Кеусандықтан шыққан қазына

382

0

Фото: Автордан

Қызылорда қаласындағы «Жыраулар үйінде» рухани қазынамызға қайта қосылған өнер иесі, Сыр сүлейі Әлім Алпысбай молда туралы ғылыми-танымдық кітаптың тұсаукесері өтті.

Игілікті шараның тізгінін айтыскер-ақын, «Жастар» театрының басшысы Нұрмат Мансұров ұстады.

***

Сыр бойы эпикалық-жыршылық дәстүрдің дамуына үлкен үлес қосқан дарындық өнер иесі, 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында өмір сүрген Әлім Алпысбай молда есімі сүлейлер сапында атала бермейді. Дегенмен, оның шығармашылығы кезінде Жаппарберді жырау орындап, халық ішінде таралған.

«Шығармашылық» деген жалпылама атауды қолданып отырған себебіміз Әлім Алпысбайдың ел ішінде қалған мұралары оның әрі жыршы, әрі айтыскер, әрі композитор болғанына шүбә қалдырмайды.

Осыдан қырық жылға жуық уақыт бұрын бүгінде есімі қазақ руханиятына белгілі ғалым, музыкатанушы, жырау Берік Жүсіпов Арал ауданындағы «Сөлтіреске», нағашы жұртына барады. Жас ізденуші тек қыдырып бармай, «Жақсықылыш» көлінің жағасында ат суарып тұрған Асанқайғының баласын жайын жұтыпты деген секілді аңыздарды естуге құмартып барады. Сол кезде ол Жаппарбердінің немересімен жолығады. Ал, осыдан бес-алты  жыл бұрын өмірден озған жыраудың бел баласы Тойбазар бірнеше дастан, толғау, терме, айтыстарды қолжазбалаған екен. Солардың арасынан «Әлім Алпысбай мен Паналы қыздың айтысына» қызыққан Берік сол қолжазбаны өзімен бірге ала кетеді. Сол кезден бастап бұл мұра оның жеке мұрағатында сақталып келген.

Берік жырауды өнер адамдарының бекерден бекер «Сүлейдария» атандырып жүрмегеніне осындайда тағы бір көз жеткіздік.

Міне, енді Алпысбай молданың сол айтысы мен шығармашылығы жөніндегі ғылыми жазбалар мен естеліктер кітап болып қолға тиіп отыр. Бұл кітаптың жарық көруіне Алпысай молданың немересі, өлкетанушы, тарихшы, қазалылық Гүларша Хұсайынқызының тікелей ықпалы тиген. Әке мұрасын іздеуші Гүларша ғалым-жырау Б.Жүсіповке осы кітапты шығару жөнінде ұсыныс айтып, қаржалай қолдау көрсеткен.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Б.Жүсіпов: «Халыққа пайдалы іс атқару үшін ақша да, билік те керек емес, тек ықылыс болса жетеді. Осы кітапты Гүларша өз зейнетақысымен-ақ шығарды. Жалпы, адамнан із қалу үшін қыз қалу керектігін тіүсіндім», – деп ақын ұрпағына аса ризашылық сезімін жеткізді. Сонымен бірге ол бұл рухани қазынаның алдағы уақытта ғылыми айналымға еніп, Сыр сүлейлері қатарына енетініне сенім білдірді және Алпысбай молданың «Сәулем-ай» әнін орындады.

Мұнан соң «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаров пен филормония әншісі Тоғжан Өтенова Алпысбай молда мен Паналы қыздың ролінде айтысқа түсіп, шығармадан үзінді орындады. Өнерпаздарға ақын ұрпақтары шапан жауып, сияпат көрсетті.

Шарада облыстық кітапхана басшысы Н.Мыңжасұлы, жырау Серік Ыдырысов, басқа да кісілер сөз алып, игілікті іске құтты болсын айтты.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<