Жазушы Сайын Мұратбековтің 85 жылдық мерейтойына арналған «Жусан иісі» әдеби байқауы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Сайын Мұратбековтің 85 жылдығына орай, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы мен «Janr» Жетісу әдеби клубы Алматы облысы Ескелді ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жусан иісі» атты әдеби байқау өткізеді. Байқаудың мақсаты – қазақ әдебиетіне өшпес із қалдырған қаламгерді еске алу және оның шығармашылығын насихаттау», – делінген облыстық кітапхананың баспасөз хабарламасында.
Байқау бір номинация – әңгіме жанры бойынша өтеді. Оған 18 жастан асқан барлық авторлар қатыса алады. Байқау еркін тақырыпта өтеді, бірақ әдепсіз сөздері бар, тәрбиелік құндылығы төмен, басқа бір адамның, ұлттың ар-ожданына нұқсан келтіретін шығармалар жіберілмейді. Сондай-ақ, бұрын бәйгеге түсіп, жүлде алған шығармалар мен газет-журналдарда жарияланған әңгімелер қатыстырылмайды.
Шығарманың көлемі А4 нұсқасында 14 шрифтпен 30 беттен аспауы шарт. Автор байқауға жіберген шығармасына авторлық құқықтың бар екеніне кепілдік береді. Әрі шығармаларының БАҚ, жинақтарда, ғаламторда, әлеуметтік желіде жариялауына рұқсат береді.
Ұйымдастырушыға қандай да бір қаржылық талаптар қоюдан бас тартады. Шығармалар қазылар алқасының сараптауынан өтеді. Жазушының стиліне, шығарманың көркемдік ерекшелігі мен мазмұнына баса мән беріледі.
Шығармалар 2021 жылдың 15 қазанынан бастап, 15 қарашаға дейін қабылданады. Байқаудың қортындысы жеңімпаздарға арнайы хабарланып, әлеуметтік желіде жарияланады. Байқауға ұсынылатын шығармалар oqy_zaly@mail.ru электронды поштасы арқылы қабылданады. Бір автор бір шығарма ұсынуға құқылы. Автор бәйгеге қосқан шығармасымен бірге өзі туралы толық мәлімет беруі керек.
Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлыққа ие болады. Олар марапаттау салтанатына келіп-кету шығындарын өз мойнына алады. Онда барлығы үш орынға (1-орын – 300 000 тг, 2-орын – 200 000 тг, 3-орын – 150 000 тг) жүлде тігіледі. Қосымша ынталандыру сыйлықтары тағайындалады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<