Сөйлемге – сыр, өлеңге – өрнек қондырған

240

0

Қазақ журналистикасы мен поэзиясының тыныс-тіршілігіне терең бойлап, қалам мен жүрекке бірдей жүк артқан Қайырбек Асанов – сыршыл да салиқалы сөз иесі. Ол – ақпарат пен ақиқаттың арасын  жалғаған, өлең мен өмірдің өзара үндесуінен сыр тартқан қаламгер. Сөйлемге сыр ұялатып, әр жолына ойдың өрнегін кестелеген тұлғаның артында жарты ғасырдан астам руханиятпен өрілген еңбек жолы жатыр.

Қайырбек Асанов – өлеңнің ғана емес, өмірдің де шыншыл жыршысы. Журналистикадағы табандылығы мен поэзиядағы талғамы – оның шы­ғар­машылық жолының қос қанаты. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан қа­лам иесінің мерейлі сәтін тек жеке қуаныш емес, ұлттық руханиятқа сі­ңірген еңбегін бағалау мүмкіндігі ре­тінде қабылдауымыз қажет.

Сонау сұрапыл соғыс аяқталған жылы Сыр бойында дүниеге келген сырбаз ұлдың мектепті тәмамдап, әс­керден оралып, одан Қазақ ұлттық университетінің журналистика фа­куль­тетін бітірер-бітірмес барған жері –  мерзімді баспасөз. Ұзақ жылдарға созылған, қиындығы мен қызығы қа­тар жүретін журналистік қызметті 1973 жылы «Лениншіл жас»  газетінің әдеби қызметкері болып бастап, жа­уапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 1980 жылы қазақтың қабырғалы қаламгері  Ш.Мұртазаның шақыруымен «Қазақ әдебиеті» газетіне жауапты хатшының орынбасары болып барып, кейін жа­уапты хатшы лауазымын да өтеді. Сол жылдары ол әдеби ортаға белсенді араласып, мерзімді басылымдарда өлеңдері мен  қоғамдық, әлеуметтік тақырыптарға арналған  мақалалары көптеп жарық көріп тұрды.

1994-1995 жылдары Қ.Асанов түрік ба­уыр­ларымыз ашқан қазақстандық «За­ман-Қазақстан» газетінің бас ре­дакторының бірінші орынбасары бо­лып қызмет атқарады. Бұл басылым арқылы ол қазақ-түрік ақпараттық қа­тынасын нығайтуға, тәуелсіздік жыл­дарындағы жаңашыл идеяларды наси­хаттауға үлес қосты. Одан кейін ол Қазақстан Жазушылар одағы жа­нындағы Әдеби қордың директоры, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық акаде­мияның бөлім меңгерушісі болып қыз­мет атқарды, кейін Ұлттық қа­уіп­сіздік комитеті (ҰҚК) жанын­дағы «Отан» республикалық саяси-қоғам­дық журналының бас редак­­торы бол­ды. Сонымен қатар Қ.Асанов Ал­маты технологиялық универси­тетін­де «Қазақ тілі» қоғамы төрағасы­ның орынбасары, «Престиж» және «Талап­кер» атты көптиражды газеттердің редакторы ретінде де қызмет еткен. Осылардың бәрі – оның журналистік тәжірибесінің молдығы мен ауқымын көрсетеді.

Қайрекеңнің жастық шағы өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті мен журналистикасының ке­мелденген кезеңімен тұстас келді. Бұл кісінің бақыты болар, С.Бердіқұлов, Ш.Мұртаза, Қ.Мұхамеджанов, Б.Бо­даубаев сияқты айтулы редактор­лар­дың қол астында қызмет атқарып, өсіп-дамыды әрі шыңдалып қалыптасты.

