Қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы Ахмет Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішекте сан ғасырдың сан алуан сипаты, ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» деген екен.
Президент Жарлығымен елімізде 2018 жылдан бері Ұлттық домбыра күні мерекеленіп келеді. Айта кетейік, бұл мерекені ел тұрғындары ерекше ықыласпен қабылдап, жыл өткен сайын оның қоғамдық сипаты артып келеді. Шындығында, музыка саласында сан түрлі аспаптар болғанымен, біздің халқымыз үшін домбыра мен қобыздың үні ерекше. Өйткені олардың үні сан ғасырдан бері сайын даланың самалымен жетіп, санамызға әбден сіңген болса керек.
Халық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында 2007 жылы, сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолдауымен облыстық филармония жанынан халық аспаптар оркестрі құрылды. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында құрылған оркестрге шайырдың аты берілді. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі және бас дирижері Гүлдәрі Ізбанова, дирижері Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры Кеулімжай Ботабаев болды.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі қызметін 2009-2015 жылдар аралығында Гүлсім Бекмағамбетова, Мырзағали Толыбеков, 2016 жылдан бастап Мәдениет саласының үздігі, бас домбырашы Самат Абылаев атқарып келеді. Ал оркестрдің бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев, дирижері республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Руслан Балмасов.
Өнер ұжымын Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін бітірген жоғарғы санаттағы кәсіби музыканттар құрайды.
Оркестр репертуарында халық және Қазақстан композиторларының шығармалары, ән-күйлері, классикалық және Батыс Еуропа композиторларының, барлығы 200-ден аса шығарма бар. Сонымен қатар, Сыр елінің атақты күйші-композиторлары Қазанғап, Шал Мырза, Бекпембет, Әлшекей, Жалдыбай, Құрақтың Досжаны, Қаражанның Төлегенінің күйлері мен шығармалары және жергілікті күйші-композиторлар Исламбек Ысқақов, Мұрат Сыдықов, Альберт Алмағамбетов, Төлепберген Тоқжановтың ән-күйлері мен шығармалары да – оркестр репертуарын байыта түскен құнды дүниелер.
Тұрмағамбет оркестрі облыс әкімдігінің қолдауымен өткен Қызылорда қаласының 190 жылдығына арналған «Сырдария саздары» атты халықтық ұлт аспаптары оркестрлері мен ансамбльдердің облыстық фестивалі, Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі – 2010» халықаралық фестивалі, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай Атырау қаласында өткен халықаралық ұлт аспаптар оркестрлерінің фестивалі сияқты ауқымды мәдени іс-шараларда жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Қазақстан астаналары болған Орынбор, Қызылорда, Алматыда, Астана қаласында өткен «Орынбор-Ақмешіт-Алматы-Астана» атты өнер керуенінің концерттік бағдарламасының негізін оркестрдің репертуары құрады. Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінде өтетін дәстүрлі мәдениет күндері аясында Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің шығармашылығы арқылы Сыр өнері кеңінен насихатталып келеді.
Алыс-жақын шетелдермен де мәдени байланыс бар. Айталық, оркестр 2018 жылы Түркия мемлекетінің Кастамону, Болу, Ақсарай, Анкара қалаларында өткен түркітілдес халықтардың өнер фестивалінде, 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Науаи қаласында «Сырдария – достық арнасы» атты концертте өнер көрсетіп, ұлтымыздың дәстүрлі өнерін дәріптеді.
Оркестрде әр жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе, музыка зерттеуші, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібаев, дирижер, күйші, композитор, өнер зерттеуші, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, Мәдениет қайраткері Қарасай Сайжанов, Қазақстан Қарулы Күштері ұлттық-әскери-патриоттық орталығының аға музыканты, Мәдениет саласының үздігі Әділет Азбаевтың шеберлік дәрістері өткізілді.
Ұлт өнерінің мақтанышына айналған КСРО Халық артистері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың Тұрмағамбет оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетуі оркестрдің кәсіби деңгейінің биік екенін аңғартады. Сондай-ақ оркестрдің негізін қалап, өнер ұжымының қалыптасуына өз үлесін қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Мұстафаев, академик Төлепберген Тоқжанов сынды өнер қайраткерлері бүгінде еліміздің таңдаулы оқу орындарында жас таланттарды тәрбиелеу жолында қызмет етуде.
Әр жылдары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджанов пен Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші, Қазақстанның Халық артистері Секен Тұрысбек, Айгүл Қосанованың, Майра Мұхамедқызының концерттері Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің сүймелдеуімен өтіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Осындай рухани тағылымы мол өнер кешінің қатарында Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Тұрар Әліпбаевтың «Күй күмбірі» атты шығармашылық кешін, Сырдың тумасы, «Құрмет» орденінің иегері, академик Төлепберген Тоқжановтың 60 жас мерейтойына арналған «Сыр – Ана» атты күй концертін айтуға болады.
Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне орай қалалық паркте Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Домбыра – дастан» атты концерті өткелі отыр. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Самат Абылаев.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





