Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастырумен А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде белгілі ақын, «Тұран» сыйлығының иегері Ғазиза Әбілданың «Сезім мен сырдың самалы» атты әдеби-сазды кеші болып өтті.
Кеш шымылдығын қалалық мәдениет үйлері клубтар және халықтық ұжымдар мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын директоры Эльмира Қанатбаева ашып, қала әкімінің құттықтау хатын табыстап, ақынға игі тілегін жолдады.
Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов:
– Ғазиза 35 жасында «Жалағаш жаршысы» аудандық газетінің бас редакторы болды. Бүгін ақынның туған жерінің ыстық сәлемін алып келдім. Адал еңбек қай уақытта да бағаланады, – деп, аудан әкімінің құттықтауын тапсырды.
Ғазиза Әбілда Жалағаш ауданында өмірге келген. Аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, 2010-2017 жылдар аралығында басылымның директор-редакторы, бас редакторы қызметтерін атқарды. Бүгінде облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі.
2001 жылы қараша айында Алматы қаласында өткен жас ақын-жазушылардың әдеби семинарына қатысып, шығармалары үздік деп танылып, Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылданды.
Ғазиза – сыршыл ақын. Кеш тақырыбы айтып тұрғандай, өлең мерекесінде ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, жырдан маржан шашылды. Студент жастар ақын өлеңдерін нәшіне келтіре оқыды.
Беу, дүние!
Келешекке кезім көп алаңдаған,
Көңілімнің дауасын таба алмаған.
Тарам-тарам тұрлаусыз ойым жатыр,
Тарқатылған бұрымдай таралмаған.
Саятшыдай қызықтап аң аулаған,
Тапқан олжам тұрса да таяу маған.
Жолдас көріп біреуді жаңылысып,
Жүген ұстап көбіне жаяу қалам, – деп жырлаған ақынның өмірдегі қарапайым болмысы мен эстетикалық көркемдігі кейінгі жастар үшін өнеге аларлық өмір өрімі екені анық. Оның осындай жыр қуатын таныған Кундыз Суранбаев пен Накан Жазы ақын өлеңдерін қырғыз тіліне аударды.
Бұған дейін «Таңсәрі», «Сезім-серуен», «Қыр гүлі» жыр жинақтары жарық көріп, оқырманнан жақсы баға алған. Ақын жырлары бүгінгі кеште де көрерменін серпілтіп, көңілге шапағат төкті.
Кеште ақын Қатира Жәленова, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, «Сыр медиа» ЖШС директоры М.Аралбаев пен «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қ.Шарабидинов, ақын Дүйсенбек Аяшұлы әріптестеріне ақ тілек арнап, сый-сияпат жасады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Аягөз Қожақова «Қыр гүлі» жинағын талдап, ақын поэзиясы туралы ғылыми тұжырымын ортаға салды.
Көрерменнің рухани олжа сыйлаған сыршыл кештен алған әсері мол болды.
«СБ» ақпарат