Өзі жұмыс жасаған жылдары ту­ралы: «өткен ғасырдың 70-жылдары очерк, фельетон, суреттеме, көсемсөз, т.б. жанрлардың барлық баспасөзде дамыған кезеңі болды. Әсіресе әртүрлі жанрда материалдар «Лениншіл жас» газетінің бетінде күн сайын жария­­ланып жататын. Сол кездегі та­лантты жас журналистер Оралхан Бө­кеев, Ырым Кененбаев, Жақау Дәу­ренбеков, Орысбай Әбілдаев, Не­сіп Жүнісбайұлы, Аян Нысаналы өзде­рі­нің тамаша туындыларымен оқыр­ман­ға кеңінен танылды. Редакция қор­жынына күніне жүздеген хаттар түсіп жататын. Сол кездегі газет тара­лымы 300 мың данаға жеткен» деп бір сұхбатында айтқаны бар.

Қайырбек Асановтың ұзақ жыл­дар журналистика саласында, әсіресе жауапты хатшы ретінде көзге көрін­бейтін ауыр еңбекпен айналыса жүріп, шығармашылықтан алшақтап кетпей, жастайынан жыр атты киелі өнерді серік етуі – алдымен табиғаттың бер­ген тума талантының, одан кейін қа­зақ поэзиясының жарық жұлдызы – Күләштай аяулы ақынмен тағдыр то­ғыс­тыруының жемісі екені сөзсіз.

Қайрекең – поэзияда  өз үні, өз өрнегі бар ақын. Оның жырларынан жүректің тынысы, туған жерге де­ген махаббат пен заманның лүпілі анық сезіледі. Ол өлеңге қадам бас­қан­нан поэзияны құрғақ ұйқас пен жа­сы­рын ойдың жәрмеңкесі етуден әр­дайым бойын аулақ ұстады. Қа­йыр­бек Асанов үшін өлең – өмірдің шындығын бүкпесіз айту, жүрек үнін жасырмай жеткізу құралы болды. Оның жырларынан ел тынысы, заман лебі, адам жанындағы алапат күй мен ақиқат сезім анық сезіледі.

Өлеңдерінен байқайтынымыз – ав­тордың ұлттық рухқа, елдік са­наға деген адалдығы. Ол Абайдан нәр алған, Мағжандай сезімтал, Сұл­тан­махмұтша сергек, бірақ соның бәрі Қайырбекше қорытылады. Оның шы­ғар­маларынан мөлдір махаб­бат­тың тынысы, туған жердің тылсымы, сон­дай-ақ  ата-ана, аға-бауыр, замандас, қаламдастар болмысы айқын көрі­неді. Өмірге деген байсалды көзқарас, туған жерге, елге деген ықылас пен адамгершілікке құрылған мазмұн бай­қалады. Асанов поэзиясы күрделі бей­нелеулерге немесе әсер қуалаған тіркестерге емес, терең ойға, нақты су­ретке, ұлттық дүниетанымға негіз­деледі.

Мысалы, «Қасиетті мекенім» атты өлеңінде ақын былай дейді:

Асқақтай  бер,  туған  жерім,

өр  елім,

Қалықтай  бер, қанат  қағып 

өлеңім.

Туған  жердің  құдіретіне  бас  иіп,

Махаббатпен  сүйіп  оны  келемін.

Бұл өлең – туған жерге деген құр­мет пен махаббаттың шынайы кө­рі­нісі, оның ақынның жүрегінде қан­ша­лықты жоғары тұратынын ай­ғақ­тайды. Туған жерге деген сү­йіспен­ші­лігі шынайы, терең және аяулы. «Бас иіп» дегенде ол туған жер­ге та­бынбайды, оны жүрегімен, се­зім­­мен сүйіп, оны өз жанының бір бөлшегі ретінде қа­былдайды. Ақын­ның осы өлеңі туған жерге деген рухани құрметті, оның терең болмы­сын шынайы сипаттай отырып, табиғаттың, адамның және жердің ұлы байланысын көрсетеді.

