Жақында баспасөз бетінен «Балалар әдебиетінің бағы ашылмай тұр» деген қатқылдау пікірді оқып тіксініп, шынында да солай ма деген ойға қалдым. Себебі, өмірім оқытушылықпен өткен менің де осы салаға, бала тәрбиесіне қатысым бар, балалар әдебиетінің жанашыры, әдебиет саласының маманы болмасам да «Балаларға базарлық», «Танысайық төлдермен», «Мен мектепке барамын» атты балаларға арналған кітаптардың авторы едім.
Бала тәрбиесінде көркем әдебиеттің атқарар рөлі ерекше екені еленбей, бұл тақырып келешек қамын ойлар азаматтар, әсіресе, өнер адамдары – ақын-жазушылар, театр артистері шын жанашырлықпен қолға алар келелі мәселе болса да неге екені белгісіз, өте сирек сөз болып жүр. Біздер, үлкендер, бала деген үлкен әлем бар екенін ескеріңкіремей, балаларымыздың рухани дамуына терең үңілмей, олардың жан дүниесінің кемелденуін екінші сатыға қалдырып, қысқасы, кітап оқуға тәрбие бере алмай, тек олардың тамағын тоқ, киімін бүтін еткенімізге тоқмейілсіп жүрген сыңайлымыз. Өйткені көптеген жастарымыздың келеңсіз қылықтары бәсеңсімей, керісінше өршіп бара жатқанын көргенде қатты қынжылып, ыңғайсыз күй кешеміз. Негізгі өміріміз балалар, жастар арасында өткендіктен бе, әйтеуір, ұрпақ тәрбиесіне құлағымызды түріп, табыстарына қуанып, келеңсіздіктеріне кәдімгідей ренжіп жүретін жағдайдамыз.
Кейбір ата-аналар «өмір өзі үйретеді» пәлсапасына малдануда. Иә, өмір үйретеді. Бірақ нені, қалай? Өмір желі талшыбықты қалай қарай иеді? Мәселенің осында екеніне мән берілмегендіктен балаларымыздың біразы бетімен кетуде, ұрпақтарымызды қуатты күш – кітап оқуға баулу арқылы тәрбиелеу ықылым заманнан бері айтылып келе жатқан, бәріміздің басымызда бар таусылмайтын әңгіме.
Балаларға қазақы тәрбие берудің бастау бұлағы отбасы десек, оның шыңы балабақша мен мектеп, ал ұшар басы оларға арналған балалар көркем әдебиеті екенін өмір әлдеқашан дәлелдеген.
Көркем әдебиет арқылы берілетін ұлы тәрбиені жасөспірімдер санасына сәби шағынан сіңіре бермесек ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қаларымыз хақ. Олай болмаса «Тәрбие – талбесіктен» деген аталы сөз ықылым заманнан бері үстемдік құрып келмес еді ғой. Бұл күндері қалада өсіп тәрбиеленген балаларымыз түз тағылары түгілі, өзіміздің төрт түлігімізді танымай бара жатқан жоқ па? Олар төрт түлікке, мал шаруашылығына, саятшылыққа, әдет-ғұрыпқа, ұлттық жол-жоралғыларға байланысты сөздерді (мысалы, жерошақ, мосы, уық, шашбау, шолпы, мес, күбі, атан, бура, қошқар, т.б.) білмейді. Себебі күнделікті тұрмыс-тіршілік жағдайында көзімен көріп, қолымен ұстамайды, үйде ондай сөздер айтылмайды. Осындай қазақы сөздермен қанықтырылған мақал-мәтелдер, ертегі-әңгімелерді жариялайтын баспасөз аз ба, әлде балалар ақын-жазушылары аз ба, әйтеуір, балалар әдебиеті үлкендердің әдебиетіндей қанат жаймай келеді (мүмкін насихатталмай келеді).
Еліміздің ертеңі бүгінгі бүлдіршін жас балалар, олар біздің болашағымыз. Келешегіміз жарқын болу үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесі қанымызбен бірге ағып, жадымыз бен жанымызда жүрмесе, есейіп кеткен соң бәйтеректей майыспай, қолымызды кеш сермеп, опық жеп қалуымыз әбден мүмкін.
Жасыратыны жоқ, өткен ғасырда балаларға арналып өз тілімізде, қазақи ұлттық рухта жазылған балалар әдебиетінен тапшылық көрдік, барлары алыс ауылдарға жетпегендіктен балабақшалар мен мектептердегі ертеңгіліктерде, ауыл клубтарындағы мерекелік кештерде балалардың жас деңгейіне лайық емес, ұстанымы мен салттары өзге елдер тілдерінен аударылған тақпақ – өлең-ертектерді пайдаландық. Жүрегі балалар деп соққан жанкешті ұстаздар қауымы жаңа жыл, наурыз, әліппемен қоштасу сияқты шараларға, өздеріміз жиналып алып, қолма-қол дайындап алуға мәжбүр болдық және оларымыз сәтті шығып балабақша бүлдіршіндері мен оқушылар қауым жылы қабылдап, сүйсіне тыңдап та, орындап та жүрді.
