Шешеден боқтау

2842

0

Тоқаш Бердияровты алғаш көргенімде, ол өзінің шапаты денесіне өзі сыймай, әлденеге, әлдекімге зығырданы қайнап жүргендей көрінді. Жазушылар одағының бірінші қабатында қарадан-қарап тісін шықырлатып, қара тері биялайлы екі жұдырығын біріне-бірін сарт-сарт ұрып, арлы-берлі теңселіп жүр екен. Шүңіректеу көздері мағынасыз тесірейіп, ұрынарға қара таппай тұрғандай.

Содан болар, сыртынан «бұзық, төбелескіш, тентек» деген сияқты арқалы ақынға «жарасатын» жамау-теңеулер жиі айтылатын Тоқаш ағаның жаңа кітабына редактор болып белгіленгенімде аса қуана қойғаным шамалы. Бірақ оның қолжазбасын екеулеп қолға алғанымызда мен бұрынғы өзім үстірт білетін Тоқаңды танымай қалғандай болдым.

Алдымда шалбарының қыры сынбаған, мұнтаздай, барынша сыпайы, ұстамды кісі отырды. Өлеңдерін мақтағанымда мұздай көзі жібіп, кәдімгідей марқайып, жадырап, арқа-басы кеңіп сала берді. Шындығында да Тоқаш Бердияровтың жырлары ерекше, кедір-бұдыр ойларға толы болғанымен, жазылысы жағынан қамшы салдырмайтындай жорға еді. Менің редактор ретіндегі айтқан талап-тілектеріме екі сөзге келмей келісіп, кейбір өзі байқамай қалған оғаштау тұстарын тап-тұйнақтай түзеп берді. Қолжазбасын тездетіп баспаға жөнелттік.

– Өлеңдерімнің қырқылмай өндіріске кеткені өмірімде тұңғыш рет. Осы жолы ғана. Сенің арқаңда. Әйтпесе маған бұлар не көрсетпеді дейсің… Өзім не көрмедім, өлеңім не көрмеді?.. Бұл жолы бірінші рет. Ризамын, – деді ол. Мұнысына мен де риза болдым. Содан бері Тоқаш аға мені көрсе бұрылып амандасып, іштарта сөйлесіп жүрді.

Айлар жылжып өтіп жатты. Алайда аман-есен аттандырған қолжазбадан хабар болмай кетті. Тоқаңның ендігі сұрақтары:

– Бала, кітап кешікті ғой, версткасы келген жоқ па? – дегеннен басталатын болды. Жаңа келген жас редактормын, жауабым келте.

– Сен иығыңды қиқаңдатқанды қой. Барып, өндіріс бөлімінен сұрап біл. Мен кірсем, бәрі кірпідей жиырылады. Гранка неге кешігіп жатқанын анықта, – деді ол бірде даусын суытып.

Бардым, сұрадым. «Жақында келіп қалар, баспаханада кезек күтіп жатыр», – дегеннен өзге жарытымды жауап ала алмадым. Тоқаштың кітабы туралы бастығым Сағи Жиенбаев та мандытып ештеңе айта қоймады.

Күн артынан күн жылжып жатқан. Баспаның митың жұмысы. Өндіріс. График. Қаптаған қолжазба бас көтертпейді. Ол кезде баспаның тақырыптық жоспарына енген қолжазба, саяси кемшілігі болмаса болды, сөзсіз жарыққа шығуы керек. Көркемдік деңгейі төмен болса автордан бұрын редактор жауапкер. Сондықтан ақындығы шамалы талай автордың талай-талай шалағай өлеңін қайта жазып берген кезіміз болды. Ол замандағы баспаның формуласы: «Кітаптың осалдығы – редактордың кемшілігі». Мұндайда қайтіп бас көтерерсің?

Сондай күйбең-митың күндердің бірінде «Жазушы» баспасы поэзия редакциясының ауыр емен есігі сарт етіп шалқасынан ашылып, ішке иегіндегі бес тал шоқша сақалы шошайып, Тоқаш Бердияров кіріп келді. Босағада тісін шықырлатып, ызғарлана қарап тұрып, табанын жерге қадай-қадай басып, төрге озды. Шетте отыратын менің ұшып тұрып берген сәлеміме пысқырып та қараған жоқ. Бара, төрдегі Сағи Жиенбаевқа шаншыла қарап тұрып, сұқ саусағын шошайтып, бас-көз жоқ: «Өй, шешеңді!..» – деп сіміртіп сыбай жөнелді. Боқтығының аяғын орысшаға ұластырды. Сағи аға сілейіп отырып қалды. Оған қарама-қарсы отыратын ақын Әбдікәрім Ахметов:

– Тоқашжан, саған не болды? – деп қозғала бастап еді, саусағының сұғын тапаншадай бұрып, оған да тарпа бас салды: «Оттамай отыр! Сенің де шешеңді!..»

