«Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған»

1642

0

Бүгін – қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні.

Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниге келген.

Ақынның көзі тірісінде аз ғана өлеңдер жинағы жарық көрген. Оның – «Өмір-өзен», «Қарлығашым, келдің бе?», «Шолпан», «Жырлайды жүрек» аталатын кітаптарын оқымаған қазақ кемде кем.

Мұқағали тек ақын емес, ол – ау­дар­машы, драматург, прозаик. У.Уит­мен, У.Шекспир, А.Данте, Н.Тихо­нов, Р.Бернс, А.Евтушенко, Ф.Моргун се­кілді шет ел ақын-жазушы­ларын қа­зақ тілінде шебер сөйлете білгенін бі­разымыздың біле бермеуіміз де мүм­кін.

Ақынның болашақты болжайтын аса сезімталдығы, көріпкелдігі де болған. Мәселен, ол өзінің қайтыс болатын күнін дәл болжаған. Кезінде өмірдің сыйын көрмеу, әлдекімдерден қуғын көріп жүргенде «Ей, өмір, сыйын маған, сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған» деп өлең жазыпты. Сол айтқаны расқа шықты. Бүгінде ақын шығармалары – орыс, қырғыз, өзбек, ағылшын, қытай, түрік, неміс тілдерінде тәржімаланып, ең көп таралымға ие болды.

Қазақ жастарына ұлттық рух, адами құндылықтың қасиетін сіңіре білген ақиық ақынның екі-үш өлеңін оқи оты­рыңыздар.

МЕНІҢ АНКЕТАМ

– Туған жерің?

– Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.

– Туған жылың?

– 1931. Құрдасымын Шәмілдің.

– Жынысың кім?

– Еркекпін ғой, еркекпін! Және-дағы тәуірмін…

– Партияда барсың ба?

– Жоқпын.

Бірақ, коммунистік көзқараспен қараймын.

– Шыққан тегің?

– Шаруамын.

Бар тірліктен бағалы оны санаймын.

– Білімің ше?

– Орташа ғой.

Алайда өзім жоғарыға балаймын.

– Ана тілің?

– Қазақша.

Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.

– Қайда істедің?

– Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.

Оқымаған, дипломсыз демесең,

Бір басымнан бар мамандық табылар.

– Міндеттісің бе әскерге?

– Міндеттімін.

Біздің әлі жас кеуде.

Жауынгердің ұлымын ғой,

Жанын қиған Мәскеуге.

– Сөгіс алып көрдің бе?

– Ол жағынан періште едім дей алмаймын,

Мен мүлде.

Ойлы-қырлы бұл өмірде болады ғой мүлт кету,

Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де…

– Шетелдерде болдың ба?

– Болғамын жоқ.

Олар маған тұрған да жоқ қол

бұлғап.

Қалсам болды, өлсем болды

жәйіммен,

Осы отырған орнымда-ақ.

– Мекен-жәйің?

– Мекен-жәйім – жер менің.

Жерде жүрген ақын деген пендемін.

Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,

Мен өмірді жырлау үшін келгемін!

ЕЙ, ӨМІР

Дүниенің ағын да, қарасын да,

Мыңқ етпейсің, қабылдап

аласың да.

Қарасымен шамаң жоқ таласуға,

Ей, өмірім, зымырап барасың ба?

Жер мен көктің желпініп арасында,

Желігесің, түсесің қара суға.

Құйын қуған қаңбақтай аласұра,

Ей, өмірім, зымырап барасың ба?

Мен отырмын теңіздің жағасында,

Бересім де жоқ оған, аласым да.

Мені тастап, толқындар, ағасың ба?

Толқынданып, өмірім, барасың ба?

Шаң шығарып ізінен құйындаған,

Барасың ба, өмірім, қиындаған?

Сыйын маған,

Ей, өмір, сыйын маған,

Сыйыңды алам мен сенің

бұйырмаған.

ДОС БОЛАМ ДЕСЕҢ

Досымды сыйла, қымбаттым!

Досыңа сонда,

Досыммен ғана қымбатпын.

Дос болам десең,

Мендегі доспен достасқын,

Сендегі доспен дос болып

сонда тұрмақпын.

Достарың көп пе?

Апыр-ау, неткен жақсы едің?

Досым аз менің…

Досым-ау менің, тапшы емін?

Достарыңменен достастыр мені,

асылым,

Достастыр мені!

Болайын құлың нақ сенің!

Достыққа жүрмін,

Достыққа жүрмін құмартып!

Өлгелі жүрмін,

Өзіме-өзім мін артып…

Жауыздың барып, жанына уәзір

болғаннан,

Достардың барып, ауласында өлген

мың артық.

АҚЫН ЖАЙЛЫ

Ақын жайлы айтады қызықты аңыз,

Бірақ сен қызықпа, қыз!

Қызықпа, қыз!

Рас-ақ, біздер – патша!

Мұжық та – біз…

Түзік те – біз, түнерген

бұзық та – біз!

Ақындарға қызықпа,

Қызықпа, қыз!

Шынымен ақын жанын

қалайсың ба?

Шыдайсың ба, шынымен талай

сынға?

Ақын деген – бірде қарт,

бірде сәби,

Қартты сыйлап, сәбиге

қарайсың ба?

Ілікпе, қыз,

Ақынның тұяғына.

Зымиян да осылар…

Зиялы да.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<