Орыстарда бұл жайлы «Учитель и жнец, и на гитаре игрец» деген әдемі әзілі аралас шындық сөз бар. Иә, жиырмасыншы ғасырдың ұстаздары ел-жұрттың есігінің алдын тазалап, ағашын әктеп беретін патриот, әрі ақын, әрі әнші, әрі биші болдық, ертегі жазып, тақпақтар шығаруға үйрендік. Тіпті әртүрлі жастағы жеткіншектердің қабылдауына жеңіл, қазақтың байырғы да дана тілімен байытылып, тақырыптарына сай суреттермен безендірілген, оқуға тартымды, олардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыратын «Балаларға базарлық» жинағын құрастырдық.
Әрине, тісімізді қу шөппен шұқуға болмас, балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларын, жас жеткіншектерімізді адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, ата-ананы сыйлап, құрбыларын қадірлей білуге, өзін-өзі және табиғатты танып қорғай білуге, айналаға зерделі оймен қарай алуға баулыған көркем әдебиеттер жазылып та, таралып та жатты. Алайда тиражы аз, алыстағы ауылдарға жетпеді, кітапханаларға кезекке тұрдық.
Жалпы, бізде балалар әдебиетіне лайықты көңіл бөлініп жүр ме? Үлкендер әдебиетінен гөрі «кішкентайлар» әдебиеті тапшылау екені де шындық. Балалар көркем әдебиетіне жеңіл-желпі қарауға болмайтыны да рас. Өйткені олардың психологиясы, дүние танымы, қабылдап-зерделеу қабілеті әлі де жетіле қойған жоқ қой.
Біздің аймақта балаларға арнап өндіріп жазып жүрген Рахат Наурызбаева, Ділдахан Торғаева, Ержеңіс Әбдиев, Қуат Адистен (марқұм Адырбек Сопбеков) басқа кішкентайлардың әдебиетшілері жоқтың қасы.
Көз алдыңызға келтіріңіз: мектеп сахнасында 10-12 жасар қыз бала өзбектің сүйіспеншілік жайлы әнін егіліп-езіле орындап тұр. Неге қазақтың әні емес? Неге Отан, мектеп, ана, ұстаз, еңбек, табиғат жайлы емес? Себебі, бізде балалардың жас ерекшеліктеріне лайықталған ән де, өлең де жоқ есеп.
Менің айтпағым: құрметті әдебиетші қауым, бізге балалардың тілі мен ой-өріс, қиялына лайық, тез түсініп қабылдауларына жеңіл, қазақы ұлттық рухта жазылған балалар әдебиеті керек. Сондықтан балаларымыздың жас кезінен бастап кітапқұмарлығы мен көркем әдебиетке қызығушылығын дамытуға қажеттінің бәрін жасауға жұмылайық.
Құрметті ұстаздар, балаларды кітап оқуға, газет-журналдарға жазылуға, кітапқұмарлыққа бастайтын алуан түрлі шараларды атқаруға күш-жігерімізді аямайық. Құрметті баспасөз құралдарының редакторлары – газет-журналдарыңызда мектепке дейінгі балаларға, мектеп жасындағы жастарға арналған тұрақты айдар ашсаңыздар игілікті іс болар еді.
Осы бағыттағы, яғни балаларды кітап оқуға қызықтыру, кітапқұмар болуға баулитын іс-шараларға, барлық облыстық, аудандық, қалалық және мектептер мен балабақшалардағы кітапханаларға артылар жүк те, қойылар талап та үлкен. Тіпті олардың негізгі жұмысы деп ойлаймын.
Балалар әдебиетінің өкілдері, сіздер, бізге жақсы кітап жазып берсеңіздер, оларды насихаттау, оқырмандарды, әсіресе студент жастар мен мектеп оқушыларын, балабақша бүлдіршіндерін кітапханаға көптеп тартуға бар күш-білімімізді жұмсауға дайынбыз және солай істеп те келеміз. Бұл – біздің міндетіміз.
«Сен кітапты ашсаң, кітап сені ашады» дегендей, жас оқырманға кітап оқу сағаттары мен балаларды газет-журналдармен таныстыру, ақын-жазушылармен кездесу сағаттары, мектеп оқушылары шығармаларының бәйгесі өткізіліп жүр. Мұндай іс-шараларды дамыта береміз, – дейді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директорының орынбасары А.Жанғабылова.
Балаларға арналған көркем әдебиеттерді насихаттап, жас балғындар санасына «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» екендігін қажымай, талмай егіп жүрген балабақша, мектеп кітапханалары, аудандық және ауылдық кітапханалар баршылық. Олардың қатарында С.Толыбеков атындағы мектеп-лицей (директоры Л.Әбенова, кітапханашысы Л.Жақсылықова), қаладағы «Сириус» балабақшасы (меңгерушісі П.Сәрсенбаева), Жаңақорған аудандық А.Сопбеков атындағы орталықтандырылған кітапхана (меңгерушісі Ә.Тілеубергенова), т.б. істері көңіл сүйсінерлік. Осындай іс-тәжірибе барлық кітапханалар мен білім, тәрбие ошақтарында тұрақты жүйеге түссе оның игілігі мол болар еді.
Оразбай ҚОСАНОВ,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<