Қайырбек Асанов – махаббат ли­рикасына да айрықша ден қойған қа­ламгер. Оның жары Күләш Ахмет­о­ваға арналған өлеңдер топтамасы нә­зіктікке, жан тазалы­ғына, сенім мен сыр­ластыққа толы. Бұл жырларында ақын әйелге тек махаббат нысаны ре­тінде емес, рухани тірек, өмірдің мә­ні ретінде қарайды. Ол Күләш Ах­ме­тованы өмірінің ең сенімді се­рігі, шабыт қайнары, жан әлемінің шы­рағы ретінде бейнелейді. Ақынның махаббатқа деген көзқарасы күнде­лікті тұрмыстық сезімнен әлдеқайда биік – ол оны тіршіліктің мәні, адам­ның ішкі рухани байлығын ашатын күш деп таниды. Бұл лирикалық бей­нелер арқылы Асанов жеке махаб­бат­ты жалпыадамзаттық махаб­бат­пен са­бақтастырады. Мысалы, «Бақыт­ты­мын сенімен» атты өлеңінде:

…Сенсіз жүрсем босқа өмір

өтетіндей,

Төбем көкке сенімен жететіндей.

Мақтау алсам өзіңнен арқам кеңіп,

Бар айналам нұрланып кететіндей!

Әжім түспес сенімен маңдайға

түк,

Кімнің мықты екенін таңдайды

уақыт.

Баяны жоқ жалғанда жалғыз

болмай,

Өзіңменен болғаным қандай

бақыт! –

деп сезім мен сенімнің үйлесімін нә­зік суреттейді. Әр ақынның жүрек түк­пі­рінде тек өзіне ғана тән сыр жатады.

Ақынның асыл жары – Күләшқа  арнаған жыр жолдары – махаббаттың ең шынайы, ең мөлдір көрінісі. Бұл өлеңде ақын өз махаббатына деген сүйіспеншілікті тек сезім емес, өмір­лік тірек, шабыт пен шуақ ретінде си­паттайды. «Сенсіз жүрсем босқа өмір өтетіндей, Төбем көкке сенімен жететіндей» деген жолдардың өзінен-ақ сүйген жардың  жанында болудың өзі ақынға биіктік пен рух бергенін аңғаруға болады.

Қайырбек Асанов үшін Күләш – тек жар емес, оның рухани серігі, жырдағы шабыты, өмірдегі шырағы. Сондықтан да ол өз жырларында жа­рына деген құрмет пен махаббатты жасандылықсыз, шынайы жүрек үні­мен өрнектейді. Баяны жоқ жалғанда жалғыздықты емес, бірге ғұмыр кеш­кен бақытты ең биік құндылық ретінде көрсетеді. Бұл өлең жолдарын – бір ғана адамның сезімі емес, бүтін бір ұрпақтың отбасылық құндылыққа деген көзқарасын аңғартатын көркем лирикалық шежіре деуге де болады.

Тағы бір өлеңінде:

Елу жылдай екеуміз

Көрдік талай заманды.

Біз қаһарман екенбіз

Қару еткен қаламды, – деп, жары­мен бірге өткізген елу жылдық өмір жолын бір ғана естелік немесе өткен шақ деп емес, үлкен белес, азаматтық һәм шығармашылық күрес деп сурет­тейді. Бұл шумақтар – Қайырбек Аса­н­овтың өмірлік жарына деген жүрек тербелісінен туған шынайы ли­рикалық сырлары. Ақын екеуінің бірге өткерген жарты ғасырдан ас­там ғұмырын тек тұрмыстық тірші­лікпен емес, рухани күреспен, шығар­машылықпен өрілген тағдыр деп бағалайды. Жай ғана ерлі-зайыптылар емес, бір-біріне тірек, рухани серік бол­ған жандардың өмірлік сапары ақын сөзімен терең мағынаға ие бола­ды.

