Қызылорда

1507

0

Қызылордам, өр болмыс, зер көңілді,

Анамсың жеті жуған жөргегімді.

Жетейін даналыққа саған қарап,

Жеткізейін өлеңмен өрнегіңді.

Шырайың сәулеленіп шырақ оттан,

Жаралған жамал бейнең дүр абаттан.

Сен тұрсың астаналар шеруінде,

Сыр тартсам бері қарай Сығанақтан.

Кетіпті кәрі тарих керуен боп,

Келбетім көкжиектен көрінер деп.

Мен жүрмін сұлулықпен қолтықтасып,

Сүлейлер аллеясын серуендеп.

Қайырылып қолына алған ақ алмасы,

Қалыпты талай сенде қаған басы.

Шежіреңді шырақ қып төрге қойдым,

Алаштың алты қанат ақ ордасы.

Шашыңа жасын түссе, көркем анам,

Мен болам қара талың өрт ораған.

Дүрбелең дүниенің дидарында,

Бейнең тұрсын бүгін сау, ертең аман.

Әлемнің жерұйығын табам деген,

Асанқайғы арманын бағамдап ем.

Жер шарын жеті мәрте сапарласам,

Айналып адаспастан саған келем.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<