Топ-баннер2

Қази қаламгердің соңғы аманаты

5

0

Сыр өңірінің айтулы қаламгері Қази Данабаев журналистикада өзіндік із қалдырған тұлға. Оның қаламынан туған өткір мақалалары әрдайым оқырман көңілінен шығатын-ды. Мерзімді басылымда еңбек ете жүріп, өз шығармашылығынан да қол үзбеді. Оның қаламынан туған «Гүлдәурен», «Ақ кептер» хикаяттары, сондай-ақ «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Сағыныш екен бала кез» кітабы биік талғамның туындысы. Республикалық «Жалын» баспасының екі мәрте жабық жүлдесін жеңіп алуы суреткерлік талғамының өршіл мінезділігін көрсетсе керек. Бастысы, оның шығармашылығына қарапайымдылық, табиғилық, шынайылық тән. Биыл 8 наурыз күні туғанына 75 жыл толатын тума талант осыдан жиырма жыл бұрын ақырғы аманатын айтқан-ды.

Сексенінші жылдардың бас кезі болуы керек, Қази мен Оразбек об­лыстық радиода қызмет істейтін еді. Ол кезде облыстық радио меке­ме­сі Қызылорда қаласының орта­лық алаңы маңындағы бес қабат­ты ең­се­лі ғимараттың төртінші қаба­тына ор­на­ласқан. Қазіргі облыс­тық сот ғи­мараты. Сөзіміз жараса кет­кен­дік­тен де болар, облыс орталы­ғына жо­лым түскен сайын, қалайда еке­уіне жолыға кеткенді құп көре­тін­мін. Қазидың есім-сойымен «Жа­зу­шы» баспасынан шыққан «Көк­тем ты­нысы» атты жас ақындар жина­ғы­нан таныс едім. Онда жас ақынның ба­лауса бес өлеңі жа­риялан­ған-ды. Оразбекті аудан­дық «Сыр­дария» га­зетінде радио хабарын таратушы болып жұмыс істеп жүрген кезінен білемін. Арадағы бірер жыл болмаса, жасы да қарайлас, замандас болған соң бір-бірімізді жатыр­қамадық-ау. Әрі ауылдың май топырағына аунап өскен балалардың әңгіме ауаны да айналып келіп, ауылға, ауыл адам­дарына, сондағы оқиғаларына тіре­ле­тіндіктен де әңгімеміз өріс алып кетуші еді.

Сол замандардағы бір ерекшелік – шығармашылық адамдары барын­ша қарапайым, мейірімді де кіші­пе­­йіл, көпшіл болатын. Әсіресе, үл­­­кендер өзінен кейінгілерге көмек­тес­кісі келіп елгезектік таныта­тын­дығы ше. Мәселен, Сәбит Мұқа­нов­тың майданнан оралған жауын­гер Әбдіжәміл Нұрпейісовті бауырын­дай көріп, үйіне жатқызып, шығар­машы­лығының қанат жаюына жол көрсетуін еске алалық. Мұндай қам­қорлықты өзіміз де алдыңғы тол­қын ағалардан көп көрдік. Асқар Тоқ­­мағанбетов, Оспанхан Әубә­кір­­ов, Қалдарбек Найманбаев.., ол енді бөлек әңгіме. Жоғарғыдағы мі­нәйі се­­беппен Қази мен Оразбекке жиі ке­ліп, төртінші қабаттағы бір бөл­меде қатқан пряникпен шәй ішіп оты­ратын қызық та думанды кездер есіме түседі кейде. Қазекең жастарға ар­налған «Сыр толқыны» атты ха­бардың редакторы болғандықтан ме­нің ауыл жастарының өмірі, еңбек адамдары туралы жазған суреттеме, ре­портаждарымды жиі шығарып оты­­рушы еді. Ара-арасында әзіл-сы­қақ­тарыма да орын беріп қоятыны бар. Кейіннен бұл ортаға Бексейіт Шай­ланов пен Жалғасбек Аманов та ара­ласты.