Өлеңде махаббат, алғыс, сыйлас­тық, құрмет және шығармашылыққа деген адалдық өзара үйлесім тапқан. Ақын жарының ел алдындағы еңбе­гін, ұрпаққа қалдырған өнегесін ерек­ше ба­ғалап, оны халқы үшін әлі де керек тұлға деп таниды. Бұл – тек бір адамға арналған жыр ғана емес, адал махаббаттың, ұзақ жылдарға со­зылған сергелдеңсіз серіктестіктің, қос ақын арасындағы парасат пен рух бірлігінің символы. Қорыта айтқанда, Қайырбек Асановтың поэзиясы – терең ой мен таза сезімнің тұнығы. Ақын жүрегімен сөйлеп, ақиқатпен жырлаған әрбір жолында халқына деген құрмет, ұлт руханиятына деген жанашырлық пен жауапкершілік ай­қын сезіледі. Ол – сөзді құрал емес, аманат деп білген қаламгер.

Қайрекең  – сөз киесін қадірлеген, өлеңді өмірден биік қойған ақын ре­тінде өмірдің әртүрлі қырларын, адам­­заттық, рухани мәселелерді тере­ңі­нен толғап, қоғамның қайнаған ты­ны­сын өз шығармашылығына арқау еткен ақын. Қ.Асановтың шығар­ма­шылығы бір ғана тақырыпқа шектел­мейді. Ол табиғат пен адам арасын­дағы байланысты, тіршілік тынысын жырлаудан бастап, қоғамның қазір­гі келбетін, өз халқына деген сүйіспен­шілігін, жеке тұлғаның рухани ке­мелдігін іздеу арқылы адамның ішкі әлеміне терең үңіледі. Оның өлеңдері жан-жақтылығы мен әртүрлі тақы­рып­ты қамтуымен бағалы.

 Биылғы жылы «Дәуір» баспасынан қаламгердің шығармашылығына ар­налған таңдамалы үш томдық жинағы жарық көрді. «Махаббат», «Шапағат», «Парасат» деп аталған бұл кітаптар ақынның көркемдік әлемін, адамзатқа деген сүйіспеншілігін, өмірге және ру­ханиятқа терең бойлаған филосо­фиялық толғамдарын тұтас қамтып, оқырман қауымға мол рухани олжа сыйлады. Аталған жинақтың салта­натты тұсаукесер рәсімі облыс әкімді­гінің бастамасымен жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ел зиялылары мен әдебиетсүйер қауымның басын қос­ты. Мерекелік шараға Қазақстан Рес­публикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, ақын мұрасының ел руханиятындағы орнына тоқталып, жүрекжарды ле­бізін білдірді. Бұл әдеби оқиға – тек Қайырбек Асанов шығармашылығына ғана емес, жалпы қазақ поэзиясына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды

Қаламын қару, сөзін серт еткен Қа­йырбек Асанов биыл сексеннің сең­гіріне шықты. Бұл – жай ғана жас емес, ұлт руханиятына сіңірген өл­шеусіз еңбектің, ұзақ жылдық шы­ғар­машылық жолдың кемел биігі. Сек­сенге сергек жеткен ақынның әр жыры – елге үлгі, жас ұрпаққа бағдар. Оның өлеңдері – бүгінгі күннің айнасы ғана емес, болашаққа жол сілтер рухани компас.

Осы асқарлы мерейлі сәтте Қа­йырбек ағамызға шығармашылық ша­быт, мызғымас денсаулық, шалқар кө­ңіл тілейміз! Ұлт сөзін ұлықтап келе жатқан шын сөздің шебері ретінде елі­ңіздің құрметі мен сүйіспен­шілі­гіне бөлене беріңіз. Алда да кемел жыр­­ларыңызбен көркейіп, халқымыз­дың рухани кеңістігін байыта беріңіз демекпіз!

Бақытжан МАҚАШЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің

аға оқытушысы.

Тараз қаласы