Енді менен жоғары отыратын Шона Смаханұлы ағамыз қашанғыдай шаңқылдаған ащы даусымен:

– Әй, Тоқаш, тарт тіліңді! Тападай тал түсте жұртты сыпыра боқтап саған не көрінген?! – дей бастап еді, Тоқаң енді оған да бар денесімен шалт бұрылып: «Тап сенің де шешеңді!..» – деп ауыз толтыра сыбады да, ештеңені елең қылмастан, қалай келсе солай тісін шықырлатып, нығарлай басып, сыртқа шығып жүре берді. Бізде үн жоқ, отырып қалдық. Есіктен шыға беріп қайта кірді де, маған да әлгі саусағын шошайтып: «Сенің де шешеңді!..», – деп ауыз толтыра бір боқтап, есікті сарт еткізіп жауып кетті.

Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Біздің ауылда шешеден боқтамайтын еді. Өмірімде мұндай боқтық естіп көрмеген менің бірден қаным басыма шапшып, соңынан сыртқа қалай жүгіріп шыққанымды өзім де байқамай қалдым. Тоқаш аға ұзай қоймаған екен, жетіп барып, ай-шайға келтірмей, ту сыртынан бас салып, құшақтап көтеріп алдым да, дәліздің бұрышына қарай сүйрей жөнелдім. Біздің редакциямыз Жазушылар одағының бірінші қабатындағы ең шеткі бөлмеде болатын. Дәл қапталында, бұрышта, дәліз біткен жерде – подвал басталатын. Шағын денелі Тоқаңды баспалдақпен дырылдатып сүйреген күйі төменге түсіріп, алакөлеңке подвалдың қабырғасына жаныштай, қылқындыра қысып жіберіп: «Неге боқтайсың?! Кітабыңа көмектескеннен басқа менің не жазығым бар?! Сақалыңды жұлып қолыңа берейін бе?!» – дедім ашудан қалшылдап. Тоқаш аға қырылдап: «Әй, әлгілердің бәрін боқтап, кетіп бара жатсам, сен қалып бара жатыр екенсің. Сосын сені де боқтай салып едім», – деді. Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Қапсыра қысқан саусақтарым жазылып қоя берді. «Мінезің бар екен. Маған өзің ұнап тұрсың. Жүрші, коньяк әперейін… «Қаламгерден»… – деді Тоқаң түк болмағандай. Енді тіпті не айтарымды білмей қалдым. Жаңағы ашуымның бәрі тарқап жүре берді, қалай күліп жібергенімді өзім байқамай қалдым.

Сөйтіп екеуміз жоғары көтеріліп, «Қаламгердің» барына бардық. Тоқаң екі жүз грамм коньяк пен қара кофе алдырды. Жайласып отырдық.

– Боқтаған себебімді айтайын, – деді ол ашыла сөйлеп, – менің өзің дайындаған, «әне-міне шығады» деп күтіп жүрген кітабымды графиктен келесі жылға ысырып жіберіпті. «Версткасы неге кешікті?» деп сұрай-сұрай, «Кітап фабрикасына» барсам, ондағылар маған баспа бастықтары қол қойған графикті көрсетеді. Сен одан бейхабарсың. Аузыңды ашып жүрсің. Түк білмейсің. Бәрін ана Сағи біледі. Бірақ бәрі ішінде, жасырып, айтпайды. Оның қасындағы менің достарым, сенің ағаларың Әбдікәрім мен Шона да мұны білуі керек. Бірақ олар да баспаның құпиясын авторға ашпайды. Тісқаққан, кәнігі. Оларды боқтаған себебім сол. Ал маған осы жайды сен де білетін сияқты көрініп кеттің. Соны менен жасырып айтпай жүр ме деп, сені де боқтап салдым. Өмірімде қиқаланбаған, ойдағыдай бір дұрыс кітабым шығатын болды ғой деп үміттеніп жүр едім. Өз арқаңда. Авансы неше ай бұрын жұмсалып кеткен. Кітабым биыл шықса, қалған қаламақысы да қолыма биыл тимек еді. Алпыс проценті. Әжептәуір ақша. Айлығы жоқ адамға қаламақыдан басқа не керек? Биыл шығуға тиісті кітабымды келесі жылға ысыратындай мен кімге не жаздым? Мен еш рахат дегенді білмеген адаммын. Жастай соғысқа кірдім. Одан беріде жөні түзу отбасым болған емес. Бар өмірімді осы өлеңге арнадым. Міне, бірақ менің өмір бақи көргенім осындай қорлық. Қайтіп ашынбайын? Қайтіп боқтамайын? Айып етпе, айналайын. Жазығың жоқ екен. «Ер шекіспей бекіспейді». Осылай ағалы-інілі болып жүрейік. Бір сұрайтыным – өліп кетсең де өтірік айтпа. Өмірде де, өлеңде де…

– Тоқа, Төлеужан Ысмайылов, Төлеген Айбергеновтер туралы айтып беріңізші. Жас кездерінде қандай еді? Солармен де талай бірге жүрген шығарсыз? – дедім мен сәлден кейін.

– Нағыз ақындар еді ғой. Жанып тұрған от болатын. Төлеужан, Төлеген, Мұқағали, Құдаш – бәрі шетінен мықты еді. Ол ұзақ әңгіме. Солардың бәрін араққа үйреткен мен едім. Бәрі өліп қалды. Мен әлі тірі жүрмін.

Даусында тірі жүргеніне масат емес, мұң бар еді. Жалғызсыраудан туған мұң болар. Әлде сағыныш па екен?..

Дастарқанымызға басқалар келіп қалып, әңгімеміз аяқсыз қалды.

Ұлықбек Есдәулет

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<