Тоқсан сегізінші жылы облыстың аға басылымы «Сыр бойы» газетіне қызметке шақырылғанымда байыр­ғы екі досым алдымнан құшақ жая қар­сы алды. Тағы да шүйіркелесе кет­тік. Бас редактор Жақсылық Рах­матулла мені Қази басшылық жа­­сайтын «Руханият» бөліміне жі­бер­ді. Ақын Дүйсенбек Аяшұлы еке­у­­міз сол бөлімнің тілшілеріміз. Дүй­­сен төре поэзия жанрына қараса, маған про­залық материалдарды қо­рытуды тапсырды. Қазидың шы­ғар­машы­лық­­ты құрметтеп, құнт­тайтыны сон­шалық, кейде редактор тәртіп сал­­ған кей туындылар әдеби талап тұр­­ғы­сы­на сай келмесе ымы­раға кел­­мейді, «жа­рамсыз» деп бір­ден архив­ке жібе­реді.

«Руханият» бөлімі тілшілеріне ап­тасына қаладан, аудандардан ке­мінде төрт-бес жаңалық тауып, сек­ретариатқа ұсынып отыру тапсы­рылған. Қаржылық тапшылық кез ғой, облыстық газетте бөлім мең­ге­ру­шілерінен өзге төрт-бес-ақ журна­лист бар. Аптасына үш рет жарық көретін дастарқандай газет ком­байн секілді, көлдей мақалаң мен кіш­кентай хабар-ошарыңды лезде жұтып, «тағы не бар?» деп аузын ашып тұрғаны. Бас­тысы, материал­дар сапалы да маз­мұн­ды болуы қа­жет.

Қандай да тапсырма құлағына ти­се, онсыз да мазасыз жауапты хат­шы Расул ағамыз тызылдап, қолына материал тигенше төбемізге жаңғақ шағады. Босқа сөз естіп қалмайын деп біресе қаламыңа, біресе телефон құ­лағына жармасып, жанталасып жүр­генің. Оның үстіне апталық жос­парда бекітілген өз мойныңдағы ма­қалаң тағы бар дегендей. Ал бөл­мелес серігім – ақын Аяш­ұлы осы ша­руа­лармен қатар «Ма­хаб­бат­пен» айналысып кетеді. Ба­сы­лым­ның апта­сына бір мәрте шы­ғатын «Ма­хаббат» қо­сымшасын айта­мын. Сондай қарбалас шақтарда қабақ шы­тып жүрген біреуді көр­мейсің, жы­­лу жүйесі орталықтан ажы­ра­тыл­ған суық редакцияда қа­ғазға шұқ­ши­ған қаламгерлер. Қа­рала күйе газет макетін баспахана мен редак­ция ор­тасында зыр жү­гіре тасып жүр­ген секретариат қыз­мет­кер­лері, кор­рек­тор, кезекші журна­листер…

Баспасөз билік пен халық ара­сындағы алтын көпір, бәрі қоғам үшін, халықтың ертеңгі бола­шақ үшін деген сенім мен жауапкер­ші­лік­тің жүгі босаңсуға тіптен жібер­мейді. Бас­қаша ойлауға қарбалас жұмыстан мұрша да жоқ сол тоқсан тоғызыншы жылдың ағымында бас редактордың орынбасарлары – Оразбек Мақсұт­ұлы, Әскер­бек Рахым­бекұлы, бөлім меңгеру­шілері – Қази Данабаев, Әб­дібай Уәлиев, Жолдасбек Ақсақалов, Қайыр­бек Қорасани, Ақберген Ер­жан­ов, Айжарық Сәдібекұлы, тілші­лер Айғали Қара­балаев, Қаныбек Әб­дуов, Әділ­жан Үмбет, Айнұр Тұң­ғыш­баева, фо­то­тілші Болат Омар­әлі, суретші Қуа­ныш Тышқанов, кор­рек­торлар Кен­жебай, Гүлзипа, Әсия және маш­бюродағы қыздар – Бей­сенкүл, Жа­ңылған, Бақыт, Сәуле, ком­­пьютер ор­талығындағы Базарбай, Гүлмира, есеп бө­ліміндегі Дүйсенкүл, Кенже, т.б. қыз­меткерлер – бәрі-бәрі де ор­тақ іске қоғадай жапырылушы еді. Уақытпен санаспай еңбек еткен ұйым­­шыл жандар «Сыр бойының» ауыр жүгін бөле көтерісіп, аймақтың аға басылымының 70 жылдығы қар­саңында газеттің абыройын асқақ­та­тып тұрды. Міне, осы ұжымның ұйыт­қысының бірі, біздің қадірлі до­сымыз Қази болатын.

