Сүйкімбай мен Сүйіндік Қожагелдіұлдары

1249

0

«Киікшіден шыққан қос жүйрік


Сүйкімбай менен Сүйіндік…


Ән менен сөзін ажарлар»,– деп, Сыр сүлейі Омар шайыр Шораяқұлы жырлағандай Қожагелді ұлдары Сүйкімбай мен Сүйіндік жыраулар жайлы қолымызда мәліметтер жоқтың қасы.

Кейінгі зерттеулер бойынша кешегі аумалы-төкпелі замандарда қоныс аударып, басқа елдерге қоныстанып, үрім-бұтақтары сол шет жерлерде өсіп-өнген. Шамамен XIX ғасырдың 1840 жылдарында Сыр бойы, Қармақшы аймағы, Қуаңдария өзегінің жайсын жайлау Ақтайлақ деген жерде дүниеге келген қос жырау кейінгі орыс орамында оңтүстіктегі Түрікменстан, Қарақалпақ, Өзбек ағайындар арасына қоныс аударып, бойларына біткен өнерлерімен жалпақ жұртқа қадірлі болған.

Атақты Сыр сүлейлерінің бірі Балқы Базармен ағайын-жекжат, өнердегі өресі қатар дос болып араласқан көрінеді. Бірге жүріп, бірге тұрып елдегі жиын-тойларды бірге атқарған сыңайлы. Бір-бірінің қадірін біліп, өнерлерін мойындаған қос жырау бірде үлкен жиында алқалы топтың ішінен араларына ши жүгірткен араздастырушылардың сыпсыңдарына куә болады.

Базар сыртқа шығып, жыр үзілісінде, үйде қалған Сүйкімбайдан: Базар қандай жырау, осы?-деген сұраққа Сүйкімбай: «Базардың сөзінің салмағы қорғасындай, біздің серік еткеніміз әншілік қой» – деп марапаттаған екен. Келесі кезекте жырлап отырған Сүйкімбай сыртқа шығып кеткенде Базардан: Сүйкімбай қандай жырау? – деген сұрағына Базар:

– Ой! Пәлі, оның мақамы, сазы нашар сөздің өзін аспандататын, өзі қалай сұлу болса, әндері одан да сұлу, біздікі тек сөз ғой! – деп марапаттаған екен.

Осы әңгімеден екеуі бір-біріне деген достығымен.ұлт өнеріне адал қызмет етіп жүргендігін білдірген» – дейді бізге жеткен қария сөздер. Базардың, Шегебайдың, т.б. Тауелібай ақын-жырауларының сөздерін насихаттаған ағайындылардың өнерін Тұрмағамбет шайыр былай мадақтаған:


Сүйкімбай менен Сүйіндік,


Сүйекті суша білмейтін,


Өткір найза секілді,


Ағылский ұңғылы…


Бұл шумақтан біз қос жыраудың орындаушылық шеберлігінің биік деңгейін байқаймыз. Сүйкімбай жыраудың Сердалы (1896-1974), Сүйінішәлі, Бағдагүл (1903-1999) атты балалары болған. Сердалысынан Алпысбай атты баласы қазір Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында тұрады. Зейнеткер. Сүйінішәлі өткен ғасырдың 1932-1933 жылдарындағы ашаршылық кезінде жоғалып кеткен. Ал Бағдагүл атты қызы өзінің жолын қуып, өнерпаз болады. Күйеуге шыққанға дейін-ақ Сырда атағы шыққан әнші-жырау болып ел аузына ілінген. Кейін Шөмекей-Торыбай Кәжім атты азаматқа күйеуге шыққан.

Бағдагүлдің өнерін бағалаған, оны білген, көрген, тыңдаған белгілі шайыр Әлиакпар Жұматаев төмендегідей жыр жолдары арқылы мерейін асырады.


Сүйкімбай қызы Бағдагүл,


Сайраған бақта ол бұл-бұл.


Ән ырғағы тасқындар,


Аққандай таудан асау Ніл, – деп, бұл-бұл өнепаздың шынайы бағасын береді. Ал, Сүйіндік жыраудың Ақсобық, Балсобық атты екі қызы болған. Жыраудың тұқымы болғанмен ол екеуі де ата жолын қумады. Ақсобық Құлыс Кете Бәйсейтұлы Кенеймен бас қосады.

Ұлы Жақсылық келіні Тәттігүл, Әбдірахман, Кеңес, Әбдіқадыр, Мафура, Кәрімбек, Кәрібай Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жаңажол ауылында тұрады. Балалары Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Балсобықтың да балалары Қармақшы ауданында тұрады. Киікшінің қос пырағы Сүйкімбай мен Сүйіндік ақсақалдар Тауелібай елінде, Бұхара облысының Қызылқұмында 1915-1920 жылдар шамасында өмірден өтіп, сонда жерленген.

Бағдагүл Сүйкімбайқызы Қарақалпақ Автономиялық Республикасындағы Нөкіс облысы, Бируни ауданында 1999 жылы 87 жасында қайтыс болған. Сұлтан Уаис бала әулие қорымында жатыр. Ұрпақтары қазір Жамбыл облысында тұрады. Ағайынды қос жүйріктің мақам-саздары кәрі құлақ тыңдарман мен ескі сарыннан хабары бар орындаушылардың жадынан өшпей, ұлтымен бірге жасасып келеді.

Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы құрастырып шығарған «Қайталанбас дауыстар» музыкалық антологиясында, белгілі жырау, шежіреші, жергілікті тарихтың білгірі, марқұм Үбісұлтан Аяповтың (1889-1973 ж ж) орындауында Сүйкімбай мен Сүйіндік Қожакелдіұлдарының әндері жарияланды. Әкелеріміздің айтуы бойынша ағайынды екі жырау барынша сән-салтанатымен жүреді екен. Екеуі екі қара жорғаға мініп, ортасына аппақ жорғаға қызы Бағдагүлді алып, ақ пен қара алмасқан жалғанның жақсы сәтіндей көргеннің көңілін марқайтар еді.

Сүйкімбай мен Сүйіндік көрген адам көзін ала алмайтындай ажарға, дауысын естігендер сиқырлы саздың әсерінен айыға алмайтындай ғажап үнге иелік қылған. Кең жауырынды келбеті еңгезердей бойына сәйкесіп, киіз үйдің төріне екеуі жайғасып, орталарына Бағдагүлді алғанда басқа адам отыратын жер аздау қалады екен.

Сырдың бойында мақпал мақамы мен әуезді әні қалған жыр жүйріктерінің тұлғасы уақыт өткен сайын еңселене бермек.

Ұрпақтары: Аққұлов Жұмабек,

Берік Саймағанбетов,

жыршы,

ҚР мәдениет қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<