендеше, дін асылын Абай атамыз сияқты түсінгіміз келсе,

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым

деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті – деп басталатын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі үш сүю яғни «Алланы, адамзатты, әділетті сүй» деген иманымен жүрейік ағайын.

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,

«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы.

Астана