Жазушылығымен де, журналист­тік шеберлігімен де елге кеңінен та­нылған Данабаев расында көбімізге ақылшы, қамқоршы, жанашыр жан еді. Жалпы жұртты алалаушылығы жоқ әріптесіміз өзінен жөн сұраған адамға шын пейілімен көмектескісі келіп, білгенін сарқа айтудан, үй­ре­туден әсте танған емес. Өзі де келісті, сырбаз жан еді ғой, жатыр­қамай, өз жайынан бұрын сенің жағ­дайыңды ойлап, қоғамның сырқатын емдегісі келіп аласұрып жүрсе де, қарапайым да маңғаз қалпынан бір танған емес.

«Жазушы – қоғамның сүйегінен адамның жанын іздейтін бейбақ» деп Асқар Сүлейменов айтпақшы, Қа­зекең болған оқиғалар ақиқатын ашып, шыншыл фактілерді оқыр­ман көз алдына келтіре алатын, қа­был­­­дауға қолайлы пішін беретін ше­­­­­берлігі толысқан қаламгер екен­ді­­гін әл­денеше рет дәлелдеген, өз ойы, өз өрісі бар азамат болды. Оны­мен әңгі­­мелесу барысында ойың­ды нақты айтуға және де оны қор­ғауға шыныға беретініңді байқай бас­тайсың. Расында адамның өз ойын ай­тып жеткізе алмауы осалдық болса, өз ойының болмауы одан да үлкен ол­қылық қой, бұл тараптан оның әріп­тестеріне, жақын жүрген азаматтарға берген өнегесі аз емес еді.

«Мақала үстірт жазылмауы тиіс, журналист өзі араласқан мәселені бү­ге-шігесіне дейін зерттеп, етене ара­ласып кетуі керек, сонда ғана оның мәні ашылады» дейтін ол редак­ция­ның алқа жиынында. Қази не нәр­сені қай кезде, қалай айту тә­сілдерін жетік меңгерген майталман қаламгер болатын.

Аймағымыздан экологиялық же­ңіл­діктерді алып тастау жөнінде сол кездегі облыс басшысының бірінен сөз шығып, осыны насихаттау ба­ры­сына біршама басылымдар белсе­не кірісіп те кеткен кез еді, сол ша­мада республикалық беделді басы­лым­дардың бірінде журналист Қази Да­­набаевтың «Әкім әлем халқын қа­­лай алдамақшы болды?» деген кө­лемді мақаласы жарқ ете қалды. Өте өткір және де идея авторы сынға ұшыраған материал еді. Расында эко­логиялық зардап салдары бар деп танылған аймақты қалай тап-таза етіп шығаруға, ол жерде өнген өнімдерді кіршіксіз деп қалай айтуға, бұл пі­кірді көпшілікке тықпалауға кімнің дәті баруы мүмкін?!

Осы жарияланымнан соң іле-шала жергілікті кадрларды қудалауға ұшыратқан бір мекеме басшысының жұмыс стилін сынға алған екінші мақаласы да «Жас Алаш» газетінде жарық көре қалды. Бұл кісіңіз де жоғарғыдағыларға жақын жүретін, жұғымы бар адам екен, мұнан соң біз­дің газет басшылығына тықыр тая­нып, соңында журналистің үлкен ка­бинетте ықпалды кісімен бетпе-бет кездесуіне тура келеді. Келген соң бол­ған жайтты қысқаша әңгімелеп берді. Екеуара әңгімелесу барысында Қази мақалаларындағы фактілерді түгел дәлелдеп, өз ойына дөкейді де иліктіреді. «Дегенде, – деді ол әң­­гімесінің соңында, – Басшының түп­кі ойы шынында жөн секілді, ай­мақ­қа экономикалық пайдасы бар екен­дігін аңғардым. Тек онысын жұрт­­шылыққа дұрыс түсіндіре алма­ды» деді ол қашанғы шындық сөзге мойын­сынатын әдетіне басып. «Адам болған соң қателеседі, сүрінеді, жы­ғылады, тұрады. Бұл әр пендеде бо­латын жағдай. Мас болуы да, біреуді тілдеуі де мүмкін. Мұның бәрін ке­шіруге болады, тек өтірік айтқанды, жұртты ақымақ көретін өтірікшіні ке­шірмеу керек» дейтін мінезі де әлі есімде.

