Топ-баннер2

Шығармалар жинағының тұсаукесері

7

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау, өнертанушы, профессор Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген салтанатты мәжілісі өтті.

Мерейтойлық жиынды университет ректоры Наурызбай Байқадамов ашып, ғалымның ұлттық өнер мен руханият саласындағы еңбегіне тоқталды. Қазақтың жыраулық дәстүрін жаңғыртып, ғылыми тұрғыда зерттеп, оны білім беру жүйесіне енгізуге елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Ғалым университет тарихында алғаш рет «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы бойынша «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедра­сының негізін қалап, алғашқы меңгерушісі болды. Оның бастамасымен ұлттық жыраулық дәстүрді зерттеу, жүйелеу және жас буынға үйрету бағытында бірқатар жұмыс атқарылды.

Салтанатты жиында Алмасбек Нұрмахан­ұлына Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің құрметті профессоры аттестаты табысталды.

Мерейтойлық жиынға жазушы, тарих­шы-этнограф Қойшығара Салғараұлы, Қа­зақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман, Парламент Мәжілісінің депу­таты Жанарбек Әшімжан, академик Қылышбай Бисенов және мәдениет пен өнер саласының өкілдері қатысты. Сонымен қатар университеттің профессор-оқытушылары мен Ғылыми кеңес мүшелері де жиналды.

Қонақтар мерейтой иесінің шығар­машылық жолы мен ғылыми еңбектеріне тоқталып, қазақ руханияты мен дәстүрлі өнерді дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті. Талантты шәкірттер тәрбиелеп, жыраулық мектептің қалыптасуына ықпал еткеніне тоқталды. Жазушы, тарихшы-этнограф Қой­шығара Салғараұлы өз сөзінде Алмас­бек Алматовтың жыраулық өнердің сабақ­тастығын сақтаудағы еңбегін жоғары бағалады. Шара барысында Алмасбек Ал­матов­тың шәкірттері мен жас өнерпаздар жырдан шашу шашып, ұстазға құрмет көрсетті.

Сондай-ақ ғалымның көп томдық шығар­малар жинағының тұсаукесері өтті.

Кездесу соңында мерейтой иесі сөз сөйлеп, көрсетілген құрметке алғысын білдірді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»