Сыр қаламгерінің еңбегі Башқұртстан елінде бағаланды

2407

0

Башкортостан Жазушылар одағы белгілі қазақ жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлын бірінші дәрежелі дипломмен марапаттады.

«Көрнекті қазақ жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы «Ащы да тәтті өмір» (Мәскеу, 2020 ж. «Художественная литература») кітабы үшін Башкортостан Жазушылар одағының бірінші дәрежелі дипломымен марапатталады», – делінген марапат қағазында.

Ақпарат көздерінен хабардармыз, қазақ жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Жизнь горькая и сладкая» атты кітабы өткен жылдың соңында Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген болатын. Жазушының бұл жинағы алдымен 2018 жылы Астанада «Ащы да тәтті өмір» деген атпен қазақ тілінде басылған. Бұл туынды «Олигарх және Олимп» атты роман-элегия мен «Интерадам» деген роман-әфсанадан тұрады.  Осы кітап Ресей астанасында 14 баспа табақ болып басылып шықты. Заманауи көзқарасқа жазушылық шеберлікпен терең қозғау салған жаңа туындыға ресейлік баспа мамандары  жоғары баға берген. Бұл туралы «Литературная газетада» рецензия жарияланды.

Жолтай Әлмашұлы 1957 жылы 14 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Қыраш ауылында дүниеге келген. 1974 – 1979 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыды. 1979-1989 жылдар аралығында  облыстағы мерзімдік басылымдарда, комсомол жұмысында болды. 1989 – 1991 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыды. Ал 1991 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің аппаратында, Президент пен Үкімет апараттарында референт, консультант, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары секілді қызметтер атқарған. Бүгінде Республика Үкіметі басылымдарының Бас редакторы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының пленум мүшесі, бірқатар әдеби сыйлықтардың лауреаты.

Жазушы Ж.Әлмашұлы «Біздің команда», «Күн тәртібі», «Жетім жұлдыздар», «Сұлтанбек Қожанұлы», «Нәзір Төреқұлұлы», «Найзашың», «Әуезовке қайта оралу», «Қызыр қонған Түркістан», «Сұлуды сүю», «Қасиетті мекендегі қала», «Ахмед Ясауи қаласы», «Әзірет Сұлтан аңызы», «Зов свободы» секілді кітаптардың, «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ», «Күлкі мен жас» романдарының, бірнеше драмалық шығармалардың авторы.

Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған көркем шығармалар бәйгесінде «Оянған ұрпақ» атты романы жүлдегер атанды. Көркем дүниелері орыс тіліне де аударылып, «Зов свободы», «Терзания души», «Вечная элегия» деген атпен жеке-жеке жинақ болып басылған. Сонымен қатар, бірнеше әңгімесі Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан шыққан «Қазақ прозасының антологиясы» басылымында жарияланды. Жекелеген әңгімелері ағылшын, өзбек, әзірбайжан, қырғыз, қарақалпақ, т.б. тілдерінде жарық көрген.

Сырдың саңлақ қаламгерінің еңбегі бауырлас Башқұрт елінде бағаланғаны бізді – қызылордалықтар үшін де қуанышты жаңалық болды.

                                                                                                 «СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<