«Қайырда қалған кеменің капи­таны» атты сын мақаласында сол кез­дегі білім саласындағы жүйесіз­діктер талданып, білім министрі сынға алын­ды. Көп ұзамай бұл шенеунік те қызметімен қоштасты. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген осы болса керек.

Ол кездері газеттің, журналистің беделі зор еді, редакциямызға өз ор­­тасынан зәбір көргендер, шын­дық­­тың ауылын іздегендер жиі ке­летін-ді. Әділдік жолында газет қыз­меткерлері де ел-елді кезіп, оқиға ортасында болуға ұмтылып, ала-шап­қын болып жататын-ды. Басшы-қосшылар да мақтауға оншалықты еліре бермейтін, атқарған қызметін мін­детім деп түсініп, орынды сын болса, мойындап, оны қалпына кел­тіруге тырысып жүретіндігін бай­қар едік. Қоғамдық өзгерістерден ке­­­йінгі қаржы тапшылығының әлі де етек­тен басып тұрған кезеңі ғой, жур­­на­листердің де жалақысы мар­дымсыз, бір айлығы екінші айлы­ғына жет­пейтін, өзгеге түсірер кө­лең­кесі шамалы шағы. Сондайда әріп­­тес­­те­ріміздің «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» дейтін зілсіз әзіліне Қази: «Журналист – қалқан ғой, қалқанды ешкім де, ешнәрсе де қор­ғамайды» деп шындап жа­уап бе­ретін. Расы да солай ғой, жұрт сен­ген қаламгер өз жағдайын қамдап, ық­­тап кетсе, қоғамдағы келеңсіз­дік­­терді кім су бетіне шығарады, кім бола­шаққа қамқоршы болады?! Осы ұста­нымның басында әрдайым Қази досымыз жүрді. Ол қашанда шын­­дықтың жүзіне тура қарады және оны­сын еш­кімнен жасырмады, бүгежек­темеді. Оның қыбын табу қиын еді, жағымпаздарды жақсы көрмейтін, ал көшелі іске қашанда басын иіп өтті. Осы қасиеті үшін бас редакторымыз Жақсылық Рахма­тулла, редколлегия мүшелері оның уәжіне тұрып, құр­мет тұтты, сый­лады. Солай болуы заң­дылық еді.

Мұнай өндіру саласындағы шет­елдіктердің қандастарымызға әлеу­меттік теңсіздік жасалуын зерттеуде екі-үш күн сол жақта қона жатқан кездері де болды. Қашанда шындық жа­ғында жүретін Қазекең бұл жағ­дай туралы бірнеше сериалы мақа­лалар жазды. Сол кездегі облыс әкімі И.Адырбековтің журналист дерек­те­ріне ден қойып, қолдау білдіргенін де ұмытқанымыз жоқ.

Қази әзілге де бейім еді. Редакция дәлізінде кездесе қалғанында оның Ақберген ағамен қалай сәлемдесетіні көз алдыма келеді. Екеуі екі жақтан шұрқыраса келіп, аяқтарымен тебісіп амандасып жататын. Бір қарасаң ба­ланың ойыны секілді, дап-дардай адамдар, өздеріне салсаң, сірескен қалыпты әзілмен сетінеткені. Кәстөм киіп, галстук таққанын да сирек кө­ретінбіз, иығына тек қарапайым то­қыма киімдерді іле сала көп ішінде момақан қалып танытатын еді-ау. Ал корректор Кенжебай екеуінің ойлап таппайтындары жоқ. Екеуі бір кәсіпті бастап, сөзімен аста-төк байлыққа ке­неліп жатқаны. Әсіресе олардың бұл ойынынан хабарсыз сырт кісі тұр­са тіптен жанып кетеді. Бірде Кен­жебай бөлмеге екпіндей кірді де:

