Қармашыда «Ұстаз-Ана» атты жыр кеші өтті

3534

0

Бүгін Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен жоғары дәрежелі ұстаз, тыл ардагері Ақбалыш Жалғасованы еске алу құрметіне орай ұйымдастырылып отырған «Ұстаз – Ана » атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті.

Дүбірлі додаға аймағымыздан 27 жазба ақын қатысып, бақтарын сынады.
Жыр додасын аудан әкімі Жандос Еркінбек және қоғам қайраткері, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы», «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Нұртаев Ырзақұл Сәденұлы ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Адырна ауыз, жебе тілді жүйріктер қатар шауып Ақбалыш Жалғасованың өмір жолын атқарған абыройлы да өнегелі істерін өлеңмен өрнектеп, Қармақшы елі туралы тереңнен деректер айтылды. Ауыздығымен алысқан асау аттай өлеңімен жиылған жұрттың делебесін қоздырып, қолпаштай соққан қошеметіне қарық болды. Төл өнердің қаймағын бұзбай, қалың көрерменге тарту еткен аймақтың жүйрік ақындары Қармақшылықтарға шадыман шаттық, ерекше рух сыйлады.

Жыр мүшайрасына жыршы, «Қ.Р мәдениет қайраткері» Саймағамбетов Берік, ақын, «Қазақстан Республикасы білім лидері» Тасымова Зарипа Жаппарқызы, жырау, «Қазақстан мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері Арнұр Кошенеев, «Әлімсақ» журналының бас редакторы, «Қазақстан Журналистер Одағының» мүшесі, филиология ғылымдарының кандитаты Нұрлан Көбегенұлы, «Қазақстан Жазушылар одағының» мүшесі Мөлдір Айтбай ақындардың өнерін сарапқа салды.

Қазылар алқасының шешімімен:
Жүлделі ІІІ орынды Жалағаш ауданынан Өмірзақ Дидар, Қармақшы ауданынан Мустахимов Диас, ІІ орынды Қызылорда қаласынан Айдар Сайлауов иеленсе, «Бақытжамал Сәденқызы» атындағы арнайы жүлдемен Тәңірбергенова Мөлдір, «Шәмшат Төлепова» атындағы арнайы жүлдені Жанғазы Данабек қанжығасына байлады. Ақындардан оза шапқан Қызылорда қаласының ақыны Санақұл Бексұлтанға І орын бұйырып, жыр додасының бас жүлдесін Жалағаш ауданынан Жасұлан Серік иеленді.

Сондай-ақ, айтыстың барлық қатысушылары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен алғыс хаттар және қаржылай сыйлықтар табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<