Орыс тіліне келгенде омақаса құлайтынның бірі менмін. Әзіл-шыны аралас, ауызекі сөйлем арасында тұздықтап сөйлегенім болмаса, таза ауыл тілінде гәпіремін. Оныма түк қысылған да емеспін. Тіпті, қазақи сөздің мәнін түсінер адамым кезіксе, мақал-мәтелмен тұспалдап, орағытып, бұрынғыларша алыстан қозғап, әлденені меңзеп сөйлесер болсақ, біразға дейін, қолтықты жазып шабуға болар еді.
Қоош. Әңгіменің сүрлеуіне де енді жеттік қой. Өгізаяңмен бастайын. 2005 жылдың күзінде Таразға оқуға аттанғанымда қырық қыздың арасында оқимын деп ойламағанмын. Тіпті, студент болар шағымды мектептегіден сәл өзгеше, ақ көйлек, қара шалбар кимесек те, ұл-қызы тең, аралас оқиды деп түсінсем керек. Сөйтсем, қазақ тілі мен әдебиетін оқу ауылдан келген қыздардың маңдайына жазылыпты. Сол кездің шындығы еді бұл. Көбісі ата-ананың айтуымен, мұғалім болса болды да деген «жерде қалмайтын ақылдың» жетегімен келгендер. Сондағы ең оңайы мұғалімдік те, ең оңай пән тіл-әдебиет болып тұр ғой. Кейінірек қарасам, қаладан институтқа түскен көп ару финанс, аудит, ағылшын тілі, заңгер сияқты сол кезгі хит мамандықты тізгіндепті. Ал қазір бұл жағдай көп өзгерді ғой.
Біздің бір курсқа түскен қыздардың арасында арғысы Шу, мына беті Жаңатас, өзге аймақ Шымқала мен Семейден де қаракөздер бар. Алғаш аудиторияға кіргенімде өз-өздерімен шуласып жатқан қырық қыз бір сәт сілтідей тына қалған. Қырық қыздың сексен көзі өзіңді тінте қарағанда желке тұсымнан аққан суық тер жауырын арасымен жылжи отырып, құйымшаққа жеткенін бір білем. Мың жерден бір «етің» артық болғанмен, мына шуылдағандармен 4 жыл қалай болар екен деген үркек ой миыма шың ете қалған. Құдай оңдап, қасыма түймекенттік Сәбит есімді «сенімді серіктес» келіп, қобалжыған көңіл сәл басылды. Көп арпаның ішіндегі қос бидайдай институт деген елекке осылай түскенбіз.
Сабақ басталғанына бір апта өтті. Бір қуанғаным, бірінші курста, тура мектепдегідей «Дшы» болады екен. «Дшы» ше? Дене шынықтыру. Физкультура. Қатты қуанғанмын. «Дшы» ағай да көңілшек біреу. Ортаға екі-үш допты лақтырады да, өзі буфетке қарай тартып кетеді. Жаздық спорттық алаңда қырық қызды қайырып, Сәкең екеуміз қала береміз.
– Кәне, бөлініп, волейбол ойнайық. Староста Монтаеваның ұсынысы бұл.
– Ойнайық. Кім бар? Іріктеліп, он шақты қыз ғана шыққан. Қалғаны бізден сырттай берді. Әрірек барып, бірі кітап оқиды, тым сылқымдары құтақандай айнасына қарағыштап, бет-аузын көркемдеуге кіріседі.
– Жақсы, бөлініп болсақ, бастайық. Мәшік қайда, бере ғой. Тым белсеніп ортаға шыға бергенмін. Старостаның көзі ит көрген ешкідей бағжаң ете қалды. Жалғыз Монтаева емес, басқалары маған біртүрлі қарап қапты.
– Не дейсің?
– Не дегені несі? Мәшікті берсей. Ойнамаймыз ба?
– Ол не? Енді мен ашулана бастадым.
– Жейтін нәрсе ғой. Ау, енді волейболды мәшікпен ойнамаймыз. Берсей қолыңдағыны.
– Бұл доп қой. Ақерке қолына қарап күледі.
– Қайдағы доп. Сендерге доп шығар, бізге мәшік бұл. Доп екенін білсем де, қырсықтықпен айта салғам. Қыздар тырқылдап күледі маған. Іштерінен «мынауың ауылдың да ауылынан келген біреу ғой» дегені анық.
Қызылорданы қайдам, біздің Арал-Қазалыда допты «мәшік» дейді. «О, мәшік бар ма, кеттік алаңға» деген сөзді біздің ауылдың ұлдары ғана айтады. Екі үлкен тастан қақпа жасап, қалағанынша футбол ойнап, мәшік тебетін де солар.
«Мәшікті» сөйтіп Таразға да апарғанмын. Негізі, мәшіктің дұрысы мячик екен. Біз оны өзімізше қазақыландырып…
Айтпақшы, алғашқы курста, әйтеуір, үй телефонымен өзімді сыпайы түрде ұстап танысқан арумен кездесетін болдық. Джеванши деген оригиналдан алыстау иіссуді құлақ түбіне бызд-бызд еткізіп, орталық алаңға жақын жерге барып тұрдым. Белгіленген уақыттан сәл аса, қалтамдағы соткамнан «Белалимнің» музыкасы сыңси қойғаны. Жылдам көтересің мұндайда.
– Алло.
– Қай жердесіз?
– Плошытта ғо.
– Еймінні, қай жерінде? Жаныңызда бірдеңе бар шығар.
– Аа, иә, қазір. Жан-жағыма тез қарай салдым. – Мен Нотариус деген магазиннің қасында тұрмын.
– Қалай дедіңіз?
– Нотариус деген төбесінде жазу бар магазин тұр. Сол жерге келсеңіз. Ана ару күлді де телефонды қоя салған.
Сәл уақыттан кейін ол қыздың маған «әзілді қатырасыз» дегені, солай түсінгенін айтқаны, менің ыржия бас шұлғи бергенім есімде. Шынымен, екі-үш күннен кейін нотариус пен магазиннің ара қашықтығы ай мен күндей екенін бір-ақ білгенмін мен.
Ержан ҚОЖАС
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<