– Бүгін ашуым қатты келіп тұр. Кеше әкелген жап-жаңа Джипті есік алдына қойсам, балам гаражға кір­гіземін деп бір бүйірін оңдырмай со­ғып алыпты! – деді бөлменің орта­сында талтайып тұрған күйі. «Ой­пырмай, мынаның фантазиясын-ай!» деп мен отырмын. Тақымында авто­көлік түгілі велосипеді жоқ Кенжекең қалай-қалай көсіледі. Тоқсаныншы жылдардың аяқ кезі ғой, барлық жер­де тапшылық, тиісті азғантай ай­лық-жалақымыз қолға зорға тиеді. Кейде ақша орнына күріш не басқа заттар берсе де шүкіршілік етеміз. Ал корректор «кәсіпкеріңіз» ісіп-ке­уіп болар емес. «Бұ не деген ағыл-тегіл молшылық?!» Осы оқиғаға куә болып отырған ақын қонағымыз аң-таң қалпы оның сірісі ақ жем топлиі мен жеңі қырқыла бастаған көнелеу кәстөміне күмәндана қарап қалыпты. Ал Қази болса әлгі әртістік рөлінен шықпаған күйі:

– Не деген сараң адам, – деп қойды. – Қап-қап ақшасы болса да, үстіне бір дұрыс киім кимей осылай жүре береді.., деп күбірлеп қағаздарын аударыстырып кетті…

Қази мен Кенжебайдың әлгіндей ойындарына талай куә болып жүрген менің өзім де бір рет арандап қала жаздағаным бар. Баяғы бөлме, га­зет­тің қарбалас жұмысынан қол бо­саған бір сәтте Кенжекең Қази екеу­мізге «тапсырма» бере бастады. Іш­те басқалар да бар, мұндайда кор­ректордың қиялы өрлеп, өркеш­теніп кетеді. Әңгіме ауанынан байқап отыр­ғаным, екеуі жүз бас баспақ алып, малдарын Қаратаудың баурайында біреуге «баққызып» қойыпты. Ай­туынша, бақташы менің танысым секілді. Сондағы жағдайдан хабардар болып, апта сайын барып-келіп тұ­руым керек екен. «Уазик әперіп қоя­мын» дейді жарылқаушымыз. Ал Қази 20-30 тонна жем тауып, сонда жеткізуі керек. «Кәсіпкер басшы­мыз­дың» қарқыны тіптен қатты, бә­рін өлшеп-пішіп жалтаруға тіптен мүм­­кіндік берер емес. Бұл сыбыс бас редактор Жақаңның да құлағына тиіпті. «Үшеуің жақсы шаруаны қол­ға алған екенсіңдер. Мал ұстаған жақсы – атакәсіп!» деп алып: «Айлық тиген соң, мен де қораларыңа екі баспақ қосып қояйын, өзің бас-көз болып жүрерсің» деген бұйымтай ай­тады. Со жолы әріптестерімнің құ­­пиясын ашуға бата алмай, үнсіз кет­­кенмін. Содан жексенбі болса уайым: «Екі баспақты әкеле қалса, қайда сый­дырамын» деп ойлаймын ғой. Абырой болғанда, Жақаң да әлгі ша­руа­қорлығын ұмытып кетті ғой деймін, қайта мазаламады.

Иә, қалыпқа сыймайтын, бұғаулап, бүркеп ұстауға көнбейтін басы асау күйі өмірден өтті, Қази дос. Соңғы сөзінің бірінде еліне былай аманат айтты:

«Сен аман бол, Қазақстан!

Көтеріп көк жиектен делегейін,

Келесің ақ бауырлы кемедейін.

Мен болмасам болмайын

Қазақстан!

Сен аман бол,

Сен үшін мен өлейін.

Сенсіз өмір болады қалай маған,

Шаңдақпын шартарапқа

жел айдаған.

Қаңғырып жүрер едім

қай бұрышта,

Қазақстан бермесе арай маған.

Амансың ғой…

Барсың ғой…

Орныңдасың.

Орныңды таппай Құдай қор

қылмасын…»

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі