Сезім серуен сайраны

1352

0

Тағы бір жыр жинағын қолымызға алдық. Қолға алдық та ақтарып, әр бетін бір парақтап отырмадық. Бас қо­йып, оқи бастадық.

«Келешегім…

Кеше кім, бүгін кіммін?

Келеді бұл сұрақтың сырын білгім.

Әйтеуір әуресі көп бұл өмірді,

Әркімдерше мен-дағы сү­ріп жүрмін». Өлең осылай тыл­сымына тарта жөнеледі. Тыл­сымына тартпаған өлең өлең бе?

Бұл – кейінгі толқын легінде аты танымал Сыр бойының сыршыл ақыны Ғазиза Әбілданың «Сезім-серуен» деп аталатын жыр жинағы.

Ақынның ширыққан жыр­лары қазақтың төл тіліндегі тұрақты тіркестердің көбесін сөкпей қолдана білетінін, сөздің сырын терең ұғып, өрнектеп қолданудың шебері екенін танытады.

Хан ұлына жарасар,

Қанындағы қайсарлық.

Би ұлына жарасар,

Жарқын мінез, жайсаңдық.

Жауынгерге жарасар,

Еркіндігі, ерлігі,

Тәлімді ерге жарасар,

Көңілінің кеңдігі.

… Ақындарға жарасар,

Сөзі мен істің лайығы,

Жырыңды ешкім ұқпаса,

Жалпылдап тек құптаса,

Қажеті қанша, тәйірі?..

Ғазиза мақтау күтпейді, оқырманының өз айтпағын ұғынғанын қалайды. 

Ақын өлеңдері өршіл.

«Ар-намыс тапталды, ақиқат жырақта,

Тәңірім тек мәңгі, рухымды құлатпа», – деп біреудің кілеміне барып тізе бүккенше тірмізік тірліктің тертесін сықырлата тартып жүруге қайыл. Оның базары да, бақыты да өлең дейтін әлем, бәлкім, ол ертегі әлемі шығар.

«Күн өртеді жанымды, түн өртеді,

Басынан кешкен жандар білер тегі.

«Мың бір түн» ғазалындай,  ғажабындай,

Бітпесе екен деймін, бұл ертегі». Бірақ, Ғазиза ертегімен өмір сүрмейді, өлеңі – оның жүйрік қиялы, жау­һар ойы. Ол өзі айтқандай, «сөзі мен ісі лайық» күрескер ақын. Қиындыққа төзгіш, қисынсызға көнбіс кезі де аз емес. Бірақ, рухы мықты, жүрегі сәулелі. Аяқталмаған сөйлемге нүкте қойып, ал, болдым демейді, алға ұмтылып, ақ сапардың соны соқпақтарын іздеумен келеді. Мен мұны өмірге де, өлеңге де қатысты айтып отырмын. «Осылай нұрға бөлеп өмірімді, нүктені айналдырам леп белгіге» деп мұны ақынның өзі де айтады.

Сөздің түйіні, мен «Сезім-серуенді» қазақ өле­ңінің қазынасына қосылған бір олжа деп санаймын.

Сезіміңнің серуені келешек күндердің бақыт бақшасында сайрандасын, Ғазиза ақын. Айтар тілегіміз – осы.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<